ҚОРЛАР ХАЛЫҚТЫ ҚАШАНҒЫ ҚАНАМАҚШЫ?
2021 ж. 21 наурыз
1972
3
Біздегі мемлекеттік немесе қоғамдық қор атаулының саны мен ондағы қаржы көлемін анықтау жылдан жылға қиындап бара жатқан секілді. Олардың қызметі жайындағы ақпаратты жалғанның жарығына шығарып, жалпақ жұртшылыққа жария ету де оңай емес. Сұрау салсаң ҚР Азаматтық кодексінің 126-бабына сүйеніп «коммерциялық құпия» деп бетіңе бажырайып қарап тұрады. Өздері қажет деп тапқан мәліметтерді ғана жариялап, ал «коммерциялық құпиясын» жасырып қалады. Оны тек қана арнаулы құзырлы орындар ғана тексере алады. Содан барып түрлі айла-шарғымен қаржы жымқыру жаппай орын алып жатады. Ондай мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Солай бола тұрса да қолданыстағы осы бір заңды бүгінгі ашықтық талаптарына орай қайта қарау ешкімнің ойына келген емес. Шындығында, қорлардың немесе бизнестегі кәсіпорындардың өз халқынан жасыратын қандай құпиясы болуы мүмкін?..
Жақында ғана Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) қызметкерлері жалақысына жұмсалған негізсіз қомақты қаражат туралы наразылығын білдіріп, премьер-министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдағанын білесіздер. «2019 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) әкімшілік шығындары 5,8 млрд. теңгеден асты. Еңбекақы төлеуге 4,4 млрд. теңге жұмсалды. Егер Қорда жұмыс істейтін 850 қызметкерге бөлсек, әрқайсына айына 434 мың теңгеден келеді. Бұл елдегі орташа жалақыдан екі есе жоғары», – делінген мәжілісмен сауалында. Аманжан Жамаловтың айтуынша, ӘМСҚ қаржылық есебінен басқарманың төрт мүшесіне шамамен 77 миллион теңге, яғни, әрқайсысына 19 миллион теңгеден сыйақы төленген. Ненің құрметіне? Міне, қайда жатыр «коммерциялық құпия» дегеніңіз! Өздері қорға құйған ақшасын халықтан құпияландыру қай сасқандары? «Мүмкін, осы себептен ӘМСҚ басқарма төрағасы өз жалақысын жария етуден бас тартып, азаматтардың жарналары мен аударымдары есебінен қамтылатын мемлекеттік қорға қытысты коммерциялық құпияны алға тартып отырған болар» – деді сыпайылық сақтаған Жамалов. Өйткені, қаңтарда ӘМСҚ басшысы Болат Төкежанов деректердің құпиялылығын сылтауратып, қызметкерлері мен өзінің алатын жалақы мөлшерін жариялаудан бас тартқан көрінеді. Айта кетелік, Б.Төкежанов ҚР Президенті сынына ұшыраған Айбатыр Жұмағұлов қызметінен босатылғаннан кейін ӘМСҚ басшысы болып тағайындалған болатын. Қолында мол құзыры бар Мәжіліс депутатының өзі мәліметті айлап жүріп әзер алса, мұндай басшылар БАҚ өкілдерін маңайына жолатпасы анық. Сонда қарапайым халық нақты ақпаратты, қордың жұмысы туралы шынайы мәліметті қайдан алуы керек? Өйткені, олардың денсаулығын сақтап, сырқаттарын емдеу осы қор қаржысына тікелей байланысты емес пе?
