Әйелдерге алдымен ана деп қарайық
2020 ж. 30 желтоқсан
1883
0
ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ ТҮП-ТАМЫРЫ ТӘРБИЕГЕ ТІРЕЛЕДІ
Әділетсіздік пен әлімжеттікті, қатыгездік пен қорлауды Жаратқан иеміз о бастан адамзаттың маңдайына мөр басып тұрып бекітіп берген бе деп қаласыз. Жан-жақты дамыған жиырма бірінші ғасырда өмір сүріп жатсақ та, осы бір озбырлық пен мерез мінезден арыла алмай-ақ қойдық. Жемқорлық, ұрлық-қарлық, кісі өлтіру сияқты аса ауыр қылмыстарды айтпағанда, қоғамның әлсіз тобы әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық жасауды да тоқтату қолымыздан келмей жатыр. Бізде не көп, заң көп. Түрлі қылмыстарға қарсы заң қабылдайтын Парламентімізде бір емес, екі бірдей палатада халықтың есебінен қаржыландырылатын жүздеген депутаттар отыр. Құқық қорғау сияқты мемлекеттік мекемелер де жетерлік. Ал нақты нәтиже жоқ. Неге?.. Алдымен мына бір тарихи деректерге көңіл аударалық. Әлемде 8-науырыз әйелдер мерекесі ретінде аталып өтеді. Ол алғаш рет 1857 жылы 8 наурызда Нью-Йоркегі әйелдердің өз құқықтарын қорғау шеруімен басталған. Ал, 1910 жылы Клара Цеткин оны әйелдер күні етіп тағайындауды ұсынды. Сол сияқты «25 қараша әйелдерге зорлық-зомбылық жасауға қарсы күрес күні» деп аталынады. Байқап отырғандарыңыздай дүниежүзі бойынша әйелдерді қорғауға тұрақты көңіл бөлініп келеді. Әйтсе де, зорлық-зомбылық тоқтар емес. Бір ғана осы бір отбасылық келеңсіздікке қарсы әп-әдемі жазылған заң бізде де баршылық. Оған әлсін-әлсін өзгертулер мен толықтырулар да енгізіп қоятынымыз бар. Қазірдің өзінде әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылыққа қатысты және бір жаңа заң жобасы әзірленіп, алдағы уақытта қолданысқа енбекші. Дәп осы жобаға қатысты қоғамда әртүрлі пікірлер пайда болып, жоғары жаққа да жеткен сыңайлы. Бұдан Қазақстанда әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатуға байланысты жаңа бір қозғалыс басталғанын байқауға болады. «Не Молчи. KZ» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Смайылованың мәлімдеуінше, жарты айға жуық уақытта электрондық жүйемен жүргізілген қол жинау акциясына 75 мыңнан аса адам қол қойып, қолдау білдірген екен. Егер әлеуметтік желі елімізде тұрғындарымыздың бәріне бірдей қолжетімді болғанда бұл сан бәлкім он, тіпті жүз есе артық болар ма еді. Осының өзінен қоғам зорлық-зомбылыққа қарсы екенін көреміз. Әлеуметтік желідегі жанайқай ақырында үлкен үндеуге ұласып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жолданды. Үндеудің негізгі ұраны мен талабы – Қазақстан әйелдеріне қатысты зорлық-зомбылық тоқтатылсын! Сонымен қатар арнайы заң жобасын жасап жатқан жұмыс тобы әйелдерді қорғауға байланысты өзгерістерді қолдауға міндетті делінген құжатта. Осы үндеуге мұрындық болған Қор жетекшісі заңды қатаңдатпауды қолдайтын лоббилік топтардың барын айтып, күдік келтірді. Қазақстан Республикасының Президентіне, ҚР Парламентіне, «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң бойынша ҚР Парламенті жанындағы жұмыс тобының мүшелеріне жолданған үндеуде жан түршігерлік статистикалық деректер де келтірілген. «НеМолчи.KZ» қоғамдық қоры ұсынған әйелдерге қарсы жасалған зорлық-зомбылық мәліметі бойынша тек қана 2020 жылдың 11 айында: кісі өлтіру – 128, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру – 372, денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру – 327, ұрып-соғу – 6 781, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру – 13 481, отбасылық тұрмыстық зорлық бойынша құқықбұзушылықтар – 23 518 жағдайлар орын алған. Осыған байланысты берілген қорғау нұсқамалары саны 73 335-ке жеткен. Озбырлардың мінез-құлқына ерекше талаптар қою бойынша 9 235 сот шешімі тіркелген. Небары 11 айда осыншама мыңдаған оқиғалардың орын алуы шынында алаңдатарлық жағдай. Бұл тек қана ресми мәліметтер. «Ал тағы қаншама әйел үнсіз жүр, қаншама адам өзінің құқығы мен заң аясында қорғану туралы заңдардан бейхабар. Зардап шеккен 10 адамның ішінен «НеМолчи. KZ» сенім телефонына түскен өтініштердің мәліметтері бойынша тек екеуі ғана қорғау