Ақордадан бастап, әкім-қаралар қостап әлеуметтік желіге алаңдайды - Сәуле Мешітбайқызы
2021 ж. 12 шілде
2473
1
Қазір әлеуметтік желі саясаттың қайнаған қазанына айналды. Өйткені әлеуметтік желі арқылы бәрін білуге болады. «Кім не істеп жатыр?»,«Кіммен кім жанжалдасты?», «Кімді кім қолдап жүр?»,«Кім не айтты?» «Кімге кім қожа?»,«Әкімді кім қорқытып жүр?» т.б жазбалар тұнып тұр. Күн өткен сайын әлеуметтік желі – арандату желісі болып, ел-жұртты шулатып жатыр. Егер бір шенеунік ұнамай қалса, онымен арадан қара мысық жүгіріп өтсе, оны жығуға, аяғынан шалуға, құрдымға құлатуға дайын тұратын пенделер көбейді. Кейбір блогерлер мен журналистер де бұл жолға кәдімгідей төселіп алды. Қорқытуға, үркітуге, ақша бопсалауға еті үйренгендері тіпті көп. Ол аздай елдің бәрі саясаткер, елдің бәрі білгіш. Алладан қорықпайтын болды.
Қазақ атамыз «Алладан қорықпағаннан қорық» деп бекер айтпаған болар. Бірақ біз мұны естен шығарып алдық. Ғайбат сөз айту деген жәй нәрсе тәрізді қазір. Зерттеп-зерделемей, сараптап-сараламай әлеуметтік желі арқылы әлі күмәнді дүниені көпке жеткізудің өзі үлкен күнә екенін кім ескеріп жатыр. Осы менің жанымды ауыртады.
Бүгінгі саясаттың өзі күнде құбылуда. Кімге сенеріңді білмейсің кейде. Себебі әлеуметтік желі ақпарат ағынына толып тұр. Біреу мақтағанда, екінші біреудің түкке алғысыз қылып тастауы мүмкін. Имандай сенген тұлғаңды, бәле қуған бір пәтшағар шайтанға жолдас қылып шықса таң қалма! Міне, демократияның жарқын үлгісі саған. Елбасыны мақтап, Тоқаевты жақтап отырған жоқпын. Олар да пенде. Жақсы мен жайсаңды, асыл мен жасықты келер ұрпақ нақтылай жатар. Айтайын дегенім, әлеуметтік желі де Назарбаевты тілдеп, жақындарын жүндеп, дүние-мүлкін күндеп жатқандар қаншама. Тіпті күнара Назарбаевты өлтіріп, болмаса, ауырып жатыр деп сендіріп жатқан ағайынға не шара! Бұдан асқан сорақылық, бұдан асқан тексіздік болар ма! Олардың жазған жабасына лайк басып, қолдап комментарий жазатындарға не дейміз? Міне, саған бүгінгі күннің бет-бейнесі! Қалай десек те, Елбасының еңбегі бар. Оны жоққа шығаруға болмайды. Қателесіп, қажып жатса ар алдында өзі жауап береді. Жұмыр басты пенде болғасын кемшіліктен ада болуы тіпті де мүмкін емес қой…
Елбасыға сын айтатындар, бір отбасыға ие бола алмай жүріп әлеуметтік желінің батыры атануда. Тіпті ас үйіндегі пышағын қайрай алмай жүргендер, ақыл айтқыш болып алды. Ел басқару оңай іс емес, ел басқару деген – алмас кездіктің жүзінде отырумен пара-пар. Ағайындар біз қуанудан қалдық, жақсы болыпты деп тілектес болудан жерідік. Мұның арты ешқашан жақсылыққа апармайды адамды.
Әбіш Кекілбаев ағамның «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» дегені шындық.
Кейінгі кезде әлеуметтік желінің қаһармандары көбейіп кетті. Қарап отырсақ бүкіл құндылықтан ада болып бара жатырмыз. Қу тамақ үшін қулыққа барып, ақша үшін арын сатуға бар жастар қайдан өніп шықты. Тәуелсіздіктің отыз жылында жеткен жетістік осы ма?
Әжептәуір мақала жазатын журналистердің кейбірі әлеуметтік желіні қару етіп (тышқаншылап жүргенін көргенде) жүрегің ауырады. Халықтың тұрмысы мен тіршілігін көтеруге күш салып, әділетсіздікке араша болып, турасын айтып туғанына жақпай жүруге тиіс тілшілердің күйкентай тірліктері де кейде көрініс беріп қалатыны жанға батады.
Қоғам ба, азған адам ба? Салиқалы істер көзге көрінбей, сауатты шенеунік көзге ілінбей, ел үшін атқарылған жұмыстар алғысқа бөленбей, қайта, арызқойлар төре шығып, арсыздар көзге шұқып кеткен дәуірді бастан кешіп жатқандаймыз. Газет пен журналдағы өзекті материалдар оқылмай, елдің ертеңіне алаңдаған сараптамалар көңілге тоқылмай, әлеуметтік желідегі толғамды ойларға тебіренбей жүргендер, әлеуметті шулатқан хайп жазбаларға телміріп – уралаған сәтін күнде көріп жүрміз. Бүгінгі әлеуметтік желінің өзі есепке құрылған. Лайктың өзін – лайықты түрде басуға ерінетіндер, даттау мен жалған ақпаратқа ұлардай шулағанын көрсең – бәрінен түңіліп кетесің кейде. Ізгілікті емес, ізгі үмітті емес, түкке татымайтын жала мен дақпыртқа, өсек пен аяңға жүздеп мыңдап коментарийлер жазып қоғамдық пікір туғызуға ұмтылу болар елдің баласының тірлігі ме? Ағайындар-ау, біз қайда бара жатырмыз? Ақиқаттың ащы болатынын, жалғандықтың жағымды түрде көңілге қонатынын неге ұмыта береміз?
Ең сорақысы, анау ақ ордадан бастап, әкім-қаралар қостап, өсек-аяңдарға мониторинг жасап, өздеріне шаң жуытқысы келмей – әлеуметтік желіге алаңдайды. «Біз туралы не жазып тастады» деп елеңдеп отырады. «Ұрының арты қуыс» дегеннің кебі.
Әлеуметтік желінің қаһармандарының да қалағаны осы! Аңсағаны сол! Ақиқатты қалаған болып, жақтастарына жаңа бір проблеманы тамызық етіп ортаға тастай салса бітті, ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатады. Ылғи мақтан мен мақтауға үйреніп қалған билікке бұл қайдан ұнасын! Ұнамайды. Сондықтан олардың аузына алу үшін, сыйлықтарды да көбіне солар тыныш болсын деп аямай төгіп тастайды. Тендерді де көбіне солар ұтады. Осыдан-ақ әлеуметтік желіде «қаһармандар» неліктен көбейгенін пайымдай беріңіз. Блогерлердің өзі қазір өте белсенді. Мақтауды да, даттауды да әбден меңгеріп алған.
Ал елдің тірлігін, елдің бірлігін, түрлі келеңсіздіктерді шырылдап жазатын журналистерге, газет-журналдарға, олардың желідегі парақшаларына Ақорда мен Үкімет пысқырып та қарамайды. Өйткен олардан келер қауіп жоқ.
Бұл жерде айтарым, «Ақорда саған айтамын, Үкімет сен тыңда!» дегенге саяды. Жуас түйе қай кезде де жүндеуге жақсы. Бірақ жуастан да жуан шығатынын естен шығармаған абзал. Сондықтан билік кез келген әлеметтік желі қолданушының жазғаны мен сызғанына аламай көз тігіп, саралап, сараптап отырса ұтпақ. Бұл әділдік үшін де қажет. Сосын кімге болсын дер уақытында жауап беріліп, ушыққан мәселеге тез шара қолданылып, шырылдаған жазбаның ақ-қарасын мұқият тексеріп отырса – қандай ғанибет. Ақиқат салтанат құрды деп сонда ғана мақтана айта аламыз. Әйтпесе бүгінгі тірлік, жай ғана күйбең тірлік!
