«КІМДІ ҚОР ТҰТСАҢ, СОҒАН ЗАР БОЛАСЫҢ»
2021 ж. 08 маусым
2906
5
Адам өмірі, адам тағдыры иірген асық сияқты, бірде бүк, бірде шік түседі, бірде шаттана қуанасың, бірде қайғырып мұңаясың. Қанша жерден өзіңе сенімді болсаң да ертең өзіңді не күтіп тұрғанын білмейсің. Біреудің ала жібін аттамасаң да айналаңдағы іші тар, ниеті теріс көреалмастар көлденеңнен келіп аяқтан шалатын кездер де аз емес. Бұл пендешілікке не дерсің?!.
Сондай тағдырдың тәлкегіне түскен азаматтардың бірі ¬- Ислам Әбішев. Өзіне тапсырылған көптеген лауазымдарды лайықты, біліктілікпен атқарып, мемлекеттің триллиондаған қаржысын үнемдеп келсе де «Пара алуға оқталды» деген айып тағылып 5 жылға сотталғанын бәріңіз білесіздер. Жүз мыңдаған адам қол қойып Ислам Әбішевті қолдағанмен түрмеден құтқара алмады, сазарып алған судьялар өзінше шешім шығарды. Күні кеше ғана тағы да халықтың талабымен 3,5 жылдан соң заң бойынша шартты түрде мерзімінен босатылып, бостандыққа шықты. Қазақтың қуанышында шек жоқ, ұзағынан сүйіндірсін! Біз бүгін елі ардақтаған азаматтың Су ресурстары комитетін басқаруға келген кезіндегі бір жұмыс күні туралы мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамындағы Су ресурстары комитетінің төрағасы қызметіне ауысып келе салысымен Ислам Әлмаханұлы Әбішев өз жұмысын саладағы орын алып жатқан жағдаймен жіті танысудан бастаған-ды. Осыдан тура тоғыз жыл бұрын, 2012-жылы мамыр айында сондай іссапарларының бірінде Жетісу өңіріне ат басын тіреп, Түрген топтама су торабы жүйесінің жұмысын өз көзімен көріп қайтқан-ды. Жұмыс тобына сала мамандары, аудан басшылары мен БАҚ өкілдері қатысып, бір күн бойы алып аймақты тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін үлкен су торабын түгелдей аралап, жүйенің жағдайына қаныққанбыз.
Журналистер қауымы жаңалық атаулыны қырын жібермей үнемі қадағалап отыратындықтан Ислам Әбішевтің осының алдында Өскемен қаласында бірнеше жыл әкім болып, көптеген игі істер атқарып, қала тұрғындарының зор құрметіне бөленгенін білетінбіз. Жаңа қызметке ауысып Астанаға аттанарда қариялар батасын беріп, ақ жол тілеп, мыңдаған қала тұрғындары әуежайға дейін барып, қимастықпен шығарып салғандарын да естігенбіз. Мұндай құрмет әркімге көрсетіле бермесі белгілі, біздің елдің тарихында тұңғыш рет болып отыр десек артық емес шығар. Халықты алдай алмайсыз, ондай ыстық ілтипатқа ілеу де біреу ғана ие болады. Биліктің айналасында жағымпазданып жүретіндерге қарағанда қарапайым адамдар өзіне жасалған жақсылықты ешқашан ұмытпайды, бағалай біледі, соған орай жүректен шыққан шынайы қошаметін көрсетеді. Бұл дегеніңіз білген адамға ¬– кез келген медаль мен ордендерден әлдеқайда жоғары тұратын марапат қой!..
