Қазыбек Иса: Ұлттық ұғымға қарсы отбасылық заң жобасына қалай жол берілген?!.
2021 ж. 22 қаңтар
2448
1
Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса 18 қаңтар, Мәжілістің алғашқы жұмыс күнінде ҚР Парламенті Мәжілісі комитеттерінде жаңа үкімет мүшелері кандидатураларын тағайындауға байланысты талқылауда вице-премьер Ералы Тоғжановқа қоғам наразылығын тудырған атышулы заңға қатысты сұрақ қойды.
Бұл туралы сол кезде «Қазақ үні» ұлттық порталындағы "Мемлекеттік тіл заңы Концепциясы Үкіметте жатыр" деген мақалада жазылған болатын.
- Қазір әлеуметтік желіде петиция басталып кетті. Ол "Отбасылық-тұрмыстық, зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері" туралы заң жобасы. Желіде тарап кеткен ақпараттың айтуынша, заң жобасының бірнеше баптары қазақ халқының ұлттық ұғымына, тұрмыс-салтына, діни нанымына қарсы шығады. Бұл анық дерек пе, әлде жалған ақпарат па? Анық болса, үкімет бұндай заң жобасын жасауға қалай жол берген? - деді Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса.
Ералы Тоғжанов бұл сұрақтарға байланысты өз ойын былай білдірді.
- Бұл сұрағыңыз маңызды сұрақ. "Отбасылық-тұрмыстық, зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері" туралы заң жобасы әлі қабылданған жоқ. Мәжілісте әлі талқыланады. Бұл мәселеде де кейін өздеріңізбен ақылдасамыз" - деп жауап берді.
Еске сала кетейік, атышулы заңға қатысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өз пікірін білдіріп, қоғамның көзқарасын ескеру керектігін айтқан болатын.