Мемлекеттік тіл мәселесі бойынша Мемлекеттік комиссия құрылады - Қырымбек Көшербаев
2021 ж. 25 қараша
3327
7
Үкіметте жатқан Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын іске асыру керек
Түгел түріктің рухани астанасы, хан ордасы Түркістанда Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының VI Құрылтайы басталды.
Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев баяндама жасады. Бұдан былай мемлекеттік тіл мәселесімен айналысатын Мемлекеттік комиссия құрылады.
Қарағанды облысы “Қазақ тілі” қоғамы филиалы төрағасы Темиргали Көкетай, Қызылорда облыстық “Қазақ тілі” қоғамы филиалы төрағасы Сәдуақас Аңсат, Парламент Мәжілісі депутаты Геннадий Шиповских сөйледі.
Сәдуақас Аңсат ақын, тіл күрескері, Парламент Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса бастамашы болып жүрген, Үкіметте жатқан Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын іске асыруды ұсынды.
Қоғамның Орталық Кеңесінің жаңа құрамы сайланды.
Қоғамның Орталық Кеңесі басқармасының жаңа құрамына 18 адам сайланды.
Белгілі ғалым Ерден Қажыбек Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының президенттігіне Берік Әбдіғалиұлын ұсынды.
- Мемлекеттік тілдің дамуы үшін белсене еңбек етіп жүрген, Мемлекеттік тілді қолдау қорын басқарған, Парламентке бара салып, депутат Қазыбек Исамен бірге Көрнекі ақпарат туралы заң жобасын жасауға үлкен үлес қосқан Берік Әбдіғалиұлын ұсынамын,- деді.
Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Берік Әбдіғалиұлы кандидатурасын қолдап сөйледі.
Делегаттар Берік Әбдіғалиұлын бірауыздан Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы президенті етіп сайлады.
Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы вице-президенттері болып, Тіл институты директоры Анар Фазылжанқызы мен Максим Рожин сайланды.
ҚР Үкіметі төрағасы орынбасары Ералы Тоғжанов мемлекеттік тілді дамыту жайлы сөз айтты.
Тіл жанашырлары Оразгүл Асанғазықызы мен Асылы Осман және ақын, Парламент Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса
сөйлеп, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды қоғам бағдарламасы мен қаулысына қосуды ұсынды.
Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау қоғам бағдарламасы мен қаулысына қосуды делегаттар бірауыздан қолдады .
Енді Қоғамның жаңа құрамынан жаңа серпін күтеміз.
Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы мен Мемлекеттік тіл туралы Мемлекеттік комиссияның ең басты мақсаты - МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАТУ болуы керек!
Қазақ үні