ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫ "КӨТЕРІЛІС" ДЕП МОЙЫНДАЛУЫ ТИІС - Әбдірәшит Бәкірұлы
2021 ж. 14 қазан
2743
0
Жуырда ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол" партиясы фракциясы мүшесі Қазыбек Иса Желтоқсан оқиғасын "Ұлт-азаттық көтеріліс" деп ресми түрде мойындауды, ал оған қатысушылардың бәріне "Желтоқсан көтерілісіне қатысушы" мәртебесін беруді талап етіп, Үкіметке сұрау салды, Мәжілісте мәселе қойды...
Бұл - барлық желтоқсаншылар үшін көкейкесті мәселе болып табылады. Депутатымыз Қазыбек Иса да осы мәселені өткір көтеріп отыр... Оған мың алғыс. Бұл - ерлік!
Осы тұрғыда бірнеше сұрақ туындайды:
Қазір Желтоқсан көтерілісінің ресми аты "Желтоқсан оқиғасы" деп аталады. Егер осылай болса, "оқиға" дегеніміз - кездейсоқ жағдайда, кенеттен пайда болған құбылыс саналады. Мысалы, жолдардағы автомобильдердің қақтығысып қалуы, темір жол апаты, жер сілкінісі апаты, су тасқыны апаты деген сияқты.... Ендеше, "желтоқсан оқиғасы" да "кездейсоқ жағдайдан", яғни, Қазақстан Республикасы басшысына сырттан әкелініп, жұрт танымайтын Колбинді тағайындаудан туындаған деген қорытынды шығады....
Бірақ, онда "Колбиннің Қазақстанға келуі" де КЕЗДЕЙСОҚ жағдай деп неге айтылмайды? Жоқ, бізге оны "Бұл - кемеңгер КПСС-тің кемеңгер саяси бюросының (Мәскеудің) саналы, алдын ала ойластырылған ең дұрыс шешімі, дұрыс саясатының жемісі" деп айтты емес пе? Олай болса, "колбиннің келуі" кездейсоқтық емес те, оған қарсы болған қазақ жастарының көтерілісі "кездейсоқтық" қана болып шыққаны ма?
Одан туатын қорытынды қандай? Ол мынадай: яғни, "бұзақы қазақ жастары" Қонаевтың орнынан алуын ғана "сылтау" етіп, алаңға шығып кетті" деген. Яғни, оған "саналы саясатпен" Қазақ КСР-не келген Колбиннің еш қатысы жоқ екен... Бірақ, соңынан "оқиға" арасында болған қазақ жастарына қатысты толыққанды, тек "көтерілісшілерге" ғана қолданылатын САЯСИ РЕПРЕССИЯНЫҢ жүргізілуін қалай түсіндіруге болады?
Ендеше, депутат Қазыбек Исаның жоғарыда аталған талабына "Желтоқсан Көтеріліс деп бағалануы тиіс" дегенге ғылыми тұжырымдалған жауап берілуі тиіс деп санаймыз.
Онымен қоса, Желтоқсанды не себептен "көтеріліс" деп бағалауға болмайды” деп жүргендер тұжырымдамаларына ғылыми негізделген жауап беруі тиіс!
Жалпы, Желтоқсан бейбіт түрде басталды. Ал оны "көтеріліс" жағдайына жеткізген сол кездегі биліктің өзі болатын. Арты екі тараптың аяусыз қақтығысына ұласып, адам шығындары болды. Яғни, сөйтіп "оқиға" "көтеріліске" айналып кеткені шындық.
Оның түпкілікті себептері қандай?
Ол Қонаевтың "кездейсоқ" орнынан алынуы ма?
Ол Колбиннің "кездейсоқ" Қазақстанға келуі ме?
Ол қазақ жастарының "кездейсоқ Брежнев алаңында жолығып қалуы" ма? (кафелер құрып қалғандай...)
Ол тұтас Қазақстанның әр өңірінен жастардың қыстың көзі қырауда "Алматыға барып көкпар тартып қайтайықшы" деп кенеттен (кездейсоқ деңіз) атқа қона кетуі ме?
Міне, осы сұрақтарға, яғни, "Желтоқсан көтерілісінің" "оқиға" емес екеніне ғылыми тұрғыда нақтыланған ресми жауап берілуі керек!
Әбдірашит Бәкірұлы,
"Желтоқсан көтерілісіне" қатысушы