СОТТЫҢ ЗАҢДЫ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАЙТЫНЫНА СЕНЕМІЗ
2021 ж. 26 мамыр
3787
4
Нұр-Сұлтан қалалық
сотының қылмыстық істер
жөніндегі Алқа мүшелеріне
Соңғы аптада қоғамда Әбішев Ислам Әлмаханұлының тағдырына алаңдаушылық танытып әртүрлі топ өкілдері, Қазақстан ақын-жазушылары, басқа да творчество адамдары, оның ішінде бірнеше Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері бар.
Спортшылар қауымы, оның ішінде Олимпиада жүлдегерлері, әлем, Азия чемпиондары және оларды дайындаған аты әйгілі бапкерлер бар.
Ауған соғысының ардагерлері, ауыл шаруашылығының еңбеккерлері, кейбір аудандық, облыстық мәслихаттың депутаттары да өтініштерін жолдап жатыр.
Қазақстанның аты әлемге әйгілі жазушыларының Ислам Әлмаханұлына кепіл болатындықтарын білдіруі ешкімді бей-жай қалдырмайтын, өте сирек кездесетін жай.
Бұл мәселе бізді де толғандырып тиісті мамандармен зерттей келе өтінішті қанағаттандырудың заң жүзінде қайшы келетін жері жоқ екендігіне көзіміз жетті.
Әрине, әрбір істі тиісті сот жеке қарайды, оған ешкімнің араласуға құқы жоқ. Барлық өтініштің мәнісі, осы істі қарайтын сот заңды бұзбаса екен, қателеспесе екен және ішкі түйсігімен шешім қабылдайтын кезде қандай адамның тағдырын шешкелі отыр, ол адамның қоғамдағы орны қандай екеніне көңіл аудару.
Ислам Әлмаханұлының мемлекеттік деңгейдегі атқарған шаруалары бізге жақсы белгілі.
Бұл кісінің еңбегін Елбасы Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы да жоғары бағалап кезінде бірнеше ордендермен марапаттаған болатын. 2013 жылы жұмыстан босап кеткен жерінен Елбасының тікелей тапсырмасымен 2014 жылы жұмысқа қайта тағайындалған еді. Үлкен Үкімет деңгейіндегі жиындарда Елбасымыздың өзі Ислам Әлмаханұлының жұмысына бірнеше рет оң баға бергенін естігенбіз.
Елбасымыздың тапсырмаларын орындауда қай қызметте болмасын бар күш-жігер қайратын аямай еңбек еткен азамат екендігін көпшілік қауым өздерінің өтініштері арқылы жеткізіп отыр. Бұл ойларға біз де толығымен қосыламыз.
Соттың әділ де, заңды шешім қабылдайтындарына деген сеніміміз зор !
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары:
Берік Дүйсенбинов,
Серік Ерубаев,
Қазыбек Иса,
Жанарбек Әшімжан
Қайнар Абасов
Мақпал Тәжімағамбетова