Жемқорлық тудыратын жәйттер зерделенді
2020 ж. 07 қараша
1194
0

– Шымкент қаласының білім саласы педагогтарының он мыңдай адам қатысқан онлайн өткен Тамыз конференциясында шаһар басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов: «Елімізде алғаш рет балалар жаңа оқу жылын қашықтан оқумен бастауда. Қашықтан оқу барысында көптеген қиыншылықтарға қарамай ұстаздарымыз үнемі іздене отырып, бірлігімен, белсенділігімен, жауапкершілігімен қала абыройын асқақтата білді. Бірлесе атқарған еңбектеріңіз үшін барлықтарыңызға алғысымды білдіргім келеді», – деп ұстаздардың еңбегін жоғары бағалаған болатын.
Сондай-ақ, білім саласының басшыларына жаңа оқу жылында барлық білім беру ұйымдарында санитарлық талаптардың сақталуын, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері орын алатын барлық қызметті цифрландыруды сапалы жүргізуді тапсырған еді. – Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес қалай жүргізілуде? – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алуда. Жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн» деген болатын. Білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық, парақорлықпен күресіп, педагог мәртебесін көтеру мен беделін арттыру бағытында да мегаполисте елеулі жұмыстар атқарылуда. Шымкентте педагог кадрларды жұмысқа қабылдаудың жаңа жүйесі енгізілді. Білім ұйымдарының қызметкерлерін жұмысқа қабылдау бойынша «HR-Process» бұл мәселені түбегейлі шешпек. Яғни, білім саласының кадрларын іріктеудің автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі электронды нұсқаулықтар арқылы жүзеге асырылады. «HR-Process» жүйесі педагогикалық бос орынға өтініш беру және өңдеу барысын автоматтандыруға, үміткерлер мен бос орындардың деректер қорын құруға, сонымен қатар, заманауи ақпараттық технологияларды қолдану негізінде педагогикалық құрамды іріктеу процесінің тиімділігін арттыруға арналған. Нәтижесінде педагогтардың жұмысқа тұруына байланысты жең ұшынан жалғасу, сыбайлас жемқорлық сияқты келеңсіздіктердің жолы кесілетін болды. Білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тудыратын өзекті мәселелер толығымен зерделенді. Бүгінгі таңда білім беру саласындағы 34 мемлекеттік қызметтің 30-ы автоматтандырылған. Алайда, білім беру ұйымдарының басшыларын конкурстық тағайындау, мұғалімдерді жұмысқа қабылдау, аттестаттау мәселелері әлі күнге дейін сыбайлас жемқорлық тәуекелдері орын алатын көлеңкелі тұстары болып отыр. Осы уақытқа дейін білім басқармасы мектепке дейінгі ұйымдарға мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін автоматтандырды. Нәтижесінде, балабақшаларға жолдама алу және ауыстыру мәселесі шешілді. Бір кездері бұл мәселеде сыбайлас жемқорлық қауіптерінің бірі болғаны белгілі. Шымкент қаласының әкімдігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігімен бірлесе отырып, білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікті қалыптастыру жоспарын іске асырудың арнайы жол картасын дайындады. Ашықтықты, тазалықты, айқындықты қалыптастыру мақсатында автоматтандырылған қызметке көшіру төмендегіше жоспарланды:- Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы жан басына қаржыландырудағы тазалықты қалыптастыруда ваучерлік қаржыландыруды жүзеге асыру.
- Бүгінгі таңда Шымкент қаласында қоғамдық көліктерде электронды картамен жүру жобасы енгізілуде.
- Білім беру ұйымдарының басшыларын конкурстық тағайындау, мұғалімдерді жұмысқа қабылдау, аттестаттау мәселелері бойынша сыбайлас жемқорлық қатерін болдырмау мақсатында автоматтандырылған электрондық қызметтер көрсететін жобалар дайындалды. Білім беру ұйымдарының бірінші басшылары «Адалдық алаңы» жобасы аясында 100% бірінші қабатқа көшті.