Никоновтың мәлімдемесі тату көршілік қарым-қатынасқа сызат түсіреді - "Ақ жол"
2020 ж. 14 желтоқсан
2219
0
РФ Мемлекеттік Думасының депутаты В. А. Никоновтың мәлімдемесіне қатысты Қазақстан «Ақ жол» демократиялық партиясы МӘЛІМДЕМЕ жариялады. Бұл мәлімдеме Ресейдің Мемлекеттік думасына жолданды. Әзірге, «Ақ жол» партиясы ресейлік депутаттың атышулы мәлімдемесіне қатысты ресми түрде жауап берген жалғыз партия.
Ресей Федерациясы Федералдық жиналысы Мемлекеттік думасының депутаты, білім, мәдениет және ғылым комитетінің төрағасы В.А. Никонов: «Қазақстан деген ел болмаған, ал Солтүстік Қазақстан мүлде қоныстанбаған жер болған. Қазақтар оңтүстік өңірді ғана мекендеген. Және, шын мәнінде, Қазақстан аумағы Ресей мен Кеңес Одағы тарапынан берілген «үлкен сыйлық» деп Бірінші арнадағы «Үлкен ойын» бағдарламасының эфирінде айтып өтті. Қазақстан «Ақ жол» демократиялық партиясы бұл мәлімдемені арандатушылық деп санап, елдер арасындағы тату көршілік қарым-қатынас рухына сызат түсіреді деп есептейді.
Ресей парламентінің жоғары лауазымды адамының аузынан шыққан бұл арандату Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында қорлаушы факт ретінде қабылданып, біздің еліміздің миллиондаған азаматтарының наразылығын тудырды.
ҚР Сыртқы істер министрлігініңдипломатиялық хабарлама жібергені баршамызға белгілі. Онда кейбір ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты жиі арандатушылық әрекеттері мемлекеттерарасындағы одақтастық қатынастарға елеулі залал келтіретіні атап өтілді. ҚР СІМ Ресей тарапынан берілген мәлімдемелерді ескере отырып, РФ ресми тұлғалары тарапынан мұндай мәлімдемелерге жол бермеу шараларын қабылдауды талап етті.
Осы ұстанымға толықтай қосыла отырып, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы мен оның Республика Парламентіндегі депутаттық фракциясы мұндай арандатуларға жол берілмеу керектігін, олардың тарихи тұрғыдан бұрмалағанын, сондай-ақ халықаралық құқық нормаларын толық елемегенін де атап өтеді.
Қазақтар мыңдаған жылдар бойы өздері тұрып жатқан аумақтың автохтонды (байырғы) халқы болып табылады. Ал осы заманғы тәуелсіз Қазақстанның алдындағы мемлекеттер ежелгі Парсы мемлекетінің замандасы Тұраннан, Түркі қағанаттарынан Алтын Ордаға дейін созылады. Соның негізінде 1465 жылы пайда болып, 1847 жылы оның ақырғы ханы Кенесарының өлімімен соң жойылған Қазақ хандығы - ежелгі прототүрік және түркі мемлекеттік құрылымдарына бастау алғаның еске салуға тиіспіз.
1897-1901 жылдары Солтүстік Қазақстанда Ф.Щербина экспедициясы, ал 1902-1903 жылдары С.Швецов экспедициясы жұмыс істеді, олар Дала өлкесінің 13 уезінің тұрғындарын және Сібір темір жолдары өтетін аудандарда, оның ішінде Петропавл бекеті мен Ақмола облысының Петропавл уезін қоныстандырудың шаруашылық құрылымы мен сипатын егжей-тегжейлі зерделеді. Аталған зерттеулер аталған жердегі «қырғыз» (қазақ) халқының басым екендігін көрсетті.
Бұл экспедициялардың жұмысына Алаш Орданың болашақ көшбасшысы («Алаш» Қазақ автономиясының үкіметі, 1917-1920 ж.ж.) Әлихан Бөкейхан қатысты. 1920 жылдың тамызында Мәскеуде өткен Халық Комиссарлары Кеңесінің отырысында ұлттық құрылымдардың шекараларын талқылау барысында аталған экспедициялардың статистикалық деректеріне сүйене отырып, көрнекті «Алаш» арысы, қазақ ғалымы, инженер және математик Әлімхан Ермеков баяндама жасады.
Ұсынылған ғылыми мәліметтердің негізінде сол кезде Қырғыз Автономиялық Кеңестік Республикасы құрылды (1925 жылдан бастап оған халқымыздың бастапқы аты –Қазақ Автономиясы атауы берілді).
Кейіннен Қазақстан аумағы 1936 жылы Қазақ КСР-і құрылған кезде, сондай-ақ 1991 жылғы 21 желтоқсандағы ТМД-ның мақсаттары мен қағидаттары туралы Алматы декларациясымен расталды.
1929-1932 жылдары большевиктер ұйымдастырған ұжымдастыру саясатының нәтижесінде Қазақстанның бүкіл аумағында ұлттық катастрофа мен халқымыздың үштен екі бөлігінің жойылуына әкеп соққан Ұлы ашаршылықтың орын алғанын ескеру қажет. Кейбір мәліметтер бойынша, 4 млн-ға жуық қазақ қаза тапқан. Сол кездегі республика басшыларының хат-хабарларында хабарланғандай, қазақ даласының кейбір аудардарында бір де бір тірі жан қалмаған.
Бұл байтақ жердің байырғы халқының үлесінің төмендеуіне әкелді. Бүгінде осы жағдайды кейбір көршілеріміз «қоныстанбаған жер» деп айтады. Шындығында бұл жерлерде қазақтың сүйегі шашылып жатыр. Миллиондаған жазықсыз адамдардың, қазақ, украин, орыс халықтарын аямаған, соның ішінде әйелдер мен балалардың азапты өлімі үшін жауапкершілік тоталитарлық режимге негізделген.
Осы құрбандарды елемеу, тіпті оны тарихты бұрмалау мен қисынсыз талап қоюға сылтау ету – масқара және ұятсыздық.
Біз Ұлы Отан соғысының зардаптарын, соғыстан кейінгі қиындықты, 90-шы жылдардағы дағдарысты, экономиканы қалпына келтіру кезеңін басқа ұлттармен бірге жеңіп шықтық. Біз азаматтарымыздың достығы мен сенімін бағалаймыз, әрқайсымыздың тіліміз бен ұлттық мәдениетімізді құрметтейміз. Біз Құдай мен тарих бұйыртқан көршілермен ынтымақтастықта өмір сүруге тырысамыз.
Ресей Федерациясымен қарым-қатынас бірқатар мемлекетаралық актілермен бекітілген:
- 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт (ҰҚШ);
- 1992 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан мен Ресейдің достығы, ынтымақтастығы және өзара көмегі туралы шарт;
- 1994 жылғы 21 қазандағы Сыртқы шекараларды күзетудегі ынтымақтастық туралы шарт;
- 1995 жылғы 20 қаңтардағы Ресей мен Қазақстан ынтымақтастығын кеңейту және тереңдету туралы декларация;
- 1998 жылғы 6 шілдедегі XXI ғасырға бағдарланған мәңгілік достық пен одақтастық туралы декларация;
- 2010 жылғы 7 қыркүйектегі Өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы туралы келісім;
- 2013 жылғы 11 қарашадағы XXI ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарт;
- 2013 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы шарт;
- 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) туралы шарт.
Сонымен қатар, 2005 жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекараны (18 қаңтар 2005 жылғы қазақстан-ресей мемлекеттік шекарасы туралы Келісімге сәйкес) делимитациялау аяқталды.
Бұл құжаттардың барлығына мемлекет басшылары қол қойды және оларды екі елдің парламенттері ратификациялады. Сондықтан Мемлекеттік Думаның депутаты қалыптасқан шекараға күмән келтіріп, іс жүзінде өз мемлекетінің ресми ұстанымына қарсы келіп отыр.
Егер В.Жириновскийдің және басқа да Мемдуманың депутаттарының, Хакасия спикерінің мәлімдемелерін еске түсірсек, мұндай жағдай бірінші рет орын алып отырған жоқ. Мұндай империялық ойлау қауіпті үрдіске айналуда.
Ең жаманы, мұндай мәлімдемелер көбінесе Қазақстанның халқына бағытталған және ол біздің қоғам ішінде сенімсіздік орнатуды мақсат етеді.
Осыған байланысты, Қазақстан «Ақ жол» демократиялық партиясы Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік органдарын ноталарды ресми түрде тапсырумен қатар, арандатушылықтардың жолын кесу, бейбітшілік пен тату көршілік қарым-қатынастарды сақтау жөнінде барынша пәрменді, практикалық шаралар қабылдауға шақырады.
Ағымдағы жылдың 20 қарашасында қабылданған «Ақ жол» демократиялық партиясының бағдарламасында: «Қазақстан шетелдік саясаткерлер мен БАҚ-тың арандатушылық мәлімдемелерінің объектісіне айналуда. Бірақ тәуелсіздіктің ең жақсы кепілітанктер мен автоматтар емес, өз мемлекетіне адал азаматтар»делінген.
Біз Ресей Федерациясының басшылығының осындай арандатушылыққа назар аударып, тиісті реакция білдіреді деп үміттенеміз.
Отандастарымызды сабыр етуге, Үкіметімізді – бейбітшілік пен Республикамыздың жер тұтастығын қамтамасыз етуге шақырамыз.