Балғынбек Имашев: Елбасыға алтыннан ескерткіш қойса да артық болмас еді
2021 ж. 11 ақпан
4010
0
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алтыннан ескерткіш салдырса да артық болмас еді. Бұл туралы белгілі айтыскер ақын Балғынбек Имашев ">"Қасқа жол" ютуб арнасына берген сұхбатында мәлімдеді, - деп хабарлайды "Қазақ үні" ақпарат агенттігі.
- Елбасымыз жоқ жерден, тақыр жерден мемлекет құрды. Керей мен Жәнібектен бастап, әр хандарымыздың өз орны бар. Бір кезде таланған шығармыз, бір кезде қырылған шығармыз, бір кезде амалдың жоқтығынан біреудің боданына өткен шығармыз. Бірақ, хандарымыздың ешқайсысына топырақ шашпаймыз. Әрқайсысы тарихи миссиясын орындап кетті. Елбасының үлкен миссиясы - қазақтың етек-жеңін жинап, бұрын болмаған төл теңгемізді шығарып, мемлекеттік шекарамызды бекітіп, сыртқы саясатымызды қалыптастырып, алпауыт мемлекеттердің арасынан Қазақстанды танытқан еңбегі өлшеусіз. Астананы Ақмолаға көшіріп келген еңбегінің өзіне о кісіге алтыннан, Сапармұрат Ниязовқа қойғандай етіп қойса артық болмас еді. Бірақ, ескерткіш қоюды мақұлдамаймыз ғой. Өлгеннен кейін де ескерткіш қоюды мақұлдамаймын. Бірақ, сондай лайықты еңбек деп бағалаймын өзім осы астананы көшіп келуі, - деді сұхбат барысында айтыскер.
Сонымен қатар, Имашев Ресей президенті Путин мен Қырғызстанның экс-президенті Ақаев туралы да айтып кетті.
- Біз тоталитарлық жүйені сынаймыз. Бұрыңғы совет мемлекеттерінің көбісінде бұл жүйе сақталған. Ресейдің өзінде Путиннің билігіне наразы халық бар. Бірақ, Путин болмаса Ресей баяғыда тарап кететін еді. Путиннің мықтылығының арқасында тұр. Ол бізге дұшпан, бірақ, азаматтың тұлғалығын айту керек... Қырғызстанда да ереуілдер боп жатыр. Бірақ, қанша президент кеп жатса да Ақаевқа жететін президент әлі келген жоқ қой. Ақаев секілді жомарт, кең, әділ, ақкөңіл. Әлі күнге дейін зерттеушілер зерттеп-зерттеп кеп, Ақаевтың замандағындай қырғыздар әлі өмір сүрмепті дейді, - деп айтты Балғынбек Имашев.
Қазақ үні