Өз басым жыл сайын он төрт облысты түгел аралап шығамын. Нұр-Сұлтан мен Алматы тұрағым! Былайша айтқанда журналистер қауымының ортасындамын. Сондағы менің білгенім, көкірегіме түйгенім мынау: әрине журналистердің бәріне бірдей топырақ шаша беруге болмайды. (Оны ішінде блогерлер деген жаңа жазғыштар пайда болды. Олар да өздерінше бір-бір дәу! Бірден айтайын, блогерлер журналист емес….)
Жүре берсең, көре бересің демекші, көпке топырақ шашудан аулақпым,(журналистердің атын атам түсін түстемей ақ қойын) арасында соңғы жылдары шындыққа қаламын серт ұстағандар мен өсек-аяңға үйірлері қара көрсете бастады. Бұларға бірден көңіл бөлуге шақырамын. Шын болса, нақты дәлелдері көрсетілсе, зерттеп-зерделегені айқындалса төрден орын берейік, айтқанынан сенейік! Барып бірге көрейік! Ал жазғандары бопсалау мен өтірікке толы болса, ешбір фактісі расталмаса ондай журналисті жазалау керек. Аямау керек. Бұл басқаларға да сабақ болар еді. Себебі халықтың бірлігіне қаяу түсіріп, бірлігіне сызат келтірсе, арандатуға мәжбүрлесе, болмағанды болғандай айтып өтірікке бой алдырса – бұл билікке де зиянды адам. Қазір әлеуметтік желіге фейктер толып кетті. Бір адамда бірнеше фейк бар. Сол фейк арқылы олар ойларына келгенді істеп, қоғамды алатайдай бүлдіріп жатыр. Билікке де түрлі жалалар жауып, болмағанды болғандай, толмағанды толғандай айтып, елді кейде билікке қарсы үгіттеп жатады. Естеріңізде болса ел президенті Тоқаевтың жанына бір орыс әйелді тұрғызып қойып: «Тоқаев үйленді. Орыстан жас әйел алды. Бишараға қазақтың бір қызы бұйырмапты» дегенді фейк жазба бүкіл әлеуметтік желіне аралап шықты. Соған желі пайдаланушылар арасында кәдімгідей талас-тартыс туды. Қоғам дүр сілкінді. Оның шындығына жеткен бір адам жоқ. Шын мәнісінде бұл өтірік болып шықты. Біздің ұлтымызда жоқ, дініміз де, діліміз де жоқ жаман әдеттер мен жағымсыз әдептер әлеуметтік желі де өріп жүр. Бұның соңы жақсылыққа апармайды ойланатын кез жетті ғой..!
ЖУРНАЛИСТІК ӘДЕП – ЖАМАН ӘДЕТКЕ АЙНАЛМАСА ЕКЕН!
Әр адамның жеке басына тіл тигізу, қаралау, намысына тию – арсыздық! Жаман нәрсе тез жұққыш келеді.
Ертеректе «Тоқалды күндес деп санауға болмайды» деген бір мақала жаздым. Оны жазудағы мақсатым, «өзі аз қазақ ұлтын көбейту үшін не істейміз?» деген сұраққа жауап іздеу болатын. Баяғы ата-бабамыз бен бүгінгі адамдарды салыстыруға мүлде болмайды ғой. Қазір заң басқа, заман басқа! Шындығын айтайықшы, бүгінде кәрі қыздар бізде өте көп. Неге? Ажырасу тағы көп. Неге?
Мысалы елуінші жылдары «Біреудің қызы ажырасыпты, біреудің баласы әйел тастапты» дегенді естіген қазақ, ол бейне адам өлтіргендей жақтырмай қарайтын еді. Жиіркене қарайтын еді. Қазір ажыраса салу оңай. Ажырасудан Қазақстан алдыңғы орында тұр. Тәуелсіздік алғалы отыз жылға таяды, демография өте төмен. Өсу қарқыны тым баяу. Осының себеп-салдарын іздеген кім бар? Баяғыда қытайға қыздар тиіп жатыр деуші едік, енді негрдің қолтығынан ұстаған қыздар көбеюде. Бұған да бас ауыртқан біреуді көрмедім. «Ұят болады» деген сөз тілдік қордан түсіп қалған сияқты. «Сауап болады» дейтіндер де азайды. Бұған басты себеп: ақсақал қалмады маңайда. «Тәйт» деп қайыратын бір қария болмағасын, көрген күнің осы қазақ!
Сосын бәрін қадағалап отыратын үкімет жоқ. Заң жоқ. Балық басынан шіріп жатыр. Бұл жайында да бірнеше мақала жаздым. Бір адам «Әу» демеді. Селт еткен Үкіметті көрмедім. «Жалғыз ағаш орман емес» деген рас болып шықты. «Жалғыздың үні шықпайтынына да» көзім жетті.
Ал бүгінгі әлеуметтік желідегі өсек-аяңға үкіметтің құлағы түрік. Елеңдеп отырады. Осының салдарынан халықтың арасы сиырдың бүйрегіндей бөлек-бөлек. Ыдырап жатыр. Абай атамша айтсам, «Бас-басына би болған өңшең қиқым, мінекей бұзып жатыр елдің сиқын».
Әріге бармай-ақ, өзімнің аналық пікірімді айтайын осы жерге. Жақында президент Тоқаев туралы әлеуметтік желіге бір жазба жылт етті. Жылт етті де көп ұзамай «бұлт» етті. Сол аралықта қаншама халық оқып үлгерді. Жазбаға сенсек, Тоқаев қазір бойдақ екен. Бұрынғы орыс әйелімен ажырасып кетіпті. Тоқал алуға ынтасы жоқ. Керісінше Президенттің төңірегін де «түгендеген» төрт әйелі бар деп жазды. Күлеміз бе, жылаймыз ба?
Осыдан-ақ әлеуметтік желі қолданушы кей азаматтардың таным-түсігі мен деңгейінің төмендеп кеткенін бағамдай беріңіз.
Біреудің жеке басына тиісуге, негізсіз күйе жағуға заң да тосқауыл қояды. Адами тұрғыдан да ұят нәрсе. Иә, қоғамда жасырын некелесу етек жайып тұр. Жасырын деген нәрсе– заңсыз деген сөз! Демек, шариғат заңында – зина, қазақ танымында– ойнас. Олардан туған балалардың тағдыры да беймәлім. Жалғызбасты ана атанып, жылда бала туып жүрген жандар қаншама? Мұның бәрі күнәлі істер. Қазақ түсінігіндегі отбасылық құндылықты таптау. Еуропадағы кейбір тексіздік ұрандарды жақтау!
Тоқал алуға менің пайымдауымша қазір ешкім қарсы емес. Тек, бәрі заң аясында болса шіркін. Заңды некеге тұрып, балаға тегін беріп, қаржы жағынан қарасып, бәріне теңдей көңіл аударып тұрса жүзі де жарқын емес пе! Ондай азаматтарды білеміз, (өте көп) соның бірі Бекболат Тілеухан Бар осындай жігіттер. Ешқашан әйелдерін де, балаларын да жасырмай ашық айтып жүреді. Риза боласың! Міне, текті қазақтың азаматтары!
Ал өзінің тегін тоқалдан туған балаларға бермеу, жасырын ұстау, азаматқа тән қылық па? Туған перзентінің алдында әкелік парызын өтеуден қашып жүргендерге халықтың болашағын сеніп тапсыруға бола ма? Қаншама бай бизнесмендер мен шенеуніктер жүр осы санатта. Баланың обал-сауабы кімге! Соны жазып жүрген бір отбасына ие бола алмай жүргендер. Бұған да талай қалам тартқанбыз. Тарқата жазғанбыз. Сөзден сөз туғасын аялдап жатқаным ғой. Өкінішке қарай бұған да құлақ асқан жан болмады? Сосын Абай атамыз сияқты «Өз сөзім өзімдікі» деп жылы жауып қоя салдық.
Негізгі әңгіме сенсация іздегіш журналистер жайлы болғандықтан, сөзіме қайта оралайын. Әкім-қараларды қаралап, кейбір жазықсыз шенеуніктердің жүрегін «жаралап» жүрген тілші ағайын көп. Солар неге ел алаңдап отырған вакцина төңірегінде ізденбейді. Оның пайдасы мен зияны туралы неге нақтыламайды. Нақтылауға шамасы жетпесе неге вакцинация туралы шырылдап жатқан жұрттың пікірін көппен бөліспейді. Журналистен елдің күтері сол емес пе!
Мысалы әлеуметтік желіде ата аналар қоғамының мүшесі қоғам қайраткері Бағила Балтабаеваның ел президенді Қ. Тоқаевқа жазған үндеуі, жан айқайы жарық көрді. https://m.facebook.com/story.php?story_fbid=1845751855604199&id=100005082063852
Қоғамды толғантқан вакцинация туралы осы жазбаға, өсек-аяң десе қаны қызып шыға келетін желі қолданушылар селт етпеді. Бұдан асқан жайбасарлық, немкеттілік, бойкүйездік бола ма? Малдың өзі бауыздап жатқанда тұяғын серппейтін бе еді?
Ал бұл видеоға пікір түгілі лайк басқандар аз. Осыдан-ақ әлеуметтік желідегі жұрттың деңгейі көрініп тұр. Шындығынан келгенде елімізде вакцина туралы ешқандай түсінік жоқ, әркім өз білгенімен әлеуметтік еттік желі арқылы қауесетке еріп жүр.
Кімге сенеріңді, қайсының соңынан ереріңді білмейсің. Бізде ауыр болса да атайын, жүйе жоқ, нақтылық жоқ, жоғарыдағылардың сөздерінде бәтуа жоқ. Ал өзім маңайымның тыныштығы үшін, басқалардың саулығы үшін, өзім үшін вакцинаның екі кезеңінен де өттім. Қазіргі қазақ қоғамын теңселтіп тұрған нәрсенің бірі індет пен вакцинация. Сіздерге де айтарым өздеріңнің жан жағыңның саулығы үшін салғызыңдар вакцинаны. Адамға бірінші керек дүние денсаулық. Онсыз өмірдің мәні бар ма? Ойланайық ағайын!
Кейінгі уақытта менің жанымды қатты ауыртып жүрген нәрсе: журналистер арасындағы кейбір жазғыштардың ел ішін арандатып, билікті дабырлатып, болмаса тапсырыспен біреулерге жамандатып, қорқытып, бопсалап, өздерінше кей мәселені топшылап келеңсіз қадамдарға баруы. Журналист деген халық пен биліктің арасындағы алтын көпір емес пе еді? Тағы айтамын, елді көп аралаймын, сол сапарларымда мереке кездерінде бірнеше мәрте ұнамсыз істерге куә болдым.
Журналистер аң аулағандай қаумалап, қай жер не береді дегендей пендешілікке бой ұрып, дүние үшін беттің арын белбеуге түйіп, әркімге бір соқтығып, әкім-қараларды ықтырып алуға құмарлығын сезіндім. Осыны жазуға да сол сезінгенім себепкер болып отыр. Соның бірі әлеуметтік желіні шарлап кеткен Жамбыл облысы ішкі саясат басшысы мен елге танымал, қаламы қарымды азамат арасындағы кикілжің дер едім. Әттеген-ай, жайшылықта «елімізді келімсектер билеп кетті» деп, жікке бөліне қалатын Жамбылдық бауырларым, бір-бірінің етін жеуге дайын қазір. Иә, ішкі саясат басшысының істегені дұрыс емес қай жағынан болса-дағы.
Көлігіне арақ тиеп алып, шопыры арқылы журналистерге арақ беріп жіберуі – ақтауға келмейтін-ақ дүние.
Бәрі бір Аллаға аян! Алайда азаматқа обал! Ең қиыны, мәселенің ақ-қарасын тексеріп жатқан ешкім жоқ, оны бір жақты қабылдап, ең оңай жол – сөгіс беріп жұмыстан шығаруға дейін барар, сонымен мәселе шешіле ме..?!
Жоғарыға «Біз осындай мәселені шештік» деп ақпарат берер, жарыса жазар, мақтанар. Одан не өзгермек? Баяғы жартас бір жартас болып қала бермей ме? Қорқыту, үркіту, бопсалау, арандату өз мақсатына жетіп, келешекте ары қарай «өркендей» бермей ме? Бір адамның ғұмыры талқыға түсіп жатқан мәселе тереңірек қаузалмаса, шындықтың беті ашылмаса – әділдікті жұрт қайдан іздейді?
Шырылдап жүрген, арандап қалған аңғал азаматтың ..Обал сауабы кімге..?! Мұны ойлаған кім бар?
Бірақ соны ары қарай қоздатпай-ақ, тереңдетпей-ақ, барлық республикаға жаймай-ақ, «Ер шекіспей бекіспейді» деп өзара шешіп тастауға не кедергі болуы мүмкін? Әсіресе облыстың әлеуметтік жағын басқарып отырған Дәулет Кәрібеков мырза (Астана көрген жігіт) қайда қарап отыр? Неге білікті жастар өз өңірін республикаға күлкі етеді?
Жамбылдық журналистердің әкімдік тарапынан сыйлық дәметіп, үнемі қоламтаны қоздатып жүруінің себебі не? Осыны шешпекке үңілген кім бар? Меніңше мұның бәрі журналистердің дер кезінде жазған ескертпелеріне, ескертулеріне, сындарына, пікірлеріне дұрыс жауап бермеуінде жатқан жоқ па?
Осының кесірінен журналистер мен басқарушы билік арасында әжептәуір түсініспеушілік туындап жатыр. Екі тарапта да ақылды, білімді жігіттер жетерлік. Тек ынтымақпен іс етіп, бірін-бірі демеп, қолынан келетін қызметке тартып, қолдап отырса қандай жарасымды. Бір өлкенің азаматтары дұшпандықты ысырып, достықты бір-біріне ұсынып жатса елге үлгі емес пе! Бір күн керіс болған жерден, қырық күн береке қашатынын неге ескермейміз осы? Неге бөлінеміз, неге жауласамыз? Осы бізге не жетпейді? Осы мәселе мені қатты толғандырып жүр. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді ағайын!
БАҚ-ТАН ҚАДІР КЕТПЕСІН ДЕСЕК, БАҒЫН БАЙЛАМАЙЫҚ!
ТҮЙІН: Билікке айтарым, ел боламыз десек, ең әуелі әлеуметтік желіні түзейік. Бүгінде ол жер: кім көрінген құсатын, кезі келсе кім көрінген «тыш…н» орынға айналды. Ел болу үшін бесікті ғана емес, надандыққа шақыруға дайын тұратын желіні де дұрыстау керек! Сонда ғана тіршілігіміз мәнді, тұрмысымыз сәнді болары даусыз!
Ең өкініштісі: әлеуметтік желі еңкейген кәрі мен есін білетін балаға дейін қарайтын жер. Неше түрлі сұмдықтар мен жан шошырлық видеолар да салынып жатады. Оны көрген жас, қатігездікке «мас» болмасына кім кепіл! Оны оқуға ешқандай тосқауыл жоқ. Емін-еркін кіріп, керек жерінде күліп, керек емес жерінде түкіріп кетуге де қолайлы.
