Баға басымызға шығып алды
2021 ж. 06 қараша
1937
2
Жаңа жыл қарсаңында әдеттегідей азық-түлік құны тағы да шарықтайды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баға тек бізде ғана емес, әлем бойынша өсіп жатқанын алға тартып, тиын санап отырған тұрғындарға басу айтты.
Ведомство басшысы бағаны ауыздықтау дәл қазір оңайға соқпай тұрғанын мойындап, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар өнімдердің құны 10 пайызға өскенін мәлімдеді. Әсет Ерғалиев азық-түліктің тоқтаусыз қымбаттауы инфляцияға да кері әсер еткенін жеткізді. Қазір ресми деректер бойынша оның деңгейі 8,9% шамасында екен. Ал, шын мәнінде оның бұдан әлдеқайда жоғары екені белгілі. Оның айтуынша әлемдік инфляция деңгейі 33%-ға жеткен.Ұлттық экономика министрі халықтың табыс көзін арттырып, бағаны тұрақтандыру үшін қолдан келгенді жасап жатырмыз деп ақталды. Бірақ нақты қандай шара атқарылып жатқанын айта алмады. Өйткені ауызбен айтылған шарадан баға төмен түспейді. Яғни, ешқандай нәтиже жоқ.
Қазір Қытайдан тауар кіргізе алмай жүрген кәсіпкерлер шығынға белшесінен батқан. Қазақ-қытай шекарасындағы жүк тасымалы тежеліп, бұрын-соңды болмаған ұзын-сонар кезек пайда болды. Бұл шешілмеген мәселе азық-түлік, киім-кешекпен қоса, өзге қажет тауарлардың да құнына тікелей әсер етуде. Баға қымбаттап, тұрғындардың тұрмысын төмендетіп жатыр. «Келесі жылда инфляция деңгейі 4-6 пайызға дейін болады деп отырмыз» - деді министр әдеттегідей көріпкелдік көрсетіп. Үкіметтің бағаға байланысты болжамдарының соңғы кезде біреуі де шындыққа жанаспайтынын көріп жүрміз. «Өзге елдерде инфляция бізден де жоғары» деген желеуден халықтың тұрмысы жақсарып кетпейді. Қазір баға атаулыға Экономика министрлігі тікелей жауапты. Сондықтан кеңседен шығып, сауда орындарын аралап, тойымсыз монополистерді тежеп, нақты іспен айналысқандары жөн. Сонда нәтиже болады.
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz