Оралда жас келіншекті жартылай өртеп, тоғайға тастап кеткен
2021 ж. 22 қыркүйек
1153
0
Орал қаласы маңындағы тоғайдан бір апта бұрын 21 жастағы келіншектің жартылай өртенген денесі табылған болатын. Асқан қатыгездікпен өлтірілген марқұмды туыстары бүгін ғана жер қойнына тапсырды, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Себебі, аяусыз қорлық көрген жанның кім екенін бірден анықтау мүмкін болмаған. Арнайы сараптамадан кейін ғана мәйіт жабық табытқа салынып, туыстарына берілді.
Туыстары келіншектің аяусыз қорлық көріп, көз жұмғанын айтады. Сондықтан марқұмды жабық табытпен жерлеген. Олардың сөзінше, Анастасияның бағалы заттарын олжалаған соң күдікті одан құтылуға тырысса керек. Асқан қатыгездікке барған қылмыскердің ең ауыр жазаға кесілгенін қалайды.
Марина Бакина, Анастасияның туысы:
Настя өте жақсы адам еді. Бәріне көмектескісі келіп тұратын. Сабағын да жақсы оқыды. Елгезек, мейірімді қыздың осындай жағдайға тап болғанын естігенде қатты күйзелдік. Қанішер жауыз бейкүнә сәбиді жетім қалдырды. Әсіресе анасына ауыр тиді.
Мария Долдашева, Анастасияның құрбысы:
Настя өте көңілді қыз еді. 1–кластан бері бір партада отырдық. Қиналған кезімізде көмектесіп, қол ұшын созатын. Ойын-тойдың гүлі еді. Осындай жанның өмірін қиған оңбаған өз жазасын алады деп сенемін! Анастасия Чернаяның хабар-ошарсыз кеткені туралы хабар 13 қыркүйекте тарады. Үйінен шығып, қайта оралмаған келіншектің денесі екі күннен кейін қала іргесіндегі тоғайдан табылған.
Мөлдір Садырғалиева, БҚО ПД баспасөз қызметінің жетекші маманы:
Бұл қылмыс ізі суымай ашылды десек болады. Өйткені 16-қыркүйек күні бұл іске қатысы бар күдіктіні тапқан болатынбыз. Ол 1994-жылғы азамат. Қазіргі таңда ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмысқа қатысты сәйкес сараптамалар тағайындалып, Қылмыстық Кодекстің 99-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Тергеу кезінде күдіктінің келіншекті әлдебір ауыр затпен басынан бірнеше рет ұрғаны анықталған. Полиция мәліметінше, құрықталған күдікті еш жерде жұмыс істемейді. Ал Анастасияның артында қалған екі жасар қызын нағашы әжесі бауырына баспақ.