АЛАШ ИДЕЯСЫ - ҰЛТТЫҚ ИДЕЯМЫЗ БОЛУЫ КЕРЕК - “Ақ жол”
2021 ж. 11 желтоқсан
1535
0
Бүгін 12 желтоқсан - Алаш Орда автономиялық үкіметінің құрылғанына 104 жыл!
“Ақ жол” партиясы мен “Желтоқсан ақиқаты” қоғамының негізін қалаған Бейсенғазы Нүкен бастаған қоғамдық ұйым өкілдері 2020 жылы Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында ашылған Алаш Орда арыстарына арналған алғашқы монументке жиналды. Алаш арыстарына арнап, құран оқылып, гүл шоқтары қойылды.
Алғашқы сөз сөйлеген ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Алаш арыстарының тарихтағы зор рөліне тоқталды.
-Алаш арыстарының аты Қазақ парламенті тарихында 2007 жылы “Ақ жол” партиясының депутаттық сауалында аталды. 2012 жылы парламентте “Ақ жол” фракциясы құрылғалы бері Алашқа байланысты 30-дан астам депутаттық сауал жасады.
Биыл “ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы” жалпыхалықтық байқауы 10-шы рет өтуде. Алашқа арналып төрт рет халықаралық мүшәйра өткізді.
“Ақ жол” партиясының Саяси бағдарламасында Алашқа басым бағыт беріліп, “Алаш идеясы - Ұлттық идеямыз!”-деп атап көрсетілген!
Ақжолдықтар былтыр Алаш арыстарына шеру жасап, бір көше жүріп барып, тағзым еткен еді. Енді биыл үш көше жүріп өтті.
Алла қаласа, Ақ жолдың Алаш шеруі астананың ғана емес, бар қаланың басты көшелерін толтыратын күн де келеді.
Мынау былтыр ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасы Азат Перуашев бастаған Ақжолдықтар келіп ашқан Алаш Орда монументінің алдына болашақта адам сыймай кетер кез де келеді әлі.
Биыл тәу етер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесі!
Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы!
Тәуелсіздіктің қарлығашы Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы!
Сіздерге айтар қуанышты жаңалығымыз бар. 9 желтоқсанда Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданы Әлихан ауданы болып өзгертілгені туралы шешім шықты!
Әлиханның 150 жылдығында берілуі тиіс еді аудан аты. Ақорда келісім беріп қойған мәселе Қарағандыдағы 3-4 коммунист кемпір-шалдың қарсы болуына бола 5 жыл кешікті! Не деген елміз десейші! Бұған да шүкір, ұзағынан сүйіндірсін!
Әлихан атын ұлықтауды “Ақ жол” партиясы бұдан 15 жыл бұрын да, 5 жыл бұрын да, биыл 9 ай бұрын да жазған едік. Алаш пен Әлиханның 155 жылдығына арналған 2021 жылы 3 наурыздағы және 14 сәуірдегі “Ақ жол” фракциясының екі депутаттық сауалын жасағанымызда да “Октябрь ауданы Әлихан атына ауысады” деп айтып та, жазып та жіберіп едік.
Сол шешім енді шықты.
Кеше Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы және Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында, Қарағанды облысы Қарағанды қаласының келесі құрамдас бөлігі: Октябрь ауданы – ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН атындағы аудан болып қайта аталсын деп Қарағанды облысының әкімдігі ҚАУЛЫСЫ және Қарағанды облыстық мәслихаты ШЕШІМІ қабылданды.
АЛАШ ақыры Октябрьді жеңді!
Октябрь аты өшіп, ӘЛИХАН ауданына айналды!
Енді 4 күннен кейін Тәуелсіздікке 30 жыл толады. Бірақ осы отыз жылда мемлекеттік тіліміз өзінің заңды төріне шыға алмады. Басты Ұлттық идеологиямыздың болмағанының нақты көрінісі күнде аяқ бассақ, алдымыздан шығады. Бір ғана мысал - мемлекеттік қызметкерлері мемлекеттік тілді білмейтін әлемдегі жалғыз елміз. Қазақ тілін білмейтін қазақ министрді, әкімді, депутатты күнде көріп жүрміз. Бұл барып тұрған масқара, парадокс емес пе?!.
Енді Рухани тәуелсіздік алатын уақыт жетті!”-деді Қазыбек Иса.
Ол сөзінің соңында Алаш монументін орнатуға бастамашылық жасаған қоғам қайраткері Бейсенғазы Нүкенді “Ақ жол” партиясының Алаш арыстарына арнап шығарған “Қазақ Республикасына 100 жыл” медалымен марапаттады.
Бейсенғазы Нүкен өз сөзінде Алаш монументін тұрғызуға үлес қосқан, Алашқа, Желтоқсанға арналған депутаттық сауалдары үшін “Ақ жол” партиясына алғыс айтты. Жақында Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінен кейін болған Бакудегі көтерілісшілерге арналған “Шейттерге тағзым” алаңында болып, әзірбайжан ағайындардың Тәуелсіздік құрбандарын құрметтеуіне тәнті болып келгенін жеткізді.
Белгілі алаштанушы ғалым Ғарифолла Әнес:
“Таяуда аяқталған халық санағының қорытындысы көңілімізді су сепкендей басты. 70 пайыздан көп артық болуы керек еді. Соның өзінде 70 пайыздан астам болғасын біз унитарлы мемлекетпіз. Ендеше бізде бір тіл ғана, бір тілдегі мектептер ғана болуы керек. Ал ұлтшылдық ұғымынан қорықпай, қайта дамытуымыз керек.”-деді.
Ал танымал ақын, журналист Мырзан Кенжебай: “Ұлттық мүддені қорғауға бәріміз қолымыздан келген үлесімізді қосуымыз керек! Жаңа парламентте тіл үшін күресіп жүрген Қазыбек Исаның “Енді Рухани тәуелсіздік алуымыз керек!”-дегені маған қатты ұнады. Осы бағытта қайрат жұмсауымыз қажет. Ал үкіметтің бұл бағытқа аттап басар түрі жоқ!”-деп, Алаш тарихын зерттеуде Ғарифолла Әнестің көп еңбек сіңіріп жүргенін атап өтті.
Тағы басқа да қоғам белсенділері сөйлеп, ұлт мүддесін қорғау жолындағы маңызды мәселелерді сөз етті.
Бұдан соң жиналғандар Талғар қаласындағы саябақта салынған “Желтоқсан-1986” ескерткіш тасына барып, тағзым етті.
Алашқа арналған іс-шараға Алматы облысы филиалы төрайымы Мейраш Шынәсіл бастаған жергілікті мәслихат депутаттары мен партия белсенділері қатысты.
Алашқа Алла жар болсын!
Тәуелсіздігіміздің Көк туы көкте мәңгі желбірей берсін!
Қазақ үні