«ОҚИҒА» МЕН «КӨТЕРІЛІСТІҢ» АРАЖІГІН АЖЫРАТАТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ
2021 ж. 17 желтоқсан
2179
3
«ЖЕЛТОҚСАН – ҰЛТ АЗАТТЫҚ КӨТЕРІЛІСІ!» ДЕСЕК АУЫЗЫМЫЗ ҚИСАЙЫП ҚАЛА МА?
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Алматы қаласы Түрксіб ауданында «Желтоқсан» саябағында ескерткіш тас қаланды. Шараға Желтоқсан бірлестіктерінің өкілдері, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қатысты.
Ержан Бабақұмаровтың айтуынша, «Желтоқсан» саябағы былтыр ашылды. Ал бүгін осы жерде монументтің іргетасы қаланды. Бұл Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орайластырылып отыр. «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына дайындықты біз бір жыл бұрын бастап кеттік. «Желтоқсан» саябағының орны мен атауы желтоқсан бірлестіктерінің өкілдерімен бірге анықталды. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев монументті орнату туралы тиісті шешім қабылдады. Бұл күн біздің қаламыздың тарихындағы маңызды оқиға болатынына сенімдімін», - деді қала әкімінің орынбасары. Ержан Бабақұмаров жиналғандарды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады. «Саябақтың ашылуы, болашақта ескерткіш орнату – бұл желтоқсан батырларына құрмет қана емес, олардың ерліктерін мәңгі есте сақтау, болашақ ұрпаққа жеткізу. «Желтоқсан» саябағы үлкен әрі оған келетіндер де көп болады – оны абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Бұрын бұл қараусыз қалған сквер болатын, ал енді қала тұрғындары жаңа қоғамдық кеңістікті аралай отырып, біздің халқымыздың тарихымен танысады», - деп атап өтті ол.
Қазіргі уақытта «Желтоқсан» ескерткішінің эскизін әзірлеуге конкурс жарияланған. Сонымен қатар, «Желтоқсан» саябағында ашық аспан астындағы мұражай ашылды. Экспозицияларда Желтоқсан көтерілісінің кейіпкерлері, тарихи құжаттар, сондай-ақ 1986 жылғы көтеріліске қатысушылар туралы баяндайтын фотоматериалдар ұсынылған. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің сөзінше, Желтоқсан көтерілісі Қазақстан тарихында ерлік және сонымен бірге қайғылы оқиға болып қала бермек. «Іргетастың қалануы Алматы әкімдігінің желтоқсан оқиғасын мәңгі есте қалдыру жөніндегі жұмысының қисынды жалғасы болды. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі – кеңестік режимді құлатқан тарихи оқиға. Өкінішке қарай, тоталитарлық жүйе алаңға шыққан жас жігіттер мен қыздардың тағдырын бұзды. Желтоқсан көтерілісі Қазақстан тарихында ерлік және сонымен бірге қайғылы оқиға болып қала береді. Сондықтан бүгінгі тастың қалануы және болашақта ескерткіштің ашылуы өскелең ұрпақты тәрбиелеу үшін ерекше маңызға ие және желтоқсаншылардың ерлігіне құрмет болады, - деді Ұлықбек Есдәулет.
Рәсімге қатысушылар «Желтоқсан» саябағының аумағына тал отырғызды. Болашақта бұл аумақты көгалдандыру жоспарлануда. Іс-шара соңында шақырылған Желтоқсан оқиғасына қатысқандар үшін патриоттық әндер орындаған эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт қойылды. Тәуелсіздігіміздің отыз жылдық мерейтойы аясында, «Желтоқсан көтерілісінің» 35 жылдығы қарсаңында «ҚазАқпаратта» жарияланған осы игі іс-шара туралы хабарды сол күйінде назарларыңызға ұсынудың өзіндік себебі бар. Ашығын айтсақ, көпшіліктің жылдар бойы көкейінде жүргендіктен бұл жағымды жаңалық шаһар тұрғындарының қолдауын тауып, бір қуантып тастады. Қалада арнайы «Желтоқсан» саябағын ашып, батырларымызға ескерткіш орнату жұмыстарын қолға алған Алматы әкімдігіндегі азаматтарға мың алғыс! Қоғамда талай жылдар айтылып келген жұртшылықтың талап-тілегін әкімшіліктің іске асыра бастағаны әлдебір жақсылықтың бастауын білдіргендей. «Халық үніне құлақ асатын үкіметтің» бар екенін көрсететін нақты мысал осындай болуы керек.
Игі іс-шарада айтылғандай Желтоқсан көтерілісінің маңызы зор, ол ондаған жылдарғы түнектің шымылдығын түріп, Тәуелсіздік таңының шұғыла шашуына жол ашып берді. Желтоқсан туралы сонау кеңестік кезеңде кремльдер сарайының төрінде атақты ақынымыз Мұхтар Шаханов ағамыз бастап, одан кейінгі 35 жылда көптеген ақын-жазушыларымыз, тарихшы-ғалымдарымыз өз еңбектерін арнады, қоғам қайраткерлері үзбей үн қосып келеді. «Желтоқсан қаһармандары Тәуелсіздікті бір табан жақындатқаны анық» - деп бұл туралы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де жақында ғана жоғары баға берді.
Дұрыс, бәрі де орынды делік. Соған қарамастан Желтоқсан көтерілісі ресми түрде осы күнге дейін «Желтоқсан оқиғасы» деп аталып келеді. Қыркүйек айының басында ҚР Паламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының мүшесі, депутат Қазыбек Иса вице-премьер Ералы Тоғжановқа «1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі не себепті ұлт-азаттық көтерілісі ретінде ресми танылмайды?» деп ашық сауал жолдағаны белгілі.
Депутат Қазыбек Иса Желтоқсан көтерілісінің маңызын жан-жақты түсіндіре келе «Ақ жол» партиясының мынандай нақты бес ұсыныстарын алға тартқан болатын:
1. 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Кеңестік қызыл империяға қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісі – ұлт азаттық көтеріліс ретінде танылып, бағалануы қажет.
Желтоқсандықтарға «Желтоқсан көтерілісіне қатысушы» құқықтық мәртебесі берілуі керек.
2. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев еліміздегі айрықша атаулы күндер қатарында атаған Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы ресми деңгейде атап өтілуі керек.
3. Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы заңға Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды қолдап, көтермелейтін арнайы өзгеріс енгізілуі керек.
4. Желтоқсан көтерілісіне қатысып, оқудан, жұмыстан шығып қалғанын әлі растай алмай жүрген азаматтарды «Желтоқсан көтерілісіне қатысушы» ретінде тануда қолдан жасалған қаптаған кедергілерді жойып, анықтама алуды жеңілдету керек.
5. Азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы тиіс. Жастарымызға патриоттық тәрбие беру үшін оқулықтарда жеткілікті жазылуы қажет. Қазақстан қалаларында Желтоқсан қаһармандарына арналған алаңдар ашылып, монументтер орнатылуы тиіс.
«Қазақ жастары қылышынан қан тамған кеңес империясына қарсы алаңға жан үшін шыққан жоқ, нан үшін шыққан жоқ, Намыс үшін шықты! Пұл сұрап шыққан жоқ, Тіл сұрап шықты! Жоғалып бара жатқан Ұлттық Рухтың атойлап, алаңға шыққан аттаны еді бұл!» - деп жазды одан кейін де Қазыбек Иса. Осы ресми депутаттық сауалға байланысты жүздеген қоғамдық ұйымдар, он мыңдаған адамдар өздерінің оң пікірлерін айтып, үлкен қолдау көрсетті. Бүкіл қазақ қоғамы қосылды десек артық айтқандық емес. Оны да түсінуге болады, бұл қазақтың көптен бері орындалмай келе жатқан көкейкесті мәселесінің бірі екені белгілі. Сондықтан да Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар, қоғамдық ұйымдар, көптеген азаматтарымыз белсенді депутатымызға алғысын жаудырып жатты.
Басқа емес, Мәжіліс депутатының өзі ресми түрде сауал жолдаған соң ба, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Тоғжановтың жауабы да көп кешіккен жоқ. Бірақ бұл сол әдеттегідей жалпылама жауап көпшілікті, әсіресе сауал иесін қанағаттандырды деп айта алмаймыз. Премьер-министр Желтоқсанға қатысты елімізде жиындар, ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар сияқты түрлі шаралар өтетінін тізіп шығыпты. Бұдан бөлек, ҚР Президентінің 1991 жылғы 12 желтоқсандағы № 540 Жарлығына сәйкес елімізде желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауаптылықтан босатылғанын, 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, оқудан, жұмыстан шығып қалған азаматтардың «ақтау туралы» анықтаманы қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзінің дәлелді құжаттарын жергілікті прокуратура органдарына ұсыну арқылы анықтама алу тәртібі барынша жеңілдетілгенін де ұмытпапты.
Оның айтуынша саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмыс жоспары аясында арнайы Заң жобасын әзірлеу көзделген. Осы Заң жобасын әзірлеу барысында Желтоқсан оқиғасына қатысушылар мәселелері де талқыланатын болады. Cаяси қуғын-сүргіндер құрбандары ретінде танылған азаматтарды әлеуметтік қолдау шаралары «Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңында айқындалған. Осы Заңда ақталған азаматтардың қамауда болған әр айы үшiн біржолғы ақшалай өтемақы төлеу белгіленген. Жергілікті әкімдіктер бюджет мүмкіндіктеріне қарай Желтоқсан қатысушыларына Тәуелсіздік күніне орай жыл сайын біржолғы материалдық көмек көрсетіледі. Бұл үрдіс биыл да өз жалғасын табады. Сонымен қатар, желтоқсан оқиғасына қатысушыларды әлеуметтік қолдау, насихаттау, оларды әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша жұмыстар жүргізілуде және Үкіметтің тұрақты бақылауында. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай мерекелік медальдармен марапаттау жұмыстары ұйымдастырылуда екен.
Бір қарағанда бас уәзірдің орынбасарының жауабы айналасы жұп-жұмыр, жүрекке жылу жеткізетін жағымды хабар. Нағыз халық үніне құлақ асатын шенеуніктің сөзі дерсіз. Бірақ негізгі талап тасада қалып қойғанын байқау қиын емес. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е.Тоғжановқа белгіленген мерзімде берген жауабына рахметін айтқан депутаттар «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалындағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Кеңестік қызыл империяға қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісі – ұлт азаттық көтеріліс ретінде танылып, бағалануы қажеттігін еске салып, оның жақын арада ескерілетініне сенім білдіріп, жауап күтетінін жеткізді. Сөйтіп Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы қарсаңындағы қоғамнан басталып, жоғары деңгейге дейін көтерілген маңызды мәселе мына сұрақ-жауаптан соң тағы да үзіліс алғандай. Оның қанша уақытқа созылатыны да белгісіз.
Біз қарапайым нәрседен сүрініп отырмыз. Турасын айтсақ, «оқиға» мен «көтеріліс» сөзінің аражігін ажырата алмайтын бес жасар баланың күйінде қалып қойғандаймыз. Оқиға дегеніміз, кездейсоқ, кенеттен болатын жол апаты, жер сілкінісі, өрт, су тасқыны сияқты төтенше жағдайлар емес пе? Ал, қызыл империяға қарсы табанды саяси талаптармен мыңдаған жастардың алаңға шығуы кездейсоқ оқиға емес, бұл көтеріліс!Егер сол жерде жастар жеңіске жетіп, билікті ауыстырғанда ол төңкеріс деп аталар еді. Олай болса оны неге өзінің тура мағынасында көтеріліс деп атамаймыз? Кімнен қорқамыз көтеріліс деп атауға? Бір ғана мысал, кезінде Ресейдегі осындай көтерілісті «Ұлы октябрь социалистік революциясы» деп бірден жариялады. Жан-жағын капиталистік елдер қоршап тұрса да ешкімнен тайсалған жоқ. Бұл ұғымды олар үлкен идеологиямен ұштастырып, жетпіс жыл бойы жұрттың санасына сіңірді. Жаман-жақсы болсын, сол идея негізінде тәрбиелік жұмыстар жүргізіп, өзін қаумалаған капиталистік жүйеге қарсы қоя білді, сол арқылы белгілі бір жетістікке жеткенін білеміз.
Ал егер біз Тәуелсіздік алғаннан бергі отыз жылда Желтоқсан көтерілісін - ұлт азаттық көтерілісі екенін ресми жариялап, оның халқымыз үшін алатын орнын дұрыс түсіндіріп, ұлттық идеологияға айналдырғанда жағдай мүлдем басқаша болар еді. Дінін бұрмалаған, тілін ұмытқан мәңгірттер мен өз ұлттық салт-дәстүрін жатсынғандар әлдеқайда аз болар еді. Жастарға патриоттық тәрбие берудің ең озық үлгісі өз қолымызда тұрса да соны пайдаланбай келеміз. Әлі де соны түсінгісі келмейтіндер бар, әсіресе жоғары билікте отырғандардың арасында.
Е.Тоғжановтың желтоқсаншыларға біржолдық материалдық көмек беріліп тұрады деген сөзінен кейін қазақтың: «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына күйінемін» деген сөзі еріксіз еске түседі. Бұл жерде ешкім үкіметтен нан сұрап отырған жоқ. Ең басты талап – Желтоқсан көтерілісіне ұлт азаттық деңгейіндегі өзінің лайықты мәртебесін сұрап отыр. Бұл бір ғана сол көтеріліске қатысушылардың ғана талабы емес, бұқараның тілегі. Өйткені Желтоқсан салған жара бүкіл жұрттың жүрегінде дақ болып қалды. Олай болса жалтармай, жан-жаққа жалтақтамай халықтың талап-тілегін неге орындамасқа? Әлде оған тағы да 35 жыл уақыт керек пе? «Желтоқсан – ұлт азаттық көтерілісі!» - десек аузымыз қисайып қалмайтын шығар...
Зейнолла АБАЖАН