"Қазақстан барысы" Айбек Нұғымаров жауапкершілікке тартылады
2020 ж. 11 қараша
1736
0
Семей қаласындағы көлік колледжінің директоры Айбек Нұғымаров карантин кезінде тойға барған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ШҚО ақпарат орталығына сілтеме жасап.
Айбек Нұғымаровтың қалада тойға баруы соңғы екі күн ішінде қызу талқыланған жаңалықтардың бірі болды. Осыған орай ШҚО білім басқармасы түсінік берді.
«Облыстың барлық колледждері жаңа 2020-2021 оқу жылына дайындық шараларын қабылдады. Ауылдық жерлерде және шағын қалаларда орналасқан 6 колледжде ғана тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің департаментімен келісім бойынша оқу жылы барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, дәстүрлі форматта басталды. Осындай қиын кезеңде студенттер мен қызметкерлердің денсаулығын сақтау - негізгі әрі маңызды мәселенің бірі. Мұндай күрделі кезеңде барлық жұмысшылар мен студенттерге үлгі болатын директордың өзі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзып отыр. Айбек Серікболұлы қазіргі уақытта еңбек демалысында. Жұмысқа шыққаннан кейін оны тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады» делінген білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділованың жауабында.
Айта кетейік, соңғы күндері желіде Айбек Нұғымаровтың тойда жүрген видеосы тараған болатын.