Жер дауы тағы бес жылға ұзартылды
2021 ж. 02 мамыр
2229
5
МОРАТОРИЙ ЖЕР МӘСЕЛЕСІН ТҮПКІЛІКТІ ШЕШПЕЙДІ
Жер Кодексіндегі баптарға өзгеріс енгізуге, оның ішінде билік ұсынған жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы ереуілдеткен халықтың талабынан соң бес жылдық мораторий жарияланып, оның да мерзімі биылғы желтоқсан айында аяқталуға тиісті. Мораторий мерзімінің соңы жақындаған сайын халық тарапынан қайтадан алаңдаушылық пайда болғандықтан жер дауына байланысты Үкімет арнайы комиссия құрғаны белгілі. Бір айдан аса жұмыс істеген комиссия бұқараның жерге жекемешікті жою туралы негізгі талабын түпкілікті шеше алмады. Жерді сату мен сатып алуды ашық қолдаған Үкімет тарапынан оған деген ниет те байқалмады... Рас, ең бастысы ауыл шаруашылығы жерлері шетелдіктерге сатылмайды, жалға да берілмейді деген комиссия ұсынысы Мәжілісте қабылданып, Сенат қарауына жіберілді. Оған да шүкір демекпіз! Жер-жерлерде тағы да митингілер ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерде қызу талқыланса да барлық мақсаттағы, жалпы жер атаулыны ешкімге сатуға болмайды деген көпшіліктің ең басты ұсынысы бұл жолы да ескерусіз қалды. Дау-дамай болмаса ішкен асымыз бойымызға сіңбейтін елміз ғой, бұл мәселе алдағы уақытта түпкілікті шешілгенше қайта-қайта қаралатын шығар. Әлі де талай комиссиялар құрылатын түрі бар. Өйткені ауыл шаруашылығынан басқа да жерге қатысты халықтың көкейінде жүрген сұрақтар өте көп. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Жер реформасы жөніндегі комиссияның бесінші отырысында комиссия мүшелері бұрын жұмыс топтарында қаралған мәселелер бойынша дауыс берді. Нақтылап айтсақ, Жер кадастры мәліметтерінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Қазақстан азаматтарына жалға берілген жер учаскелері бойынша ақпаратты, оның ішінде заңды тұлғаның атауы немесе жер пайдаланушылар болып табылатын азаматтардың аты-жөнін көруге мүмкіндік беретін норманы әзірлеу және Парламентке енгізу туралы ұсыныс еш кедергісіз қолдау тапты. Сондай-ақ, елді мекендердің айналасындағы қоғамдық жайылымдарға арналған жерлерді белгіленген шеңбер шегінде резервтеуді көздейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеп заңдастыру ұсынысына да айтарлықтай кедергі болмады. Осыдан кейін ең басты сұрақ, қазақстандықтар үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке беру мәселесі қызу талқыға түсті. Мәселе ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты болғандықтан ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бірінші болып сөз алды. «Бизнесін тиімді дамытқысы келетін қазақстандықтарға ұзақ мерзімді жалға алумен қатар ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке сатып алуға рұқсат беру керек еді. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұстанымы: жерді пайдаланудың екі институтын да, қазақстандықтар үшін ұзақ мерзімді жалдауды да, жекеменшікке алуды да сақтап қалу қажет. Қазақстандық жер пайдаланушылардың ауыл шаруашылығы алқаптарына жекеменшік құқығы мен жалға алу құқығының экономикалық немесе шаруашылық тұрғысынан қайсысы қолайлы болса, соны өз бетінше таңдай алу құқығы болуы тиіс деп санаймыз. Егер біз шын мәнінде ашық нарықтық экономика мен тиімді кәсіпкерлік құруға ұмтылсақ, ерте ме, кеш пе Қазақстанда ауыл шаруашылығы жеріне толыққанды жекеменшік және оны сатып алу-сату бойынша еркін нарық пайда болады», – деді министр. Оның айтуынша, екінші деңгейлі банктерді жердің кепілдік құнын көтеруге мәжбүрлеу мүмкін емес, ол үшін жердің нақты нарықтық құны болуы тиіс. Ал бұған жекеменшік институтын енгізу және ауыл шаруашылығы жерлерін сатып алу-сату нарығы жағдайында ғана қол жеткізуге болады деген үкіметтің үнін жеткізді. «Қазақстандықтар үшін жер учаскесіне жекеменшік құқығын алу үшін қажетті шарт – кәсіптік даярлық, аграрлық сектордағы жұмыс тәжірибесі және ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға қажетті капиталы болуы тиіс. Жер ашық сауда-саттықта мемлекеттік жүйе арқылы сатылуы керек», – деді жерге жекеменшікті жанын сала қорғаған Сапархан Омаров. Министрдің атап өтуінше, жалға беру жағдайында ауыл шаруашылығы жерлері белгілі бір кезең ішінде тиімді және ұтымды пайдаланылған жағдайда одан ары оларды жекеменшікке беруге рұқсат етілуі тиіс. Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбайтын немесе ұтымсыз пайдаланатын тұлғалар жоғары салықтар мен айыппұлдар түрінде қаржылық жазаға тартылуы керек. «Dala Fruit» ЖШС директоры Болатбек Нажметдинұлы да ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Қазақстан азаматтарының жекеменшігіне беруді қолдады. Министрдің ұсынысына қарсы шығушылар жер комиссиясындағы талқылау барысында ауыл шаруашылығы жерлерінің барлығы бірдей жекеменшікке сатылып, ірі жер иеленушілердің қолына өтіп кетеді деген күдіктерін ашық айтты. Қазірдің өзінде латифундистердің иелігіндегі пайдаланбаған миллиондаған гектер жер босқа жатқаны мысалға келтірілді. Жекеменшікке тым үлкен жер алқаптарының бір қолға шоғырлануына жол бермеу мақсатында бір әкімшілік аудан шегінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің ең жоғары мөлшерін белгілеу қажет деді саясаттанушы Расул Жұмалы. Ал Жер реформасы жөніндегі комиссияның мүшесі, қоғам өкілі Мұхтар Тайжан ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктер түгіл Қазақстан азаматтарына да жекеменшікке беруге түбегейлі қарсы шықты. Әлемдік тәжірибен мысал келтіріп, жерді жекемешікке сатпай-ақ ауыл шаруашылығын дамытуға болатынына дәлелдер келтірді. Қазақстан Халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров та жер мемлекеттің меншігі болып қалуы тиістігін баса айтты. «Өкінішке қарай қазіргі таңда ауылдағы ағайындардың жер сатып алатын мүмкіндігі жоқ. Ал сатып алатындар мүлдем басқа саланың адамдары. Олар жерді қайта сатып немесе жалға беріп пайда табуды ойлайды. Жер мәселесін біржола шешу керек», – деді ол. Бұл мәселеге қатысты комиссия мүшелерінің пікірі – жекеменшікті жақтаушылар, тыйым салушылар және фермерлерге ұзақ мерзімге жалға беру керек деген бағытта үшке бөлінді. Жалға 49 жылға беру де сәтті шешім емес. Оның мерзімі 5 жыл болғаны дұрыс. Жақсы жұмыс істесе мерзімді ұзартып отыру қиындық тудырмайды. Осы орайда «Bazarbek&Partners» заңгерлік компаниясының директоры Бақытжан Базарбек