МИШУСТИННІҢ КЕЛУІ. ҚУАТТЫҢ ҰСТАЛУЫ

МИШУСТИННІҢ КЕЛУІ. ҚУАТТЫҢ ҰСТАЛУЫ

Қазақстанда қазақша сөйлеу, қазақ тілінде қызмет сұрау қылмыс па? Біздің елдегі жағдайға, елдегі құзырлы органдардың әрекеттеріне қарасам, солай сияқты...

Бүгін тіл жанашыры, қоғам белсендісі Қуат Ахметовты қамауға алыпты деген ақпарат шықты. Қазір ғана. Қуат Ахметовтың өзі осы желіде "Мені жапты", - деген кішкене ғана жазба жариялады. 

Қуатты қамауды екіленіп қалап отырған - Ресей билігі, оның пропогандалық БАҚ-ы мен айттақтағы иттей арсылдаған саясаткерсымақтары және біздегі орыс тілді орта еді. Олар мұны ашық мәлімдеді де. 

Күні кеше ғана заңгер Абзал Құспан Abai.kz-ке сұхбат беріп, Қуаттың үстінен әлдекімдер арыз түсіріп үлгергенін мәлімдеген. Тағы біреулер Қуатты 174 бап бойынша жазалау керек деп те мәлімдеген. 

Қуаттың бүгінгі "қамалуы" туралы ақпаратты естігенде бірден, жоғарыдағы әңгімелер еске түсті. Рас, Қуаттың, "Тіл майданының" іс-әрекетінде аталған бапқа сүйрейтін бірде-бір ілік жоқ. Бірақ, біздің айыптаушы билік жоқтан бар жасаудың "мәстірі" ғой. "Қуат қамалды" дегенде, біздің жазалаушы билік Ресей алдындағы адалдықтарын дәлелдеу үшін, орыстар мен орыс тілділердің қалауын орындау үшін тағы бір масқаралыққа барған екен деп ойладым. 

Сөйтсем, Қуатты шығарыпты. Заңгер Абзал Құспан ағаға дереу хабарласып, мән-жайды білдік. Екі кештің арасында біздің полиция Қуатты тұрақты тіркеу мәселесімен ұстапты. Айыппұл арқалатып, қайта босатыпты.  

Енді мына қызықты қараңыз. Бүгін бізге Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин келді. 5,3 миллиард доллардың 30 жобасын мақұлдасып кетті. Маминмен де, Тоқаевпен де, Назарбаевпен де жеке-жеке жолықты. Тіл мәселесін де сөз етті. Әрине, орыс тілінің мүддесі жайлы сөйледі. Дәл сол уақытта Қазақстан полициясы Қуатты "тұрақты тіркеу" мәселесін сылтау етіп, ұстаған болды. Қуатты ұстады деген ақпарат шықты. Мишустин мәз. 

Рас-өтірігін құзырлы органдар айтар, айтса әрине. Бірақ, мен Қуаттың екі кештің арасында "тіркеуің жоқ екен" деген сылтаумен ұсталып, аз уақыттан соң қайта босатылуы мен Мишустиннің сапарын байланыстырамын. Өз ойымша. Болса да, біздің биліктегілер Мәкеңе бір көз қылды. Егер дәл осылай болса, бұл ешқандай да саяси ойын, жүріс емес, нағыз бейшаралық деп бағалаймын. 

Айтпақшы, қазір сәлден соң Қуат Ахметов өзі де мәлімдеме жасап, не үшін ұсталғанын айтады...

Өз ойым...

Нұргелді Әбдіғани,

Фейсбук парақшасынан