ТАБИҒАТ ТОЗСА, ТІРШІЛІК ТЕ ТОҚТАЙДЫ
2020 ж. 23 қараша
4041
1
Керек болса, мақтаулы техника мен технологияңыз мың есе дамып кетсін, бірақ адамзат тіршіліктің төрттағаны - жер, су, күн, ауасыз ешқашан өмір сүре алмайды. Бұл – айдай анық ақиқат. Демек, біз өзіміз өмір сүріп отырған ортаға, тіршілік тірегі табиғатқа тікелей тәуелдіміз. Адамзат та сол табиғаттың туындысы, кіндігімен байланған бір баласы. Олай болса, біз неге қоршаған ортамызды опырып, табиғатымызды тонап, жауымыздан бетер аяусыз жаралап жатырмыз? Оның да шыдамы шексіз емес, түбінде Табиғат-Ана осы тойымсыз құлқынымызды бітеп, топастығымыз бен санасыздығымыз үшін «сыбағамызды» жақсылап беретін болады...
Бұл аса қажет, өте маңызды мәселені жер бетіндегі барлық мемлекет, барлық ұлт күнделікті көтеріп келе жатқанына талай жылдың жүзі болды. Табиғат сыйын өлшеусіз жұтқан өндірістің күрт өсуі қыруар пайда әкелгенмен, қоршаған ортаға одан да көп зиян келтіруде. Бүкіл әлемнің ғалымдары жарты ғасырдан бері бірігіп, шешімін табу үшін тынбай ізденген жаһандық проблемалардың бірі - адамзат өз қолымен жасап жатқан «ғаламдық жылымық» болып отырғаны анық. Жиырмасыншы ғасырдың басынан бері жұмыр жердегі ауаның орташа температурасы 0,74 °C-қа жылынса, соның үштен бірі 1980 жылдан кейінгі кезеңнің үлесінде екен. Температура өзгеріске ұшырауының негізгі бөлігін бақылаусыз, ашқарақтықпен байлық қуған өндіріс салдарынан туындаған парникті газ концентратының шамадан тыс артуынан екенін әлем жұртшылығы мойындап та отыр. Қазіргі 21- ғасыр ішіндегі температураның өсуі эмиссияның ең төменгі мөлшері 1,1-2,9 градус, ал ең жоғары көрсеткіші 2,4-6,4 градус аралығында деп болжануда. Егер осылай кете берсе адамзатты үлкен апат алдында тұрғанын байқау қиын емес, топан су қаптаса дамыған техника да көмектесе алмайды. Табиғатты тонап, қалталарын тойымсыздықпен толтырған байлардың өзі қайда барарын білмей қалары анық.
Бүкіл адамзат атаулының басына төнген қауіптен біз де шет қала алмаймыз. Сол қатердің алдын алу үшін біз өзіміз не бітіріп жатырмыз? Бұл үлкен сұрақ. Бір қарасақ, «Табиғат – туған анамыз!» деп ұрандатып жатқан біздерден артық жанашыр жоқ қоршаған ортаға. Тіпті экология туралы, яғни қоршаған ортаны қорғау туралы, осы мәселені жан-жақты қамтыған әп-әдемі заңымыз да бар. Оған жылдар бойы өзгертулер мен түзетулерді де талай рет енгіздік. Бір ғана «Қазақстан Республикасы экологиялық кодексі» неге тұрады! Мемлекет басшысы соңғы жолдауында осы кодексті әлі де дамытып толықтыру туралы тапсырма бергені де белгілі. Қолда бар заңның бірінші бабындағы «Кодексте пайдаланылатын негiзгi ұғымдар» бөлімінде 105 атау бар. Аталмыш заңымызда: - «Адам өмiрi мен денсаулығы үшiн қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету жөнiндегi мақсатқа мемлекеттiң қол жеткiзуi, қоршаған ортаны қорғау және биоәртүрлiлiктi сақтау, Қазақстан Республикасының өз табиғи ресурстарын өндiруге құқықтарын қамтамасыз ету мен iске асыру және табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер ету мәселелерiнде ұлттық мүдделердi қорғау, қазiргi және