Әлемге қарайықшы, мысалы дамыған елдерде (Жапония, кейбір батыс елдері) жас ерекшеліктеріне қарай әлеуметтік желіне әртүрлі салаға бөліп, балалардың қызығушылығын артыруға күш салуда. Бізде мұнымен кім шұғылданып жатыр? Шындықты айтайын, бізде немқұрайлылық басым. Бұндай іске билік қана емес, ел болып кірісетін кез әлде қашан жетті. Неге біз жақсылыққа алғашқы болып ұмтылмаймыз? Неге біз жамандықтан бірінші болып қашпаймыз? Неге біз орысқа жалтақтаймыз? Олардың соңынан еруге неге сонша құмармыз?
Қарап отырсақ, әлеуметтік желіні жүйелеу басқаға емес, билікке тиімді біріншіден. Өзіне келетін «ұр тоқпақтан» қорғанбау, біздің биліктің де әлі «бұғанасы қатпағанын» көрсетіп тұр. Қазақта «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген тәмсіл бар. Қазақ билігі өмірін ұзартқысы келсе, жалындаған жастарды отаншылдыққа баулығысы келсе қазірден, әлеуметтік желімен «соғысуды» бастап кеткені жөн. Әйтпесе ертең кеш болып қалуы бек мүмкін!
Онсызда мына қиын заманда індет екі өкпеден қысып, қымбатшылық екі алқымнан алғанда, жау жағадан алып, бөрі етектен тартқанда бәрін жоғалтып алу қас қағымда.
Тәуелсіздік пен ер мінезімізді әлеуметтік желі арқылы емес, шынайы өмірде білімімізбен, көркем мінезімізбен, ақыл-парасатымызбен көрсетсек деймін.
Осы жерде есіме академик Зейнолла Қабдолов ағаның: «Аз білсең, саясатқа барасың. Көп білсең, парасатқа барасың» деген толғанысы түсіп тұр. Шынында да қазір жұрттың бәрі саясаткер.
Шер ағаның тілімен айтқанда «жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» журналистер билікті әділ сынаса ғана діттеген мақсатына жетпек. Қара бастың қамы үшін, бала-шаға үшін арды аттаса журналистік этикаға жат қылық!
Қазақ журналистикасы – ұлттық партияның қызметін атқарып келе жатыр» деген үдеге сай болу үшін, біз, журналистер қауымы журналистика ғылымының кешегісін де, бүгінін де білуге тиістіміз. Болашақта цензурасыз, демократиялы қоғам құрамыз десек, әрдайым осы саланы зерттеушілердің де пікірін назардан тыс қалдырмағанымыз жөн.
Әлеуметтік желіде Серғазы Мухтарбеков деген азамат мынадай пікір қалдырыпты. Маған қатты ұнады.
1. Жекелеген шенеуніктер тендерді жалпы БАҚ-ты ауыздықтап ұстаудың құралы ретінде қарайтын үрдістен арылмай іс оңбайды.
2. Жауапкершілік қолына қалам алған адамның ішкі түйсігінде – санасында. Дәлірек айтсақ, әркімнің ішкі танымдық цензурасына байланысты. Жеке басқа – адамның арына тиіспеу, артық-ауыс сөзден сақтану, абай болу ардың ісі.
3. Менің түсінігімде бар бәленің бастауы – менмендік! «Мен», «мен» деп өзеурей беретін, өзін ғана насихаттаумен айналысатындардан арылу керек – жүре берсін сол инстраграммдарына өздерін өздері жарнамалап.
4. БАҚ сұхбаттар алғанда сарт-сұрт сұрақ, тарс-тұрс жауап болса деймін. Әйтпесе, малтасын езіп бос былшылдайтындар көп-ақ.
Жалпы бүгінгі заманға бейімделу үшін етектей-етектей мақалалар жазып, басылым беттерін толтыруды тоқтату керек. Тіпті, ол аналитикалық сараптамалар болса да. Бүгінгідей смартфоныңызға ақпарат ағылып келіп жатқан заманда қысқа да нұсқа жазбайынша оқырман тарту мүмкін емес».
Ал Балтабек Түйетаевтың ойы да өзекті. «Мемлекеттік тапсырысты кілең ақпарат айдынында билікке қызмет ететін ресми газеттер алуды жою керек.
Тәуелсіз басылымдар халықтың арасында тез тарап, оқырманы, көп болса да қаржылық қолдау көрсетілмей шетқақпай жасалынды.
Мемлекеттіе тапсырысты ақпарат саласындағы тың идеясы бар, халықтың алғысына бөленген БАҚ өкілдері алса».
Бұған менің алып-қосарым алпауыт Америкада Үкіметтік газет-журнал әрі кетсе екеу-үшеу ғана. Қалғандары тәуелсіз. Дамыған Жапония мен батыс елдерінде де осы үрдіс. Сөйте тұра мемлекет бәріне бірдей қарайды. Бізде алалау басым. Тіпті қазақ газет-журналдары деп бөлінгесін не айтуға болады. Бұл жайлы газетімізде бірнеше рет проблема көтергенбіз. Көлемді-көлемді мақалалар жазғанбыз.
Тіпті мәселе ушығып бара жатқан соң Алматыда Qazaqstan dauiri газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының ұйымдастыруымен «Қазақстан баспасөзінің жағдайы алаңдатады?» атты дөңгелек үстел де өткіздік. Оған шаһардағы қазақ басылымдары өкілдері қатысты.
Ол жайлы жазылған мақала мына сілтемеде тұр. https://aikyn.kz/23949/qazaq-baspasoezi-maeselesin-ashyqhat-sheshe-me/
Даудың басы Дайрабайдың қасқа сиыры демекші, біз жоғары да сөз еткен мәселелер көп жағдайда БАҚ пен биліктің арасындағы қыры кеткен, ушыққан дүниелерден туындап отыр. Олай болса, атқарушы билік сөзімізден қорытынды шығарсын!
Ақты ақ, қараны қара десін!
Әр кезеңнің айтар өз сөзі, көздер өз мақсаты, тіпті өз сән-салтанаты бар. Әрине, кешегі моноидеология заманында қазақ журналистикасы да дүрмекке ілесе шауып, билеуші режимнің қызметшісі күнін кешті. Бірақ қызмет ету құлшылық ету, бұдырсыз бас ұру, табансыз табыну дегенді білдірмейді. Ол белгілі бір дәрежеде зиялы қауым мен саяси топ-менеджерлер арасындағы «қоғамдық келісім» болатын. Кеңестік кезеңнің өзінде күн тәртібіне өткір мәдени, әлеуметтік, экономикалық, экологиялық проблемалар қоя білетін озық үлгідегі журналистика мен өжет қаламгерлер күн кешкені әмбеге аян. Ал қазіргі демократиялық сипаттағы қоғам орнату дәуірінде баламалы журналистиканың, жарыспалы пікірдің ақпараттық кеңістікте өмір сүруі сол дәстүрдің жалғасы іспеттес және әбден заңды үдерістік құбылыс. Тек ауызбіршілік болса ғана.
Журналистиканың барлық қызметі демократиялық қоғам санасына, сөз бостандығы, пікір еркіндігіне негізделген. Сол фундаменталды базаларға сүйене отырып, ол кез келген фактіні, оқиғаны жан-жақты қарастырады. Бір жақты баға беруден бойын аулақ салады. Біз журналистикада осыны жоғалтып алған сияқтымыз.
Сәуле Мешітбайқызы,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
Дереккөз: elana.kz