ТӨҢІРЕКТІ ОТ ШАРПЫҒАН ТҮНДЕ
2021 ж. 29 тамыз
1691
0
Сол күні... Анығырағы, шілде айының бесінде Алматы қаласындағы 32356 әскери бөлімінің қызметкері Эльдат Абдиманапов жұмыстан кеш қайтып еді. Әшейінде бөлімнің белгілі ырғақпен жалғасып жататын қарбалас тірлігі аяқ астынан қабаттасып, жүйкеге бірталай салмақ түсірген.
Жиырма үш жасқа енді ғана іліккен жігіт қаншалықты қара нардай қайраттымын дегенмен діңкелеп қатты қалжырағанын сезді.
Қызыл іңірде сүріне-жығылғандай Алматымен жапсарлас Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы ауылындағы үйіне жеткен соң келіншегі Әсем дайындап қойған дәмді нарынды сүйсіне жеп, одан шаршағанына да қарамастан шаңырақтағы оны-мұны шаруаларды реттестіріп, ертеңгі іске қажетті түрлі қағазын ыңғайына келтіріп ұзақ отырған соң ғана жастыққа бас қойған-ды.
Жатқан бойда-ақ қалың ұйқыға кеткен.
Түс көріпті. Бір топ жолдасымен тау арасына саяхатқа шыққан екен дейді. Бұтадан шауып жасаған аспалы мосыға ілулі шөгенді түзеп, бықсыңқырап барып лап еткен жалыннан қос алақанын тоса қорғанады. Қарақошқыл түтін өкпе-қолқаны қауып, қыстыға жөткірінді. Осы кезде ту сыртынан тақалған әлдекім иығынан түртіп:
– Отқа сонша тақалғаның не? Кішкене шегініңкіреп отырсайшы. Күйесің ғой! – дейді.
Тыңдай қоймады. Қайта, ұзын шыбықпен шоқ түбін қопсытып, лапылдай жанған алауға емініп, төне түсті.
Әлден мезгілде біреу бензин шашып жібергендей лапылдаған алау айналаны күндізгідей жайнатты. Осы кезде сыртындағы әлгі қол күшпен жұлқығандай болады:
– Эльдат! Эльдат!.. Тұр... Тұршы!..
Көзін ашса, бөлменің шамы жарқырай жанып тұр. Төбеден төніп, оятып тұрған жолдасы Әсем екен. Пердесі ашық терезеден өрт жалынын көрді. Желдеткіштен енген қою түтіннің ащы уыты көз ашытты.
Лезде ес жиған Эльдат бірден түсінген: іргелес үй өртеніп жатыр.
– Ойбай, жүгір... Оят басқа көршілерді! – деді әйеліне. – Мәссаған, алдымен өрт сөндірушілерге хабарласу керек екен ғой! Дереу соларды шақыр!.. Айтпақшы, сағат неше болды екен?
– Үштен кетті ғой, – деп сасқалақтаған Әсем қол телефонына ұмтыла берді.
– Қап! Сұмдық-ай! Бол, шақыр өрт сөндірушілерді... Көршілердің есігін қақ... Оятайық бәрін...
Эльдат апыл-ғұпыл киініп тысқа ытқыды.
Отқа оранған үй әзірбайжан ағайындардікі еді. Үй қожайынының істі болып қамауда жатқанынан хабардар-тын. Қазір мұнда оның үш баласы мен зайыбы және осы әйелдің қайынбикесі, яғни үй иесінің қырық жасқа таяған қарындасының тұратынын білетін.
– Өздері оянып үлгерді ме десейші! Өртті сезді ме екен?! Ой, Аллай!..
Бір сәт абыдырап, өзі де қалта телефонына жармасқан. Үй қожайынының қайын ағалары Эльгар мен Загидті жақсы таниды. Олар да жақын маңда тұрады. Араласып жүрген адамдары. Жалма-жан солардың біріне қоңырау шалып еді, қарсы жақ тұтқаны көтермеді. Шырт ұйқыда жатқан болар. Ойда жоқта туысқанының үйі отқа оранатынын қайдан білсін...
Одан жүгіре шығып, өрт құшағындағы жайға қарай заулаған. Қырсыққанда қақпа ішінен тарс бекітулі еді. Көп ойланбай дуалдан ырғып түсіп, үйге жүгірді.
Құдай оңдағанда, сыртқы есік ашық секілді. Алайда сумаңдай шалқыған жалынның тілі бұл тұсқа да жетіп үлгеріпті. Баспананың талай жылдан қаңсып, кеуіп тұрған ағаш қаңқасы сатырлай жанып, зәре ұшырады.
