Қазақтың сыртқы болмысына қарап қаншама этнос үміт артып отыр - Досай Кенжетай
2023 ж. 09 қазан
2237
2
- Тілдік ақуалдың елдігімізге әсері жайлы айтып берсеңіз?
- Бұл ақуалды бірнеше қабатпен өлшеуге болады. Ең бірінші өлшейтін қабат, ол- құқықтық қабат. Конституциямызда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі –қазақ тілі деп анықталған. Мәселе қай жерде?Мысалы, аудандық, орталықтық, республикалық , мемлекеттік деңгейде. Міне, осы жерде бір текті қазақ тілін қолдану ұстанымдары сақтала бермейді. Осыдан жеті - сегіз жыл бұрын Қызылорда облысының мәслихатында мемлекеттік іс- құжаттарының бәрі қазақ тілінде жүргізілсін деген қаулы шықты. Осының негізінде барлық облыстар құжаттарын қазақ тілінде жүргізуге көшетін шығар деп қуанған едік. Нәтиже қандай болды? Нәтиже науқаншылықпен соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Себебі, ол провинция, аймақ, облыс болғандықтан республикалық деңгейде мәтіндер орыс тілінде жазылып келеді. Бұл не деген сөз? Бұл біздің билік институты мен қоғамдық институт арасында әлі күнге дейін ортақ қолдану аясының платформасы жасалған жоқ. Оған қазақтан басқа ешкім кінәлі емес. Қазақ қоғамынан, билігінен басқа ешкімді кінәлай алмаймыз. Үшінші жақ, үшінші бір қабат, ол қазақ тілінің қолдану аясы қайтсе кеңейеді деген кезімізде реальды феномен бар. Қазақ тілін кез келген салада, ол- сауда, әлеуметтік қатынастарда, экономикалық, саяси,қоғамдық, діни салада қолдану үшін де қазақ ұлтының белсенділігі мен жауапкершілігі керек. Қазақ ұлтының тілге деген қатынасында қысым, махаббат өлшемдері жоқ. Себебі, тіл деген, ол - ғарыш. Қандай ғарыш дейтін болсақ, ол болмыстық ғарыш. Болмыстық ғарыш деген сөз ол ұлттың негізгі платформасы мәдениет болатын болса, сол мәдениеттің он сегіз қабатының бірінші қабаты тілмен анықталады. Ал, біз сол қабатқа, болмысқа деген міндетімізді, жауапкершілігімізді толыққанды орындай алмай жүрміз. Себебі, бізде сезіну жоқ. Әл Фараби айтқан бес интеллектуалды акция бар. Ол -білу, тану, сезу, сену және мойынсұну. Біз тіліміздің қазақ тілі екенін білеміз, танимыз. Бірақ, қазақ тілінің қазақ болмысының қорғаны екендігін, қазақ ұлтының мәні екендігін сезінбейміз. Сезінбегеннен кейін ол жерде жауапкершілік аз. Кемтар болғасын, бұндай қоғамда сана мәселесі синдромы екшелеп шығады. Сананың жарақаты. Сана жарақатын кешегі орыс жаһандануынан бері еншілеп келеміз. Кешегі жетпіс жылдық, оның алдындағы орыс жаһандануы қазақтың ұлттық мәдени болмысын деградацияға трансформацияға ұшыратты. Оның көптеген қилы әдістері болды. Мысалы, «метод цитадель», «аксиологиялық метод» ұлттық сананы, ұлттық болмысты қаузап ішін босату оның орнына орыс тіліндегі мазмұнды, орыс санасындағы, орыс психологиясындағы орыс ойлау жүйесіндегі шаблондарды орналастыру. Сондықтан, тіліміздің өзінің сөйлемдік құрылымының өзі өзгеріске түсті. Сөйлем деген ойлау жүйесін білідіреді. Міне, осындай жағдайда не істеу керек еді? Қазақстан Республиксының мемлекеттік тілі - қазақ тілін, оның сөз саптауы мен сөйлемдік құрылымынан бастап қайтадан таңбалануын, алфавит, әліппе мәселесін отыз жылдан кейін сағыз қылып шайнап жатырмыз. Осындай мәселелерді дер кезінде қолға алу керек еді. Дегенмен, «Ештен -кеш жақсы». Біз енді қолға алып жатырмыз. Бірақ, қазақ тілінің бүгінгі ақуалына ең бірінші жауапты кінәлі, ол- қазақ ұлтынан басқа ешкім емес. Қазақ тілі - біздің болмысымыз, мәдениетіміздің ең бірінші есігі. Қазақ тілінің дамымай қалуына ұлттық болмысымызға ене алмай жатуымызға күнәһарлық сезімде осы жағдай мені қатты қынжылтады.
- Тіл- ұлттық санаға ықпалды фактор бола ала ма?
- Базис және қондырма терминін қазақшаласақ, жан мен тәннің қосындысы десе болады. Форма мен мазмұнның қосындысы десек те болады. Қазақ деген ұлт дейтін болсақ, оның анықтауышы - мәдениет, қазақ мәдениеті. Ал, енді сол қазақ мәдениетінің мазмұнын ашып қарайтын болсаңыз он сегіз қабаттан тұрады екен. Бірінші қабаты- тіл қабаты. Екінші, ойлау, үшінші, әдет- ғұрып, мораль, салт, этика, кәсіп, тарихы, өнері, музыкасы, сәулеті деп жалғаса береді. Оның кеңістігі уақыты бар. Себебі, біздің ұлт болып қалыптасуымыздың да бастауы мен уақыты, кеңістігі бар. Ұлт деген категорияны анықтайтын болсаңыз, кеңістіксіз анықталмайды. Мысалы, қазақ жері деген –қазақ ұлтын анықтайды. Тура сол сияқты сана- ұлттың санасы. Сана- бұл мәдениеттің он сегізінші қабаты. Бұл, не деген сөз, бұл - бүгінгі көзі тірі өмір сүріп жатқан экзистенциялық тұрғыда осы кеңістікте өмір сүріп жатқан қазақтарды айтамыз. Сол қазақтардың санасының өлшемі бағанағы он сегіз қабаттың өлшемімен анықталады. Тілімен, ойлау жүйесімен, әдет ғұрпымен, салт санасымен. Сіз қазақ ретінде ұлт санасының аспектісі ретінде тіліңізді білмесеңіз ойлау жүйесінің ерекшелігімен нақтыланбасаңыз сыртыңыз қап- қара, тіліңіз ағылшынша, ойлау жүйеңіз еуропаша болатын болса, онда әлгі мәдениеттің ішкі мазмұнында трансформациялана алмайды. Он сегіз қабаттың ең соңғы қабаты сана дейтін болсақ, ол бүгінгі шақ, болашақ. Болашақты шапан қып киетін болсақ, ол бүгінгі жастар. Бүгінгі жастар ертеңгі болашағымыз. Өткен шақ ата бабаларымыздың жүріп өткен жолы. Біз қазір қазақ ұлтының санасының айнасы ретінде сұқбат жасап отырмыз. Сондықтан, қазақ санасының трасформацияға, деградацияға ұшырауы немесе, дефармацияға ұшырауының көрсеткіші ретінде тілдің қолданылмауы ойлау жүйесінің қолданылмауы, әдет- ғұрпымен салтының, тарихының ұмытылуы кеңістігінің кемтарлығын, сананың өзектігін анықтайтын эталон, өлшеуіш деп айтуға болады.
-Жалпы, қазақстанда қазақ тілін құрметтемеуден әлеуметтік жанжал туындауы мүмкін бе?
- Мүмкін! Өте мүмкін! Қадыр Мырзалиевтің өлеңдері математикалық ойлау, математикалық өлшемдер мен принцип, идеялардан тұрады. Ол «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дейді. Аксиологиялық тұрғыдан алған кезде құрмет тек құндылыққа ғана болады. Тіл деген, ол- құндылық. Сенің құндылығың. Себебі, ар жағында «Мен» деген анықтауышы бар. Ал, «Менің» ар жағында ойлау жүйесі менталитет, моральдық этикалық жүйесі бар. Міне, осындай көрсеткішке басқа ұлт тарапынан көрсетілген құрметсіздік болатын болса, басқа саяси жүйелер тарапынан демократиялық құқық талаптары тапталатын болса, әрине оның өкілі де, иеленушісі де құрдымға кетті дей беріңіз. Менің әрдайым айтатын мәселем, өзінің тарихи анықтауышын болмысының негізін тарихты тәуелсіздіктен бұрын, тәуелсіздіктен кейін деп бөлмей, оны исламнан бұрынғы оған дейінгі үш уақыт категориясын тұтас қарастыру үшін де қазақ деген ұлттың тәжірибесінен тарихи санасы мен танымына құрметпен қарау керек. Себебі, мемлекеттік биліктің өзі осы істе, осы шаблонда ғана қазақ деген ұлттың оның мәдениетінің бірінші көрсеткіші тілінің, оны тасушы қазаққа сенбесе, сүйінбесе бұл мемлекеттілік деген теория тұрғысынан қарайтын болсаңыз мемлекеттілігіңіздің баяндылығы болмайды. Бұл туралы «Зайырлы ел-қайырлы ел!» деген еңбегімде жаздым.
- Білім жүйесінде қазақ тілінің дамуына қандай кедергілер мен мәселелер бар?
- Тіл бар, тілдің тасушысы бар. Содан кейін қолданушысы бар. Ал, енді білім беру жүйесі деген басқа. Ол жерде білім берудің сан салалы қырлары бар. Айтайық, гуманитарлық білім беру жүйесінде байқағанымыз, қазір мәліметті, білімді, қазақ тілімен беру үлкен мәселе. 2017 жылы сәуір айында «Жүз жаңа оқулық» деген бастама көтерді. Әлемдегі оқу қорлары ағылшын тілі, соны қазақ тіліне аудару мәселесі қолға алынды. Не үшін? Себебі, өзіміздің тілімізді таситын мамандарымыздың көбісі орыс тілді профессорлық оқытушы құрамнан тұрады. Осы жағдайда
Бауыржан Момышұлының естелігі есіметүсіп отыр. Ол Фидель Кастроға өзінің кітабын ұсынған кезде: «Бір командир «Аттан» деп алға ұмтылған кезде оның батольоныныдағы әскерлер мен сарбаздар артынан бірден ілеспейтін болса, жалғыз команда, командир ештеңе істей алмайды» дейді. Сол сияқты осы ұйымдастыру мәселесі, ұйымдастыру топ тұрғысынан болсын бүгінге дейін билікте ҚР Білім және ғылым министрлігінде, ҚР мәдениет министрлігі тарапынан, ҚР ақпарат министрлігінде қазаққа қатысты ақпарат, оның мәдениетіне, экзентициасына қатысты министрліктердің ешқайсысында жүйелі түрде шешімін таппады. Не аймақтық, не әкімшілік, не қалалық, облыстық әкімшіліктерді бір ізділік шешу жолдары жасалынған жоқ. Сондықтан, білім беру жүйесінде үш тілділік, қос тілділік мәселелері өздігінен сұранып тұр. Өздігінен жұмыс істеп жатыр. Білім беруде жай бір қағаз толтыру үшін екінші форматын орыс тілінде анықтамасын дайындап беру керек. Міне, бюрократия. Қағазбастылық өз алдына, қос тілділік бір мәселе билікке қатысты. Бұл мәселенің қоғамға қатысты қыры жікке әкеп соғып жатыр. Содан кейін қазақ тіліне жауапкершілік мәселесінде біздің ғалымдардың өз саласына, өз пәніне білім беру амалдарына қатысты қазақ тілінде ғылым жасау деңгейлері әртүрлі. Білім беру жүйесінде 2004 -2010 жылдар аралығында «Мәдени мұра» бағдарламасы қабылданды. Бес жүз том еңбек шықты. Соның ішінде мен философия, психология, дін саласы бойынша жұмыс істедім. Елу том еңбек шығардық. Сонда, бұрынғы араб, парсы, қытай, батыс румян, орыс тілінде жазылған деректердің барлығын жинақтадық. Философия саласын аударғанда ортақ терминология табудың өзі проблема болды. Мысалы, әл Фарабидің еңбегін аудардым. Кітаптың қазақшасы «Қайырымды ел тұрғындарының көзқарас төркіні» деп атадым. Төркіні деген -шығу тегі, эпистомологиясы,қайнар көзі деген мағына береді. Осы аудармаға әл Фараби атындағы университеттің профессорлары мысқылдап күлді. Төркін - тек қатында болады деп. Бұл нені білдіреді? Бұл біздің тіліміздің жанды құбылысы семантикалық қабаттарын өзіміз шектеп отырмыз. Ортақ терминдер қалыптаспағаны өз алдына, сол тілдің жанды функцияларын әлі дұрыс қолдана алмаймыз. Айтып отырғаным бір сала бойынша. Білім саласында тілдік проблема өте көп. Біз өзімізді - өзіміз жоққа шығарып отырмыз. Қазақ тілінің ғылым тілі болуына көзіміз жетпейді. Одан да судыратып орысша, не ағылшынша сөйлесек дейміз. Әйтеуір қазақша сөйлемеу керек. Білім жүйесіндегі үш тілділік мәселесі министр Е. Сағадиевтің кезіндегі министрлік көтерген проблема еді. Оның не проблема екенін білесіз бе? Ол қазақтың ұлттық болмыстық негізіне балта шабу еді. Қазақты болмыс ретінде жаңғыртпау. Рухани тұрғыдан мүгедек қылып,ұлт ретінде іске алғысыз қылу еді. Қазақтың тілдік потенциалын өзің қолданбай,оның тілін, діни танымын, тарихи жадын, тарихи тәжірибесін жоққа шығаруың керек. Қоғамды 1991 жылдан бері қарай оқытқысы келді. Ол деген сөз диалектикалық- материалистік көзқарас тұрғысынан қазақты жікке бөлу деген сөз. Қазақты тек көлденеңінен емес, вертикальды тұрғыдан бөліп тастау. Бұны ойластырып тұрған белгілі бір жүйе бар. Бұны сәт сайынғы қажеттілікте миымызға, санамызға, күнделікті өмірімізге сіңіріп жатқан күштер бар. Кейбіреулер соны ойланбай жұта береді, біреулер қайғырады. Қарсы шығатын дәрмен жоқ. Тек, ушығып тұрған тілге қатысты толғанысты әлеуметтік желі мен газетке сұқбат беріп Асан қайғы боп қана отырған жайымыз.
-Демек, жүргізіліп отырған тіл саясатына сіздің көңіліңіз толмайды? Мемлекет тарапынан тіл саясатына қатысты жүргізіп жатқан тиімді бағдарламалар, шаралар бар ма? Сәтті жүзегег асқан бағдарлама бар ма?
- «Жоқ» деп ауызды құрғақ шөппен сүрте беруге болмайды. Сондай шараның бірі «NUROTAH» партиясының Тіл комитеті тарапынан өткізген шараларға қатысып қаламын. Сонда байқағаным тілді құндылық ретінде емес, жоспар ретінде, процесс ретінде бағалайды. Тілге экономикалық тұрғыдан бюджеттен қыруар қаражат бөлініп жатады. Сол ақшаның орындауы, орындалмауынының барлығы тілдің табиғатына сәйкеспей тұрады. Тіл аксиологиялық мәселе, тіл құндылық қой. Пәлен адамға тіл оқыттық деп оны пайызға шығарады. Қазақ тілін оқытқан адамдар үйренді ме, онда жұмысы жоқ. Тілге деген осындай қатынас өзгермей, қазақ тілі дамымайды. Көрдіңіз бе, биліктің тілге деген қатынасының өзі таза қаржылық, аймақтық, декадалық, өлшем бірліктерімен санап жатыр. Оны неге мемелекет институттарының деңгейінде түсіндірмейсің. Пәлен жерде пәлен тіл үйрету орталықтары ашылды дейді. Оған осынша ақша бөлінді, сабаққа осынша адам қатысты олардың пәлен пайызы қазақ тілін игеріп шықты деп есеп береді. Тілді осылай өсіріп бола ма? Бұл ұят! Бұл масқара ғой! Ұялмай қызармай «NUROTAH» кеңестерінде есеп беріп жатады. Қазақ тіліне қатысты қалыптасқан бұл жағдайды сынадым. Бірақ, оны түсінетін билік өкілдері бар, ұқпайтындары тағы бар. «Айта айта бұл жайды, Жамал апай қартайды» деген мәселе ғой бұл. Қазақ тілінің ұлттық құндылық екенін мойындамай ешнәрсе өзгермейді. Қазақтың тілден артық құндылығы жоқ. Тілге деген жанашырлық біздің мемлекетіміздің бүкіл қабаттарында болуы керек, тек білім беру жүйесінде ғана емес. Саяси әлеуметтік, экономикалық қабаттарында қазақ тілі болуы тиіс. Соны сезіндірудің идеологиялық қыры бар. Осы идеологиялық қырымен айналысып жатқан кім бар бізде? Идеологиялық қырымен айналысып жатқан жоқ. Жалпы бізде идеология жоқ. Жүйелі идеология қалай басталады? Ол балабақшадан басталады. Астанадағы қазақ тілді балабақшалар мен қазақ мектебіндегі оқушылар орыс тілінде сайрап жүреді. Ол тілдің қолдану белсенділігі орыс тілі екенін көрсетіп тұр. Сен қазақ тілінің белсенділігін арттыра алмасаң, қазақ тілінің методологиясын жасай алмасаң оған жауапкершілік сезіндіре алмасаң билік бөлген қаржылар желге ұшып кете берсе, демек жұмыс әдісі дұрыс емес деген сөз. Енді қазақпен қазақтың орысша сөйлесуіне кім кінәлі? Қазақтан басқа ешкім кінәлі емес. Ортада қазақтан басқа ешкім жоқ. Себебі, ол адамдарда жауапкершілік жоқ. Өзге жұрт алты айда қазақша сайрап жатқанда, кейбір орыс тілділер мектепте орысша оқығанын сылтаурататып жатады. Отыз жыл бойы қазақ тілін үйренуге жауапкершілік арқаламаған соң, оған кім кінәлі? Атқарылуы тиіс идеологиялық шаблондар болады. Ол шаблондар бізде атымен жоқ.
- Енді болашақта алдағы он жылдықта қазақ тілі мен орыс тілі қалай дамиды деп ойлайсыз?
-Тілде ең белсенді сауда саласы екен. Шәуілдірде жүз пайыз қазақтар тұрады. Бір әжеміз бәліш сатып отыр. «Бәліш аламыз, бәліш» деп орыс тілінде сарнап отыр. Ол отырған базардағы сатушылар мен тұтынушыларының бәрі қазақ. Керек десеңіз тіпті, орысша түсінбейді. Енді жаңағы жарнамасын «Өзім пісірген бәліш» деп қазақша айтса болады ғой. Бұл не деген сөз? Бұл сауда санасының өзінде орыс тілі басымдық танытып отыр. Біздің тіліміз сауда, білім, ғылым, саясатта басымдық алмайынша кез келген кәсіпте, тұтынушылар тарапынан да қазақ тіліне жауапкершілік болмайынша тілдің ақуалы пұшайман күйде қала береді. Тілді тасушы қазақ халқының басынан өткізген трансформациямен бірге тілі де өзгереді. Мәселе, санадағы трансформацияда болып тұр. Сондықтан, тілді тасушы қазақтың өзінде ана тіліне деген жауапкершілік болуы керек. Әйтпесе, қазіргі жағдайымыз өте қиын.
- Латын қарпіне ауысуды қолдайсыз ба?
- Қолдаймын!
-Неліктен? Және, оны жүзеге асыруда қандай мәселелер бар?
-Бірінші, русификация, екінші, экономика, коммунизация, коммунистік идеядан арылу, бұрынғы ойлау жүйеміздегі орыстық ойлау жүйесінен арылу. Орыс ықпалынан арылу үшін- кирилл алфавитінен арылмай болмайды. Біреулер айтып жатыр, қанша еңбегіміз кирил әрпімен жазылды, оны латынға ауыстырып жазу машақаты көп деп жатыр. Олай деуге болмайды. Өзіңіз қараңыз, сегізінші ғасырдан жиырмасыншы ғасырға дейін, он екі ғасыр бойы пайдаланған әдебиетіңіз бен төл жазуыңызды жетпіс жылда кириллицаға ауыстырып қойды. Сіздің тарихыңызды жоққа шығарды. Керек десеңіз, білім қорыңызды жоққа шығырды. Керек десеңіз араб тілінде жазып, оқитын сауатты адамдардың өзін нөлге түсіріп тастады 99 пайыз сауатсыз ғып. Хат танымайды деп айтты . Келешек ұрпақтың санасын қайтадан қалыптастыру үшін де бұлардың жаһандық шарттары болып тұр ғылым мен техника , технология, компьютер ақпараттық технология шындығында латын жаһанданудың бірінші белгісі. Жалпы қазақтар жаһанданудың үшінші сатысының бірінші сатысын өткеріп жатырмыз. Бірінші жаһандану араб жаһандануы еді. Одан әупірімдеп өтіп ұлттық болмысымыз қалыптасып ұлтқа айналған кезімізде, орыс жаһанына тап болдық. Орыс жаһаны бізді ұлтшылдыққа айналдырды. Деградацияға ұшыратты, геноцид, ашаршылық, бәрін үйіп төгіп тастады. Одан тіл, діннен айырды. Енді тәуелсіздік алған кезде, латын қарпіндегі ағылшын жаһандану процесінің ішіндеміз. Оған төтеп беру үшін де оның әдісін меңгеруіміз керек. Оның БІРІНШІ ӘДІСІ, латиница. Одан басқа жол жоқ бізде. Қытайдың, жапонның өзі, осы мәселеге ден қойып жатыр. Неге? Себебі, жаһандану - үдеріс, құбылыс ол . Құбылыс ретінде айтатын болсақ, ең бірінші жаһандануға төтеп бере алатын феномен, ол - ұлттық болмыс! Ұлттық болмыспен кез келген жаһанданудан аман шығуға болады. Кейбір ойшылдарымыз дінді күшейту арқылы шығуға болады дейді. Жоқ! Ұлттық болмысқа тілімізді тірілтіп санамызды бейімдеу арқылы ағылшын жаһандауынан аман- есен өте аламыз. Ары қарай баянды бола аламыз. Қазақ ұлтын сақтап қала аламыз. Басқа жол жоқ! Латиница дәл қазіргі жағдайда бізге шарт.
-Енді, үштілділікке келсек. Үштілділік реформасы 2016 жылы басталған. Оны президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде тоқтатты. Осы үштілділікке көзқарасыңыз қандай? Қолдайсыз ба?
- Жалпы, бір мемлекетке бір тіл жетеді. Ол унитарлы мемлекет болса. Ал, конфедерациялды болатын болса, немесе, федералды болса бірнеше тілді мемлекеттік тілдің тізбегіне қосуға болады. Біздің кеңістігімізге қарайтын болсақ, әуу бастан қазақтың жері. Жері - қазақтың жері болғандықтан ешқандай конфедерациялық бірлік болмағаннан кейін де, теория тұрғысынан мұның бәрі тілді негізге алып қалдыру керек. Бұл қазақ тілі болуы керек. Бұл мемлекеттік тұрғыдан, ал, қоғамдық институттар тұрғысынан сен үш тілде сөйлейсің бе, әлде, он тілде сөйлейсің бе сөйлейсің. Себебі, ол қоғамдық инститтардың миссиясына кіретін мәселе. Жалпы, тілдерді үйретуді доғару керек мемлекет тұрғысынан. Ол қоғамдық институтттар мен жекеменшік субъективті субъектілердің бастауына берілу керек. Ал, бізде не істеп жатыр? Тілдің өзін саясиландырып жіберді. Үштілділік, қостілділік деді. Бұл не? Бұл қазақты шаршату. Қазақта кез келген проблемада шешімсіз мәселелерге итеріп билік тарапынан сандалтып қою керек. Бұған жол бермес үшін дайын теория тұр. Басқа мемлекеттер не істеп жатыр. Ресейге, ағылшынға, Түркие еліне қара тілге қатысты не істеп жатыр? Бізде мына пәнді ағылшынша , ананы орысша, мына пәнді тағы басқа тілде оқу керек дейді. Ондай классификацияны кім берді саған? Қазақтың бесіктегі баласынан он сегізге дейінгі баласын алалап, түрлі жікке бөліп оқытып, санасын сан саққа сансыратып ондай құқықты кім берді саған? Міне, осындай мәселе! Кез келген тілді қажеттілікке қарай үйренеміз. Ол үш тіл бола ма, он тіл бола ма, ол жүз тіл бола ма! Принцип біреу. Қадар ағамыз айтып кетті «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп.
-Оны әркім әртүрлі түсінеді ғой.
-Мемлекет әркім емес! Мемлекет үш салада - атқарушы билік, сот, заң, сот орындаушы билігі бар, атқарушы билігі бар. Міне, осы үш сала конституцияда көрсетілген нормалар бойынша жұмыс істейтін болса, мәселе шешілер еді. Конституцияда көрсетілген нормалардың өзін орындамай жүрміз ғой. Конституция басқа жақта, билігіміз басқа жақта. Тілді тасушыларымыз басқа жақта.
-Жаһандану теориясы тұрғысынан қоғам плюрализмді болса. Сол қоғам дамиды дейді ғой.
- Жаңа айттым, қазақ үш жаһандануды басынан өткізді деп. Бірінші жаһандану араб глоболизациясы, екіншісі орыс , үшіншісі ағылшын –американ глоболизациясы . Негізі, жаһандану тілінің тілі бар. Бұл туралы бөлек әңгіме құру керек. Соның ең басты қорғанышы -қазақ тілі.
-Мультикультурализм туралы.
-Мультикультурализм теориясы біздің Қазақстанның жағдайында оның шаблонына келмейді. Себебі, картер деген, культура деген нәрсе топырақпен өлшенеді. Мен мына топырқта кішкентай мүгедек ұлт емеспін ғой. Мен мына топырақтың иесімін. Мен мына мемлекетті құрушы ұлтпын. Құраушы емес! Осыны шатастырмау керек. Сондықтан, мультикултурализм, немесе плюрализм деген теориялар қазақстан жағдайында оның шаблондарына сыймайды. Мысалы, біз жүз мемлекетпен қарым- қатынас орнатып жатырмыз. Жүз мемлекеттің өз тілі бар. Бірақ, ортақ тіл деген бар. Ол ағылшын тілі деп қабылданып қойған. Мысалы, орыс тілінің өзі қарым- қатынас тілі. Түркиеде базарға барсаң түріктер бізді кеңестік елдер адамы ретінде қарап орысша былдырап сөйлейді. Неге? Себебі, саудагерлер орыс тілі ұлтаралық қатынастардың негізі екенін біліп тұр. Оны шарт ретінде емес, оны ситуация ретінде қабылдау керек. Сондықтан, бізді плюралильді көқарас ұстанбаса дамымай қалады екенсің деп қорқытпай ақ қойсын. Даму деген санаға қатысты мәселе. Сананың бейімделуіне қатысты мәселе. Қандай тілді қолдану ол басқа мәселе.
-Сіздің ойыңызша мемлекеттік тілді дамыту үшін не істеу керек. Және осы бейбітшілік, тыныштығымызды сақтау үшін тіл саясатыда сіздіңше не істеу керек?
-Мынадай мәселе бар. Қазір жаһандану күллі ұлтқа қатысты. Ол орысқа, өзбекке, қытайға, қазаққа, керек десеңіз француз, неміске де қатысты. Енді осындай жағдайда Қазақстанда қазақ тілін, қазақ тілін тасушы ұлтқа, оның өкіліне жағдай жасалмаса, оны францияда, қытайда, ресейде жасауға бола ма? Болмайды ғой. Демек, біз өз елімізде өз жерімізде тілімізге, өз ділімізге, өз тарихымызға өз болмысымызға жағдай жасай алмайтын болсақ анадан қорқып, анадан үркіп тыныштық керек, баланс керек деп. Мен сізге айтайын, Қазақстанда қазақтан басқа баланс жоқ. Қазақстанның тепе теңдігі, қауіпсіздігінің тұрақтылығының бүкіл жауапкершілігі бір ұлттың мойнында. Ол қазақ! Бұл жерде соғыс болып кеткен жағдайда деградацияға ұшырап басқа болған жағдайда осы жер үшін, топалаң үшін, кеңістік үшін өзін жауапты сезінетін бір ғана ұлт бар, ол –қазақ ұлты. Одан басқа ешкім емес. Ал, азаматтық жағдайда өзбегің де, орысың да қазаққа қарайды не істейді екен деп. Себебі, сен титулдық ұлтсың. Титулдық ұлт деген деңгейі дәлелденген ұлт бола тұра өз еліңде жасық, жалтақ, саясаттың құрбаны болатын болсаң- онда обал жоқ ол ұлтқа!
Бізді кезінде кеңестік саясат ұлт емессіңдер, халықсыңдар деп сендірді. Сендер совет халқы бола салыңдар деді. Соған ыңғайластырып жасанды ғылым жасады. 1983 жылға дейін күллі университетердің культурологиялық, этнологиялық, этнографиялық еңбектері осылай жазылдды. Культурология әлі сол күйінше тұр. Сол қазақ ұлт па, ұлт емес пе деген мәселені қойып еуроцентристік теориялармен әлі күнге дейін антропологиялық диалектикалық қайшылықтағы көзқарастағы ғалымдардың пікірін бізге оқытып жүр. Қазақтың ұлттық тұрғыдан жаңғыруы үшін, швециядан үлгі алайық деген ой айтылуда қазір. Қазақстан Республикасында паспортында ұлт графасын алып тастайық, өзбек, ұйғыр, неміс, ағылшын басқасын да ұлтын көрсетпейік деп жатыр. Әрине, демократиялық тұрғыдан әдемі көрінеді. Бірақ, бұл не мақсат? Мақсат кешегі орыстардың ашаршылықпен, зорлық зомбылықпен, қуғын сүргінмен, геноцид жасап құрта алмаған қазақты егемен елдің бүгінгі заңымен, шарттарымен қауіп төніп тұр. Сондықтан, метацаризм деп жатады, біз ондай емеспіз, қазақ бейімделгіш ұлт. Қазақ уақытқа, кеңістікке, қысымға да бейімделгіш халық. Еліктегіш халық екенімізді ешкімнен жасыра алмаймыз. Жан- Поуль Ру деген француз ғалымы өткен ғасырда таңқалып кеткен «Не деген ұлт мынау» деп. Кез келген діннен, кез келген мәдениеттен өзіне қажеттісін алып, қажет емесін тастай алатын ұлтты, халықты мәдениетті бірінші рет көріп тұрмын деген. Міне, осындай ұлтқа, мәдениетке биліктің өзі сене алмай отыр. Демек, өзімізге өзіміз сенбейміз. Қазаққа сенбейміз. «Біріңді бірің қазақ дос, көрмесең істің бәрі бос» деп жылап кеткен Абай еді. Айтарым, қазақтың сезіміне, болмысына, санасына деген жауапкершілікті бәріміз сезінуіміз керек. Қазақстан Халық Ассамблеясына қазақтың айналасына жиналу деген мәселені қоя алмадық қой біз. Кеше бірінші мамыр күні «Қазақ ұлтына алғыс айту» күнін енгіздік, бірақ оны идеологиялық тұрғыдан түбіне дейін жеткізе алмадық. Неге? Өзін өзі құрметтемейтін ұлтқа, мәдениетке жарасатыны да осы.
Енді, айта кететін бір мәселе, біз бұны қазақ тілінің бүгінгі керексіздігіне күйінгеннен, қайғыдан айтамыз. Сұрақ туындап отыр, сол мәселелер бойынша ғана айтып жатырмыз. Дегенмен, құдайға шүкір деу керек. Қазақтың бүгін жері бар, егемендік мәртебесі бар, конституциясы бар. Шекарасы анықталған. Мемлекеттік жүйелі қалыпқа келген. Мемлекттілік дәстүрі жалғасқан. Саяси еркіндігі бар деген сияқты жағдаймен қарайтын болсақ біз құдайға шүкір деуіміз керек. Қазақтың сыртқы болмысына қарап қаншама этнос үміт артып отыр. Қазақ аман болса біз ертелі кеш егемендік аламыз деп, ноғай, кавказ, татарың, сақаң, алтайың үмітпен қарап отыр. Бұл не деген сөз? Бұл кешегі тарихи тәжірибеге деген үміт. Себебі, біз кешегі «Алтын Орданың» әлемді дүр сілікіндірген негізгі мұрагеріміз. Біз соны қайтадан жандандырады деп сезініп үміт аруда. Татарлар өзбекке, түрікке иек арта алмайды. Қазақ аман болса біз аламыз егемендік деп отыр. Бізді сыртымыздан ұлт ретінде бағалау өте жоғары. Ал, жоғарыда біз айтқан мәселе өзімізді ішкі бағалау. Сынау, ол да керек. Өз ішкі кемшіліктермізді өзіміз көріп айтпасақ, оны басқа ешкім айта алмайды. Не істеу керек, позитивтік жағдайларды шешу механизмдерін іздеуіміз керек. Дұрыс айтасың, қазастанда қазақтан басқа да этностар бар. Олардың көңілдерін жықпау керек. Құқытық жағынан ешқандай қыысым көрсетпеу керек пе, көрсетпеу керек. Себебі, біз демократиялық -құқықтық, зайырлы,әлеуметтік мемлекетпіз. Біз қазақ ұлтын көтереміз деп басқа ұлттарды таптап көтере алмаймыз. Бірақ, басқа ұлтқа соны жеткізуіміз керек, қазақ қалай көтерілсе, сендердің де көтерілуге мүмкіндіктерің ашылады деп айтуымыз керек. Сонда қазақтың тіліне, дініне, мәдениетіне, тарихына деген құрметтің ракурсы деңгейі көтерілетін болады. Оны идеологиялық коғамдық институттар шеңберінде айтуымыз керек. Оның бәрі конституцияда көрсетілген.
Зүбәйра Әкім,
Қазақ үні