Батыс Қазақстанда 700 гектар құрғақ шөп өртенді
2021 ж. 05 шілде
1681
0
Батыс Қазақстан облысында 700 гектар құрғақ шөп өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 3 шілде күні Бөрлі ауданы Кеңтүбек ауылдық округінде болды. Пролетар елді мекенінен 4 шақырым жерде 700 гектар құрғақ шөп жалынға оранды. Елді мекен, орман мен егістікке қауіп төнген жоқ.
Өртті сөндіруге ТЖ департаменті (16 қызметкер, 2 техника), «Өрт сөндіруші» АҚ (5 қызметкер, 1 техника), ерікті өрт сөндіру жасағы (17 адам, 5 техника) және орман шаруашылығы мекемесі (5 қызметкер, 1 техника) күштері жұмылдырылды. «Тілсіз жау» сағат 21.00-де оқшауланып, 21.30-да толық жойылды. Өңірде күн қатты ысып кеткендіктен, өрт қаупі сақталып отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тұрғын үй өртеніп, күйік шалған үш адамның ауруханаға түскенін жазған болатынбыз.