Сүйінші! ТРИЛЛИОН ҮНЕМДЕП ТҮРМЕГЕ ТҮСКЕН ИСЛАМ ӘБІШ БОСАТЫЛДЫ!
2021 ж. 02 маусым
4231
2
Екі жыл бұрын дәл осы күні жазылып, сотта оқылған жырдың түйіні сот шешіміне айналды…
Қазір ғана Ислам Әбіштің адвокаты Мәкіш Есқараев хабарласып, сүйінші сұрады. Триллион үнемдеп жүріп, түрмеге түскен, жазықсыз жаланың құрбаны болған Ислам Әбіш бүгін соттың үшінші отырысында мерзімінен бұрын шарттты түрде босатылды!
Ел үшін еңбек еткен Ердің бостандыққа шығуы оны қорғап, араша сұраған, “Қазақ үні” ұлттық порталында Президентке жазылған Ашық хатқа қол қойған 200 мыңдай адамның, халықтың қуанышы!
Халық үніне құлақ асатын, еститін үкімет дегеннің басы шығар бұл!
Ұзағынан сүйіндірсін!
Жазықсыз сотталған Ислам Әбішті қорғаған, қолдаған, жалпы тілектес болған Баршаңызға зор алғыс, үлкен рахмет! Үлкен еңбек еткен адвокаттары Абзал Құспан, Мәкіш Есқараев бастаған қорғаушылар тобына ерекше ризашылығымызды білдіреміз.
Әділетсіздік орнаған алғашқы күндерден ақиқат үшін алысып келе жатқан, қаламгерлер қауымы бастаған Ұлт зиялыларына, мәдениет, өнер және спорт қайраткерлеріне, парламент және мәслихат депутаттарына, жалпы халыққа рахмет айтамыз!
Абақтыдағы ауыр күндерде денсаулығын нашарлатып алғпн Ислам Әлмаханұлына ең бастысы зор денсаулық тілейміз!
Құдай қуат беріп, Алла жар болсын!
Қазыбек Иса,
03 маусым 2021 жыл
Осыдан тура екі жыл бұрын, 2019 жылы 2 маусымда Ислам Әбішке арнап ел тілегін жырға айналдырып, оны сот залында оқып берген едім.
Енді міне, екі жылдан кейін бүгін бұл жырдың да түйіні соттың шешіміне айналды.
ЕРДІҢ ҚҰНЫ –ТРИЛЛИОН
Ислам Әбішке
"Ер жақсысы - түрмеде,
Ат жақсысы - кермеде."
Халық мақалы
Тұрмайтындар сенің басқан ізіңе,
Аңдып жүрді әрбір басқан ізіңді...
Ұрлайтындар қарамай бет-жүзіңе,
Бәйге тікті басыңа олар құзырлы...
Жемқорларға жегізбеп ең байлықтан,
"Жемқор" етіп көрсетуде өзіңді...
Халық қамын ойлауыңнан қаймыққан,
Қамауда олар сынап сендік төзімді...
Триллионды үнемдеген түрмеде-
Қудалаған құлқынқұлдар мінбеде...
"Ер жақсысы - түрмеде" дер күнге де...
Жеттік қалай?
Тоқтамайды бұл неге?!.
Халық үшін күрескен сан алыптың,
Халық жауы атанғаны белгілі!
Қазынасын қорғап едің xалықтың-
Триллионға бағаланды Ер құны!
Сен жатырсың көшесінде Алаштың ,
Қуғын көрді кеше Алаштық ерлерім...
Түрмеде де жоқ-жітікке қарастың-
Қарап жатар қапаста да сен бе едің?!.
"Ат жақсысы - кермеде" боп
тұр бүгін -
Құрту керек тұрқы бөлек асылды...
Заңдастырып бермеп едің ұрлығын...
Заңсыздықпен сені торға жасырды...
Белден басқан Заңың менен Арыңды,
Билік айтса,
Биің билер
көп-көрім...
Пайғамбар жас - парасатты шағыңды
Темір торда қарсы аламын
деп пе едің?
Шын жағдайды ел басшысы білер ме-ей,
Өткізесің ойға батып күнді ұзын...
Жолдан келіп, үйге асығып кірердей,
Есік жаққа елеңдейді
ұл-қызың!
Сүйген жардың сенімі де
кепіл мол,
Махаббаттың жырында да дарасың!
Декабристер әйелдері
секілді ол,
Жол қылуда үй мен түрме арасын...
Төбеттер көп-
Төніп тұрған қауіп бар,
"Аққа күйе жұқпас"-
Алла қорғайды!
Жоғалса да, тары аңдыған тауықтар,
Қаранарын xалық іздеп, қолдайды!
Домбыра алса, ән мен күйге бөлеген,
Әкімдердің ішіндегі ақынсың!
Кең далаңдай кемел едің,
кенен ең,
Темір торға қалай сыйып жатырсың?
Азапта да Алған беттен қайтатын,
Ойың жоқ қой!
Бұл күнде оны білмес кім?
Қаламгерлер жоқ сырыңды айтатын,
Қасыңдағы қанішермен тілдестің...
Көтересің қиындықтың қандайын,
Аллам өзі Ерді сынап, баптайды!
Жарқырайды ертең-ақ кең маңдайың,
Алмас қылыш қын түбінде жатпайды!
Нарда жатыр-
Нарқы биік Нар тұлға!
Өршіп аққан өзенсің ғой-
Өр едің!..
Ел қаржысын қорғаған Ер,
артыңда,
Халқың бар ғой-
Қорғап қалар,
Сенемін!!!
Қазыбек ИСА
02 маусым 2019 жыл