болашақ ұрпақтардың сұранысын әдiл қанағаттандыру...» деген орысшадан аударылған болса да орынды айтылған, заңмен бекітілген жолдар бар. (Заңның орысша жазылып, кейін қазақшаға аударылғаны әрбір сөйлемнен көрініп тұр. Ол өз алдына бөлек әңгіме). Осы заңның «Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының негiзгi принциптерi» деген бесінші бабында: - «Экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету; экологиялық қатынастарды реттеу кезiндегi экожүйелi көзқарас; қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттiк реттеу және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы мемлекеттiк басқару; қоршаған ортаны ластаудың және оған кез келген басқа түрде залал келтiрудi болдырмау жөнiнде алдын алу шараларының мiндеттiлiгi; Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылықтан бұлтартпау; қоршаған ортаға келтiрiлген залалды өтеу мiндеттiлiгi; қоршаған ортаға әсер етудiң ақылы болу және оған рұқсат алу тәртiбi; табиғи ресурстарды пайдалану мен қоршаған ортаға әсер ету кезiнде неғұрлым экологиялық таза және ресурс үнемдеушi технологияларды қолдану; өндiрiс және тұтыну қалдықтарын қайталама ресурстар ретiнде пайдаланудың басымдығы; экологиялық ақпараттың қолжетiмдiлiгi...» сияқты басты қағидаттары да тайға таңба басқандай көрсетілген. Сол секілді жер байлығын пайдалану саласы бойынша мемлекет табиғи ресурстарды қорғауға, пайдалануға және молықтыруға бақылау жасауға міндеттілігі де айтылған. Жетінші бапта Қоршаған ортаны қорғау нысандары ретінде : «Жер, жер қойнауы, жер үстi және жер асты сулары; атмосфералық ауа; ормандар мен өзге де өсiмдiктер; жануарлар дүниесi, тiрi организмдердiң гендiк қоры; табиғи экологиялық жүйелер, климат және Жердiң озон қабаты жойылудан, тозудан, зақымданудан, ластанудан және өзге де зиянды әсерден қорғалуға тиiс» делінген. Бұдан артық қандай заң керек?! Көлемі көлдей кодекстің өзге тұстарын айтпағанда, осы бір көрсетілген негізгі талаптардың өзі қолдануға әбден жеткілікті. Оған қоса қоршаған ортаны қорғау мақсатында халықаралық талаптарды сақтап, шетелдіктермен бірлесе жұмыс істеу керектігі де қамтылған.
Әрине, бір жер шарын мекендеген соң ортақ мәселені өзге де, әсіресе көрші қоныстанған елдермен бірлесе отырып шешкен дұрыс. Ол әсіресе трансшекарааралық өзендерді пайдалану бойынша қажет дер едік. Бірақ заңда көрсетілгендей ұлттық, мемлекеттік мүддені қорғауда нәтиже шамалы. Ресей өз территориясында үлкен су қоймаларын салып Жайық өзенінің арнасын тарылтты. Қытай бастауын бұрып бізге келетін Ертіс суын екі есе азайтты. Өзбекстан көрпені өзіне тартып Аралдың түбі көрінді. Жақында ғана өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының онлайн отырысында «Біз экологиялық проблемаларды және оның мемлекеттеріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы барысындағы теріс салдарын назарда ұстауға міндеттіміз. Сондықтан Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің тиісті ведомстволары аталған проблема бойынша өзара іс-әрекетін күшейтуі аса маңызды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Экологиялық проблемаларының реестрін жасау бұл бағыттағы жұмыстардың
жай-күйін тұтас көруге мүмкіндік берер еді. Бұл – шұғыл ұжымдық шешімді талап ететін мәселе» – деген Мемлекет басшысының сөзі де осыған нақты дәлел.
Сонымен заң жағынан кемістік көріп отырмағанымыз белгілі болды. Олай болса елдегі экологиялық жағдай неге көңіл көншітпейді деген сұрақтың қойылуы заңды емес пе? Қоршаған ортаны табиғи қалпында сақтауға сонда не кедергі болып отыр? Құдайға шүкір, жеріміз кең, жапондықтар секілді миллиондаған халық тоқымдай жерге тығылып отырған жоқ. Еркін тыныстап, еркін өмір сүруге жетіп артылады. Таза ауамен тыныстап, экологиялық жағынан таза тамақ ішіп өмір сүруге болатын еді ғой. Ол үшін жер байлығы да жетерлік. Басқа не керек?!.
Жоқ, сол Жаратқан иеміз берген мол мүмкіндікті ыждаһаттылықпен іске асыру да қолымыздан келмей-ақ қойды. Алдында айтқан байлық басымызға пәле болды. Ашқарақтыққа салынып, жеріміздің астан-кестенін шығарып жатырмыз. Өз отанымызда емес, жаудың жерін жаулап, жұлмалап жатқандаймыз. Жердің қазба байлығын қазып жатқан өңірлерге қараудың өзі аянышты. Бір ғана мысал, өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Екібастұз қаласы маңынан бір төмпешік көрмейтінбіз. Қазір айналасында тау-тау болып үйілген қалдықтар қаптап кеткен. Бұл аймақта жел жыл-он екі ай соғып тұрады. Жаңағы кеннің, оның ішінде көмірдің қалдықтары мен топырақ желмен ұшып адамдардың денсаулығына зиян келтіруде. Еліміздегі Атырау, Ақтөбе, Өскемен, Қарағанды сияқты өзге де өңірлерде осындай жағдайды кездестіреміз.
Біздегі түрлі кәсіпорындар экологиялық талаптарға пысқырып та қарамайды. Өндірісті өңірлердегі зауыттардың мұржасынан шыққан зиянды қалдықтар ауаға тарап, айналысын улауда. Теміртауда ақ емес, қара қар жауатын болды. Қалталы кәсіпорын иелері мардымсыз айыппұлын төлей салып, одан әрі білгенін істейді. Миттал сияқтылар мемлекет басшысының сөзін де құлағына ілмейтін болды. Ал, зиянсыз жаңа технологиялық құрал-жабдықтарды сатып алып іске қосуға ақшасын қимайды. Оның бір себебі - біздегі алпауыт кәсіпорындардың басым бөлігінің иесі шетелдіктер. Оларға қазақ ұлтының денсаулығы керек емес, тезірек молырақ пайда тауып табанын жалтыратса болғаны. Оларды заңды бұзғаны үшін елден қуғанның орнына қайсыбірі салық төлеуден де босатылған. Шетелдіктер түгіл, кеше ғана өзіміздің қарапайым ортадан шығып олигархтар қатарына қосылған қазақ байлары да өз ұлтының денсаулығы туралы ойланбайды. Байлықтың соңына түсіп, Отанын тонағандар тапқан байлығын тезірек шетелге шығарып, өздеріне түпкілікті тұрақ жасап жатыр. Бұның бәрі нені білдіреді? Сатқындықты, туған елге, туған жерге деген таза ниеттің мүлдем жоқтығын көрсетпейді ме?..
«Зиянсыз энергия көздеріне көшейік!» деп ұрандатып, қыруар қаржы жұмсап ЭКСПО өткіздік. Күн, жел қуатын пайдаланатын өндірісті алғашқы жылдары бастағандай болып едік, соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Әдеттегідей, басында айқай-шумен басталып, аяғында бәрі ұмытылды. Біздегі небір ұтымды заңдарды қабылдағанда да дәп солай. Бір жылдай
жұмыс істейді де, кейін сол баяғы «таз қалпымызға» түсеміз. Одан кейін қандай заң бізге көмектесе алсын?
«Бізде заң бар ғой, олар қалай еркінсіп кеткен?» деген сұрақтар қарапайым тұрғындар тарапынан қойылып жататыны бар. Кодексте көрсетілгендей заңды қолданатын, оның орындалуын бақылайтын үкіметтік басшы органдар мен құқық қорғау мекемелері бұл қылмысты тоқтатуға қауқарсыз. Өйткені сол кәсіпорындарды қызғыштай қорғап, еркінсітіп отырған да біздің билік басындағылар. Қолдарында заң мен билік тұрып түк бітіре алмағанына қарағанда алпауыт кәсіпорындарда олардың жеке басының үлесі бар болғанға ұқсайды.
Қоршаған ортаны ластауға қаладан шығарылған қоқыс пен есепсіз төгілген кәріз суларының да қосары үлесі мол. Қаладан қоқыс шығару қазір ең пайдалы бизнес. Жер бетінде қандай жүйе қалыптасса да қоқыс жоғалмайды. Ал оны көрінген жерге төгіп, елді мекендер маңынан қоқысқорым жасап алғандар адам денсаулығына орасан зиян келтіріп жатыр. Оны реттейтін жергілікті биліктің де туған табиғатымызға жаны ашымайтынын байқап жүміз.
Осы жерде мына бір маңызды сәтті атап өткіміз келеді. Билікке қарағанда қатардағы қарапайым адамдардың қоршаған ортаға деген ниеті таза, табиғатқа жанашырлықпен қарайды. Оған бір-екі ғана мысал келтіре кетейік. Алматы маңында Алатау бөктерінде халықаралық «Көкжайлау» тау шаңғысы кешенін саламыз деген қала билігі мен мегаполис тұрғындары арасындағы дау-дамай бірнеше жылға созылғанын білесіздер. Тауда үнемі жартылай бос тұратын Табаған, Ақбұлақ, Шымбұлақ, Медеу тағы басқа спорт кешендері бар кезде қосымша тағы бір нысанның қаншалықты қажеттігі бар еді? Бар екен. Ол пайда тапқысы келген біреулерге аса қажет болған. Ал, Алатаудың әсем көркі мен тұнған табиғаты оларды толғандырмаған. Курортты салуға 450 млн. доллар жұмсалады деп жоспарланған. Бұл жерде курорттағы инженерлік инфроқұрылым құрылысы (су, электр қуаты т. б.) шығыны есепке кірмеген. Оған қоса қаладан Медеуге дейін баратын көше жолдарын кеңейтуге жұмсалатын қаржы керек. Ал, жобалаушылар ұсынған мәліметтеріне мұқият қарағанда болашағы бар нысанға мүлдем ұқсамайды. Одан кейін мына бір «Он жылдан кейін компания ашық бәссаудаға салынып, жекеменшік инвесторға сатылуы мүмкін. Алдын-ала есептеу бойынша ол 160 млн. долларға бағаланбақшы» деген жолдар да жаңылтпашқа ұқсайды. Әйтпесе, нысан құрылысына 450 млн. жұмсап, 160 миллионға кім сатушы еді? Бәссауданың бұл бастапқы бағасы болса да оның бағасын көтеріп қандай есуас сатып алмақшы? Осы жобаны өлермен боп қолдаған қала басшылары не ойлады, әрине өз пайлаларын ғана. Ақыры мемлекет басшылығына келген Қ. Тоқаев бұл жобаны тоқтатып, көркімен көз арбаған Көкжайлау аман қалды. Табиғатты талан-таражға салып пайда табатын мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Жақында ғана Шығыс Қазақстан облысына қарасты «Семей орманы» табиғи қорығында заңсыз алтын қазушылардың қылмысы әшкерленгені хабарланды. Алтынның қызығына түскендер өзен арнасын бұрып, жер қыртысын бұзып, 3 млрд. теңге көлемінде зиян келтірген. Айлап алтын қазғандарды сонда облыс әкімдігі мен министрліктегілер білмеген бе? Білмеуі мүмкін емес. Тағы да сол тойымсыздық пен тоғышарлықтың салдары. Егер үкімет өз мойнына алған мідетін, яғни қызметін дұрыс атқармаса алтынмен апталған заңның өзі құрғақ қағида болып қалады. Сонда не істеуіміз керек?
Біріншіден, барлық саланы жайлап алған жемқорлықты түбегейлі жою үшін жазаны барынша қатайтып, бар мүлкін тәркілеп өмір бойы абақтығы жауып, оған ешқандай жеңілдік жасалмайтын заң қабылдау қажет. Екіншіден, стратегиялық маңызы бар жер, су, қуат көздері, банк т.б салаларды мемлекет меншігіне қайтарылсын. Жекеменшікке шағын және орта бизнес те жетіп жатыр. Елімізде шетелдік компаниялардың қатысу мөлшерін барынша азайту, біртіндеп оларды ығыстырып шығару. Керісінше отандық үлесті көбейту міндеттелсін. Үшіншіден, халықтық бақылау күшейтілсін. Ол үшін бұрын тәжірибемізде болғандай Халықтық бақылау комитетін құрып, кең құзірет беру қажет. Тексерген істі сотқа дейін жеткізіп, оның мүшелері сот отырысында қатысуын қамтамасыз ету керек. Халықтық бақылау органы қоғам мүшелерімен, қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста болуы міндет. Солардың ұсынысын есекеріп қызмет етсін. Кез келген шешім, оның ішінде әкімдіктің де осы ұйымның қатысуымен, келісімімен қабылдансын. Төртіншіден, қазіргі әкімдіктің алдында құрдай жоғалайтын Қоғамдық кеңес атты ұйымның жұмысын қайта құру қажет. Кеңесті өзіне ыңғайлы адамдардан тағайындайтын әкімдік емес, халықтың өзі жасақтасын. Бәлкім сонда ғана біздің еліміздегі барлық салада тәртіп орнап, заң сақталатын шығар. Сонда ғана бәрімізді алаңдатып, жұлмаланып жатқан Табиғат та тынышталып, терең тыныстайтын болар...
Зейнолла АБАЖАН,
Қазақ үні