Бет шарпып, тыныс алдырмаған сұрапыл жалын лебіне қарамастан кіріп барған бойда не болып, не қойғанын білмей безек қағып, тыпырлаған он бір жастағы ұлдың сұлбасын аңдады. Осы үйдің тұңғышы. Бұған қоса төрт жасар тағы бір ұл мен екідегі бүлдіршін қыздары бар еді. Олар ояна қоймаған секілді.
Ойланып тұруға мұрша да жоқ-тын; бірталайдан әскерде шыңдалған әбжілдіктің пайдасы осындайда тиетін сияқты. Эльдат ышқына ұмтылып барып жоғарырақта жатқан екі кішкене баланы кезек-кезек көтеріп бір қолтығына қысты да, он бірдегі ұлды иығына тастай салған бойда ытқып далаға шықты.
Бұғанша сонау Эльгар мен Загидт те жеткен екен. Балаларды солардың қолына ұстата салып, осы кезде әбден иек алып, бой бермеуге айналған алапат өрт қойнына және қойып кеткен. Әлгінде шыға беріп кереует тұсында көлдеңінен түсіп, қимылсыз жатқан әйелді де сүйрей кетуді ойлаған еді. Ол да оянғанымен, аңдауынша, иіс тиіп естен танған-ау деп долбарлаған-ды. Жанұшыра қимылдап, қас пен көздің арасында оны да қолтығынан алып сүйреп шықты.
Осы кезде опырылған төбе гүрс етіп ортаға түскен. Артына жалт қарап көкірегі қарс айрыла тұрып іштегі екінші әйелді шығарудың мүмкін емесін түйсінді.
Біреулердің жан дауысы шыға жұлқынып, есікке ұмтылып жүргенін байқайды. Сонау мерт болған жанның ет жақындары секілді. Бірақ әлдекімдер оларды күшті өрттен қақпайлап, жібермеуге тырысады. Расында да, енді қайран жоқ еді.
Бұл аралықта өрт сөндірушілер командасы да келіп үлгеріпті. Олар жеткен бойда мұның да үстіне қатты ағынмен су шашып, үсті-басын мезетте малмандай қылды.
Абыр-сабыр болып иін тірескен жұрт қарасы көбейіп қалыпты. У-шу. Жағдайды түсініп, аһ ұрысып жүр. Сиренасын шыңғыртып жедел жәрдем қызметі мен полиция да жетті.
Өрт ішіне бір кіріп, бір шығып жанталасып жүрген күйеуінің қимылын бағып, не істерін білмей жыларман боп үнсіз селтиіп тұрған Әсемді көрді. Түрі әлемтапырық.
***
Біз ертеңіне осынау оқиға кейіпкерлерімен жолығып, мән-жаймен танысуға тырыстық.
– Эльдат, оқиға қалай болды?
– Шырт ұйқыда жатыр едім, әйелім оятады: «Эльдат, тұршы көрші үй өртеніп жатыр. Күйіктің иісі біздің үйдің ішін де алып барады», – дейді.
Терезе пердесін айқара ашып тастапты.
Есімді жиып, терезеден қарасам, расымен лапылдаған өрт! Жалын лебінің күштілігі сонша – алапат ыстық дем бірталай жерде отырған біздің де бетімізді шарпыды. Түн ортасы әлдеқашан ауып кеткен мезгіл еді. Атып тұрып, сыртқа қарай жүгірдім. Бірден сонау үйелменнің жақындарына хабар беруді ойладым. Құдайға шүкір, телефон бар ғой. Бірақ қоңырау шалған адамым тұтқаны көтермеді. Екі-үш мәрте қоңыраулаттым-ау. Бірақ үн жоқ. Өртпен жалғыз айқасуға тура келетінін түйсіндім. Құстай ұшып барсам, өрт шыққан үйдің қақпасы тарс жабық. Шарбақтан секіріп өтпеске лажым қалмады. Қурап тұрған қамыстай лезде дуылдай жөнелген сұмдық өрт маңына жақындап барудың өзі мүмкін емес еді.
– Алапат оттан өзім күйіп қалам-ау деген қорқыныш болған жоқ па? Және тұншығып қалу қаупі де бар ғой.
– Мұндайда бойда ерекше күш-қуат пайда болатын секілді. Қорқу деген де жайына қалғандай. Бірақ үйдегі үш баланың тірідей жанып кету қаупін ойлағанда жаным түршікті. Есікті қалай теуіп кіргенім есімде жоқ. Тек келген бетте осы үйдегі жасөспірім баланың қайтерін білмей шиыршық атып, тыпырлап жүргенін көрдім. Үй іші, шынында да, көк түтін. Тыныс алу мүмкін емес. Есі шыққан бала далаға қарай тұра безейін десе жығылып жатқан анасы мен екі кішкентай бауырын қимайды. Әйтеуір, дер кезінде жетіп үлгерген екенмін. Әйтпесе бәрінің тірідей өртеніп кетуі мүмкін еді. Сасқалақтаған сәтте екі баланы бір қолтығыма сыйғызып алғаныма өзім де таң қаламын. Қысылғанда ештеңеге қарамайды екенсің...
