Әлемде вирусты жұқтырғандар саны азайып келеді – ДДСҰ
2021 ж. 02 ақпан
1317
0
Коронавирустың түрлі жаңа штамдары пайда болып жатқанына қарамастан, індетті бақылауға алуға болады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус кезекті баспасөз мәслихатында осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оның айтуынша, бұл үшін бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтық сынды сақтық шараларды сақтауды жалғастыра беру қажет. Мысал ретінде ұйым басшысы соңғы үш аптада әлемде вирусты жұқтырғандар саны азайып келе жатқанын атап өтті. «Халықаралық қауымдастық бұған дейін мұндай нәтижеге шектеулерді ерте алып тастаудан қолжеткізе алмап еді», - дейді ол.
Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ басшысы:
– Соңғы мәліметтер коронавирус мутацияға ұшырап, жаңа штамдардың пайда болғанына қарамастан, індетті бақылауға алуға болатынын көрсетіп отыр. Яғни егер біз осы уақытқа дейін өзінің тиімділігін көрсеткен санитарлық шараларды жалғастырсақ, адамдардың дертке шалдығуын азайтуға қолжеткізе аламыз.
Айта кетейік, бұған дейін осы ұйымның Төтенше жағдайлар жөніндегі директоры Майкл Райан «коронавирусты толықтай жеңу қиынға соғады» деп мәлімдеген. Оған дертке қарсы вакцинаның елдер арасында тең бөлінбеуі себеп болады деп көрсеткен еді. Сондай-ақ вирусқа қарсы екпенің жаппай жүргізілмеуі де кеселді жеңуге кедергі болатынын айтқан.