Астана іргесіндегі ауыл мәселелері шешілетін болды
2021 ж. 25 шілде
1277
0
«Ақ жол» партиясының депутаты Ерлік Өмірғали Ақмола облысына жұмыс сапары аясында елордамен іргелес Ақкөл ауданына қарасты Қараөзек ауылына арнайы барып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Биыл маусым айының аяғында ауыл тұрғындары «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевке хат жолдап, елді мекеннің көкейтесті мәселелерін шешу үшін жергілікті биліктін назарын аудартуды сұраған болатын.
Ауыл тұрғындары бұл елді мекеннің ел астанасының іргесінде болғандықтан болашағы да зор екенін айтады. Білім алып, оқуларын бітірген жастар да туған жерге оралып, кәсіп ашып, еңбек етуде. Ауылда көптеген инфрақұрылымдар сақталған. Орта мектеп, мәдениет үйі жұмыс істеп тұр. Қараөзектіктер бес адамға арналған Хан киіз үй кешенін де салған. Дегенмен, ауылда шешілмеген өзекті мәселелер баршылық. Арнайы келген халық қалаулысына ауыл тұрғындары толғандырған мәселелерін жеткізді. Мұнда ауылға қатынайтын жөні бүтін жол жоқ, ауыз су тапшылығы да тұрғындарды толғандырады. Медициналық және полиция пункттері жұмысын жақсарту жайы да күнтәртібінде тұр. Ғаламтор желісін орнату жөнінде де айтылады.
Осы мәселелерге қаныққан депутат, аудан әкімі Алпысбай Қайыржановпен бірлесіп кейбір мәселені шешуге келістік. Мысалы, жаңағы жол, су және ғаламтор мәселелері әкімдіктің қаржыландыру арнасы арқылы шешілетін болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық пунктті жақын елді мекенге орналастыруды өз бақылауына алды. Ал, полиция пункті осы ауылдың өзіне көшіріледі. Себебі, бұл ауыл округтегі елді мекендердің дәл ортасында орналасқан. Мектеп ғимаратының шатырын жөндеу де шешімін табатын болды, - деді депутат Ерлік Өмірғали. Кездесу соңында ауыл адамдары өз мәселелерінің оңтайлы шешілетініне ризашылықтарын білдірді.
«Ақ жол» партиясы Қараөзектіктердің мәселелерін назарда ұстайды әрі сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру және сайлаушылардың өтініштерін орындау жұмыстарын жалғастырады.
«Ақ жол» демократиялық партиясы
Ақмола облыстық филиалы
qazaquni.kz