Салтанат Байқошқарова: "Адамның бір қызығы - бала деген..."
2017 ж. 29 қараша
103781
206
Салтанат Байқошқарова, "Қазақстанның 100 жаңа есімі" қатарына Алматы қаласы атынан енген танымал дәрігер, биология ғылымдарының докторы:
"АДАМНЫҢ БІР ҚЫЗЫҒЫ БАЛА ДЕГЕН..."
БІЗ ҚИЫНДЫҚПЕН КҮН САЙЫН БЕТБЕ-БЕТ КЕЛЕМІЗ
– Салтанат Берденқызы, сіз Қазақстанның ең танымал 100 тұлғасы қатарына кірдіңіз. Құттықтаймыз. Алғшақы сұрағым, бүгін Қазақстанда экстракорпоральды, яғни, денеден тыс ұрықтандыру (ДТҰ) зертханасын алғашқы болып ұйымдастырып, ашқаныңызды жұрт жақсы біледі. «Экомед» орталығының жұмысын қалай бастағаныңызды айтып берсеңіз...
– Ия, 100 жаңа есім қатарына кіру мен үшін үлкен қуаныш. Үлкен сенім. Мен Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасын қолдаймын, Мемлекет басшысының әр бастамасына үлкен үмітпен қарайтын адамдардың қатарынанмын.
Ал, алғашқы сұраққа келсек, 1995 жылы бедеулікті емдеу орталығы – «Экомед» емханасын ашуды ұйғардық. Бұл іске бастамашы болып, қолдау көрсеткен жолдасым Батыр болатын. Сонымен қатар, емханамыздың бүгінгі жоғары дәрежеге жетуіне Мәскеудегі «ЭКО» орталығының директоры, профессор В.М.Здановскийдің және ҚР Президенті Іс басқармасы медицина орталығының бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Б.С. Құралбаевтың көп көмегі тиді.
Жұмысты жүйелі жүргізе білгендігіміздің нәтижесі болар, клиника ашылғаннан кейін, 9 айдан соң, дәлірек айтқанда, 1996 жылдың шілде айында, денеден тыс ұрықтандыру әдісінің көмегімен орталығымызда алғашқы бала дүниеге келді.
– «Экомед» емханасының бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз...
– Қазақстанда ДТҰ саласы бойынша жұмысты бастағанымызға 17 жылдан асты. Осы уақыт аралығында көптеген жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күні де жас мамандар даярланып, жаңа технологиялар енгізілуде.
Сондықтан, емделушілеріміздің көбісі нәтижелі болып қайтуда. Біздің көмегімізге тек қазақстандықтар ғана емес, шетелдік азаматтар да жүгініп жатады. Америка, Англия, Ресей, Германия, Түркия сынды елдерден келіп ем қабылдаған науқастарымыздың дені сауығып, бала сүю бақытына қол жеткізіп жатыр.
Жалпы, орталығымыз ашылғалы бері көптеген бала дүниеге келді. Бірақ, нақты санын айтпай-ақ қояйын, Құдай санатпай-ақ қойсын. Тек қазақ елінде дүниеге келер сәбилер көбейе берсін деп тілейік.
Қазіргі таңда Астана қаласында «Экомед Плюс» деп аталатын «Экомед» орталығы филиалының жұмыс жасап жатқанына 5 жылдан асты. Және Тараз қаласында да филиалымыз жұмыс істейді.
Біз тек орталыққа келген науқастарға ем жүргізіп қана қоймаймыз, Қазақстанда осы саланы дамыта түсу үшін шет елдермен тығыз қарым-қатынас орнатып, түрлі ғылыми іс-шаралар өткізіп келеміз. Бұйыртса, алдағы уақытта бас қаламыз – Астанадан қазіргі заман талабына сай «Экомед» адам ұрпағын өрбіту және эмбриология институтын ашуды жоспарлап отырмыз.
– Жұмысыңызда кездесетін қиындықтар бар ма?
– ДТҰ саласындағы ең қиыны – маман дайындау мәселесі. Қазіргі таңда Қазақстанда кішісі бар, үлкені бар 10-ға жуық ДТҰ лабораториялары бар. Маман тапшылығы барлық жерде байқалатын үрдіс. Біздің салада қиындықтар сирек кездеседі деп айта алмаймын. Біз қиындықпен күн сайын бетбе-бет келеміз. Күнделікті жұмысымыздың өзі күрделі. Жоқтан бар жасау дегеніңіз оңай шаруа емес. Оның үстіне, біздің пациенттеріміздің көпшілігі жәй ғана бедеулікпен ауырмайды. Олардың біразы – дұрыс ем қабылдамай, уақыт өткізіп алғандар немесе басқа емдеуден нәтиже көрмеген жастары ұлғайған кісілер. Кейбір отбасылардың бала сүйе алмауына кей жағдайда жүйелі емделуге әрекет жасамаған ерлі-зайыптылардың өздері себепші болса, кейде дұрыс емдеу тәсілдерін жүргізбеген дәрігерлердің біліксіздігі де себеп болып жатады. Әрбір жүктілік біз үшін де, біздің пациенттеріміз үшін де қымбат. Шынын айту керек, ДТҰ әдісін қолдану қаржылай жағынан да қымбат. Өйткені, бұл технология – дүниежүзі бойынша қымбат технологиялардың қатарында. Сондықтан, біз бұл әдісті кез-келген науқасқа қолдана бермейміз. «Экомед» емханасы деп аталғанымызбен, тек қана қолдан ұрықтандыру әдісімен айналыспаймыз. Біздің емхананы негізінен бедеулікті емдеу орталығы деп есептеуге болады. Денеден тыс ұрықтандыру әдісін біз басқа ешқандай тәсіл көмектеспеген жағдайда ғана қолдануға мәжбүр боламыз. Қолданар алдында толыққанды зерттеу жұмыстары жүргізіліп, әрбір науқастың денсаулығына қарай ем тағайындалады.
Қалыпты жағдайдың өзінде адамдарда жүктілік процесі төмен болып келеді. Дені сау ерлі-зайыптыларда жыныстық қатынас ретті болған жағдайда, 20 жастағы әйелдің бір етеккір циклында бала көтеру мүмкіндігі – 15-20%, 30 жаста – 10%, ал, 40 жаста – 5%. ДТҰ әдісінде көрсеткіш екі есе көбейеді, яғни 30-40 пайызға дейін барады. Егер ерлі-зайыптылардың жасы ұлғайып қалған болса, ер азаматтың ұрығы аз, әрі әлсіз болатын болса, онда біз жоқтан бар жасай алмаймыз. Мұндай жағдайда басқа тәсілдерді қарастыруға тура келеді.
КЕЙБІРЕУЛЕР АҚШАҒА БӘРІН САТЫП АЛУҒА БОЛАДЫ ДЕП ОЙЛАЙДЫ
– Сіздердің көмектеріңізге жүгінетін науқастар бұл әдісті қалай қабылдайды? Түсіністікпен қарай біле ме? – Бізге келетін науқастардың барлығы ДТҰ әдісіне түсіністікпен қарайды деп айта алмаймын. Өмір болған соң, әртүрлі адамның болатыны заңдылық қой. Сондықтан әрбір науқаспен, жұмыс жасау барысында, түсіндіру жұмыстарына жете мән беруге тырысамыз. Біздің көмегімізге жүгінетіндердің дені ең әуелі: «Кепілдік бересіз бе?» деген сұрақ қояды. Кейбір түсінігі таяз адамдар қалтамды ақшаға толтырып келсем болды, аяғым ауыр болады деп ойлайды. Оларға бұл әдіс құдды бір дүкенге барып бала сатып алғандай көрінеді. Біздің жұмысымызда «ДТҰ әдісін бір рет қолданғаннан кейін, жүкті боласың» деген кепілдікті ешкім бере алмайды. Бұл – дүниежүзінде қалыптасқан тәжірибе. Негізінен, қалыпты жағдайда әйелдің бір айдағы бала көтеру қабілеті, бар болғаны 15-20 пайызды құрайтынын айтып кеттік. Ал, енді табиғат бермегенді мен 100 пайыз кепілдік беремін деп қалай айта аламын? Жалғыз бұл салада емес, медицинаның кез-келген саласында «аурудан жүз пайыз айығасың» деген кепілдікті ешкім де бере алмайды. Бірақ, бізде гормондық дәрілерді қолданудың арқасында бала көтеру мүмкіндігі екі есеге өседі. Біздің орталықта ем қабылдағандардың егізден, үшемнен босанатыны да сондықтан. Осылайша түсіндіріп айтқаннан кейін барып, көпшілігі түсінеді. – ДТҰ әдісіне үкімет қаншалықты көңіл бөліп келеді? Денеден тыс ұрықтандыру әдісіне мемлекет тарапынан соңғы жылдары жақсы көңіл бөлініп жүр.