ұйымдарының не екенін біледі. Қалғандары үнсіз қалады. Қазақстанда күніне отбасылық кикілжіңге қатысты кем дегенде 550 арыз келіп түседі. Сондықтан, қазір Қазақстан Парламенті жанындағы жұмыс тобында қаралып жатқан заңды қатаңдату туралы талаптарымызды айтып жатырмыз. Мен осы жұмыс тобының мүшесімін. Бірақ отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты заңды күшейтуге қарсы шығып жатқан лоббилік топтар қатты жұмыс істеп жатыр» – дейді Дина Смайылова. Үндеу жолдаушыларды 2020 жылдың қаңтарынан бастап «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңға енгізілген өзгерістерге орай, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін айыппұлдар алынып тасталып, енді ескерту ғана жасалатыны қынжылтады. «Іс жүзінде озбыр еркек кесірінен отбасы мүшесінің қолы, қабырғалары сынуы мүмкін, миы шайқалуы мүмкін. Бірақ зардап шеккен адам ауруханада 21 күннен аз уақыт емделсе, онда бұл жарақаттар денсаулыққа жеңіл зиян деп саналады. Заңның 73-1 бабында агрессорға жазаның тек екі түрін қолдануға болады: ескерту немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу. Қазақстанда қоғамдық орындарда қоқыс тастағандар немесе тыныштықты бұзғандар қол мен қабырға сындырғандардан гөрі қатаң жазаланады. Әйелге жәбір көрсеткен еркекке берілетін жаза түрі өте жеңіл», – дейді «НеМолчи. KZ» қорының басшысы. «Қазір «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңды қатаңдатпауға күш салып жатқан лоббилік топтар бар. Олар әлеуметтік желілер арқылы шабуылды күшейтті. Біздің қорды айыптап, қаражат тауып отыр дегендер де көбейді. Оның артында салалық министрліктің тұрғаны мен үшін белгілі. Егер заң қабылданса, жаңағы мен айтқан 600 мыңнан астам әйел өз құқығын қорғауға шығады», – дейді ұйымның жетекшісі. Өйткені, Үкімет әйелдерге қатысты күнсайынғы зорлық-зомбылыққа назар аудармаса, әйел құқығын қорғау жөнінде пәрменді шаралар қолданылмайды деп алаңдайды олар. «Бөріктінің намысы бір» дегенге салып, өзгелерді қолдаған болып әйелдер өздерінің тең құқықтарын кең құқық еткісі келеді дейін десек, бұл жағдай шын мәнінде қоғамдағы бір «созылмалы сырқатқа» айналып бара жатыр. Құқық қорғау орындарының ресми мәлімдемелері де осыны айғақтайды. Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчидидің айтуынша, үстіміздегі жылдың 8 айында еліміздегі ішкі істер бөлімдерінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 130 мың арыз тіркелген. Соның екі жарым мыңына қылмыстық іс қозғалып, 30 мың әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылған екен. Ал қалған 100 мыңнан астам дерек бойынша жәбірленушілер арыздарын кері қайтарып алған. Министр Ерлан Тұрғынбаевтың өзі биыл шілде айында халық алдындағы есептік жиында отбасылық кикілжіңнің былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 25 пайызға артқанын, төтенше жағдайға орай дағдарыс орталықтарына түсіп жатқан қоңыраулардың да көбейіп кеткенін айтқан болатын. Ал қор өкілдері отбасындағы кикілжіңнен зардап шегетіндердің саны шамамен 630 мың дейді. Сонымен бірге осындай отбасыларда тәрбиеленіп жатқан миллиондаған балалардың барлығын да еске салып, кеселдің ұрпақ тәрбиесіне кері әсер ететінін де айтып жатыр. Әрине, ресми орындар ұсынған ақпарат пен қоғамдық ұйым келтірген деректер әдеттегідей сәйкес келмейді. Тіпті, араларында айтарлықтай алшақтық болса да, көрсетілген екі көрсеткіш те оңып тұрған жоқ. Отбасындағы озбырлық, әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық саны тым жоғары, тіпті қауіпті кезеңде тұр деуге болады. Қоғам мүшелерінің дабыл қағатындай жөні бар. Халықтың үнін еститін мемлекет құрып жатқанымызда, құлағы керең болып қалмаса Үкімет бұл мәселені назардан тыс қалдырмауы керек. Енді осы бір қоғамдық кеселдің себеп-салдарын қарастырып, түп-тамырына үңіліп көрелікші. Аурудың түрін анықтамай жатып емдеуге болмайтыны сияқты, оның негізгі себептерін білмесек біз бұл қылмыспен қалай күреспекшіміз? Отбасындағы кикілжіңдер әдетте, көпшілік жағдайда жетіспеушіліктен туындайтынын күнделікті тәжірибеден көріп жүрміз. Баспанасы жоқ, айлығы ас-суынан артылмайтын отбасында қандай береке, қандай ынтымақ болуы мүмкін? Балаларын жұрт қатарлы киіндіре алмай, күнделікті ең қажетті қарапайым заттың өзі қат болып жатса, қандай жүйке шыдайды. Әйелдің тілі осы жағдайға байланысты «ұзарады». Ал күні бойы жұмыс істеп мардымсыз жалақы ғана алып жүрген отағасы не істеуі керек? Кейде айлап айлықтарын бермей зар қақсататын жұмыс берушілердің онымен ісі жоқ. Олар айлық есебінен үнем жасап өз қалталарын қалыңдатқысы келеді. Байыған үстіне байып кетуді ғана ойлайды. Осы жерде бұл өмірде ешқандай жақсылық та, жамандық та бір өзі жалғыз жүрмейтінін айтуымыз керек. Бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Алдында айтқандай жұмысшы еңбегін қанау арқылы біреу байыса, соның әсерінен енді біреулердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы нашарлайды. Демек біздегі тойымсыздық, жемқорлық біреулерді шексіз байытып қана қоймайды, өзгелерді тақыр кедейге айналдырады. Осы жерде жемқорлықты неге жоймаймыз деген сұрақтың да туындауы заңды. Оны ондаған жылдар жоя алмай жатқанымыз және белгілі. Жемқорлық қайдан пайда болды деген сұрақ та бой көрсетеді. Оның да жауабын табуымыз керек болады. Әр нәрсе бір-бірімен тығыз байланыста дегеніміз осы. Бізді жалаң ұран жайлап алған, жоспарлар, бағдарламалар, заңдар қабылданады, бір ай өтпей жайына қалады. «Жоғарыдағылар оттай береді!» деп төмендегілер білгенін істейді. Қатаң бақылау жоқ. Жоғарыдан бақылау жасайтындардың өздері белшесінен былыққа батқан. «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңе болайын» демекші, қаншама лауазымдылар жемқорлық, пара алу, мемлекет қаржысын ұрлау, қызметін асыра пайдалану сияқты қылмыстарымен ұсталып жатыр. Олар өзгелерге қандай ақыл айтпақ, сонда біз кімге сенуіміз керек? Осы келеңсіздіктің, түрлі қылмыстардың орын алуының бір себебі ұлттық идеологияның, ұлттық тәрбиенің жоқтығынан болып отыр. «Біреудің ала жібін атттама!» деп ұрпағын тәрбиелеген ата-бабаларымыз жүздеген депутатсыз, мыңдаған заң шығармай-ақ бір ауыз сөзбен тағылым берген. Осы бір ауыз сөзге ұрлық жасама, зорлық-зомбылық көрсетпе, өзгені қорлама деген ұғымның бәрі сиып тұр. Ең бастысы – олар осы тәрбиені қазіргідей ұран ретінде емес, ұрпағының болашағы үшін шын ниеттерімен жүргізген. Біздегі бүгінгі тәрбие жұмысының төмендеп кеткені соншалық, адами қасиеттерден жұрдай болдық. Батысқа еліктегеніміздің соңы – жыныс ауыстыратын заң қабылдап масқара болып отырмыз. Өз ұрпағымызды өзіміз бұзып тындық. Бүгінгі ересектер түгіл балалардың ойлайтыны тек қана ақша. Отбасындағы әңгіме де ақшаның айналасында. Байлар – «Пәленбай шетелден сарай, тікұшақ, яхта сатып алыпты, менің одан қай жерім кем?» десе, одан кейінгілер – «Анау котедж үй салыпты, мынау джип көлік алыпты» деп іштері күйіп жатады. Соның бәрін адал еңбегімен тауыпты ма? Әрине жоқ, ұрлық, өзгелердің еңбегін қанау, ел байлығын тонау арқылы байып отыр. Ал төменгі қарапайым халық бала-шағама қалай нан тауып беремнің қамымен жүр. Бұның бәрі ненің салдары? Тағы да сол солақай, сыңар езу саясаттың салдары, ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып алғанымыздың нақты көрінісі. Әйелдер мен балаларға жасалып жатқан зорлық-зомбылықты да қоғамнан тыс, кенеттен аспаннан топ етіп түсе қалған қылмыс деп ешкім айта алмайды. Ол да сол еліміздегі теріс тәрбиелік жұмыстардың жемісі. Басқасын былай қойғанда ұлтымыздың анаға деген құрметі қашан да жоғары болғаны белгілі. «Жұмақтың кілті анаңның табанының астында» деген аталарымыз ақымақ емес шығар. Бүгінгі әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетушілер осыны біле ме екен? Әйелдерге алдымен ана деп қарау керектігін түсіндіріп жатқан билік бар ма? Олардың жеке бастары көпшілікке үлгі боларлықтай қандай өнеге көрсетіп отыр? Жоғары мінберден жар салып, жүздеген жаңа заң қабылдағаннан не пайда? Жалаң ұран емес, шынайы ниет, нақты жұмыс керек! Шынайы ниет болса, қылмысты да, қиындықтарды да, тіпті жүгенсіз кеткен жемқорлықты да жеңуге болады... Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz