КЕЗ-КЕЛГЕН ҚАТЕРДІҢ АЛДЫН АЛҒАН ҰТЫМДЫ

Әлемде бүгінгі күні дін туралы түрлі түсініктер таратылып жатқаны белгілі. Әсіресе кейбір күштердің қолдан жасаған діни экстремизмі адамзаттың ең қорқынышты қауіп-қатеріне айналды. Олар дәстүрлі діндерге көлеңке түсіріп, адамдарды адастыруды көздейді. Адамзатпен бірге жасап келген дінді құбыжық етіп, сенімдерінен айырғысы келеді. Сондықтан жер жүзіндегі саналы қоғам оған қарсы тұрып күресуде. Біздің елімізде де мемлекеттік бағдарлама қабылданып, діни экстремизммен күрес тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Бүгінгі әңгімеміз осы бір маңызды іске өздерінің қомақты үлестерін қосып жатқан Қарағанды облысы жайында болмақ.

Жылдың басында аймақтағы діни бірлестіктердің басшыларының қатысуымен жиналыс өткізіліп, онда осы саладағы негізгі, ең күрделі деген мәселелерді анықтап, алдағы атқарылатын жұмыс жоспарлары бекітілді.Облыстың аудандары мен қалаларында осы бектілген жоспарларға сәйкес тұрақты түрде түрлі шаралар өткізіліп келеді.

Аймақта негізгі екі діни ұйымдар басымдыққа ие. Бірінші – мұсылмандар, екіншісі – православтық сенімдегілер. Мұхаммед пайғамбардың туған күні мұсылмандардың қасиетті мерекелерінің бірі мәуліт айында Қарағанды облысы Діни басқармасының бастамасымен үлкен рухани шара өткізілді. Шара барысында төрт көпбалалы отбасына 400 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Олардың ішінде екі отбасы «Жусан» бағдарламасы бойынша елге оралғандар. Сол сияқты православтық сенімдегілер де «Рождество» және «Крещение» мерекелерін ұйымдастырды.

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы қасындағы Республикалық ақпараттық- насихат тобының мүшесі А. Смановтың қатысуымен Қарағанды қаласы «Сортировочная» бекетінде жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіліп, Қазақстан халқы бірлігі, идеялық тұтастық, қоғамдағы құндылықтар туралы ортақ әңгіме болды. Кездесу соңында әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға 1,5 млн. теңге көлемінде көмек көрсетілді.

Аймақта экстремизмге қарсы күрес бағытында халықаралық ұйымдармен жақсы байланыс орнатылған және өзара тәжірибе алмасу болып тұрады. Біздің елімізде шетелдегі қауіпті аймақтарда жүрген отандастарымызды қайтаруға байланысты ауқымды игі шара өткені белгілі. Шетелдегі теріс пиғылды күштердің ықпалымен адасқан азаматтар өз қателерін түсініп, туған жеріне қайтып оралды. Осы бір атқарылған маңызды шара бойынша біздің іс-тәжірибеміз көптеген елдерде қызығушылық тудырды. Соның бір-екеуін ғана атасақ, Брюссельде «Жусан» және «Русафа» шараларын таныстыру рәсімі өтті. Аталмыш ауқымды форумда «Жусан» бағдарламасы аясында шетелден аман-есен оралған азаматтар атынан Қарағанды қаласының тұрғыны С. Аязбаева сөз сөйлеп, өзгелерді қателікке ұрынбауға шақырды. Сол сияқты көрші Өзбекстанда өткен екі күндік халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, өзбек ағайындардың діни-экстремистік аймақтардан оралғандарды рухани сауықтыру, қалыпты өмірге бейімдеу іс-тәжірибесімен

танысып қайтты. Бұл жиында Қарағанды облыстық конфессияаралық қатынастарды зерттеу және сараптау орталығы жетекшісінің орынбасары Д. Төлегенов баяндама жасап, Қазақстанның осы бағыттағы озық тәжірибесімен алыс-жақыннан келген әріптестерін таныстырды.

Осы жерде айта кеткен жөн, аймақта шетелден «Жусан» іс-шаралары арқылы оралған отандастарымызға ерекше назар аударылады. Біріншіден, олардың өз қоғамына қайта бейімделуіне мүмкіндіктер жасалған. Екіншіден, оларды тұрақты жұмысқа орналастыру қолға алынған. Үшішіден, тұрмысы төмен, әлі де аяқтарынан тік тұрып кете алмай жатқандарға материалдық демеушілік көмектер көрсетіледі. Осындай таза ниет пен жылы қабылдауды сезінген оралушылар өз қателіктерін түсініп, діни экстремизмнің өте қауіпті екенін өзгелерге түсіндіруге, насихат жұмысына да араласа бастағаны қуантады.

Экстремизммен бүкіл дүниежүзі елдері күресіп жатқаны белгілі. Әрине, ол әр елде әртүрлі деңгейде өтуде. Біздің ел бойынша арнаулы мемлекеттік бағдарлама қабылданып, жүйелі жұмыстар жүргізілуі туралы күнделікті жаңалықтарда айтылып келеді. Соның қатарында Қарағанды облысы да белсенділік танытып, қоғамға кесірін тигізетін зұлымдықтың алдын алу шараларын іске асыруда. Ол үшін еңбек ұжымдарында болып, нақты жұмыс жүргізу қажет. Кәмелетке толмаған жастарды бейімдеу орталығы мамандары «Арселор Миттал Теміртауға» қарасты бірнеше кәсіпорындарда, Балқаш, Қарқаралы аудандарында жастармен бірнеше кездесу өткізді. Сонымен бірге жоғары оқу орындары, колледж студенттерімен және әскерилермен жүздесіп экстремизмнің қатері туралы әңгімеледі. «Сараптамалық интернет картасы» анықтағандай осы аталған топтар арасында әлеуметтік желідегі діни экстремизм идеяларына тым үйір жастар барлығы жиі айтылады. Сондықтан оларға интернетте экстремистік бағыттағы материалдарды жариялау заңмен қудаланатынын түсіндіріп, одан барынша аулақ болуға кеңес берілді.

Үгіт-насихат жүргізіп, уағыз айту үшін де мамандардың өзі осы сала бойынша сауатты болуы ләзім. Сауатсыз насихатты тұрғындар теріс қабылдауы да мүмкін. Сондықтан мамандардың біліктілігін жетілдіріп тұру аса маңызды. Осындай семинарлар экстремистік көзқарастары мен қылмыстары үшін жазасын өтеп жатқан мекемелерде қызмет ететін имамдар мен теологтар үшін арнайы өткізіліп тұрады. Сол сияқты «Әнет баба» мешітінде облыс имамдарының басын біріктірген екі күндік семинар сабақтары өтті. Оған Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының бөлім меңгерушісі С. Шоханов қатысты. «Сараптамалық интернет картасы» жобасының жетекшісі А. Бектәж аудандар мен қала әкімдігіндегі мамандармен семинар өткізіп, әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу, заңсыз контенттерді бұғаттау жайында сабақ берді. Бұл қоғамда теріс насихатты болдырмау үшін жасалып жатқан шаралардың бірі.

Елімізде коронавирус індетіне байланысты карантин жариялануы 16 науырздан бастап барлық шараларды тікелей жүргізуді тоқтатуға мәжбүр етті. Дегенмен жыл басынан осы карантин жарияланғанға дейін құрамында

173 маманы бар 19 топ барлығы 22082 адамды қамтыған 382 шаралар ұйымдастырылып үлгерді. Оның ішінде 198 кездесу жастармен өткізілді.

Карантин жрияланысымен дін басқармасы діни ұйымдар басшыларын жинап, індетті жұқтырмау мақсатында халық арасында тікелей өтетін іс-шараларды тоқтатуды тапсырды. Облыстық бас санитар дәрігердің нұсқауына қатысты мешіттерде намаз оқу, шіркеуге қатынауға уақытша тиым салынды. Ережені бұзушыларға заң жүзінде шара қолданатыны түсіндірілді және бұл қатаң бақылауға алынды. Соған қарамастан аймақта карантин талаптарын орындамай заң бұзған 11 жағдай орын алды. Олардың қатарында Евангель, Салафизм сияқты сенімдегілер бар. Ережені сақтамағандарға заң бойынша әкімшілік және оқшаулау шаралары қолданылды.