Үш жылдан бері өздігінен бала көтеру қабілеті жоқ, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арнайы квота бөлініп келеді. Алғашқы жылдары 100 квота бөлінген болса, қазіргі таңда 600-ге жетті. Бірақ, Қазақстан сияқты демографиялық ахуалды көтеруді жолға қойған ел үшін мұның өзі аздық етеді. Алайда, бұл әдісті жүзеге асыру үшін білікті мамандар қажет. Маман тапшылығы да, көп шаруаға қолбайлау болып отырған жайы бар. Сондықтан, алдағы уақытта денеден тыс ұрықтандыру әдісі бойынша арнайы мамандар дайындауға, бұл әдістің көмегіне жүгінуші науқастарға жеңілдік жасауға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, артықтық етпес еді. – Ерлі-зайыптылардың бала сүюіне көбіне қандай жағдай кедергі келтіріп жатады... – Ұрпақсыздық мәселесімен айналысқаныма 25 жылдай уақыт болып қалыпты. Бедеулікке шалдыққан әйелдердің 80 пайызға жуығы кезінде жасанды түсік жасағандар екенін қыз-келіншектердің есіне салғым келеді. Біреулері ақымақтықпен жасаса, көпшілігі оқу, мансап қуып, кейбіреулері әлеуметтік жағдайларына байланысты болашақ ұрпағына пышақ ұрғандар, өзінің тамырын кескендер. Бір кезде Алланың берген сыйын кері қайтарып, енді қайтадан ала алмай жүргендер. Әрине, бүгінде зар жылайды, өкінеді, бірақ, амал нешік, кеткен қатені түзету мүмкін емес. Кейін, кейін деп жүріп жүктіліктен сақтанып бізге келетін әйелдердің көбі – 40 жастағылар. Бұл жаста көбінесе аналық ұрық тапшылығының байқалатыны айдан анық. Таң қалатыным, бүгінде адам өзін Жаратқаннан, жаратылыстан кейде асық көреді. Бірақ біз өмір жолы адамның айтқанымен жүрмейтінін, ақшаға уақытты кері кайтара алмайтынымызды ұмытпауымыз керек. Ақшаға баланы оңай сатып алуға болады деп ойлайтын адамдарға қайран қаламын. Өмір бойы мансап, дүние қуып жинаған ақшасына «бала сатып ала алмай» әлек болып, дәрігерге, тағдырға кінә артып налып жүргендерді көріп жаның ауырады. Адам баланы да ойыншық дүниеге айналдырып алған, керек кезінде ақшаға жасатып аламын деп. Бірақ, еңбектеніп қаржы жинаған кезі әйелдің ұрығы таусылатын жасымен ұштасатынын өмір күнде көрсетіп жүр.«АДАМНЫҢ БІР ҚЫЗЫҒЫ БАЛА ДЕГЕН...»
– Қазіргі таңда ажырасу мәселесі қоғамның дертіне айналды. Осы тұрғыда сіз «бала – отбасындағы тұрақтылықты сақтаудың басты себепшісі» деген пікірмен келісесіз бе? – Бұл пікірмен келіспеймін дей алмаймын. Сөз жоқ, бала деген екі жастың арасындағы дәнекер. Бірақ, белгілі бір дәрежеде ғана. Кейбір адамдар баласы барлар ғана бақытты деп ойлайды. Бұл – дұрыс емес. Бала сүймеген ерлі-зайыптылардың өзі де бақытты. Егер де олардың араларында шынайы махаббат пен сыйластық болса. Бірақ, балалы болғанға не жетсін, әрине. Ұлы Абай атамыз айтады ғой, «Адамның бір қызығы бала деген» деп. Көрдіңіз бе, бала деген адамның бар қызығы емес, бір қызығы ғана. Бар мәселе балаға келіп тіреліп тұрған жоқ. Мәселен, бала сүймей-ақ қаншама жыл бірге тұрып, кейін балалы болғасын, ажырасып кетіп жатқан отбасыларды да көзіміз көріп жүр. Ерлі-зайыптылар бір-бірін сыйлай білсе, кешірімшіл болса, онда отбасында тұрақтылық орнайтыны сөзсіз. Көп жағдайда әйел заты ерінің бетінен алмай, жолдасын мақұлдап, оның ығына жығылып отырса, отбасында жарасымдылық болады деп ойлаймын. Әйелінің көрсеткен сый-құрметін ер азаматы бағалай білсе, нұр үстіне нұр болары анық. – Бүгінде жас отбасыларға бала санын шектейді деген сыни пікір жиі айтылып жатады. Бұл қаншалықты қисынды? – Барлығы көбіне әлеуметтік жағдайға келіп тіреледі. Бұл тұрғыда жас отбасыларға бала санын шектедіңдер деп мін тағу орынсыз. Өйткені, олардың барлығы дерлік мемлекет тарапынан тұрғын үймен қамтамасыз етіліп жатқан жоқ. Сондықтан да, бүгінгі күні жас отбасылар бірінші баланы дүниеге әкелгеннен кейін, одан кейінгісіне ойланып барып әрекет қылады. Әсіресе, Алматы, Астана сияқты ірі қалаларда тұратын жас отбасылардың дені баспаналы болудың қамымен жұмыс жасап жүр. Мемлекет осы тұрғыда жас отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, баспаналы болу мүмкіндіктеріне және балалы болғаннан кейін жеткілікті дәрежеде жәрдемақы алуына жағдай туғызса, мүмкін, жастар да табиғаттың ұрпақты болуға берген алтын уақытын дұрыс пайдаланып, еліміздің демографиялық ахуалын жақсартуға ықпал етер еді. Бірақ, барлығын мемлекеттің міндетіне аударып қана қоймай, жастар өз тағдырына саналы тұрғыдан жауапкершілікпен қараса, жағдай дұрысталатыны күмәнсіз. – Қазіргі таңда қазақ әйелдерінің арасында белсенділік танытып жүрген жанның бірі өзіңіз. Егер билік тізгінінің бір тармағынан ыңғайлы орын ұсынылып жатса, барар ма едіңіз? – Жоқ, бармас едім. Неге десеңіз, мен өзімнің жүрек қалауыммен таңдаған мамандығым бойынша жұмыс жасап жүрмін. Әрі белгілі бір дәрежеде халқыма пайдам тиіп жатыр деп айта аламын. Меніңше, билікке бару үшін де адамның оған бейімділігі болуы керек. Соған қарай ұмтыла білуі керек. Маған биік лауазымды қызмет атқарғаннан гөрі, ақ халатты абзал жан ретінде қаншама отбасының алғысын арқалағаным әлдеқайда артық сияқты көрінеді. Оның үстінде ел алдындағы еңбегім елеусіз қалып жатқан жоқ. Елбасымыз Н.Назарбаев денсаулық саласындағы ерен еңбегім үшін, алғыс хаттармен, мақтау грамоталарымен марапаттап, «Құрмет» орденін тапсырды. Мұның өзі еңбегімнің еленгендігі деп білем. – Бүгінгі қазақ әйелінің, қазақ қызының бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді? – Меніңше, қазақтың әрбір қызы «қазақтың қызы» деген ғажап атқа лайық болуы керек. Мен қазақ әйелінің, қазақ қызының бойынан қазақи қалпымызға ғана тән қасиеттерді көргім келеді. Олардың әрбірінен салт-дәстүрдің иісі аңқып тұрса екен деймін. Жастардың көпшілігі бүгін «сүйем, күйем» деп үйленіп алып, ертеңіне-ақ ажырасып жатады. Тіпті араларында баланың барына да қарамайды. Осындайда маған қазіргінің қыздары келін болудан қалып бара жатыр ма деген ой келеді. Бәріне бірдей күйе жағудан аулақпын, әрине. Бірақ, қазақылықты бойына сіңірген, инабатты, ибалы келіндерді сирек кезіктіріп жүргеніміз ащы да болса шындық. Бұрынғының келіндері ата-енесінің қас-қабағына қарап қимылдайтын болса, қазір керісінше ата-енесі келіннің қабағына қарайтын болды. «Келінге келін болсаң, жағасың» деген сөз шындыққа айналып бара жатқандай. «Тәрбие басы – тал бесік» демекші, мұның барлығы отбасындағы берілетін тәрбиеге, бағыт-бағдарға байланысты деп ойлаймын. Өкінішке орай, бүгінде кейбір түсінігі таяз ата-аналар «ішіме сыйған қыз, сыртыма да сияды» деп, қайтып келген қызын қабылдауға дайын тұратын болды. Бұл біздің психологиямыздың кері кетіп жатқандығы болса керек. Шынын айтуымыз керек, бүгінгі күні қыздарымыз оқуда да, қызмет атқару барысында да белсенділік танытып жүр. Бұл бір жағынан дұрыс болғанымен, екінші жағынан көп қыздарымыз қызметтің соңынан жүгіремін деп, тұрмыс құруды кейінге шегеріп қойды. Әйел затының басты бақыты – тұрмыс құрып, балалы болу екендіктерін естен шығарып алды. Бұл тұрғыда дұрыс тәрбие беруі тиіс ата-аналарымыздың өзі «қызымыз анда оқиды, мында қызмет атқарады» дегенді мақтан көретін болды. Сондықтан да, аналарымыз қыздың ең бірінші міндеті – ана болу екендігін жете түсіндіріп, осы бағытта, тәлім-тәрбиесін бергені дұрыс. Ұл-қызымыздың бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп, қазақы салт-дәстүрден аттамау керектігін құлағына құя білсек, онда болашағымыз да жарқын болмақ. «Дүниеге бір перзент келсе, бір қозы артық туады, бір қозы туылса, бір уыс шөп артық шығады», дегенді атам қазақ бекер айтпаған болар. Қыз балаларымыз мансапты бірінші орынға қоймай, отбасын құрып, балалы болып, Ана бақытына бөлену – негізгі мақсат екенін ойланса құба-құп болар еді. – Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан Гүлмира САДЫҚ qazaquni.kz