Смағұл Елубай: Мемлекеттік тіл туралы дербес заң қабылдануы қажет
2021 ж. 30 тамыз
2316
4
Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Тіл үшін алаңға алдымен мен шығамын”деп отыр
-Тәуелсіздік тілден басталады! Ендеше біз неге Тәуелсіздіктің логикасына қарсы өмір сүріп жатырмыз?
- Тіл майданында төтенше жағдай жариялау керек!
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Ақ жол” партиясы фракциясы мүшесі Қазыбек Иса 2021 жылы 17 шілдеде Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағында депутаттық жұмыс жоспарына сай шығармашылық және қоғамдық ұйым басшыларымен және зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Шіліңгір шілденің қақ ортасы, демалыс күні болғанына қарамастан арнайы шақырылған ел мұңын мұңдап жүрген қаламгерлер мен қайраткерлер түгелге жуық келді.
Қазыбек Иса зиялы қауым алдында ҚР Парламенті Мәжілісіндегі “Ақ жол” партиясы фракцияның ұлттық идеологияға байланысты, мемлекеттік тіл мен мәдениеттің жағдайы, Алаш арыстарын ұлықтау мен қандастар көшіне қарқын беру, жалпы ұлт мүддесін қорғаудағы қайраты жайлы есеп берді.
Жиында биік елдік мақсаттар бағытында келелі әңгіме қозғалды. Өз кезегінде жиналған ағайын да көптен көкейде қордаланған ой-пікірін іркіп қалмады.
Жиында танымал жазушы, қоғам қайраткері Смағұл Елубай да сөз сөйлеп, Мемлекеттік тіл туарлы дербес заң қабылдануы қажеттігін айтты.
Жазушының пікірін оқырман қауымға ұсынады жөн көрдік.
– Өте ауқымды мәселелер қозғалып жатыр. Осы жерде Қазыбек бауырым да, Дулат ағамыз да қазақ зиялыларының жанайқайын айтты. Қайталап жатпайын. Ұлттық проблемамыздың бастысы Тіл болып тұр. Төңірекке қарасақ, Нұр-Сұлтан қаласынан бастап Алматыда да, солтүстік Қазақстан аймағы елдімекендерінің бәрінде жұрт көбіне орысша сөйлейді. Оңтүстік астанамызда екі жүз мыңнан астам қазақ баласы орыс мектептерінде оқиды екен. Бұл не деген сөз? Бұл – мегаполистерде таразы басын орыс тілі басып барады деген сөз. Бұл – кейінде Тіл төңірегінде басталып жатқан жанжалдардың аяғы жұртты күндердің күнінде көшеге шығарады деген сөз. Бітпейтін өзара тартыстан әбден шаршағаннан кейін өз қазағымызбен өзіміз Тіл майданында айқасып қаламыз ба деген қаупім бар. Баяғыда бір басшымыз: «Тіл дегеніміз – мемлекеттік қауіпсіздіктің тірегі. Тәуелсіздік тілден басталады» деп еді. Тілді жөндеу – елді жөндеу деген сөз, ағайындар! Ендеше біз неге Тәуелсіздіктің логикасына қарсы өмір сүріп жатырмыз? Неге бәрін керісінше жасап жатырмыз? Тіл тартысы, расында да, күні ертең үлкен айқайға ұласпай тынбайды. Өйткені қазақ тілділер де, қайта бас көтеріп жатқан орыс тілділер де өлгісі келмейді. Ендеше мемлекет ретінде сақталғысы келетін ел осы Тіл мәселесін лайықты шешуі керек. Ол үшін, әрине, Мемлекеттік тіл туралы дербес заң қабылдануы қажет. Ондағы бірінші пункттің өзінде Қазақстан азаматтары мемлекеттік тілді игеруге міндетті деп жазылуы керек. Екінші пунктте Қазақ елінде мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілді міндетті түрде білуі талап етіледі деп таңбалануы шарт. Міне, сонда ғана бұл жағдай өзгере бастайды.
Баяғыда ата-бабаларымыз майданға кірер алдында өз араларынан ту ұстайтын бір батырды сайлап алады екен. Және сол тудың төңірегіне хан да, би де, мыңдаған әскер де бір кісідей жұмылып, шоғырланатын еді ғой.