Қазақстан азаматтары үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жекеменшік құқығын беру мәселесіне қатысты мораторийді тағы да 5 не 7 жылға созуды ұсынып, оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Айдос Сарым да қолдау білдірді. Шынын айтсақ, осы ұсыныс алдын ала ойластырғанға ұқсады. Отырысты қорытындылаған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов комиссия мүшелерінің арасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Қазақстан азаматтарының жекеменшігіне беру мәселесіне қатысты бірыңғай пікір қалыптаспағандықтан оны егжей-тегжейлі пысықтауды ұсынды. Ералы Тоғжановтың айтуынша, ауыл шаруашылығы жерлеріне толық инвентаризация жүргізу қажет. «Ол бір күннің шаруасы емес, оны бүкіл ел біледі. Оны өздеріңіз осы жерде талқылап, ұсыныс енгіздіңіздер. Бұл жұмыс барысында еліміздің барлық жерінің топырағының құнарлығы нақтылануы тиіс. Ауыл шаруашылығы жерлерінің кадастрлық құнын қайта қарастыру керек деп ойлаймын. Мамандардың айтуынша, бұл 10 жылдан бері қаралмаған сұрақ. Оны бір күннің ішінде, бір отырыста шешім қабылдаймыз деп те айта алмаймыз. Жердің құнарын, нарықтың құнын ескере отырып, жан-жақты талдау жүргізілуі тиіс. Халқымыз әр уақытта жерді қазынаға, байлыққа теңеген. Осы жерде азаматтардың біразы саяси астары бар екенін айтып жатыр. Ол да жоқ емес. Оны да ескеруіміз керек. Қазақта судың да сұрауы бар деген сөз бар. Сондықтан осының бәрін ескерейік», – деді Премьер-Министрдің орынбасары. Сөйтіп жер иелігіне қатысты нормаларға жыл соңына дейін белгіленген мораторий мерзімін 5 жылға ұзартуды ұсынды. Осыдан кейін комиссия мүшелерінің басым бөлігі қазақстандықтардың жер иелігіне қатысты нормаларға жыл соңына дейін белгіленген мораторий мерзімін 5 жылға ұзартуды қолдап дауыс берді. Бір сөзбен айтқанда комиссия «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» бейтарап, уақытша шешіммен құтылды деуге болады. Ашығын айтқанда сексен адамнан тұратын ауқымды комиссияның бір айдан аса уақытта бітірген нақты жұмысы – жерді шетелдіктерге сатуға, жалға беруге болмайтын шешім ғана болды. Ал, өздеріңіз білетіндей мораторий да мәңгілік емес, ол жер тағдырын түпкілікті шешпейді. Бұл уақыт ұттыру ғана, спорт тілімен айтқанда «тайм-аут». «Тайм-аутты» алған Үкіметтің не ойлағаны бар екенін ашық айтпады. Жерге жекеменшік жойылса биліктегілер мен оның айналасындағылардың молынан қамтып қалған жерлерінен айырылу қатері осындай әрекетке әкелді ме деген күдік те бар көпшіліктің көкейінде. Сондықтан дау-дамайдың көкесі әлі алда болады. Е.Тоғжановтың жерді зерттеп, қомақты жер кімнің қолында кеткенін тексеріп қайта тіркеп есепке алу керек деген ұсынысы бір қарағанда орынсыз да емес сияқты көрінуі мүмкін. Егеменді ел атанғанымызға отыз жыл болғанын айтпағанда, мораторий жариялаған соңғы бес жылда осы аталған шараларды іске асыруға болушы еді ғой. Неге екенін ол туралы министр де, оның қарамағындылар да ойланбапты. Сонда осы деректерді түнде түртіп оятсаң сайрай жөнелуге тиісті түрлі деңгейдегі жер комитеттері мен жерді сату керек деп алақанын ысқылап отырған Сапархан Омаров жетекшілік ететін үлкен бір министрлік осы уақытқа дейін ай қарап келген бе? Мыңдаған штаты бар бұл саладағылар осы мәліметтерді көбейту кестесі сияқты жатқа айтуға міндетті. Ал жерді сату керек десеңіз алдына жан салмас еді сол мамандар. Үлкен бір саланы басқарған соң олар қай жерде қанша жер кімге берілгенін, оның қалай пайдаланылып жатқанын, ауыл тұрғындарының қандай талабы бар екенін білуге тиісті. Астанадан ауылға шығып жағдайды зерттесе тақтарын түсіп қала ма? Ауылдарды аралап көрсе етіктерін ластап аламыз ба деп қорқа ма? Сол министрлікте отырғандардың біразы ауылдан шыққан адамдар емес пе? Министр өз сөзінде жерді жекемешікке бергенде олардың қаржылық жағдайы болу керектігін айырықша атады. Демек ақшасы жоқ қарапайым адамдар тағы құр қалмақшы. Тағы да байлар жерді сатып алып қарапайым ауыл адамдарын өзінің құлына айналдырмақшы. Министрдің бұл пікірі жұмсартып айтқанда миллиондаған ауыл адамдарының көңілінен шықпағаны анық. Ашығын айтсақ «жекешелендіру» деген сөзден жұрттың жүрегі әбден шайлыққан, жиіркене қарайды. Өйткені еліміздегі жаппай жекшелендіру кезінде Үкімет оларды таза тақырға отырғызды. Сол кездегі уәдені үйіп-төгіп таратқан Жекешелендіру купондары халықты алдау қағазы ғана болып қалды. Одан ешкім бір тиын пайда көрген жоқ. Ата-баба, әке-шешелері жылдар бойы қолдарымен жасаған байлықты пысықайлар иемденіп кетті.Қаншама алып зауыттар мен фабрикалар, жер қойнауының қазба байлығы жекелеген билік басындағы мен оның айналасындағылардың иелігіне көшті. Мыңдаған малы мен жүздеген техникасы бар ауылдағылар жұрдай болды. Соның салдарынан ауылдар құлдырап, жұрт амалсыздан қалаға қарай шұбырды. Егер сол кезде кеңестік совхоздардың орнына ұжымдық шаруашылық құрғанда жағдай мүлдем өзгеше болар еді. Ұжымда әрбір адамның өз үлесі белгіленіп жұмыс істегенде бүгінгі жер мәселесі қозғалмас та еді. Бірақ олай болғанда бүгін әбден байып алған жемқорлар аш қалатын еді. Өйткені олардың қолынан жұмыс істеу келмейді, халықтың мойынындағы масыл, өңкей жатып ішерлер. Ауылдарды былай қойғанда, қаладағы алып зауттарды алғанда өндірісті өркендетіп халықты жұмыспен жарылқаймыз дегендер қайда қәзір? Зауыт ғимараттарын сауда орталықтарына айналдырып, әрбір шаршы метрін бәленбай долларға жалға беріп қойып, жырғап жатыр. Ал онда жұмыс істеген мыңдаған адамдар далада қалды. Міне біздегі жекешелендірудің жетістігі! Ал сол өндіріс орындарын заманауи құралдармен жабдықтап дұрыс жұмыс істеткенде біз қазір қытайлықтардың арзанқол сапасыз тауарына тәуелді болмас едік. Адамдарымыз да жұмыспен қамтылатын еді. Бұдан кейін қарапайым халық жекеменшік дегенге қайтіп сенсін? Қазақ көнтерлі ұлт. Өйткені басынан небір қиындықтарды, небір зұлмат замандарды өткерген. Қазақ кеңпейіл ұлт, қиналғандарға қол ұшын беріп ештеңесін аямаған. Бірақ, қасиетті жерге келгенде ешкімнен тайсалмайды, оны тарихтан жақсы білеміз. Осындайда Алаштың ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Жер мәселесі – қазақтың тірі иә өлі болуының мәселесі», «Жерді жалдаудан тартынбағандар – сатудан да тартынбайды» – деген сөздері еске түседі. Қайран, Алаштың асылдары-ай!.. Зейнолла АБАЖАНОВ qazaquni.kz