Өз тәжірибемізде талай басшылармен жүздесіп, сұхбат алып жүргендіктен біраз жағдайлардан хабардармыз. Жақсы істерін жұртшылыққа жария ете жазып, орын алып жатқан кемшіліктерін аяусыз сынаған кездер де болған. Бір байқағанымыз, еліміздегі заң мен ержелер бүкіл елге, оның ішінде басшыларға да ортақ болғанмен әр басшының өз жұмыс әдісі болады. Әркім өз біліктілігіне, өз тәжірибесіне сүйене жұмыс істейді. Біреулері келе сала айқайға басып, әңгіртаяқ ойнатып, сол жерде қол астындағы кейбір қызметкерлерін жұмыстан қуатынын да көргенбіз. Енді біреулері келген жеріндегі басшыларды кеңсеге жинап алып, ұзын-сонар ақыл айтып, дәріс оқитындары да бар. Әрине, мұндай жұмыстардың нәтижесі де әртүрлі болады. Ақылды қабыл алып, дұрыс қолданатын басшылармен қатар, етіне таяқ, сүйегіне сөз өтпейтіндер де жоқ емес араларында.
Бұл туралы бөле айтуымыздың да өз себебі бар. Сол жолғы Ислам Әбішевпен бір күн бойы су шаруашылығын аралауға шақырту алғанда біліктілігімен, іскерлігімен ел аузында жүрген азаматтың жұмыс әдісі алдымен қызықтырған-ды. Мынандай қиын-қыстау кезеңде күрделі мәселелерді қалайша шешіп, ел құрметіне қалай бөленіп жүр деген сұрақ көкейімізде тұрған-ды. Өйткені ол жылдары еліміздің экономикасы енді ғана аяғынан тұрып, қалыптаса бастағаны белгілі. Қандай мәселе болса да, бүгінгі нарық жағдайында оны шешу үшін қаражат керек. Басыңды бүркесең аяғың ашылып, аяғыңды жапсаң басыңа жетпей қалатын қысқа көрпе сияқты қаражат тапшы кезеңде барлық саланы бірден дамыту мүмкін емес-ті. Сондықтан сала басшылары қолдарынан келгенше, өз мүмкіндіктеріне қарай жұмыс істейтін. Турасын айтсақ ондай мүмкіндіктері өте шектеулі еді. Өйткені, қанша жерден іскер басшы болса да өз қалтасынан соншама қаржыны шығарып бере алмайды. Барлығы оның біліктілігіне, ұйымдастыру қабілетіне, қолда барды нәтижелі, ұтымды, асқан үнемділікпен пайдалануына байланысты болатын. Әрине, ол үшін біліктілік те аз, басшының бойында патриоттық сезім мен жеріне, халқына, ұлтына деген таңғы шықтай таза ниеті болуы керек. Ашығын айтсақ, басшы үшін бұл – ең қажет, ең басты қасиет дер едік.
Кейін білгеніміздей, сала басшысының бұл өңірге арнайы келуіне осы аймақта тұратын ауыл адамдарының арызы мен су шаруашылығы мамандарының жанайқайы да түрткі болған екен. Ашығын айтсақ Жетісу өңірінде су тапшылығы болады дегенге ешкім сенбес те еді. Қысы жазы басынан қар кетпейтін Іле Алатауы ғасырлар бойы ата-бабаларымызды тіршілік нәрінен кенде қылған емес, судың қоры жеткілікті. Түрлі табиғи минералдармен байытылған тау суының сапасы жоғары, еліміз бойынша ең нәрлі су десек болады. Өкінішке орай, сол мол судың басында отырған аймақта, әсіресе ауылдық жерлер тіршілік нәрінен тарлық көріп отырғанын байқадық. Бір кезде қазақтың біртуар ұлы Дінмұхамед Қонаев салдырған ұзындығы 168 шақырым, аймақтағы ауыл шаруашылығының дамуына игі әсерін тигізген Үлкен Алматы каналы да көрер көзге аянышты. Тас табаны тесіліп, қабырғалары қаусап, іші қоқысқа толған. Бұл ескірген су жүйесін пайдалану барысында қаншама су ысырап болып жатыр. 1985 жылы қосылғаннан бері жөндеу көрмеген. Сол кездерде егіс алқаптарының анағұрлым қысқаруына байланысты оны қаржыландыру да кенжелеп, назардан тыс қалғанға ұқсайды. Кезінде өз алдына жеке министрлік болған су саласын Ауыл шаруашылығы министрлігіне қосақтау да өз кесірін тигізген болуы керек. Нәтижесінде көптеген елді мекендер ауыз суға жарымай, егіс алқаптары құрғап қалған. Ол туралы аудан басшылары мен сала мамандары жылармандай етіп баяндап берді. Аталмыш салаға енді ғана келіп отырса да Ислам Әлмаханұлы бұл жағдайды жақсы білетінін көрсетіп, каналды жөндеуге 15 млрд. теңге қаржы бөлінетінін жеткізді.
Түрген су торабының бастауында да жағдай мәз емес, сол маңдағы он шақты ауыл да ауыз суға жарымай отыр. Су торабы теңіз деңгейінен 1333 метр биіктіктен төмен қарай аққандықтан қиындықтар тудырмайды, су өзеннің ағысымен өздігінен жетеді. Мәселені шешу үшін Үлкен Алматы каналы мен жобалаушы ұйым өкілдері үш ұсыныс білдірді. Бірінші, Түрген өзенінен қосымша су торабын салу. Екінші, су торабына тазарту, сүзгіш құралдары бар су бекетін орнату. Үшінші, суды реттеп бақылайтындай жүйені автоматтандыру. Үш жобаның да қажеті болғанмен Ислам Әлмаханұлы алғашқысын бірден қабылдамай тастады. Бұл аймақта қанша адам тұратынын, қанша егістік бар екенін, тау өзендерімен сағатына қанша текше метр су келіп жатқанын анықтап, калькулятормен өзі есептеп екінші жүйені жақын арада салудың аса қажеті жоқ екенін сол жерде дәлелдеп берді. Суға сұраныстың болғанымен, қаржының да көзі бар екенін анық аңғартты. Есесіне қалған екі ұсыныс пен Үлкен Алматы каналын жөндеуге уәде етті. Су ресурстары бастығының уәдесін алу оңай болған жоқ. Нақты істерге ғана көңіл бөліп, оны атқаратын мүмкіндіктерді өлшеп-текшеп, есептеп барып жауап беретін адам уәдесін бекер шашпайтыны белгілі. Сөз берген соң оны орындайтын да күн келеді. Мәселенің дәп осылай шешілетінін ауыл тұрғындары мен сала мамандары күтпеген-ді. Өйткені бұрын осы ұсыныстарымен жоғары жаққа талай рет шапқылаған кездері болған. Су торабы Ұлттық табиғат қорығының жерінен өтетіндіктен әрбір жұмыс атқару үшін арнайы рұқсат керек. Түрлі толып жатқан құжаттарды жинап, қаптаған «тосқауылдан» өте алмай шаршаған-ды.
Тағы бір келіспеушілік аудан басшыларымен болды. Аудандағы су тапшылығы жергілікті жерде шаруашылықты дұрыс ұйымдастырмағандықтан болғаны көрініп тұр. Ауыл арасындағы су құбырлары істен шығып, көше арықтары бітеліп ізі де қалмаса су қайдан келсін. Бұл іске тікелей жауапты Тұрғын үй-коммуналдық мекемесі «ақша жоқ» деп аузын қу шөппен сүртіп отыр. Өздері көрсеткен қызметтері үшін тұрғындарданай сайын алып келген қаржы қайда кеткенін кім білсін. Істі о бастан босаңсытып алған басшылар енді мемлекет есебінен жағдайларын түзеп алмақшы. Осыны бірден түсінген Ислам Әбішев су шаруашылығын өз ведомствосын беру керектігін айтты. Себебі жергілікті жерге бағынышты мекемеге ақша бөлу заңға қайшы. Мұны арыздарын айтып жинала қалған тұрғындар бірден қолдады. Оларға суды тұрақты жеткізіп тұрса болғаны, кімге ақша төлеу маңызды емес.