Бұдан үш жылдай бұрын Қазыбек Тіл мәселесін қолдауға байланысты дүбірлі бір қозғалысты бастады. Ол, шынтуайтында, Тіл майданы еді. Бәріміз сол күреске дайынбыз деп жаппай қол қойдық. Ту ұстаушымыз Қазыбек Исаның маңайына шоғырландық. Қажет болған жағдайда, Мемлекеттік тіл үшін көшеге шығамыз деп шештік. Тоқсант бес жастағы Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өзі «Тіл үшін алаңға шыққан елдің ең алдында мен жүретін боламын” деп ширықты. Сөйтіп әлгі хатқа 126 мың белсенді адам қол қойды. Ал оның сыртында белсенді емес миллиондаған қазақ тұр ғой! Мұндайда жазушылар қауымы бірінші орында тұруы керек деп санаймын. Дәл қазір біздің Қазақстан Жазушылар одағының шаңырағында бас қосып отыруымыз да бекерден-бекер емес.
Ал Ту ұстаушымыз, міне, қасымызда отыр. Яғни Тіл майданының ту ұстаушысын сайладық; енді сол тудың төңірегінде шоғырлана білуіміз керек дер едім. Өкінішке орай, олай болмай жатыр. Біздің өз тарапымызан көптеген қателіктер кетіп жатыр. Кеше ғана Түркістан қаласы қайта түледі. «Екінші Венеция» деп әспеттейміз. Керемет ғимараттар салынды. Шаһардың қақ ортасынан ғажайып бір ғимаратта Әл-Фараби кітапханасы бой көтерді. Соның маңдайында «Farab Library» деген ағылшынша жазу тұр. Түркістандағы ең биік «Яссауи мұнарасының» да кешкен күйі осы – атауы ағылшынша. Сонда бұл осында жылына бір келмейтін ағылшынды құрметтегеніміз бе? Күн сайын ағылып жатқан мыңдаған-миллиондаған өз қазағымызды неге құрметтемейміз? Өз-өзін сыйламаған халықты кім сыйлайды?! Міне, бізді Бораттардың бүкіл әлемге күлкі қылып жүргені осындай мінезімізден, ағайындар! Бұдан былай да күлкі қыла береді.
Олай болса, Яссауиді қорламайық. Әл-Фарабиді мазақ қылмайық. Бұлардың тегі қазақ емес пе!
Енді ақпарат құралдарына тоқталсақ. Осы кезге дейін журналистерді мақтаумен келдік. Жиырма төрт сағат бойы жазып, сөйлеп отырған бұлар қазақ тілінің жанашыры, қорғаны ғой дедік. Бүгінгі телевизиямызға қарайтын болсаңыздар «Тамаша-сити», «Астана-лайф», «Алматы-лайф» дегеннен көз ашпайсыз, ондағы айдарлардың бәрі де ағылшынша болып кетті. Оу, ағайындар-оу, сені тыңдап отырған ағылшын жұрты емес қой! Жат елдің туын көтеріп халқымызды адастыра түскендеріңіз қалай? Ана тілін, ата-баба тілін неге сата бастадыңыздар?! Телевизия халықты халық қылатын құрал емес пе еді?! Ағылшын елі сіздің бір-екі ауыз ағылшыншаңызға мәз болмайды, қайта, мазақ қылып күледі ғой, бауырларым-ау! Олардың жайын жақсы білемін, ағылшын тілін аудармашысыз түсінемін, солардың арасында тоғыз жыл жұмыс істеген адаммын. Енді сіздер орысшаны былай қойып, ағылшын тіліне табына бастадыңыздар. Неге?
Осындай сәтте Тіл майданында төтенше жағдай жариялау керек деп санаймын. Ғылымда «Барса келместің нүктесі» деген болады. Сол межеден өтіп кеткен кезде кері қайта алмай қаласың. Халық та келместің кемесіне мініп кетеді. Міне, біз сол тарихи зобалаң сәтке тап болдық. Ал осы тығырықтан шығудың ең алғашқы шешімдері Парламентте басталуы керек. Ол үшін мына Қазыбек бауырымыздың қасына топталуға тиістіміз. Өйтпесек, ертең ықпалды күштер мұны да ығыстыруға тырысады. Сонда о жақта бізді қорғайтын жан баласы қалмайды. Ту ұстаған адамның төңірегіне топтасқанда ғана жеңіске жетеміз.
Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері