Көпбалалы аналарды митингке көтерген белсенді 10 күнге қамалды
2021 ж. 24 ақпан
1703
1
22 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты көп балалы аналар белсендісі Феруза Ордабекованы 10 күнге қамады, деп хабарлайды centralasian.org.
Сот шешімінде белсендінің 25 қаңтарда министрліктер үйі алдында "коронавирусқа қарсы вакцинаға қарсылық білдіріп, заңсыз шараға" қатысқаны жазылған. Сот оны Әкімшілік кодекстің 488-бап 11-бөлігі ("Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу") бойынша кінәлі деп тапқан.
Сотта белсенді өзіне тағылған айыпты мойындамаған.
Көп балалы аналар наразылығына қатысып жүрген әйелдердің бірі Айнұр Өмірзақованың сөзіне қарағанда, полиция 22 ақпанда Ордабекованы Нұр-Сұлтанда аналар наразылығына бара жатқан жолда ұстаған.
- Біз таксимен кетіп бара жатқан кезде жолда полиция тоқтатты. Таксист кісінің құжаттарын тексере бастады. Болмайтын жерден ілік іздеп, "аптечкаң қайда" деген сияқты сұрақтар қойып, 1-2 минуттай тұрды. Сол мезетте арттан сұр түсті көлік келді. Ішінен ірі денелі 4 ер адам шығып, бізді көліктен түсіре бастады. Феруза "мені сүйрелемеңдер, өзім түсемін" деді. Сүйтіп көлікке мінгізіп алып кетті. Мені де бір-екі рет тартқылаған еді, оларға тойтарыс бердім. Себебі мен сүйреп түсіретіндей оларға қой емеспін. Содан кейін мені тастап кетті, - деді Айнұр Өмірзақова Азаттық тілшісіне.
22 ақпанда Нұр-Сұлтанда көп балалы аналар "Нұр Отанға" барып, әлеуметтік көмекті күшейтуді, баспана мәселесін шешіп беруді талап еткен еді. Феруза Ордабекова осы наразылыққа бара жатқан жолда ұсталып отыр. Оның әкімшілік қамау мерзімі 22 ақпан сағат 14:30-дан бастап есептеледі. Белсендінің шешімді апелляцияға беретіні-бермейтіні белгісіз.