Әбдіғаппар Айдаров: Қайда менің қыр төсін жапқан қызғалдағым?!
2021 ж. 01 наурыз
1706
0
Қайда менің қырмызы қызғалдағым Жатқандай бейне өртеніп, Керім даланы көмкеріп, Қырмызы қызғалдақтарым, Кетесіңдер-ау ерте өліп, - деген өлең шумақтарын 2009 жылы жазған екенмін. Иә, сол жылы шағалалы Шардараның күллі даласын алқызыл гүлдер көмкеріп тастап еді, шіркін! Содан кейін ұмытпасам, 2018 жылы ма бір керемет қызғалдақ көктемі аталып, жұртшылықтың бәрі қызғалдақтан қызыл көрпешені төсеніш етіп, сары самаурынды бұрқ-сарқ қайнатып, кәуабын пісіріп, дастарқанын жайнатып келген мейманын көтеріңкі көңілмен құрметтеп күтіп, мәре-сәре болған-тын. Міне, содан бері екі-үш жылдың беделінде сіздер не байқадыңыздар, қадірлі менің жерлестерім? Әдетте, сырт көз сыншы дейді ғой, дегенмен біз үшін бір келіп кеткен мейманның не айтқаны маңызды емес, біз үшін дәл қазіргі кезеңде осындай жәннат өлкенің жыл өткен сайын өңі қашып, сұрқай далаға айналып бара жатқандығы жанға батады. Қайда менің тарақбозым мен тасбақа гүлім, ноқетегім мен бидайығым? Қайда менің қыр төсін жапқан қызғалдағым?! Жалпақ даламның жыл өткен сайын жұтаңданып, тарақ қажет етпейтін таздың шашындай әр-әр жерде селдіреген, ит қуған ешкінің құлағындай ербиген-ербиген түр отын көргенде ішім қан жылайды.
Ұланғайыр даланың ұлыған иттің үніндей үрпиген түріне қарап үнсіз қалудың жөнін тағы таппадым. Ал енді сырбаз өлкенің осыншама сиқынан айырылуына кім кінәлі?! Әрине өзіміз, яғни адам баласы. Адам баласы болғанда жыл сайын ерте көктемнен Жер-Ананың төсін айыра тырмалап қауын-қарбыз егетін шардаралық – дихандар. Дихан жүйек алып болысымен қауын-қарбыздың тұқымын тастайды да, ертерек «пленкамен» жабуға әрекет жасайды.
Пленканы қаншалықты ертерек жауып бітірсе, соншалықты өнім ертерек жиналады. Ал өнімнің ертерек жиналғаны, барынша көтеріңкі бағаның кепілі. «Дихан бір жылда, шаруа он жылда» деген мәтелді атам қазақ бекер айтпаған. Шарапаты мол кең Құдай беремін десе, ешнәрсе емес, бас-аяғы төрт-бес айдың ішінде қолыңа уыс-уыс қаражат ұстап, қайқайып шыға келесің. Ары қарай отбасындағы қордаланып қалған құдалықтар, бесік тойлар, «ала дарбыздың есебінен» деп жеген есепсіз еттердің қарызы, тағысын тағылар жалғасып кете береді. Соншама тіршілігіңнің жүгін төрт айдың ішінде еңсеріп тастаған Жер-Ананың жай-күйіне көз қиығыңды да тастамастан тайраңдап, жымың қағып жайраңдап, жал бітіп шұнаң-шұнаң етесің де қаласың. Сенің соншалықты ризыққа кенелуіңе әуелі Алла, содан кейінгі бірден бір себепші Жер-Ана болса, ол жарықтық бетін жапқан пленканың жыртық-жыртық қалдығынан құтыла алмай, ыңырси демалып, (шындығында демала алмай) ыңырана қиналып жатады. Бітті. Сен келер жылы бұл жерді тегін берсе де екпейсің. Себебі келер жылы бұл жер ойдағыдай өнім бермейді. Себебі де белгілі. Өйткені, биылғы жылы өле-мата өлермендікпен жапқан пленканың қалдықтары топырақтың өз деңгейінде тыныс алып, табиғи қалпына келуіне сірә да жол бермейді. Жол бермегені былай тұрсын жер қыртысына қыстырылған қалпында сексен, жүз жылға дейін шіріместен жатады ғой, шіркін! Сонда бұл жерден біз қандай жайқалған жауқазын, қырмызы қызғалдақ күтпекпіз, ағайын? Өзіміз дихан болмасақ та, осы өлкеде өскен соң, егіншіліктің жағдаятынан шамалы да болса хабарымыз бар. Бұл өңірде маусымға дайындық қаңтар айынан басталады. Жаушықұм даласын он-он бес гектардан бөліп алған кәсіпкерлер әркімнің шама-шарқына қарай сол жерлердің гектарын 400-500 мыңнан дихан қауымға сатады. Жер иеленушілер (орта ғасырлар тарихындағы атаулар) диханға қашан қауын-қарбыз піскенше, қанша рет суарамын десе, сонша рет су жеткізіп беруді өз міндетіне алады. Тағы бір айтарым, дихан өнімін жинап алғаннан кейін, егістік орнындағы зиянды қалдықтарды жер беруші кәсіпкер тазалауға міндетті. Алайда, маусым соңында егіс алқабын тазалап жүрген бірде бір кәсіпкер бұған дейін болған емес, бұдан кейін де болмақ емес. Есесіне, жыл сайын жаңа жер ашамыз (құдды бір жаңа материк ашқандай) деген желеумен жылжып-жылжып Келес ауданының шекарасына дейін жеттік-ау осы күнде. «Доғалдың обалмен шаруасы болмас» деп осыны айтатын шығар, сірә? Нәтижесінде жыл өткен сайын Жаушықұм алқабы тұттай жалаңаштанып, жаз ортасында тұрғындардың малы топырақ жалап, өкіріп-өкіріп өлімші халге жетеді. Айналаның бәрі алағат-алағат қар жауғандай пленканың қалдығы, теңкиген-теңкиген ала қарбыз. Одан қалса жүк артып кеткен көліктер мен дихандардың шайласынан қалған жерошақтар мен күл-қоқыстар. Не деген аянышты көрініс?!
«Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, Табиғаттың оны айтар тілі жоқ,- ал енді өкіметтің есебінен қаржыланып отырған, Табиғат қорғау мекемесі бұдан артық қандай табиғатты қорғап отыр? Жоқ, әлде бұл ортада да жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың иісі аңқи ма, қалай?
Дихан қауым, жер иеленуші кәсіпкерлер, Табиғат қорғау мекемесінің қызметкерлері!
Араларыңыздағы бірлі-жарым мансап қуған кейбір пенделер болмаса, басым көпшілігіңіз шардаралықсыздар, оған менің титтей шүбәм жоқ. Сондықтан біз үшін туып-өскен өлкеміздің табиғатынан қымбат ешнәрсе болмауы тиіс. Азкүншілік боқ дүниеге малданып, жәннат мекенімізді қу медиен құла дүзге айналдырып алмайық.
«Соқырға сүйенгеннің жағы сембес», дегендей болмасын.
Өңір келбеті, өлке сұлулығы баршамызға ортақ екенін ұмытпайық, ағайын!
Әбдіғаппар Айдаров,
Қазақ үні