Елбасына елі разы
2021 ж. 05 шілде
2206
0
Әлемді шарпыған коронавирустың салдарынан Қытай елінен Қазақстанға келген маған кері қайтудың сәті әзір түспей тұр. Біраздан бері Қазақстан Республикасының азаматтығын ала алмай жүргендіктен, осы мәселе оңды шешілсе, тарихи Отаныма оралуға мүмкіндік туған болар еді...
«Әр нәрседе бір қайыр бар» демекші, осында орныққан ұлымның үйінде көптен бері жатып, елдің тыныс-тіршілігімен толығырақ танысуға мүмкіндік алдым.
Алматылық ағайындармен етене араласа отырып, олардың көпшілігінің өзінің туған елі – Қазақстанға деген шексіз ризашылықтарына куә болдым. Мұндағы жұрт бүгінде Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толған Қазақстанның мейлінше дамып келе жатқанын егемендік алған сәттен бастап ел тізгінін қолға алған Тұңғыш Президенттің ерен еңбегімен тікелей байланыстырады.
«Н.Назарбаев ел тізгінін алмағайып, аумалы-төкпелі, ең қиын кезеңде қолына алды. Тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өтіп, халқын да қыл көпірден, жанып тұрған өрттен аман алып шықты. Азаматтың теңдесі жоқ осы қаһармандығын, даналығын кейінгі ұрпақтың келешекке аңыз етіп жеткізетіндігінде еш күмән жоқ. Тарихқа есесі кеткен халқымыздың бүгінгі тағдыры туралы ойлау – Президентіміз туралы ойлаумен сабақтас. Бағы тайған қазақтың есесін қайтарып, қабырғалы ел етіп, осыншама құдіретті жасап беріп отырған Елбасының кемеңгерлігі туралы қалай айтсақ та жарасады», – деген мемлекет қайраткері, ғалым, профессор Мырзатай Жолдасбековтің осы бір сөздері менің жоғарыдағы ойымды одан әрі қуаттай түссе керек.
6-шілде – Астана күні қарсаңында елінің еңсесін тіктеу жолында ерен еңбек еткен Елбасының бірқатар істерін тілге тиек еткенді жөн санап отырмын.
Біріншіден, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылғы 20 қазандағы Жарлығымен Ақмола қаласы (қазіргі Астана) 1997 жылдың 10 желтоқсанынан Қазақстанның астанасы болып жарияланды. 1998 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасының Президентінің Қаулысы бойынша, Ақмола атауы Астана болып өзгертілді. Осылайша, Елбасы тақыр жерден, өізінің төл тумасы – қазіргі Нұр-Сұлтан қаласын салдырып, Қазақстан халқының жаңаша дамуына тың серпін берді.
Екіншіден, Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Тәуелсіздіктің басты нышандарының бірі – ҚР Мемлекеттік Туына айрықша назар аударуы. Мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын білдіретін басты рәмізі – көк Туының көкте желбіреуі – елдің көгеріп дамуымен астасып жатқаны қандай ғанибет?!
Үшіншіден, елдің болашағына зор көңіл бөлетіндігі ол кісінің ел Президенттігін халқы өзі таңдаған, өзі сайлаған мемлекет және қоғам қайраткері, елдің жанашыр азаматы Қасым-Жомарт Тоқаевқа сеніп тапсыра отырып, елдің дамуына әлі күнге дейін өзінің үлесін қосып келе жатқаны көңіл қуантады.
Осындай елі сүйген, елін сүйген Елбасысы бар Қазақстан халқы шындығында да бақытты. Елдің қамын әріден ойлаған кемел ойлы азаматтар барда Қазақстан халқы қандай дағдарысты да оңтайлы еңсере алатынына бек сенімдімін! Бастысы – еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, көк тудың астында бейбіт заманда халқымыз жасай берсін!
Көбен (Көпжасар) АСҚАРҰЛЫ,
ақын, жазушы, Қытай Халық Республикасының азаматы
qazaquni.kz