Халық туризмге қарсы емес, тек табиғатқа зорлық көрсетуге болмайды - Бисенғалиев
2020 ж. 15 қараша
2678
0
Соңғы мезгілде Маңғыстау халқын мазалап, әбігерге салған «Бозжыра шатқалына туристер үшін «Сафари-отель» салынады екен» деген хабар тарады. Әлеуметтік желілерде де, басқадай басқосуларда да осы жағдай кеңінен талқылануда. Маңғыстау тұрғындарын, табиғат қорғаушыларын, ел жанашырларын осынша мазалаған бұл қандай мәселе?
Маңғыстау ойы тұнып тұрған тарихи жәдігерлер және шын мәніндегі ашық аспан астындағы табиғи мұражай. Табиғаты ерекше. Геологиялық тұрғыдан алғанда да әлі де болса пісіп жетілмеген, өте жұмсақ, тез үгілгіш тау жыныстарынан құрылған шоқыларды, жазық алаңдарды, тау жыныстарының ерекше қисайып кеткен түзілімдерін көруге болады. Сондай жерлерде, адам аяғы сирек басатын, айырықша тыныштық орнаған ортада еркін жүрген тағы аңдардың өмір сүру заңдылықтары қалыптасқан. Ал енді сондай ерекше табиғаты бар жерге пайда табу үшін қонақүйлер салынса, автотрасса, су, газ, электроэнергия сияқты инфраструкталар тартылса, адамдар көптеп келіп, әлі де болса пісіп жетілмеген, өте нәзік, жұмсақ шоқыларды, алаңдарды таптаса, ауасын бұзса, техникалардың жұмысымен еркін жүрген аңдарын үркітсе, өсімдік әлеміне күш түсірсе, кәріз суын төксе, қоқыс тастаса, полиэтилен пакеттерін шашса... не болады? Оның бер жағында, түбекте көптеп орналасқан әулиелердің некропольдарына да әртүрлі реставрациялар жасалып, туристерге жайлы болуы үшін заманауи өзгерістер енгізсе, баяғы табиғи, аталарымыздың өз қолдарымен жасап кеткен жер асты мешіттерін, медреселерін, ғибадат жасайтын орындарын туристерге ыңғайлап «түзетсе», әртүрлі маршруттар жасап таптаурынға айналдырса не болады? Сонда Маңғыстау түбегі бірер жылдан соң «Ашық аспан астындағы табиғи мұражай» деген атағынан айырылып, көпшілік таптап тастаған, табиғаты бұзылған, ендігі жерде тамсанып қарайтын түгі де жоқ қу мекиен далаға айналмай ма? Осы жағына баса көңіл бөліп, табиғатқа зорлық жасамай, ата-бабаларымыздан қалған асыл мұра, осындай кереметті аялап пайдаланып, абайлап тамашалап, залалымызды тигізбей пайдаға асырып, келер ұрпаққа бізге қалай жетті, тап сол саф алтындай күйінде қалдыруға болмай ма?
Маңғыстау тұрғындарын да, Маңғыстаудың ерекше табиғатын, жерін жақсы білетін еліміздің халқын да толғандырған осы енді басталмақшы «Бозжыра жобасы» мәселесі еді. Халық туризмге қарсы емес, бүкіл әлем елдері туризмді дамытып, тұрақты пайда табу көзіне айналдырып, өздерінің ерекшеліктерін паш етіп жатырғанын жақсы түсінеді, біледі. Бірақ жабайы түрде емес, бүгін ғана шаш етектен пайда тауып қалайын деген пиғылдан емес, табиғатқа зорлық көрсетпей, барлық мәселені бүге-шігесіне дейін ойластырып, табиғи ерекшеліктерді ескеріп барып іске асырылған жобалар болғанын қалайды халық. Халықтың, табиғат қорғаушыларының, ғалымдардың, мамандардың пікірлерімен санасқанын дұрыс санаймыз. Экологияға, қоршаған ортаға, жан-жануарларға, аңдарға залал келмеуі керек. Осы жағдайларды ескере келіп, мен де Маңғыстаудың тұрғыны ретінде, табиғатына жанашыр адам ретінде өз ойымды, пікірімді білдіріп, мәселені ұтымды шешу жолдарын ұсынғым келді.
Енді ойымды жазайын:
Өңірдің туризм саласын табиғатқа залал келтірмей, табиғи күйін сақтай отырып пайда табудың жолдары баршылық қой. Соның ең бір тиімді жолы, табиғатқа зиян келтірмей саяхаттауға ӘУЕ ШАРЛАРЫН пайдалану. Бұл әдіс әлемде кең тараған саяхат түрі. Шынтуайтына келгенде, бұдан керемет саяхат жоқ. Өзіңе қажетті биіктіктен көздеген нысаныңды тамашалай аласың, жоғарыдан қарағанда панорамный көріністер тіпті керемет, көз алдыңа жерде тұрғаннан да артық, тамаша көріністер келеді. Жерді таптамайсың, бүлдірмейсің, шу шығармайды, аңдардың тыныштығын бұзбайды, өмір сүру дағдысына зияны тимейді, ауаны түтінімен бүлдірмейді, ең бастысы, табиғатты бүлдіретін ешқандай құрылыс жұмыстары жүрмейді, инфраструктура тартылмайды, табиғат сол бәз баяғы қалпынан өзгермейді. Бұл жерде тек қана бір мәселе кедергі болуы мүмкін, ол – Маңғыстаудың ұдайы соғатын қатты желі, шаңды дауылдары. Әуе шарларымен саяхаттағанда тек бір ғана нысанды көріп, тамашалап қоймай, туристерді қызықтырған бірнеше нысандарды да аралауға әбден болар еді.
Осы саяхат түріне қоса тағы бір айтайын деген ойым соның заңды түрдегі жалғасы іспетті. Маңғыстаудың кереметтерін туристерге таныстыру үшін «Сафари-отель» деген тас қамалдың орнына «ЭТНОАУЫЛ»-дар жүйесін жасақтаған дұрысырақ. Әлемнің небір кереметтей 5 жұлдызды отельдерін көріп жүрген бай туристерді «Сафари-отельмен», оған баратын тақтайдай тегіс асфальт жолмен, самсаған электр шамдары ілінген бағандармен... таңдандыра алмаймыз, керісінше, олардың іздегені, көргісі келетіні тұмса табиғат пен ұлттық ерекшеліктер, тарихи орындар. Туристер, саяхатшылар талғамы ерекше жандар. Олар әлемнің түкпір-түкпіріне барып, әртүрлі тамашаларды қызықтап, зерттеп, материалдар жинақтап, түбінде өз көргендерімен бөлісіп кітаптар жазып, ғылыми еңбектер жариялап жүретін керемет жандар. Негізінен алғанда олар көру үшін, танысу үшін, тереңірек білу үшін келеді әр елге, әр елдің ерекше табиғаты бар жерлеріне. Сондықтан туристерді, саяхатшыларды осы жағына басымдық беру арқылы ғана тарта аламыз. Сол үшін этноауылдарды туристік нысандарға залалы тимейтіндей қашықтықта орнатып, туристерді қызыққан жерлеріне әуе шарларымен, салт атты, қалауы бойынша, бағдарламаға сәйкес түйелерге мінгізіп те топтармен аралату, көрсету жағын ойластыру керек.
Ең бірінші, туристерді қызықтыратын нысандарды терең зерттеп, табиғи ерекшеліктерін анықтап барып жоба жасау керек. Ол нысандарға қалай бару жағы, табиғи тепе-теңдікті бұзбау жағын ойластырып алған жөн. Кейбір нысандарға тек қана әуе шарларымен баруға болады (мысалы, Бозжыраға), ал кейбіреулеріне салт атпен, түйелерге мініп баруға болады дегендей ғой. Маңғыстаудың небір керемет жерлерін туристерге жай ғана көрсете қоймай, оларды арнайы дайындалған театрландырылған бағдарламалар арқылы сапарлату жағын қарастырған жақсы. Мысалы, өлкеміздің табиғаты туристерді қызықтыратын бірнеше жерлері бар делік. Солардың әрбіреуіне, табиғатына зияны тимейтіндей қашықтықта осындай этноауылдар ұйымдастырылған болса, сол этноауылдардың, туристік маршруттардың әр қайсысы өзіндік театрландырылған бағдарламалармен жұмыс жасауы керек. Бір этноауылда туристерді саяхатқа ертедегі жәрмөңкеге баратын саудагерлердің керуені сияқты қылып, бірнеше түйелерге, аттарға мінгізіп алып шығып, ол керуенді айнала садақпен, қылышпен, білектеріне сойыл, шоқпар, дырау дойыр қамшы ілген, найзамен қаруланған қазақтың батыр жігіттерінен құралған жасақ қоршап, қорғап келе жатса. Әр саяхатқа арнайы сценарий жасалса. Осындай сапар-саяхат кезінде жолдан керуенге қарақшылар шабуылдап, олармен керуеншілерді қорғап келе жатырған батырлар шайқасса және бұл сапарды басынан аяғына дейін сол этноауылдың кәсіби кинооператоры түсіріп жүрсе. Осындай қызықты оқиғаларға толы саяхат 2-3 күнге созылып, түнге қарай жеңіл палатка-қостарда қонып, лаулап жанған отты айнала отырып әңгімелер айтылып, өлең-жырлар оқылып, домбыра, гитара тартылып, қазақтың халық әндері орындалса тамаша болары сөзсіз. Бір этноауылдың осындай театрландырылған бағдарламасы басқа ауылдарда қайталанбаса, жаңаланып отырса. Осындай ашық аспан астындағы театрландырылған бағдарламалар(қазақтың жайлауға бет алған көші, ұзатылған қыздың көші, барымташылардың жорығы, кеңес үкіметінің зорлығынан елдің шет жерлерге үдере көшуі, нәубет жылдарындағы халықтың босып кетуі, қырылуы...) арқылы туристерді, саяхатшыларды қазақ халқымен, оның басынан өткен түрлі тарихымен жақсылап таныстыруға да болар еді. Әр этноауылдың осындай маршруттың тақырыбына сай дайындаған (театрландырылған бағдарламаға сәйкес) қысқаша қазақша, ағылшынша, орысша жазылған буклеттер әр туристке алдын ала берілсе, олар бағдарламаның мән-мағынасын жете түсінер еді. Саяхат соңында туристерге осы сапардан түсірілген кинолента әдемілеп жасалып сыйға тартылса. Сонда бұндай туристік сапар, саяхат олардың естерінде көпке дейін қалары сөзсіз және олар киелі Маңғыстаудың осындай ерекше туристік әлеуетін бүкіл әлемге жая жүрері де сөзсіз. Тіпті, кейбіреулері кітап та, ғылыми еңбек те жазып шығаруы, жақсылап зерттей түсу үшін тағы да бірнеше рет келуі ғажап емес. Сонда ғана бұл нағыз САФАРИ САЯХАТ болады. Театрландырылған көріністерді, саяхаттарды ұйымдастыруға кәсіби театр режиссерлерін, актерлерін тартумен қатар, елдегі өнерлі жастарды да шақырған дұрыс. Бұлар тек туристерге театрландырылған көріністерді ойнап, өнерлерін көрсетіп қана қоймай, маршрут бойында оларға әртүрлі қызмет түрлерін де көрсететін болады(тамақ дайындау, қоналқа дайындау, ат-түйелерін баптау...).
Этноауылдарды «Сафари-отельдерден» де керемет қылып жасауға болар еді. Қазіргі техника мен технологияның дамыған заманында қазақтың киіз үйлеріне ұқсаған керемет үйлерді жасауға не кедергі, ештеңе де, тек талпыныс болса болғаны. Бірнеше үлкен ағаш үйлерді жалғастырып мейрамхана, конференц-зал, бильярд ойнайтын зал, фитнес зал, қысы-жазы комфортпен тұруға болатын мейманхана ... дегендерден құралған ЭТНОАУЫЛ жасап шығарса болғаны. Туристерге этноауылдар арқылы қазақтың, оның ішінде Маңғыстау түбегінің мәдениетін, ұлттық ерекшеліктерін(тағамдарын, тұрмыстарын, ойындарын, салт-дәстүрлерін ...) көрсетуге, насихаттауға әбден болар еді. Осы жерде ерекше назар аударатын мынандай мәселе бар, әрбір этноауылды елсіз, қуаң далада ғайыптан пайда бола кеткен оазистей қылып көрсету жағы. Этноауылдың аумағын барынша кең көлемде қоршап, жасыл желекке орап, гүлдермен көмкеріп, туристер жұмаққа тап болғандай әсерде болуына көңіл бөлу керек. Жеме жемге келгенде бұлардың барлығы өзіміздің өлкені гүлдендіру ғой, өзімізде қалатын, өзіміз үшін жасалатын дүние ғой. Шеті, шегі жоқ, сағым қуған қу мекиен даламен келе жатып, аяқ астынан мынандай оазиске тап болу саяхатшы туристердің алғашқы таңданысы болады да, артынан сол таңданыстары сапарлары аяқталғанша театрландырылған саяхатпен жалғаса беретін болады. Осындай жұмысты жақсылап ұйымдастыра алсақ, фантазиямыз, қиялымыз шарықтаса, біздің өңірімізге шетелдік туристер де, өз еліміздің саяхатшылары да құйылары анық.
Әрі қарай осы саланың кәсіби мамандарының қиялы мен ой көкжиегі жеткенінше жетілдіре берер. Менікі тек ой салу ғана.
Ескерту: Этноауылдарды туристік нысандардан қашыққа салу жағы есте болсын. Табиғаты нәзік, әлі пісіп жетілмеген шөгінді тау жыныстарын бүлдірмеу, аңдардың еркіндігін, тыныштығын бұзбау жағы қатаң ескерілуі қажет, ең басты талап осы болғаны керек.
Бисенбай Бисенғалиев, Қазақ үні