– Содан?..
– Содан балаларды көтерген бойда ытқып сыртқа алып шықтым. Сөйтсем қоңырау шалған көршім де келіпті. Оған қарайлауға мұршам болған жоқ. Ішке қайта кіріп, бұ кезде қарақошқыл түтіннен түк көрінбей кеткен бөлме ішінен еденде сұлап жатқан әйелді сүйреп шығардым. Балалардың анасы екен. Иіс тиген секілді. Мен шыққан кезде түптегі бөлменің төбесі опырылып жерге түсті. Есік ашылған кезде желпіген ауа екпінімен бірнеше есе күшейіп, лапылдаған жалын түкпірде қалған бір адамды құтқаруға мүмкіндік бермеді.
– О кісі мерт болып кетті ме?
– Иә, өкінішке орай, ажал құшты. Қырық жастар шамасындағы әйел адам.
– Өрт шалған үйдің қазіргі жағдайы қалай?
– Үй тұруға жарамай қалды. Оқиға болған жерге өрт сөндірушілер тобы шамамен он-он бес минутте-ақ келген екен. Соның өзінде тілсіз жау үйді әп-сәтте талқан қылды. Ең бастысы анасы мен балалар аман. Мен соған қуандым. Қазір олар ата-әжелерінің үйінде көрінеді.
***
Эльдат Абдиманапов бауырымыз бұдан әрі сөйлеуге құлықсыз екенін байқатты. Көп сөзге жоқ, кішіпейіл жан сияқты. Тек от ішінде қалған бесінші адамды құтқара алмағаны үшін өзін біртүрлі кінәлі санап, қатты өкінетіндей.
Бұдан соң осынау оқиғаға куә болған ағайынды Эльгар және Загид Мәмедовтерді аз-кем сөзге тарттық.
– Загид, бұл жағдайға қатысты сіз не дей аласыз?
– Эльдат бауырымызбен бірталайдан таныспыз. Түнгі үштерден асқан шамада әлдекімнің телефон қоңырауынан оянып кеттім. Бірақ жеті түнде мазаны алған бұл кім болды екен, әлде шатасып хабарласқан біреу ме деп тұтқаға қол соза қоймадым. Бір кезде ұйқым қашып орнымнан тұрған соң қарасам, екі-үш мәрте қоңыраулатқан көрші жігіт екен. «Қой, ойбай, ол маған бекер хабарласпаған шығар, не де болса барайын» деп дереу киініп тысқа шықтым. Алапат өртті сонда көрдім. Өз туысымыздың үйі. Жүгіре жеткенімде іштен бір мезгілде үш баланы көтеріп Эльдат ытқып шықты. Одан оларды маған ұстата салып ішке қарай және ұмтылды. Жойқын жалын бет қаратпайды. Арада бір минутке жеткізбей ол келінімізді де сүйреп шығарды. Бұдан кейін отқа оранған жайға кіру мүмкін болмады. Қарындасымыздың іште қалғанын біліп, қан жұтып тұрдық. Құтқаруға қайран жоқ-тын... Өте қиын жағдай... Алла тағала мұндай қасыретті ешкімнің басына бермесін. Өлімге бас тігіп бір үйлі жанды құтқарған Эльдат бауырымызға ризамыз. Бұл – нағыз ерлік.
– Эльгар, қателсепесек, қайтыс болған жан сіздің қарындасыңыз ғой?
– Иә, солай. Аяқ астынан айрылып қалдық. Дегенмен, оқыс оқиға орнына біздің бәрімізден бұрын жетіп, төрт бірдей адамның өмірін арашалап қалған Эльдат Абдиманапов бауырымызға дән ризамыз. Біз ежелден қазақ бауырларымызбен тату адамдармыз. Бұ жолы да Эльдат ініміз де өзінің жастығына қарамай ізгіліктің үлгісін көрсетіп, сондай ағайынгершілік бірлігімізді бекіте түсті. Ол бейбіт заманның батыры деуге әбден лайық азамат! Осыны тиісті мекемелер ескеріп, лайықты бағасын бере жатар.
***
Біз де ерлік ескерусіз қалмайды деген үміттеміз.
Ақбота ТОЙБЕКҚЫЗЫ, журналист.
Суретте: төрт адамдыажал тырнағынан арашалап қалған Эльдат Абдиманапов пен өртенген үйдің көрінісі.
qazaquni.kz