Коммунистер бұрынғы комсомолдарды құттықтады
Қазақстан коммунистік халық партиясының Павлодар облыстық комитеті Қазақстан Республикасының күнтізбесінде жоқ, Кеңес одағымен бірге құрыған «комсомол күнін» дүркіретіп атап өтті! Ресми жиында коммунистер бұрынғы комсомолдарды құттықтап, естелік медальдарды табыс етті. Бірінші хатшы Гаухар Нұғыманова бастаған коммунистер мен бұрынғы комсомолдар өздерінің ауыл шаруашылығы мен өндіріс салаларын дамытуға қосқан үлесін мақтаныш сезімімен еске алды.
Әрине, бұл жиында «Зұлымдық империясы» атанған Кеңес одағын билеген компартияның және БЛКЖО-ның Кеңес үкіметін орнату, «бай-кулактар» әлеуметтік тобын кәмпескелеу, ашаршылық, жаппай жазалау жылдарындағы қылмыстары қаншама миллион адамның өміріне балта шауып, соншама адамның тағдырын сындырғаны жөнінде ешқайсының ештеңе айтпасы анық. Қазақтардың үлкен бөлігін тілінен, ділінен, дінінен, ұлттық мәдениетінен, тарихынан бездіріп, Қазақстанды бодан елге айналдыру, демократиялық, ұлттық бағыттағы қозғалыстарды басып-жаныштап, белсенді мүшелерін ату жазасына кесу, ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру сияқты жазалау шараларын ұйымдастырған сол коммунистер мен комсомолдар емес пе еді?
Дәл коммунистер сияқты өз халқын қырғынға ұшыратпаған Гитлердің неміс ұлттық-социалисттік жұмысшы партиясын және оның ізбасары гитлерюгенд ұйымын Германияның өзінде құрметтейтін саяси ұйымдар жоқ. Ал біздің Қазақстанда егемен елдігімізді місе тұтпай, Кеңес одағын көксеп дәріптейтін коммунистерге қазіргі билеуші партия «Нұр Отан» тарапынан «Қой дейтін қожа, әй дейтін ажа» болмай тұр! Әйтеуір, «Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Мәжілістің Үкімет сағатында халық қалаулыларын комсомолдың 100 жылдық мерейтойымен құттықтаған Мәжілістің вице-спикері Владимир Божко мен оның сөзін жақтаған депутаттарды сынға алды.
Жуырда ҚКХП өз атауын «Қазақстанның халық партиясы» деген атауға ауыстыру жөнінде шешім қабылдады. Коммунистер партиясының аты өзгергенімен заты өзгермейді ғой. Демек, бұл ұйым өзге ұйымдармен қатар өмір сүріп жатқан кезде Егемен елдігімізге қауіп-қатер жоқ деп айтуға болмайды.
Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы