Жаппай тәртіпсіздік кезінде халық қауіпсіздігін сақтауға ақжолдықтар да өз үлестерін қосты
2022 ж. 30 қаңтар
1491
0
Еліміздің көптеген аймағында орын алған жаппай тәртіпсіздік әрбірімізді алаңдатқаны сөзсіз. Осындай қысылтаяң шақта елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауға әрбір аймақта белсенділер атсалысты. Шымкент қаласындағы жағдайдың қалай болғаны туралы «Ақ жол» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әлімхан Әбжанов qazaquni.kz тілшісіне баяндап берді.
Халықтың толқуы өзге қалалардағы сияқты Шымкент қаласында да 4-ші қаңтар күні басталған-ды. Қаланың әрбір жерінде аз-аздап жиналған жұртқа әу баста аса қатты мән берілген жоқ.
«Қалалық әкімдіктің маңайы астаң-кестең болып жатыр» деген хабар жетісімен тез арада оқиға орнына бардым. Шырайлы Шымкентіміздің шырқының бұлайша бұзылғаны көңіліме қаяу салды. Бейбіт митингке шығып, талап қою әлбетте орынды. Бірақ тыныш тұрған көліктерді аударып, өртеп, елдің тынышын алу ешбір ақылға сыймайтын іс қой. Қайткен күнде де мынадай тәртіпсіздікті тоқтатуға атсалысуымыз керек деп шештім. Тез арада жұмыс орнымызға барып, ұжым мүшелерімен кеңестік. «Ақ жол» партиясының Шымкент қаласындағы төрағасы ретінде барлық белсенділерді жинап, бәрінің ұсыныстарын тыңдадым. Жігіттердің барлығы қолдауға әзір екендіктерін айтты», – дейді Әлімхан Досыбайұлы.
Сол күндері қаланың түнгі тыныштығы бұзылып, қару дауысының құлаққа жеткенінен таңды көз ілмей атырғанын айтады кейіпкеріміз. «Осындай сын сағатта мемлекет басшысының рұқсатымен қару атуға рұқсат берілген соң, бүлікшілерге бір тоқтам болатынына сендік», – дейді шымкенттік белсенді.
Қай кезде де елмен бірге болу керек деген ұстанымдағы біздің кейіпкеріміз 7-ші қаңтар күні қалалық әкімдіктен табылады. Аппарат жетекшісімен жолығып, мән-жайға қаныққан соң, көмек беруге әзір екендіктерін жеткізді.
«Қалалық әкімдіктің ғимараты бүліктен кейін сұрықсыз күйге еніпті. Әр-әр жерде тамақтың қалдықтары жатыр. Мұндағы полиция қызметкерлері шашылған заттарды жиыстырып жүр екен. Түрлері де шаршаңқы көрінді. Түнімен ұйқтамағаны көрініп тұр. Қарындары да аш сияқты», – деп сипаттады Әлімхан аға сол күнгі әкімдіктегі жағдайды.
Полицейлер қарқынды жұмыс істеуі үшін ең бірінші кезекте олардың қарындары тоқ болуы керек деген тоқтамға келеді Әлімхан аға. Бірден сондағы жүз шақты полиция қызметкерлеріне ыстық тамақ жеткізіп беруді қамтамасыз етеді.
Елде тыныштық болмаған соң, өзінің де тынышы кеткен Әлімхан Досыбайұлы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып бүлік шығарушыларға қарсы тойтарыс беру мәселесін ұйымдастыруға бел шеше кірісіп кетеді. Ғаламтор болмаған соң, адамдарды топтастырып бірден жинап ала қою да оңайға соқпапты. Байланыстың нашарлығына қарамастан, жан-жақпен хабарласып, ерікті жігіттерді жинауға кірісіпті. Сын сағатта «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевпен де байланысып, елдегі жағдайды мәлімдеп отырыпты.
«Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерімізді жұмсауға тырыстық. Партиямыздың белсендісі, қалалық мәслихаттың депутаты Ноян Төлегенов өзі басқаратын күзет агенттігінен 500 қызметкерін жұмылдырды. Тағы бір азаматымыз 200-ге жуық көкпаршы жігіттерді тартты. Бұған қосымша еріктілерді шақырдық. Осылайша 700-ден астам азаматты әкімдікпен ақылдаса отырып, халықтың тыныштығын сақтау жолында жұмыс істеуге жібердік», – дейді Әлімхан Әбжанов.
Ел бойынша орын алған бүлік кезінде бұзақылардың полиция қызметкерлері мен әскерилерге айрықша шүйлігуі олардың өз қызметін қалтқысыз атқаруына кедергі келтіргені белгілі. Осы мезетте 700-ден астам азаматтың қала ішіндегі тыныштықты сақтауға бел шеше кірісуі осы олқылықтың орнын толтырғаны анық.
Сондай-ақ, осы бір қаңтардың қиын күндерінде Шымкент қаласында барлық дәмханалар, асханалар жұмысын тоқтатқан-ды. Сол себепті де елдің қауіпсіздігін сақтау жолында жұмыс істеген азаматтардың тамақтануы да мәселеге айналған-ды. Осы кезде басшы ретінде, ұжым атынан екі мыңға жуық азаматқа ыстық тамақ үлестіруді ұйымдастырыпты.
Қала ішінде тыныштық орнағанша, жарғақ құлағы жастыққа тимей, жұмыс істеген осындай атпал азаматтардың ісі сын сағатта зор қолдау болғаны анық.
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz