«Ешкім көтермеген мәселе»: Қандастар Қазыбек Исаға алғыс айтты
2021 ж. 29 сәуір
3532
1
Кеше "Қазақ үні" ақпарат агенттігінде Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның "Ақ жол" фракциясы атынан жолдаған "ҚАНДАС ЖАСТАР ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЛАЙ ОҚИДЫ?!." атты депутаттық сауалы жарияланған болатын. Онда депутат атажұртта оқығысы келетін жастарға қолдан жасалған кедергілер көп екендігін айтып, мәселені реттеу үшін бірқатар ұтымды ұсыныстар жасады.
Бүгін редакциямызға Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факултеті, Аймақтану мамандығы бойынша докторант Қақар Қанат есімді қандасымыздың хаты келіп түсті.
Пікір иесі өз жазбасында өзекті мәселені назарға алған ел ағасына алғыс айтып, бұл тақырыпты осыған дейін ешкім көтермегенін жеткізді.
- Құрметті Қазыбек аға! Сіздің қандас қазақ жастардың тарихи отаны - Қазақ елінде білім алуы туралы көтерген ұсынысыңызды әлеуметтік желіден көріп, қандас бауырыңыз ретінде қатты тебірендім! Қазақ елінде Қазақ жерінде Қандас жастардың білім алу мәселесін ешкім көтергісі келмейтін және елусіз қала берген еді, - деп басталады хат.
Ол сонымен қатар, білім алу жолында өз басынан өткен қиыншылықтары туралы да айтты.
- Мен өзім 2016 жылы Қытайда бакалавриатты тамамдап, отанға оралдым. Магистратурада шетел азаматтарына грант берілмейтінін білесіз. Магистратураны қазақ елінде ақылы оқыдым. Мұндағы қиыншылық - магистратура мен доктурантурада шетел азаматтарына грант жоқ. Қазақстан азаматтығын алу үшін ықтиярхат алу, содан кейін азаматтыққа өтініш тапсыру керек. Жалпы, бұл шаруаға кемінде 1 жыл уақыт кетеді. 2017 жылы есімде Қытайдан 20 шақты бакалавриат тамамдаған студенттер келді. Сол студенттер үшін мен Қазақстан сыртқы істер минстирлігіне хат жазған едім көмек сұрап. Олардың маған қайтарған жауабы төмендегідей (скриншот).
Менің білетінім, сол жастардан тек бесеуі ғана ЕҰУ-да грантта оқыды. Қалған жастар қайтып кетті, олардың Қазақстанға келіп қайтқаны үшін Қытайда қандай қысымға ұшырағанын білмеймін. От аузында тұрсада оларды алып қала алмадық, - деп түйіндеді сөзін Қақар Қанат.