Халық қаржысына қатаң бақылау жасалсын
2022 ж. 24 қаңтар
1751
3
Елімізде бейбіт шеруден басталып, соңы үлкен қақтығысқа айналған қаңтар қасыретінің көрінісі әлі де көз алдымызда. Тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық лайықты жағдайды талап етіп шықан бейбіт ереуілін біреулер арам пиғылдарына қарай пайдаланып, қанды қақтығысқа айналдырып қаншама қасірет әкелді. Жазықсыз жандар жапа шегіп, қаншама адам оққа ұшты. Бүлік тоқтатылғанмен сол күндердің жаңғырығы басыла қойған жоқ. Оның себептері мен салдарын анықтап жатқан құқық қорғау орындары толық тексеріп, заңдық тұрғыдан әлі де нақты шешім шығарып үлгерген жоқ.
Тұрмыстық жағдайлары төмендеп кеткен тұрғындарымыз алаңдарға билікке таласып шықпағаны белгілі. Әуелде сұйықтатылған газдың бағасының тым қымбаттап кетуіне қарсы болған ереуіл Жаңаөзеннен басталып бүкіл елімізді қамтыды. Оған нақты себеп бар еді. Газ, электр қуаты, жанар-жағар май, коммуналдық төлемдер мен күнделікті тұынатын азық-түлік, өзге таурлардың бағасы да әлсін-әлсін көтеріліп, қарапайым халықтың қалтасын қағып, сатып алу мүмкіндігін әлсіретті. Оған миллиондаған адамдарымыз банктерден алған несиенің жоғары мөлшерлемесі мен салық орындарының қыспағын да қосып қойыңыз. Ал ең бастысы, жемқорлыққа салынған жоғары лауазымды тойымсыздардың халық байлығын ұрлап, отандастарына опасыздық жасауы осыған тікелей әсер етті. Өйткені барлық қаржыны қалтасына басып, қатардағы қарапайым халықты қайыршылыққа жеткізді. Яғни, қымбатшылық құрсауында қалған халық ереуілге шығуға мәжбүр болды. Осыған орай Қазақстан Президенті Үкіметке тапсырмалар беріп, мемлекеттік комиссия құрылып, сұйытылған газдың бағасы еке есе арзандатылды. Бірақ бір ғана газ бағасы жылдар бойы қордаланған бүкіл мәселені шешпесі өзінен өзі түсінікті болатын. Осы қордаланған мәселі туралы БАҚ-та жазылып, бейбіт шеруге шыққан тұрғындарымыз жылдар бойы айтып келді. Өкініштісі, халықты қалың тобыр санаған билік бұған мән бермеді. Соның салдарын енді көріп отырмыз. Қанды қаңтар кезінде келтірілген шығын жүздеген миллиард теңгемен есптелуде. Ол әлі де толық анықталып болған жоқ. Осы миллиардтаған шығындарды қазір орнына келтіруге бөлінетін қаржыны дер кезінде халық үніне құлақ асып солардың игілігіне жұмсауға болушы еді.Ал кінәсіз қиылған жүздеген адам өміріне ешқандай баға жетпесі белгілі.
Қазақ көнтерлі, не бір қиындыққа төзе білетін ұлт, оны тарих талай рет көрсетті. Бірақ әділетсіздікке, қорлыққа шыдай алмайды. Халықтың тұрмысы жақсы болса адамдарымыз алаңға шықпас та еді. Демек шыдамы шегіне жетіп, намысы тапталды деген сөз. Осы қаңтардағы қасіреттен кейін жылдар бойы тұрғындар талабына теріс қарап келген билік бетін бұқараға бұра бастаған секілді. 11 қаңтарда Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген кемшіліктерді атап, оны жоюға тапсырма берді. Оның басым бөлігі елдегі экономикалық ахуал мен халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына арналды. Әсіресе бағаның заңсыз көтерілуіне, әділ бәсекелестік біздің экономика үшін басты талапқа айналуға тиістігіне көбірек назар аударды. Шынында елімізде бағаны ымыраласа отырып белгілеу қалыпты нәрсеге айналып, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алу саласында осындай келісімдер жасасу кеңінен тарап кетті. Бұл бағаның көтерілуіне әкеліп соғады. Сондықтан, картельді келісімдер жасасты деген күдік болған жағдайда мемлекеттік сатып алуға қатысушыларды тексеруге тыйым салу туралы мораторийдің күшін жоюды тапсырды. Экономикамыздың дамуына зор ықпал ететін жанар-жағар май өндіру және оны бөліп-тарату жүйесінің ашық болмауынан біздің кәсіпкерлер мен тұтынушылар жылдар бойы зардап шегіп келеді. Мемлекет басшысы Бас прокуратура, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, сондай-ақ Энергетика министрлігімен бірлесіп, осы саладағы жұмыстарды ретке келтіруге, оны реформалау үшін кешенді ұсыныстар әзірлеуге тапсырма берді.
Дұрыс-ақ делік! Бірақ бұған сенуге бола ма? Өйткені мұндай тапсырмаларды бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев та талай рет берген болатын. Ал соның нақты орындалғанын халық көрген емес. Тіпті сала басшыларын шақырып алып есептерін де талай рет тыңдады. Сонда сала басшылары елді отыз жыл басқарған тәжірибелі Н. Назарбаевты алдап, өтірік есеп беріп, «құлақтан теуіп» кеткені ме? Ол мүмкін емес. Қалай болғанда да елімізді жайлаған жемқорлық жеңісті жолын отыз жылда жалғастыра берді. Онымен күресетін құқықтық органдар да дәрменсіз болып қалды. Мемлекет қаржысын, халық байлығын жемқорлар аяусыз тонады. Соны билік басындағылар білмеді ме? Білгенде қандай, тіпті ол туралы халық арасынан шыққан елдегі белсенділер айтып, шетелдік басылымдар ашық жазып жатты. Ал билік болса сол таскерең күйінде қалып келді.
Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде Қ. Тоқаев мемлекет басшысы ретінде Қазақстанда дамудың жаңа кезеңінің басталатынын жария етті. Бұл сөзі миллиондаған тұрғындарымыздың көңілінен шықты деуге болады. Өйткені отыз жыл бойы ат төбеліндей бай-олигархтарға жем болған халық осыны көптен күткен еді. Егер Қ. Тоқаев берген тапсырмалар нақты орындалатын болса шынында жаңа бір кезеңнің басталғаны емес пе. Жақында мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Есеп комитеті «Самұрық-Қазына» ұлттық қорында ашық тексерісті бастады деген хабар таратылды. Есеп комитеті тікелей Қазақстан президентіне бағынатын құзырлы мекеме.
Бұл қор туралы аталған Мәжіліс отырысында мемлекет басшысы айтқаны белгілі. «Самұрық-Қазына» қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқару ісінде басты рөл атқарады. Қордың активі шамамен еліміздің ішкі жалпы өнімінің 60 пайызын құрайды екен. Демек ұйымның қызметі бүкіл экономикамызды өркендетуге тікелей әсер етеді. КЕГОК, Қазақгаз және Қазақстан темір жолы сияқты көптеген инфрақұрылымдық компаниялары экономикамыздың барлық салаларының тиімділігін айқындайды. Бірақ осы қорға жылдар бойы талай рет сын айтылып келгені белгілі. Соның 2016 жылы орын алған біреуін ғана еске сала кетейік. Мысалы, «Самұрық-Қазына» басқарушы қызметкерлерге төленген сыйақының жалпы сомасы жыл бойынша 7,182 миллиард теңгені құраған. 630 миллион теңге сыйақыны үш шетелдік басқарушы ғана алыпты. «Самұрық-Қазына» басқармасы мүшелері сол кездегі басшысы Шөкеевті қоса алғанда, алты адам 2016 жылы 293 миллион теңге ақша тапқан. Орташа есеппен әр басқарушыға 48,8 миллион теңге төленген, бұл айына әрқайсына 4 миллион теңгеден астам төленді деген сөз. Оған қоса Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сол кездегі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев «Самұрық-Қазына» өткізген тендердің 94 пайызын бір ғана компания ұтып келгенін, сөйтіп өрескел заңбұзушылыққа жол бергенін айтқан болатын. Бұл жерде де жемқорлықтың исі аңқып тұрғаны белгілі. Бір кәсіпкерді жарылқап, содан өз үлесін алып отыр деген сөз. Тіпті ол кәсіпорын сол жеңілдікті жасап отырған белгілі бір лауазымдының өзінікі болуы әбден мүмкін ғой. Бұл мемлекеттік сатып алу саласы былыққа белшесінен батқанын көрсетеді. Халықтың қаржысын қалай болса солай пайдаланатындарға қатаң шара қолданатын кез жетті. Байқап отырсақ қаржылық заңбұзушылықты, жемқорлықты тек қана мемлекеттік компаниялар мен биліктегі шенеуніктер жасайды. Өйткені бюджет қаржысы соларға сеніп тапсырылған. Бағдарламалардың орындалуы да соларға байланысты. Сондықтан «Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Егер Қорды реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны жөн» - деді мемлекет басшысы Мәжілісте сөйлеген сөзінде.
Сонымен Есеп комитеті «Самұрық-Қазынада» тексерісті бастаған екен. Ешқандай құпиялыққа жол берілмей, жылдар бойы Үкіметтен көл-көсір көмек алған ұлттық қордың барлық құпиясы ашылатын болса бір оң өзгерістің басталғаны деп түсінеміз. Кәсіпкерлердің қандай қолдау алғаны, оларға қаншалықты көмек берілгені, мемлекеттік сатып алуларды қаншалықты әділ, ашық өткені анықталатын болады.
Негізінде біздегі ереже бойынша, Есеп комитетінің алдында ірі холдингтер ашық болуы керек. Олар мемлекеттік органға ғана емес, халыққа да есеп беру керек дейді депутаттар. Жалақысын миллиондап, сыйақысын долларлап алатын қор елдің соры болмау керек деп санайды халық қалаулылары. «Ұлттық мекемелер үйдің ішіне тігілген үй сияқты нәрсе. Бұның барлық тапқан табысы бюджетке тікелей төлену керек. Ал өзара сыйақы ретінде, болмаса басқа ретінде алған жалақыларын мемлекеттік тұрғыдан қарау керек. Енді осы майлы жіліктің басын ұстап отырғаннан кейін, майлы жіліктің қызығын халық көруі керек, мемлекет көруі керек» - деді Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбиев. «Ең бірінші аудит болу керек. Аудит – «Самұрық-Қазына» компаниясының ішіндегі әртүрлі құрылымдардың қайсысы бүгінгі таңда экономикалық тұрғыдан тиімді және үкіметке нақты материалдық пайдасын әкеп жатыр? Үкіметке нақты пайдасын әкелмейтін компаниялардың барлығына тиісті шешім қабылдану керек» - дейді депутат Ерлан Сайыров та.
Қордың күмәнді жұмысына депутаттар бұрындар да ескертулер айтып келгені белгілі. Бұл жолғысы билік тарапынан еске алынып, нақты шара қолдалынады деген сенімдеміз. Халықтың қаржысы халық игілігіне жұмсалып, қатаң бақылауда болғаны жөн. Сонда ғана жемқорлықтың жолына тосқауыл қойылады.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz