Қазақстан мектептері 12 жылдық оқытуға және латын қарпіне көшеді

2023 жылдан бастап қазақстандық мектептер 12 жылдық оқыту мен латын қарпіне көшуді бастайтынын ҚР Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.

"2023 жылдан бастап 12 жылдық оқытуға кезең-кезеңмен көшу жоспарланып отыр. Ол үшін біз үлкен жұмыс жүргізуіміз керек. Атап айтқанда, математика, шет тілдері және информатика сияқты бағыттарға ерекше назар аударылады. Оқулықтардың сапасын жақсарту үшін оқу бағдарламасын сараптау және апробациялау қарастырылады. Қазақстан тарихы мен дүние жүзі тарихы бойынша бірыңғай оқулықтар енгізіледі", - деп мәлімдеді Білім және ғылым министрлігі басшысы.

Сондай-ақ, министр биылдан бастап білім беру жүйесіне өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Аудандық білім беру бөлімдерін, яғни мектептер мен балабақшаларды басқару облыс деңгейіне өтті.

"Қаржыландыру облыс деңгейінде де жүзеге асырылады, ол өңірлік мекемелер арасындағы білім алшақтығын қысқартуға, жеткілікті деңгейде қаржыландыруға бағытталады", – деп нақтылады министр.

Сондай-ақ, бала құқығын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасындағы суицид мәселелерін шешу бойынша шаралар кешені жүргізіліп жатыр.

"Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның құзыреті кеңейтілді, мектептер мен колледждерде балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі балалар өкілдіктерінің аппараты енгізілді", – деп толықтырды министр.