Мәмбет Қойгелді: Мемлекеттің тарихи атауының қайтарылуы - әділеттілік
2020 ж. 24 қараша
2943
1
Сарапшылар Мемлекет атауын "Қазақ Республикасы" деп өзгертуге қатысты пікір білдірді
"Ақ жол" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев 2019-жылдың қаңтар айында Мемлекет атауын "Қазақ Республикасы" деп өзгертуді ұсынғаны туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі жазған болатын.
Онда «1920 жылы тамыз айында Москвада СовНарКом шекара мәселесін жан алысып талқылағанда, Әлімхан Ермеков бірнеше рет баяндама жасады. Осы жұмысқа Ахмет Байтұрсын, Әлихан Бөкейхан және басқа да қазақ делегациясының 12 мүшесі тікелей қатысты. Сонда олар арнайы экспедицияларда жинастырған ғылыми деректерге сүйеніп, қазақ жерінің тұтастығын дәлелдеп шықты. Нәтижесінде, сол жылы Автономды Кеңестік Республика құрылып, 1925-ші жылдан бастап оған халқымыздың төл «ҚАЗАҚ» деген атауы берілді», – делінген.
«Келесі, 2020 жылы мемлекеттілік тұрғысынан болашақ Тәуелсіз Қазақстанның іргетасына айналған, КСРО құрамындағы Қазақ Республикасының, нақтылап айтамын – ҚАЗАҚ Республикасының – құрылғанына 100 жыл толады. Қазақстан атауымен қатар ресми түрде қолданылуы үшін – ҚАЗАҚ Республикасы атауын қайта енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», – деп мәлімдеген еді Перуашев.
Естеріңізге сала кетейік, мұндай бастаманы 5 жыл бұрын, «Мәңгілік Ел» тұжырымдамасын талқылау барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ұсынған болатын.
Осы орайда "Қазақ үні" ақпарат агенттігі осы мәселені тағы да бір рет қоғам талқысына салып, сарапшылардың пікірін білуді жөн көрді.
Мәмбет Қойгелді, тарихшы:
-1920 жылы өмірге келген Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасы осы Совет Үкіметі мен Алашорда Үкіметі арасындағы келісімнің нәтижесі деп қарауымыз керек. Мұндай пікірді шетелдік қазақтар да қолдап отыр. Сондықтан, меніңше, тарихи атауының қайтарылуы бұл тарихи әділеттілік болып табылады.
Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
– Мен «Қазақстан» атауын «Қазақ Республикасы» деп өзгертуді қолдаймын. Кезінде бұл ұсыныс қабылданбай қалды. Негізі, біздің елдің аты о баста Қазақ Республикасы болып қалыптасуы керек еді. Біріншіден, «Қазақстан Республикасы» деген атаудың өзінде қателік бар. «Стан» деген сөз «елі», яғни «республикасы» дегенді білдіреді. Ендеше, біз Қазақстан Республикасы дегенде тағы бір «республикасы» деген сөз жасырынып тұр. Тофтология бар. Екіншіден, егер біз мемлекет атауын Қазақ Республикасы деп өзгертсек, ұлттық идентификацияда ұтатын жеріміз көп. Қазіргідей барлығы бірдей қазақстандықтар емес, қазақтар деп аталатын еді.
Бұл өз кезегінде мемлекетте мекендейтін барша халықты ұйыстыруға өз септігін тигізер еді.
Біздің құрамымызда Ресейдегі сияқты автономиялық субъектілер, яғни басқа мемлекеттер жоқ. Ал біз сияқты унитарлы елдердің бірқатары мемлекеттің атауын жергілікті ұлттың атымен айтады. Мысалы, Француз Республикасы, Қырғыз Республикасы. Осы аталған мемлекеттерде тек француздар мен қырғыздар ғана тұрады деген сөз емес қой. Олар да – дәл біз сияқты көп этникалық мемлекеттер. Францияда Африкадан келген қара нәсілдер көп. Ал Қырғыз елінің құрамында өзбектер, қазақтар т.б. ұлттың өкілдері бар ғой. Сөйте тұра, басқа этникалар мемлекеттің атауына мойынсынған. Марокко, Алжир, Сенегалдан келген мигранттар өздерін «французбыз» дейді. Міне, Франция мемлекеті осылайша да ассимиляция жасап жатыр.
Осы уақытқа дейін Қазақстан болып танылғанымыз рас. Имиджіміз де белгілі бір деңгейде қалыптасты. Бірақ Қазақстан дегенді Қазақ Республикасы етіп ауыстырғанда тұрған ештеңе жоқ. Түбірі – бір. Өзгерткеннен ештеңе жоғалтпаймыз. Иә, азын-аулақ құжаттарды қайта толтыру сияқты шығындар болады. Бірақ біз болашақты ойласақ, жергілікті халықтың бір ұлт болып ұйысып, тату-тәтті өмір сүруіне мүдделі болсақ, «Қазақстан» атауын Қазақ Республикасы деп өзгертуіміз қажет.
Қазақ үні