Сарыағашта 5 млрд теңгеге салынған үй бос тұр
2021 ж. 10 тамыз
2303
0
Түркістан облысы Сарыағаш ауданында 5 млрд теңгеге соғылған 13 көпқабатты үй қаңырап бос тұр. Баспаналардың құрылысы "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасымен 2017 жылы басталған. Алайда, қазір салынып біткенімен кәріз жүйесі жүргізілмепті. Сондықтан осы баспанаға кезекте тұрғандар әлі күнге дейін пәтер жалдап, үмітпен өмір сүріп келеді, деп хабарлайды "Еуразия" бірінші арнасы.
Баспаналы болу – қол жетпес арманына айналған Базаркүл Нақыпбекованың үй сұрап шапқылап жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болған. Алпысты алқымдаған мүгедек ана Сарыағаш ауданында пәтер кезегінде 195-ші болып тұрған. Алайда, жеме-жемге келгенде оған ескертпестен көршілес Келес ауданына ауыстырып жіберген. Бірақ оның тұрғылықты мекен-жайы Сарыағаш қаласында екен. Тіпті, көмек сұрап НұрОтандықтарға барғанда көңілі су сепкендей басылып қайтыпты.
Базаркүл Нақыпбекова, Сарыағаш ауданының тұрғыны:
Нұр Отанға барыңыз деді. Нұр Отанда күшті күшті депутат, күшті күшті заңгерлер болады деді. Сөйтіп, соған барып едім ол апай сізге үй жоқ деді ойда-қырда деді. Сіздікін бөліп тастаған деді. Сенген адамыңызға барыңыз деп жаңағы Нұр Отандағылар айтты. Мен айттым қане күшті күшті заңгер, күшті күшті депутат шешіп береді деп жібергендегі сендер ма дедім. Сендерден естіп отырған сөзім мынау ма дедім.
Ал, дәл қазір Сарыағаш қаласында осыдан төрт-бес жыл бұрын салынған 585 пәтер құр қаңырап бос тұр. Әлі ешкімге үлестірілмеген. Ал, баспананы соғу үшін бюджеттен бақандай 5 млрд теңге жұмсалыпты.
2017 жылы салынған бұл бес қабатты 13 үйдің есіктері тарс жабылған, жан баласы тұрмайды. Ал, баспана мен оның ауласы құдды бір соғыстан қалған үйлерді елестетеді.
Осы маңайдағы 36 пәтерлік жалғыз үй бес жыл бұрын мүгедектер, көп балалы аналар мен ардагерлерге үлестірілген. Деседе, тұрғындар бұл баспанадан азарда-безер болып отыр. Сапасы сын көтермейді, қабырғалары қақырап, қақаған суықта 4 жыл бойы жылусыз отырдық, дейді. Салдарынан үйдің іші көгерген. Тіптің екі ай бұрын сыртқы қаптаулары желмен ұшып кеткен. Ал, жөндеу жұмыстарын жүргізетіндер әлі күнге дейін келмепті. Тек уәдемен барлық істі тындырып, алдап кетуге машықтанып алған, дейді тұрғындар.
Төлеген Жатаев, Сарыағаш ауданының тұрғыны:
Ешкім қолдамайды. Городтың әкімі қолдамайды, аудан әкімі қолдамайды, Нұр Отан қолдамайды. Ешкім қолдамайды. Біз керек емеспіз. Социалный болғанан кейін біз адамның екінші сорты. Бітті сонымен.
Гүлмира Оңалбаева, Сарыағаш ауданының тұрғыны:
Қыстың күні именно қар жауып тұрған кезде эмульсиялап, декабрьде далада қар жауып жатыр да, жаңбырмен қар жауып жатыр бірақ біздің қазақтар құдайға шүкір эмульсиялап жатыр. Площадька жоқ. Балалар ойнай алмайды ана жерде. Осы жерде ойнайды цементте. Жол анау. Оны дұрыстап істемеген асытның бәрі сынып кеткен, астының бәрі тікенек.
Ал, үйге тапсырыс беріп, қабылдап алған құрылыс бөлімінің басшысы бұл жолы да уәде беруден ары аса алмады. Кепілдіктен шықпаған баспананың мердігеріне хат жазумен ғана шектеліп отырғандар үйдің сапасына шаң жуытпады. Ал, тұрғын үй коммуналдық бөліміндегілер нақты пәтерлердің қашан берілетінін айта алмай абдырады. Кем кетіктері болғандықтан 2019 жылдан бері балансқа қабылдап алмаған, тіпті олқылқатрыдың орнын толтырмаған болып шықты.
Даубек Керімбаев, Сарыағаш аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының бас маманы:
Үйді кәріз жүйесі кішкене проблема болып тұр. Бізде қазір КНС дейді канализационный-насосный сооружения ол бітті, қаладағы ол барып төгілетін очищающее сооружение дейтін бар сол КОС іске қосылуы керек. Сол қосылғанан кейін сол кезде ғана беріледі. Оны салып қойды ма? Жоқ салынған жоқ. Жобасы екі жыл шығар.
Осы орайда айта өтейік, ауданда үй кезегінде тұрғандардың саны 4800 адамға жуықтапты. Алайда, мына жаңа шағынауданда 585 пәтер бос тұр. Маманнның сөзіне сенсек, алдағы екі жылдың көлемінде бұл үйлердің қолданысқа берілуі де екіталай.