Басқалардай емес, Аманжан Жамалов есеп-қисап жағын жақсы білетін маман. Мәжілістің төрт сайланымында депутат болып отырған ол экономика ғылымының докторы, Мәжілістегі қаржы және бюджет комитетінің мүшесі. Қандай да, болса «коммерциялық құпияның» сырын ашып беруге бүгінгі құзіреті мен біліктілігі әбден жетеді. Өкінішке орай, оның дауысын сирек естиміз. Ал еліміздегі экономикалық былықтардың, барлық саланы жайлап алған жемқорлықтың есепсіз көп екенін ескерсек, біздің депутаттар күніне бір емес, негізсіз шығынға, ұрланып жатқан қаржыға байланысты бірнеше сауал жолдауға мүмкіншіліктері бар. Халық сайлаған депутат ретінде олар жемқорлықтың бетін ашып, онымен күресуге тікелей міндетті. Өйткені, еліміздің дамуына бірінші кезекте осы жемқорлық кедергі болып келеді.
А.Жамаловтың мәліметінше 2020 жылғы тамызда ӘМСҚ қызметкерлеріне түрлі шегерімдерді есепке алмағанда сол кездегі штаттық кесте бойынша менеджер лауазымындағыларға – 170 000 теңге, аға менеджерге – 250 000 теңге, әкімшілік басқарушыға – 300 000 теңге, басқарма мүшелері, оның ішінде басқарма төрағасына – 850 000 теңге айлық төлеген. Не үшін, қандай ерен еңбектері үшін? Олар бар жоғы қорға келіп түскен ақшаны мақсатты бағыттарға бөлуші оператор қызметін ғана атқармай ма? Адамдарды өздері емдеп, ота жасап жатқан жоқ. Қор мамандары экономикалық тиімділігі жоғары жаңалық ашып, оны өндіріске енгізіп пе? Жаңағы менеджерлер қақаған қаңтарда, шыжыған шілдеде құрылыс жүргізіп, жер астынан кен қазып шығарып, елімізге мол пайда келтіріп жатпағаны да белгілі. Керісінше адамдардың медициналық қорға бала-шағасының аузынан қағып, жалақысынан жырып салған ақшасы есебінен өздеріне шамадан тыс жоғары айлық тағайындап алып, өз халқын қанап отыр. Турасын айтсақ тонап жатыр. Сол айлыққа төленген артық қаржы адамдардың емделуіне жұмсалуы тиісті еді ғой. Бұл да жемқорлықтың жымысқы бір түрі. Сондықтан депутат өз сауалында сұрақты А. Маминге төтесінен қойып, заңсыз берілген артық ақшаны қайтарып, халық қаржысына қол сұққандарды қылмыстық жауапқа тарту қажеттігін талап ету керек еді.
Жамалов бюджеттен тыс қор қызметіне жариялық енгізу үшін еңбекақы мен әкімшілік шығыстарға арналған барлық бапты ашып көрсете отырып, бекіту қажет деп есептейді. Оның бастамасы ретінде 2020 жылға арналған бюджеттен тыс қор шығыстары туралы ақпаратты жариялау қажет екенін айтты. Өте дұрыс талап! «Үкімет бірыңғай әлеуметтік қор құру арқылы әлеуметтік қамсыздандырудың бюджеттен тыс жүйесін шоғырландыру мәселесі бойынша Мемлекет басшысы тапсырмасын орындауы керек» - деді депутат. Кемшілікті көрсетіп айту міндет болғанмен, оның орындалуын да бақылап, үкіметтен талап ету қажет. Онсыз жолданған депутаттық сауалдың мәнісі болмайды, әдеттегідей нәтижесіз қалады. «Ит үреді, керуен көшедіге» салатын біздің атқарушы билік өз бетімен қимылдамасы анық. Жүз рет айтып, он рет көзін шұқып көрсеткенде, мемлекет басшысы арнайы тапсырма бергенде ғана еріне қозғалатынын көріп жүрміз. Осыған орай үкімет құрамында отырған халық қызметшілерінің лауазымына сай еместігін майшаммен қарайтын кез келген сияқты. Керек болса өз міндеттерін дұрыс атқара алмаған үкіметті толықтай отставкаға жіберген жөн. Өйткені олар мемлекеттік бағдарламалар мен халық талабын уақтылы орындай алмай отыр. Сол кемшіліктерін түзетуге деген ниеттері де байқалмайды.