Іссапар барысында тағы бір мәселе шешімін тапты. Кезінде темекі өсірумен айналысып мол табыс тапқан, жеті мыңнан астам тұрғыны бар «Тескенсу» ауылы да суармалы суға зәру екен. Үлкен Алматы каналынан келетін су жолай ысырап болып ауылға жетпей қалған. Барлық кінә каналдың Қорам су жүйесіне дейінгі бес шақырымда болып отыр.Табаны құмдауыт арнада су қайдан тұрсын, егістікке жетпей жерге сіңіп жоқ болады. Бар нәрсе жоғалмайды, жер асты «жолдары» арқылы тура «Тескенсу» ауылының астынан шығып, бірнеше үйді су шайып жарамсыз еткен. Тескенсулықтардың тілегі қабыл болды. Су арнасына қажеттті материалдарды жақын арада жеткізіп, жұмысты бір айдың ішінде аяқтауға көмектесетіні білдірді басшы. Сапар соңында журналистермен болған әңгімеде Ислам Әлмаханұлы көптеген сұрақтарға жауап берді. Соның барысында елімізде су шаруашылығына бөлінген қыуар қаржы игерілмей келгендігін естідік. Еліміз бойынша барлық салада қаржы тапшы болып жатқанда осынша ақшаның игерілмегені түсініксіз. Әрине оны жұмсайтын жерлер жеткілікті. Су тапшылығын тартып отырған елді мекендер өте көп. Бәрі де сол ұйымдастыра білмегендіктің салдары. Сондай шаң басқан қоржынды ақтарған жаңа басшы қордаланып қалған 4 миллиард теңгені жарыққа шығарып ел игілігіне жұмсайтынын жеткізді. Оның қомақты бөлігі Солтүстік Қазақстан облысындағы су тапшылығын тартып отырған ауылдарға жұмсалмақшы екен.
Су торабын аралап көру барысында көптеген кемшіліктер ашылып, оны жөнге келтірудің жолдары қарастырылды. Су ресурстары басшысы ода әрі Қапшағай, Алакөл аймағына аттанды. Есімі ел аузында жүрген басшының жұмыс әдісін өз көзімізбен көріп, кейбір басшылардай орынбасарын жүгіртіп өзі кеңседен шықпайтындардай емес, «Жүз рет естігеннен, бір рет көргенім артық» деген ұстанымына, істі сөзбұйдаға салмай нақты шешетініне риза болдық.
Одан бері тоғыз жыл өтті. Ислам Әбішев өзі уәде еткен жұмыстардың басым бөлігі атқарылды. Үлкен Алматы каналында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, су құбырлары жаңартылып, су ағатын арықтар тазартылды. Алатау аясындағы ауылдарда енді су мәселесі болмайтын шығар деп болжағамыз. Өкінішке орай, су тауқыметіне байланысты жақында тағы да шу шықты. Еңбекшіқазақ ауданында егіс алқаптарындағы су тапшылығына қоса тіршілік нәрінің бағасы 2-3 есе қымбаттауы диқандарды шығынға батырған. Бұл туралы жазған болатынбыз. («Қазақ үні» 17-05-2021ж. «Судың сұрауы, бағаның бұғауы болу керек»). Су шаруашылығы саласына «ауыл шаруашылығы кооперативі» деген делдалдар кіріп алып бағаны көтеріп жіберген. Әрине су саласы басшыларының келісімінсіз ол жерге қайдағы бір көлденең көк аттылар кіре алмасы белгілі. Демек, қандай бағыт ұстанып отырғаны белгісіз қазіргі басшыларының жіберіп отырған кемшілігі деуге негіз бар. Өйткені өз қарауындағы шаруашылыққа солар жауап беруге міндетті. Осындайда еліміздегі «құрғап» жатқан су шаруашылығына жетекшілік жасайтын айтулы азамат, халқы қадірлеген Ислам Әбішевтей өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын білікті, таза ниетті маманның жетіспей жатқанын амалсыз еске аласыз. «Кімді қор тұтсаң, соған зар боласың» дегенді бекер айтпаған екен-ау бұрынғылар...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz