Ақтөбе облысының әкімі көпбалалы анаға өтірік ақшалай сертификат табыс еткен
2021 ж. 17 наурыз
1144
0
Ақтөбеде шенеуніктер ел алдында волонтерлар көмегін өздері жасаған жақсылық секілді көрсетпек болған. Соның арқасында облыс әкімі де көзбояушылық әрекетке қатысып, құны көк тиын 2 миллион теңгенің сертификатын көпбалалы анаға табыстаған, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Әкімдіктегілер, мәселенің мәнісін анықтай келгенде, қайырымды жандардың көрсеткен көмегін сертификатқа жазып бергендерін еш қымсынбастан мойындады. Анау-мынау емес, аймақ басшысының өзі 2 миллионның сертификатын салтанатты түрде табыстағанда ақтөбелік Айсұлу Күздібаеваның қуанышында шек болмапты. Кейін Оңдасын Оразалиннің ұстатқаны құны жоқ құр қағаз екенін білгенде салы суға кеткен.
Айсұлу Күздібаева, көпбалалы ана:
- Екі миллионды болдым деп ойладым. Шамалы үстіне ақша қосып, үй аламын дедім. Берген кезде қуандым, өтірік айтпайын. Көршілерім құтты болсын айтып келді. Екі миллион алыпсың деді. Ақырында бұл құр қағаз болып шықты. Маған бұл ақша берілген жоқ. Жатақхананың аядай бөлмесінде бес баласымен тұратын Айсұлу жыл басында әлеуметтік желі арқылы елден көмек сұраған. Сол кезде волонтерлар керек-жарағын алып беріп, бөлмесіне жөндеу жүргізіпті. Ал әкімдік тарапынан ешқандай қолдау болмаған.
Шахретдин Азимов, волонтер:
- Ол отбасының тұрмыстық жағдайы қиын екен. Барлық жастар болып өзіміз жөндеу жұмысына ақша жинадық. Еденінен бастап, төбесі мен қабырғасына дейін жаңалап бердік. Қосымша керекті жиһаз бен теледидар алып бердік. Міне, қайырымды жандар жасаған осы істің құнын есептеп жібергенде 2 миллион теңге шыққан. Осы цифрды сертификатқа жазып бергендерін шенеуніктер де мойындайды. Бірақ көк тиын құны жоқ бір жапырақ қағазды көпбалалы анаға салтанатты түрде тапсыруға не түрткі болғанын түсіндіріп бере алмай отыр.
Маржан Қорғанбаева, Ақтөбе облысы ҚХА хатшылығының меңгерушісі:
- Неге осы жастардың игі істерін көрсетпеске, басқаларға үлгі ретінде көрсетпеске деген оймен осы Айсұлу ханымға жасалып жатқан жұмыстарының жұмсалған қаржыларын көрсете отырып, сертификат ретінде жастардың атынан тапсырған алғысымызды білдіру деген оймен туындаған болатын. Яғни, сертификаттағы сома волонтарлар жасаған жұмыс пен сатып алып берген жиһаздың сомасы. Шолақ белсенділер көпбалалы анаға сертификатты табыстағанда осыны ескерткенін, яғни қағаздың құны жоқ екенін айтқандарын айтып, ақталып әлек.
Бес баланың анасы Айсұлу Күздібаеваның атында баспана жоқ. Тұрып жатқан жатақханадағы бөлмесін туыстары берген. Жолдасы қыстауға қатынап, қой бағады. Ал әкімдіктегілер осы даудан соң қандай да бір көмек беру туралы жақ ашпай отыр. Ең болмағанда, кешірім сұрап баратынын да айтпады.