Сондай-ақ, депутат Аманжан Жамалов басқа да қорлар шығыны туралы біраз мәліметтер келтірді. «2019 жылы БЖЗҚ әкімшілік шығыны – 11,8 миллиард теңгеден, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорында – 1,9 миллиард теңгеден асты. Мұндай шектен тыс шығындарға халықтың назар аударуы орынды. Азаматтар әдеттегі қазынашылық функцияларын орындайтын осы қорлар қызметінен қайтарым мен пайда көрмейді», – деді ол. Дұрыс айтқан, халықтың ақшасын қалай болса солай жұмсап жатса қара су мен қара нанға қарап қалған қарапайым адамдар наразылық білдірмегенде қайтеді? Басылымдар жазып, телеарналар айқайлап айтса да оған пысқырып қарағандарды көрмедік. Сонда халық міндетті түрде митингке шығыу қажет пе? Біздегі толып жатқан әрбір мәселе үшін шеруге шығу керек болса адамдарымызға жыл он екі ай алаңда түнеуге тура келеді. Осы жылдар бойы негізсіз жұмсалған миллиардтарға қаншама мектеп, қаншама емхана, қаншама баспана тұрғызуға болушы еді.
Бір рет ұрланып халықты тақырға отырғызған, ондаған жылдардан соң қайта жаңғыртылған осы ӘМСҚ алғашқы құрылған кезінен-ақ үлкен күдік тудырған-ды. Бұл туралы біздің басылым жазған болатын. («Қазақ үні», «Медициналық сақтандыру қоры кімнің мүддесін қорғайды?» 2017 ж. 16 мамыр.) «Халық арасында түсіндіру жұмыстары ақсап тұрғанмен, әлі қор деген аты ғана бар да заты жоқ мекемеге соқыр тиын түспесе де, болашақ медициналық сақтандыру қорының келешек қызметкерлері өздеріне қомақты жалақыларын бекітіп үлгеріпті. «2019 жылға дейін қордың 918 қызметкері болады. Оның 168-і орталық аппаратта, қалғаны өңірлік филиалдарда қызмет етеді. 2018 жылға қарастырылған орташа жалақы 410 мың теңге», – деді бұл жайында Міндетті медициналық сақтандыру қорының төрайымы Елена Бахмутова. «Қаржы саласының ханшайымы» деуге тұрарлық тәжірибелі де білікті, елімізге жақсы танымал маман Бахмутова ханым босқа айтпайтынын білеміз. Бірақ бұл жолғысы атып алынбаған аюдың терісін бөліске салғандай көрініс болып шыққанын өзі де аңғармай қалған секілді. Мықты қаржыгер, білікті экономиист болса да төрайымның медицина саласына үш қайнаса сорпасы қосылмайтыны көрініп тұр. Сала жұмысын жөндеймін деген адам алдымен аппаратшылардың емес, дәрігерлердің қамын қарастыратын еді...» - деп жазғанбыз. Ол жылдары дәрігерлердің айлығы 50-70 мыңның аралығында болатын. Қор қызметкерлеріне бірден 400 мыңнан аса айлық тағайындаған Бахмутова дәрігерлердің бетіне қалай ұялмай қарағаны біз үшін белгісіз. Міне сол күдігіміз бен болжамымыз дәл келді. Өкінішке орай, халықтың күдігі мен наразылығын алға тартқан ол мақаланы аталмыш қордың тізгінін ұстап отырғандар көзіне де ілмеді. Үкімет те үнсіз қалды. Ақыры міне, содан бері төрт жыл өткенде Мәжіліс депутаты сол кемшіліктерді көріп, сауал жолдап отыр. Төрт жылда халықтың қаншама қаржысы заңсыз жұмсалып, біреулердің қалтасында кетті. Қаншама адам ем ала алмай қиналды, қаншама адам соның кесірінен көз жұмды. Бұл біздің үкіметтің халық үніне құлақ аспайтынын көрсетеді.
Біздің бірінші байлығымыз, басты капиталымыз – адамдарымыз екені Атазаңымызда тайға таңба басқандай анық жазылған. Сол адамдарымыздың денсаулығын сақтау бірінші кезектегі ең маңызды мәселе. Ұлт болашағына тікелей қатысты осы ұлы міндетті іске асыратын медицина саласы ақсап жатыр, оның өзін алдымен сауықтыру қажет. Денсаулық саласын дамыту үшін қаншама реформалар жасалды. Соның бірі осы – медициналық сақтандыру қоры. Қорға қаржы құйған адам тегін, сапалы медициналық қызмет көруі керек. Жоба бойынша дәп солай болуға тиісті. Ал, іс жүзінде ше? Іс жүзінде әдеттегідей, бәрі керісінше. Заманауи жабдықталған емханада көптеген мамандар таптырмайды. Амалсыздан ақылы емханалардағы мамандарға баруға тура келеді. Арнайы есепте тұрған ауруларға дәрі жетіспейді, жеткен күнде сапасыз, әсері әлсіз арзанқолды препараттарды береді. Дәрі-дәрмекпен елімізді қамтамасыз етуге тиісті «СК-Фармация» кәсіпорнының былықтары бүкіл әлемге әйгілі болды. Операция жасауды ақылы етіп алғалы қашан. Бірде Мәжіліс депутаттарымен аймақтарды аралап жүргенде бір аурухана бас дәрігеріне «Сіздер хирургтерге айлық бермейсіздер ме? Неге олар ота үшін ақша алады?» деп сұрағанымыз бар. Депутаттың көзінше «Айлық алады, ақшаны беретін пациенттердің өздері» деген жайбарақат жауабын естідік. Медициналық құрал-жабдықтар мемлекет есебінен сатып алынады. Сонда ол хирург неге аурулардан қосымша ақша алуы керек? Бұндай жағдай еліміздің барлық аймақтарында кеңінен орын алған, тіпті ақылы отаны заңдастырып жібергендей. Тіс жұлғызу, түрлі операциядан кейін гепатит ауруын жұқтырған адамдар саны өте көп. Бұл салада тазалық та тәртіп те жоқ, қашан болатыны да белгісіз...
Жалпы қор атаулыға халықтың күдікпен қарайтындай жөні бар. Негізгі құрылтайшысы және иесі ҚР Үкіметі болып табылатын, қомақты қаржыны қолында ұстаған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының да «коммерциялық құпиясы» мол. Белгілі саясаткер Өмірзақ Шөкеев басқарып тұрғанда аспандаған айлықтарын айтпаған күннің өзінде 2016 жыл қорытындысы бойынша директорлар кеңесінің әрбір мүшесіне 90 миллион теңгеден бонус беріп мырзалық жасағанын білесіздер. Әрине өз қалтасынан емес, халықтың қоржынынан. Бұл мәселе Мәжілісте айтылып, халық наразылығын тудырған-ды. Кейін «Өзім бір тиын да алған жоқпын» деп ақталған Ө. Шөкеев қордың негізсіз шығынын барынша шегеріп көрсетуге тырысты.
Халық қаржысын ұрлаудың түрлі жолдарын жасап алғандар бүгін де қарап жатқан жоқ. Еншілес компаниялар ашып алып, сол арқылы мемлекет қаржысын қымқыратындар азайды деп айту қиын. Бұл туралы да кезінде жазған болатынбыз. («Қазақ үні» «Бұл не деген батпан құйрық?» 9 қыркүйек, 2015 ж, «Үй ішінен үй тігудің қажеті қанша?» 18 маусым, 2017 ж.). Айттың не, айтпадың не, жемқорлық жеңісті жолын жалғастырып келеді. Сол «жеңісті шерудің» алдыңғы қатарында қолында билігі бар лауазымдылар тұрғаны құпия емес. Күн сайын ұсталып жатқан жемқорлар соған нақты дәлел. Бұл мемлекеттік бақылауындағы қорға қатысты әңгіме. Ал қоғамдық негізде қайырымдылық және басқа да бағытта құрылған жеке қорларда не болып жатқаны белгісіз. Оны бір Құдай ғана біледі...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz