ӘКІМДЕР ҚАНДАСТАРҒА БОС ҚАЛҒАН АУЫЛДАРДАН ДА ЖЕР БЕРМЕЙ ОТЫР - Сайын Шаймерден

"БОС ЖАТҚАН ЖЕР ЖАУ ШАҚЫРАДЫ"

Мемлекеттік тілдің мәртебесін шын мәніндегі деңгейге көтеруді талап етіп жүрген ақын, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса бүгін Парламент қабырғасында қазіргі қазақтың қаны тамшылаған тағы бір өткір мәселесі - көші-қонды көтерді! Бұл да өте өткір, өте орынды әрі кезек күттірмейтін дүние. Атам қазақ "бос жатқан жер жау шақырады" деп бекер айтпаған ғой. Шегарасы жалаңаштанып, тұрғындары қалаға қарай қоныс аударуы етек алған Қазақстанның шығысы мен солтүстік өңірлеріндегі бос жерлерге «бөтендердің» көзаларта бастауы соған дәлел. Солтүстік пен шығыстағы босап қалған ауылдарға алаңдаған Қазыбек Иса Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданындағы қазақтың көрнекті жазушылары Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтың ауылдарында 30-35-ақ отбасы қалғанын мысал етіп, дабыл қағыпты. Тура осы ауданда 5-6 жыл бұрын ғана түтіні түзу ұшқан 100-ге тарта үйі бар, айрандай ұйып отырған қазақтың тағы бір тарлан жазушысы Сафуан Шаймерденовтің туған ауылы Амангелдіде бүгіндері бірде- бір тұрғын қалмады. "Кувейттен де артық тұрмақ" түгілі, зұлмат аштықта, қырғын соғыста жабылмаған Амангелді ауылы айдың-күннің аманында қаңырап бос қалды. Бір қызығы, ауыл тарап кеткенімен, түгін тартсаң май шығатын, құнарлы қара топырақты өлкедегі егістік көлемі 1 шаршы метрге де қысқармапты. Себебі, бидай сатып байлыққа белшесінен батқан байларға ауылыңның бес тиынға да керегі жоқ. Ел көшіп кетті деп олардың қылшығы да қисаяр емес. Жергілікті әкім-қарарларға да жұрттың үдіре көшуі тиімді сияқты. Кеңес кезінен мұра боп қалған «Нет человека, нет проблем» деген желбуаз ұран бұл жерде қайтадан туын тіккен тәрізді. Оған дәлелім де бар. Мал ұстап, тірлік жасау ниетімен Қытайдан көшіп келген қандастарымыз сол жұрты ғана қалған Амангелді ауылына қоныстанғылары келсе, жергілікті әкім «бос жер жоқ» деп шығарып салыпты. Оларды әлі іргесі сөгіле қоймаған басқа ауылдарға қарай бұратын көрінеді. "Солтүстіктегі қазақтың санын қалай көбейтуге болады, ол жақтағы қазақ ауылдарын қалай сақтап қаламыз" деп мына жақта Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан бастап, бәріміз ақ тер, көк тер болып жүрсек, жергілікті бишікештердің беттері бүлк етпей, елім деп келген қазақты кері қайтаруда екен. Алла қаласа, алдағы Наурыз мейрамы өткеннен соң, «бос жер жоқ, басқа ауылға барыңдар» деп ауызды құр шөппен сүрткен сол ауыл әкімінің көзіне қарап, мәселенің анық-қанығын аудан әкімінен білсем деген тоқтамға келіп отырмын. "Еділдің бойы ен тоғай-ел қондырсам деп едім" демекші, ендігі кезекте сырттағы қандастарды елге тартып, жалаңаштана бастаған (әсіресе СҚО, ШҚО) қазақ ауылдарын қалпына келтіуге ат салысыңыздар, ағайындар. Сайын ШАЙМЕРДЕН, журналист