Сіздің жеке қаржыңыз...
2021 ж. 16 қыркүйек
1236
0
Бүгінде әлемнің көптеген елдерінде орта тап өкілдері толық қалыптасқан деуге болады. Әрине, олар қомақты қаржы ресурстарына ие. Демек бұл мемлекеттерде жеке тұлғалардың жеке қаржысын қалыптастыру саясаты айтарлықтай дамып жатыр деген сөз. Қазақстанда орта тап әлі толық қалыптаспаған. Бірақ баршылық.
Жалпы ақша - адамдарды өзін-өзі еркін сезінуге, өзінің және отбасының болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік беретін бірегей қаржы құралы екені даусыз. Дегенмен бір қызығы ешбір адам: «Болдым, толдым, жинаған ақшам енді бейқам өмір сүруіме толығымен жетеді», - деген сөзді айта қоймайды. Ақша әрқашанда керек және ол ылғи жетіспей тұрады. Алайда қолда бар қаражатты ақылмен жұмсап, көп іс тындыруға болатыны сөзсіз.
Экономика ғылымында қаржы жүйесі мемлекеттік қаржы, шаруашылық жүргізуші нысандардың (кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер) қаржысы және үй шаруашылықтарының қаржысы болып үшке бөлінеді. Адам қоғамнан тыс өмір сүре алмайтындықтан, оның жеке тұтынушылық қажеттілігін қоғамдық тұтынудан бөліп қарауға болмайды. Ол мүмкін де емес. Өйткені тұтыну бар жерде өндіріс те бар. Нарықта жеке адамның қаржысы мемлекеттік және корпоративтік қаржымен тығыз байланыста болатыны сөзсіз. Яғни, адам өз өмірінде басқа адамдармен, ұйымдармен және мемлекетпен ұдайы әр түрлі қаржылық қатынаста болады. Сондықтан қандай да бір істі жүзеге асыру үшін осы қатынастарды ескеруге тура келеді.
Жеке тұлғаның жеке қаржысын қалыптастырудағы басты мақсат – адамның тұтыну қажеттілігін толығымен қамтамасыз ету. Бұл ретте жеке қаржы да табыстар мен шығындардың қатынасынан қалыптасатындығын ескере кеткен жөн.
Әрине, армансыз адам болмайды. Сол арманына шындап ұмтылған адам іштей: «Бұл маған осы не үшін керек?», - деген сұраққа жауап бере отырып, алдына нақты мақсаттар қоя бастайды екен. Кейін өзінің қазіргі жағдайын, мүмкіндіктерін, табыстары мен шығындарын, активтері мен пассивтерін, қалтасының қалыңдығын есепке ала отырып, шама-шарқына баға береді. Сөйтіп алдына қойған мақсатына жетуге болатыны не болмайтыны туралы іштей шешім қабылдайды. Әдетте бірінші орынға ақша мәселесі шығады. Сол себептен қандай да бір шығындардан бас тартуға немесе басқа да қаржы көздерін іздеуге тура келеді. Кейбіреулер «Егер қолда ақша көп болса, кез келген мақсатқа жетуге болады» деп ойлайды. Дұрыс-ақ. Бірақ бір қызығы, ақша көбейген сайын, шығындар да көбейе түсетіні бар. Бұл заңды құбылыс. Қалта толған сайын, адамдар сол ақшасын жұмсағысы, шығындағысы келіп тұрады. Бұл жерде зиянды әдеттерді де айтпай кетуге болмас. «Ауру қалса да әдет қалмайды» дегендей, адамдар ақшаны орынсыз жұмсауға бейім тұрады. Бұл жаман әдет. Мысалы, сәнқойлық, яғни жағдайға қарамай қымбат киімдер сатып алуға, сол үшін қарыз ақша алуға құмарлық. Бұдан арылудың жолы бар ма? «Мысалы, «30 күндік сатып алу тізімін» жасап көруге болады», - дейді мамандар. Оған сатып алғыңыз келген барлық заттарды енгізесіз. Бір ай өткен соң, сол тізімді қайта қарап, сараптан өткізесіз. Сонда әлі де маңыздылығын жоғалтпаған, өте қажет деп табылған заттар ғана сатып алынып, қалғандары сызып тасталады. Шыны керек, бұл да шығындарды біртіндеп азайтуға мүмкіндік беретін әдіс. Сонымен қатар бір ай ішінде жасалған барлық шығындарды чектер және басқа да төлем құжаттары арқылы есептеуге болады. Бұл ретте кейбіреулер көмекші құрал ретінде табыстар мен шығыстарды есепке алу үшін арнайы компьютерлік бағдарламаларды – танымал қосымшаларды пайдаланады. Сондай-ақ кірістер мен шығыстарды, активтер (тұрғын үй, жер телімі, автокөлік, тауарлар және ақша құралдары) мен пассивтерді (қарыздар мен кредиттер) нарықтық бағасымен есепке алып, теңгерім түрінде сараптау да маңызды.
