Ардагер мұнайшылар Құрықтың атауын өзгертуді талап етіп отыр
2021 ж. 24 қаңтар
4210
7
"Қазақ үні" ақпарат агенттігінің Бас редакторы атына Маңғыстаудағы ардагер мұнайшылар, геолог-барлаушылардың атынан көлемді де өзекті хат келді. Онда Құрық кентінің атауын мұнай саласын дамытуда өшпес із қалдырған Халел Өзбекғалиев атымен атау туралы бастама көтерілген. Аталмыш хатты жариялай отырып, "Қазақ үні" таңдаулысында "Жыл адамы" атанған мемлекетшіл тұлған Серікбай Трұмовтан осы мәселеге назар аударуын сұраймыз.
ҚҰРЫҚТЫ ГҮЛДЕНДІРГЕН ХАЛЕЛ ЕДІ...
«Қазақ үні» ақпараттық порталы елде ең бірінші орында тұрғанын, ел билігі тізгінін ұстаған басшылардың назарында тұрғанын, портал көтерген мәселелермен биліктің санасатындығын халық біліп болған. Оған өзім куәмін.
Енді өзіңе қандай өтінішпен шығып отырғанымды айтайын, оқып қарарсың. Өткен жылдың қазан айының бас жағында Маңғыстаудағы геологиялық іздестіру және мұнай барлау саласының бір топ ардагерлері өткен тарихымызды ой елегінен өткізіп, ақылдаса келе бір ауыздан, Қарағия ауданы мәслихат депутаттарынан Құрық кентінің атауын өзгертіп, оған Халел Жағыпарұлы Өзбекқалиев атын беруге шешім қабылдап, жоғарғы басқару органдарына тиісті ұсыныстармен шығуды сұраған «Ұсыныс-хат» жолдадық.
(Ардагерлер қолдарын қойған ұсыныстың сканерленген түпнұсқасын өзіңе бөлек жіберетін боламын, ал қазір саған түсінікті болу үшін мәселені тарқатып Х.Ж.Өзбекқалиев жайында жазайын.)
Х.Ж.Өзбекқалиевты тек, мұнай саласы қызметкерлері ғана емес, бүкіл республика жұртшылығы түгелдей біледі, ол кісі 19 жыл бойы, 1959-1978 жылдар арасында Маңғыстауда мұнай, газ іздеу жұмыстарын жүргізген, «түбек мұнайшыларының үлкен үйі», Еңбек Қызыл Ту орденді, Октябрь революциясының 60 жылдығы атындағы «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресі, кейіннен сол атпен болған кешенді экспедицияны басқарды. Х.Ж.Өзбекқалиев басқарған ұжым 1961 жылы Жетібай, Өзеннен мұнай бұрқағын атқылатып, кейіннен Шығыс Жетібай, Қарамандыбас, Теңге, Тасболат, Ақтас, Доңға, Еспелі сай, Жаңбыршы, Арыстанов, Қарақұдық, Қансу, Аламұрын және Бозащы түбегіндегі Қаражамбас, Қаламқас, Арман, Қаратұрын, Жалғыз Төбе, Солтүстік Бозащыда жаңа мұнай, газ кен орындарын бірінен соң бірін ашуды жалғастырды. Осы «геологиялық ашулардың» нәтижесінде Маңғыстауда одақтық маңызы бар, аймақтық алып өндірістік кешен дүниеге келді, ол 1973 жылы дербес Маңғыстау облысының, ал 1978 жылы Мұнайлы ауданының құрылуына себеп болды, Қазақстан мұнай өндіру жөнінен бұрынғы КСРО-да екінші орынға шығып, дүние жүзіне белгілі мұнай өндіруші елге айналды. 1978 жылдан бастап, 17 жыл бойы Қазақ КСР-ы геология министрінің мұнай, газ жөніндегі орынбасары қызметінде болып, республиканың Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Торғай, Жамбыл облыстарында мұнай, газ кен орындарының көптеп ашылуына зор еңбек сіңірді.
Құрық жағалықта ауланған балықты қабылдайтын және сақтайтын орны бар, өткен ғасырдан келе жатқан шағын балықшылар мекені. Бұнда соғысқа дейін тұрып және соғыс жылдарында тарап кеткен Геллер бастаған экспедиция, кейіннен Калинин атындағы балық колхозының шағындау ферма бөлімшесі болды. Құрықтың ұсақ елді мекеннен МНГР бұрғышыларының базалық кенті түрінде қалыптасуы Х.Ж.Өзбекқалиев басқарған «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресінің орасан көп жұмыстар атқаруының арқасында мүмкін болды. Маңғыстаудың Жетібай, Өзен барлау алаңдарынан мұнай, газ табылуына байланысты, олардың өндірістік қорларын есептеуді тездету және шапшаңдатып өндіруді жолға қою қажеттігі туды. Ол кезде Маңғыстауда темір жол салынбаған, жер қазатын ауыр бұрғылау қондырғылары, мұнай өндіруге қажетті құрал-жабдықтар, жағатын дизель отындары тек, су жолы, Каспий теңізі арқылы жеткізілетін. Онда да жүк қатпайтын Баку, Махашқаладан тасылатын. Трест орналасқан Форт Шевченко қаласы Жетібайдан - 220км, Өзеннен - 290км. қашықтықта болғандықтан, оларға ең жақын елдімекен Құрық таңдап алынды. Құрық Жетібайдан - 65км, Өзеннен - 90км қашықтықта орналасқан. Құрықтың бір артықшылығы бұл маңдағы теңіз суы қыста қатпайды, айлақ болғандықтан желді дауылдарда тыныш, келген жүкті жыл бойы кідіріссіз түсіріп алуға мүмкіндік бар. Білікті мамандардың қатысуымен, ұзақ талқылау нәтижесінде жасалынған Х.Ж.Өзбекқалиев ұсынысына жоғарғы партия, кеңес, министрлік басшылары келісіп, МНГР тресі 1962 жылы Құрыққа көшірілді. Қысқа мерзімде теңіз жағасы тереңдетіліп, кеме, баржалар тоқтайтын жүк түсіру пристаны, келген механизмдер мен құрал жабдықтарды сақтайтын құрастырмалы темір жүк қоймалары салынды. Ақтаудан жоғарғы кернеулі электр жүйесі жеткізіліп, трансформаторлық подстанция салынды, ұзындығы 60 км-ден астам тұщы су құбыры тартылды. Алғашқы құрлысшылар Астрахань қаласынан сатып алынған, теңіз ішіндегі баржаларда тұрды. Құрықта, Х.Ж.Өзбекқалиев басшылығымен трест қарауындағы жалпы саны 12 мекемелерге кеңсе, техникаларына гараж, мастерскойлар, адамдарына тұрғын үйлер, 3 балалар бақшасы, «Геолог» клубы, аурухана, екі орта мектеп, стадион, 8 екі қабатты жатақхана, наубайхана, көптеген сауда дүкендері, тамақ, сүт және көкөніс қоймалары, кейінде шипажәй және басқалары салынды. 1966 жылдан бастап, Маңғыстау өңіріне темір жол тартылуына, ендігі жерде барлық жүктердің темір жолмен келуіне байланысты теңіз жағасындағы қоймалар Ералиев станциясына көшірілді, мекеменің жеке тұйық темір жол тарамы пайдалануға берілді. Құрықтағы аталған құрлыс нысандары, атап айтқанда сайын далада бой түзеген Жетібай, Қызылсай(Ескі Өзен), Ақсу, Доңға елді мекендерін салу үшін, тас кесу карьері, известь тастарын өртеп, әк шығару цехтары тұрғызылды. Уақытында кентте далалық әуежай болды, одан алыс бұрғылау алаңдарына тамақ, вахта, бұрғылау жабдықтарын жеткізетін күніне он екі АН-2 ұшағы, екі МИ-8, бір МИ-4 тік ұшағы ұшып тұрды. Маңғыстау жер асты «қара алтынын» игеру осылай басталды және 1973 жылы Ералиев ауданының орталығына 15-20 мыңдай халқы бар мұнай барлаушылар мекені, Құрық кенті таңдап алынды. Уақытында «Қазақстанның екінші тынысы» деп аталған Бозащыдағы кен орындарды ашу, зерттеу және игеру жұмыстары тікелей Х.Ж.Өзбекқалиевтың басшылығымен осы Құрықтан басталған еді.
Х.Ж.Өзбекқалиев Лениндік сыйлықтың лауреаты, КСРО-ның құрметті жер қойнауы барлауының үздігі, Қазақ КСР-ның Еңбек сіңірген геолог-барлаушысы, Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендері, көптеген Отан медалдарымен марапатталған, жоғарыда аталған «кен орындарын тұңғыш ашушы» атақтарының және басқаларының Иегері.
Х.Ж.Өзбекқалиевтің басқаруымен трест «МНГР»-дің геолог-барлаушылары осы өңірден мұнай-газ барлауды бастағанға дейін, мұнай-газ кенорындарын ашқанға дейін, заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев «Ұйқыдағы арудың оянуы» атты кітабында атап өткендей, бұл өңірдің экономикасы дәстүрлі мал шаруашылығы мен балық шаруашылығына ғана негізделген артта қалған өлке болатын. Трест «МНГР»-дің геолог-барлаушылары Маңғыстау түбегінде мұнай мен газдың мол қорын тапқаннан кейін ғана осы өңір адам танымастай өзгерді. Бұрындары бірен-саран ғана жастар ауылшаруашылық, оқу-ағарту, денсаулық сақтау салаларына байланысты жоғары білім алатын болса, ендігі жерде түбектің жастарының негізгі бөлігі өндіріс саласына, оның ішінде мұнай өндіру саласының мамандығын игеруге ұмтылды. Геолог-барлаушылардың ұзақ жылдарғы жанқиярлық еңбегінің арқасында табылған мұнай мен газ байлығы түбектің жастарының білімге деген, оның ішінде техникалық білімге деген құштарлығын оятты. Түбекті адам танымастай өзгертті. Яғни, Маңғыстау түбегінің заманауи тарихын мұнай-газ табылғанға дейін және табылғаннан кейін деп қарастыруға болады. Сол заманнан бері өткен қаншама жылдарда түбектің қаншама жастары техникалық білім алып өндірісті алға сүйрейтін жоғары деңгейдегі басшылар сапына көтерілді, олардың көпшілігі еңбек жолын Х.Ж.Өзбекқалиев басшылық жасаған КЭ «МНГР» мекемесінде бастады. Қазіргі кезде қазақ елінің мұнай мен газ байлығы еселеп артуына өз үлестерін қосып жүрген қаншама жоғары санатты мамандар осы Маңғыстау өңірінен, КЭ «МНГР» мекемесінің тапқан байлығының арқасында оқыды, қалыптасты, өсті, шыңдалды. Солардың көпшілігі өздерін Х.Ж.Өзбекқалиевтың шәкірттеріміз деп мақтанышпен айтып жүргені баршаға аян.
Ол кісінің Маңғыстау жерасты қазба байлықтарын іздеу, табу және игеру, түбектегі геолог-барлаушы, мұнайшы мамандарын дайындау жөніндегі, бір кездегі кішкене ғана балықшылар ауылын гүлдендіріп, ірі елдімекенге, аудан орталығына айналдырған орасан зор еңбектерін болашақ ұрпақтың есінде мәңгі қалдыру үшін, Құрық кентінің аты өзгертіліп, бұдан былай «Халел Өзбекқалиев» кенті деп аталса деген едік.
Бірақ бұл ұсынысымызға былтырғы жылдың аяғында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары мен Қарақия ауданы әкімінің орынбасарынан көңіл көншітпейтін жауап алып отырмыз.
Маңғыстау өңірінің ардагер геолог-барлаушылары