Айта кету керек, мұсылман бағытындағы діни ұйымдардың жұмысының негізі Исламда көрсетілгендей тұрмысы төмен жандарға қайырымдылық жасау болып табылады. Ол әсіресе қасиетті Рамазан айында ерекше белсенді өтеді. Дін басқармасы елімізде өткен «Біз біргеміз!» ациясын қызу қолдап, өздері де бұл игі істе белсенділік көрсетті. Биыл аймақтағы мешіттер «Зекет», «Ана-Мама» қоғамдық қорларымен бірігіп 931 отбасына және оған қоса 3326 тұрмысы төмен жекелеген жандарға жалпы сомасы 11 760 000 теңге тұратын азық-түлік себеттерін үлестірді. Аймақ бойынша бұдан да басқа көптеген қайырымдылық шаралары өткізілді. Қарағанды қаласы мен аудандарда тұрмысы төмен тұрғындарға қайырымдылық жасаған саналы азаматтар мен кәсіпорын жетекшілерінің еңбегін жоғары бағалаған облыстық Дін істері басқармасының басшысы Дулат Халел мен облыстың бас имамы Өмірзақ Бекқожа демеушілерге марапат хаттарын салтанатты түрде табыстап, халықтың шынайы алғысын жеткізді.

Маусым айының басынан карантин талаптары жұмсартылғаны белгілі. Бірақ індет қатері толықтай жойылған жоқ. Осыған байланысты Діни басқарма мен мешіт имамдары халыққа той немесе өзге де салт-дәстүрге қатысты жиындарды өткізбеуге, індеттен барынша сақтану керектігін ескерту жұмыстарын осы күнге дейі жүргізуде. Бұл мақсатта 11 бейнебаян дайындалып әлеуметтік желі арқылы қалың көрерменге ұсынылды. Қайтыс болған марқұмдарды жерлеу рәсіміне шектеулі ғана адамдар қатысуын бақылау қолға алынды. Сонымен бірге індет кезіндегі қиындықты пайдаланып жерлеу қызметінің бағасын көтеріп алғандарға ескерту жасалды.

Мемлекеттік органдар тарапынан қадағалау болу үшін аймақ әкіміне ресми хат жолданды.

Биыл Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы құрылғанына 30 жыл толу датасы атап өтілуде. Аймақ имамдарының басқосуында айтулы датаға орай аймақта 30 іс-шараны өткізу жоспарланғанын да айта кетуіміз керек. Осы жоспарға сәйкес Жаңаарқа ауданында ауыз су ұңғымасы қазылып пайдалануға берілді. Ол бес мыңнан аса адамды тіршілік нәрімен қамтамасыз етеді. Жәйрем және Түкөскен ауылдарында да тұрғындарға ауыз су берілді. Шет ауданындағы Жанқұтты мешіті күрделі жөндеуден өткізіліп, есігін айқара ашты. Сонымен бірге осы іс-шара аясында Бұқар жырау

ауданында індетке қарсы қолданатын 9 аппарат сатып алынды. «30 жылдыққа – 30 іс-шара» жоспары әлі де жалғасын таба бермекші.

Шілде айының ортасында «Сарыарқа» телеарнасында Дін істері жөніндегі басқарма басшылары мен діни ұйымдар өкілдерінің қатысумен брифинг өткізілді. Бағдарламада облыстағы діни жағдай және індет жағдайында басқарманың атқарып жатқан жұмысы туралы әңгіме болды.

Карантин кезінде барлық іс-шаралар онлайн режіміне көшті. Негізгі ақпарат тарату Конессияаралық қатынастарды зерттеу және сараптау орталығының @konffes2020 инстаграм парақшасы арқылы беріліп отырды. Желіде күн сайын дін мамандары, теологтар, сарапшылар байланысқа шығып халыққа түсіндірулер жасады. Хабарға шетелден қайтарылған азаматтар да қатыстырылды. Олардың бастан кешкен оқиғалары көпшілікке ой салды деп есептейміз. Сол сияқты қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған бағдарламалар көпшіліктің қызығушылығын арттырды. Карантин кезіндегі үш айда тікелей эфир арқылы барлығы 156 хабар таратылды. Дін саласы бойынша мемлекеттік саясатты насихаттау барысында мерзімді баспасөзде 106 мақала басылып, теларналарда 14 хабар эфирге шықты. Ал бірінші жартыжылдықта діни экстремизмге қарсы әлеуметтік желіде 4443 материал жарияланды.

Бүгінгі күні әлеуметтік электронды байланыс құралдары ең ықпалды ақпарат көзіне айналып отыр. Сол арқылы шұғыл байланысқа шығып, ақпараттарды жедел таратуға болады. Оның қамтыр аудиториясы да кең. Осы мүмкіндікті пайдаланып фейсбук әлеуметтік желісінің басқармасы «Діни экстремизм – ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді» атты республикалық конкурс жариялаған болатын. Оған біздің аймақ тұрғындары да белсене қатысты. Бұл ауқымды байқауда Семей қаласының тұрғыны Әмина Арманқызы жеңімпаз атанды. Ал Қарағанды облыстық Дін істері басқармасы әкімдікпен бірге өз алдына діни экстремизмге қарсы жазылған материалдарға конкурс жариялап, журналистерді ынталандыруға ықпал етті.

Байқауда өзге әріптестерінен оқ бойы озық шыққан «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі Ғалым Қасымханға 25- маусымда облыс әкімінің «Ақ сұңқар» сыйлығы тапсырылды.

Діни экстремизмге бейім жандарды анықтау оңай емес. Осы бағыттағы әдебиеттерді таратушыларға қоса әлеуметтік желідегі түрлі пікір білдірушілер де баршылық. Әсіресе соңғысының саны әлдеқайда көп екенін тәжірибе анық көрсетіп отыр. Сондықтан әлеуметтік желіге баса назар аударуға тура келеді. Дегенмен, күнделікті жүргізілген іс-шаралардың арқасында экстремизмге бейім адамдардың саны азайып келеді. Соңғы жасалған сараптамалардың қорытындысы бойынша деструктивтік ағымдағы интернет бағдарламаларын көрушілер саны 2019-жылы 42345 болса, 2020-жылы 25597-ге төмендеген. Бұл облыстық Дін істері жөніндегі басқарманың әкімдік, құқық қорғау орындары сияқты мемлекеттік органдармен тізе қосып, бірлесе жұмыс істеуінің нәтижесі дер едік.

Әрине, бұл көрсеткіштер экстремизм қатері мүлдем жойылды деген сөз емес. Оған қарсы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуі қажет. Аймақта жалпы алғанда діни ахуал жақсарғанмен осы саланы тіпті де назардан тыс қалдыруға болмайды. Экстремизммен күресте мүмкін барлық күштерді біріктірсе ғана оң нәтиже береді. Діни басқарма осы мақсатта «Ақ ниет» республикалық ақпараттық-насихат және бейімдеу орталығымен ортақ қимыл жасау үшін өзара мемарандумға қол қойған болатын. Бұл құжатта көрсетілгендей, Қарағанды облысы аумағында діни экстремизмнің алдын алу жұмыстарының бірлескен жоспарлары белгіленген. Жергілікті басқарушы орындармен де тұрақты байланыс жасалған.Облыс әкімі орынбасары А. Нүкеновтың төрағалығымен «Мемлекеттік саясат: конфессияаралық келісім және діни экстремизмнің алдын алу» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған дін мамандары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен жастар қатысты.

Аймақта діни экстремизмге қарсы өткізіліп жатқан іс-шаралардың бәрін тізіп шығудың қажеті жоқ шығар. Бір нәрсе анық, осыншама атқарылған шаралар нәтижесіз қалмаған. «Аурудан емделгенше – оның алдын алған дұрыс» деген дәрігерлер арасында айтылатын бір құнды қағида бар. Осы бір қағида біздің қоғамдағы басқа да жағдайларға тікелей қатысы бар сияқты. Айталық, бүгінгі діни экстремизм тақырыбына да жат емес. Кез келген қатердің өзімен күрескенше, оның алдын алған анағұрлым ұтымды. Сол арқылы қаншама адамдарымызды алдында күтіп тұрған қасіреттен құтқарып қаламыз. Қаншама шаңырақты сақтап, қаншама сәбилерді көз жасын төккен ғасыр апатынан алып қаламыз. «Адасқанның алды - жол, арты – соқпақ» деп хәкім Абай айтқандай, онсыз да өз тарихында қасіретті басынан сансыз рет кешкен ұлтымыздың әрбір адамының алдында жарқын болашақ болса екен тілейміз!..

Зейнолла АБАЖАН,

Қазақ үні