Бір сөзбен айтқанда «жігерін жанып, жағымсыз әдеттен арылып, сезімін санасына жеңдірген адам ғана мақсатына қол жеткізеді», - дейді мамандар. Бұл үшін ол мақсатына міндет ретінде қарап, алдағы әрбір кезеңіне нақты жоспар құрып, соны орындауға күш салуы қажет.
Қорыта келе айтар болсақ, алға қандай мақсат қойылса да, «Қауіпсіздік көпшігі» әрбір адам үшін бірінші орында тұруы керек екен. «Қауіпсіздік көпшігі» дегеніміз не? Ол - кез келген мерзімде алуға және үстінен ақша салуға болатын мерзімсіз банк салымы. Мамандардың айтуынша оның көлемі отбасымен 6 (алты) айдан 1 (бір) жылға дейін жалақысыз толыққанды өмір сүруге жеткілікті болуы қажет. Қазіргі пандемия кезеңі бұл көзқарастың дұрыс екендігін тағы да дәлелдеп берді: ертеңгі күніне ақша жинап, оны есеппен жұмсайтын адам, кез келген дағдарысты еңсере алады. Ал ертеңгі күнін бүгін ойламайтын адам, бүгінгі жинаған қаржысынан ертең оп-оңай айырылып қалуы ғажап емес. Адам өз өмірі мен болашағына өзі жауапты. Сондықтан жеке қаржыны қалыптастыру – өмір талабы әрі қаржылық тәуелсіздікке және зейнет жасында сананы тұрмыс билемейтіндей лайықты өмір сүруге бастайтын дара жол.
Тағы бір айта кететін жәйт, ақшаның көптігі байлықты білдірмейді. Егер ол тұрақты табыс әкелмесе, ерте ме кеш пе таусылады. Мамандардың айтуына қарағанда «Жалақым аз ғой», - деп өзіңді кедей санауға да болмайды. Ауқатты өмір сүрудің асыл тетігі - қолда бар ақшаны дұрыс жарата білуде. «Сондықтан жеке қаржыны қалыптастыруда мына қағидаларды басты назарда ұстаған абзал», - дейді мамандар:
- қашанда мол табыс табуға ұмтылу;
- табыстың кемінде 5-10 пайызын болашаққа жинау;
- табысты үнемдеп, жоспармен, есеппен жұмсау;
- несие алмауға тырысу;
- ысырапшыл дос-жарандардан, көршілерден бойды аулақ ұстау;
- кірістер мен шығыстарды зерделеп, мәнсіз шығындарды азайту.
«Ауруын жасырған ажалсыз өледі» дегендей, қаржылық қиындықтарды отбасынан, жақын-туыстардан, дос-жарандардан жасырмай ашық талқылау да артық етпейді. Керісінше, естіген ақыл-кеңестер жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл ретте қаржылық сауаттылықты арттыру үшін арнайы курстарға қатысып, тиісті кітаптарды оқыған дұрыс. Түптеп келгенде барлығы өзіміздің ақыл-санамызға, тәртіптілігімізге, үнемшілдігімізге, жауапкершілігімізге және басқа да қасиеттеріміз бен дағдыларымызға байланысты. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Халқымыздың: «Түстік өмірің қалса, күндік азық жина» деген нақыл сөзі маңызын жоғалтпақ емес. Егер ақша ақылмен, үнемдеп жұмсалмаса, миллиондап тапсаң да жетпесі анық. Демек, байлықтан кедейлікке өту - бір-ақ қадам. «Ақша – санағанды жақсы көреді». Сондықтан қолда бар ақша үйлесіммен жұмсалса жарасар. Денсаулықтың, ақыл-парасаттың арқасында бай-қуатты болу – бұл да өнер.
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz