Имандылық - ұлттық тәрбие тірегі
2020 ж. 30 қазан
2402
0
Ерте замандардан бері адамзат баласымен бірге жасасып келе жатқан дін өзінің түрлі ерекшеліктеріне байланысты адамдар арасында наным-сенім формаларының туындауы және олардың әр жерде әртүрлі деңгейде қалыптасып, дін ретінде орнығуы өмір заңдылығы немесе рухани қажеттілігі десек қателеспейміз. Сондықтан да адамзат өзінің ғасырлар бойғы тарихында небір қиын кезеңдерді бастан өткерсе де діннің формалары өзгеріп отырғанмен, халыққа қызмет етудегі рөлін жоғалтпай сақтап келді.
Діннің қоғаммен, оның ішінде әлеуметпен арадағы қарым-қатынастарын бір-бірінен ажыратып, бөлектеп қарауға болмайды. Себебі, дін кез-келген мемлекеттің пайда болуынан бастап, қалыптасу кезеңдерінде, даму жодарында, сол мемлекетте өмір сүріп жатқан ұлттардың ұйысуына оң ықпал ете алады. Сол сияқты, керісінше діндер арасында немесе қандай да бір діни ағымдар әсерімен тыныштық пен бейбітшілікті бұзып, тұрақтылықтан ауытқытып жіберуі де мүмкін. Ал, шынына келсек әлемдегі адамзат мойындаған дәстүрлі діндер мен конфессиялар адамгершілік пен руханият құндылықтарына жетелейді, соған баулиды. Адамдардың санасына, жүрегіне жылылық пен сүйіспеншілік ұялатады. Байыптап қарасақ, дін кез келген ұлттың салт-дәстүрлерін де жоққа шығармайды. Керісінше олармен үндесе отырып, жарасымдық тауып, сенім ұялатып қоғам дамуына жетелейді. Дін қазіргі кезеңде қоғамның әлеуметтік және рухани дамуының маңызды құралдарының бірі болып табылады. Адамдар дін арқылы да ата-бабаларынан бері келе жатқан өздерінің дәстүрлі құндылықтарын қайта жалғастырып, дамытып, жаңғырта алады.
Өкінішке орай, дінді өзге мақсатта пайдаланатын топтар да табылады. Бүгінгі күні экстремистік пиғылдағы арамзалар адамдардың санасын улап, дәстүрлі дінді бұрмалап, әсіресе жастарды дұрыс жолдан тайдырып жатқанына куә болып жүрміз. Елдің шырқын бұзып, терактілер жасап, бейбіт адамдардың өмірін жалмауда. Әлемнің түкпір-түкіпірінен түсіп жатқан түрлі оқыс оқиғалар туралы хабарлар соны көрсетеді. Жасыратыны жоқ, ондай арам пиғылдылар біздің елде де аракідік кездесіп қалып жүр. Сондықтан мемлекет тарапынан олармен күрес үшін арнайы бағдарламалар қабылданып, еліміз бойынша нақты жұмыстар жоспарлы түрде іске асырылып жатыр. Соның бірі Алматы облысына қарасты Жамбыл ауданы десек болады.
Ақындар мен батырлар аймағы есептелетін Жамбыл ауданында бүгінгі күні 171 мыңдай адам тұрып жатыр. Ұлттық құрамына қарай оның 83,4 пайызы жергілікті мемлекет құраушы ұлт - қазақтар. Қалған бөлігін орыс, ұйғыр, түрік және басқа ұлттар құрайды. Яғни, көп ұлтты аудан деп айтуға болады. Соған байланысты діни сенімдері де әртүрлі болып келді.
Қазіргі кезде Жамбыл ауданында ресми тіркелген 55 діни бірлестіктер бар. Олардың 46 мұсылмандық, 3 православтық, 6 протестанттық бағыттағы (4 баптистік, 2 елуіншілер) діни бірлестіктер өз ережелері бойынша қызметтерін атқаруда.
Әлемдік пандемияға байланыста аудандағы өзге де мемлекеттік немесе қоғамдық мекемелер сияқты діни бірлестіктерге (мешіт, шіркеу) карантиндік-санитарлық нормаларды сақтауы бойынша рейдтер өткізіліп тұрады. Құрбан айт күні белгіленген мал бауыздайтын орында («Аманат» ЖШС) тексерістер мен бақылаулар жүргізілді. Бұл бүгінгі уақыт талабы, адамдарымыздың қауіпті індет жұқтырып алмауы үшін атқарылатын іс-шара.
Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018–2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы бойынша 2020 жылға арналған ақпараттық түсіндіру тобы (АТТ) құрылып, құрамына 5 мемлекеттік қызметкер, 1 дінтанушы, 3 теолог, 2 құқық қорғау органы қызметкерлері, сол сияқты жастар ресурстық орталығының маманы, психолог, аудандық білім бөлімі мен БАҚ өкілдері, ӘҚО жетекшісі, «Зайырлылық және дінтану» пәнінің мұғалімі кіргізілген. Ауданымызда орналасқан деструктивті діни ағым (ДДА) өкілдерінің басым көп бөлігі орналасқан елді-мекендерде өткізетін осы ақпараттық түсіндіру тобының жыл бойы атқаратын жұмыстары жоспарланған. Сол алдынала жасалған жоспарға сәйкес 2020 жылдың 9 айы бойынша АТТ мүшелерінің қатысуымен 3950 адамның қамтылуымен 40 іс-шара іске асырылды. Оның ішінде қазіргі коронавирус індеті қаупінен сақтану мақсатында 17 онлайн форматта кездесу (дөңгелек үстел, семинар, сұхбат), 10 кездесу, қалғаны акциялар) өткізілді. Аталған іс-шараларда ұлттық құндылықтар дәріптеле отырып, жат діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған тақырыптарда әңгіме қозғалып, жан-жақты түсіндірілді.
Аудандық АТТ топ мүшелері 10 тамыз күні Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен өткен «Дін мәселелері жөніңдегі ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелерін даярлау және қайта даярлау бойынша жұмыстарды ұйымдастыру» атты онлайн форматтағы оқыту семинарына, 27 тамыз күні имамдар облыстық «Діни экстремизм мен терроризм алдын алу мәселелері мен деструктивті діни ағымдарға қарсы насихат жұмыстарын ұйымдастыру» атты онлайн семинар-тренингтарына,18 қыркүйек күні «Деструктивті діни ағым ұстанушыларымен жұмыс істейтін теологтарға арналған біліктілікті арттыру онлайн-тренингіне», 21 қазан «ДДА өкілдерінің 1 күндік окыту курсы», 23 қазан «Діни мәселер жөңіндегі заңнама» атты дінтану пәні мұғалімдеріне арналған біліктілікті арттыру онлайн семинарына белсенді қатысып, арнайы сертификаттарға ие болды.
Терроризм мен экстремизмнің идеяларын жоққа шығаратын ақпараттық-түсіндірме және діни сауаттылығын арттыру, жұртшылыққа ақпаратты жеткізу мақсатында, аудандық «Атамекен» қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық басылымында 17 мақала жарық көрді. Сонымен қатар, аудандық «Аtameken» газетінің сайтында және әр округтің жеке әлеуметтік парақшаларында терроризм актілері туралы жалған хабарламаларды берген адамдарды ұстау, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тарту, сондай-ақ қылмыстар үшін жазаға тартылатыны
туралы қоғам санасын қалыптастыру мақсатында, «Заңды біл, құқықты бұзба», « Телефонды терроризм», «Интернеттегі тұзақ», «Экстремизм мен терроризмнен сақтанайық!» бейнероликтері жарияланды. Сондай-ақ, «Сізге терроризм актісі туралы хабарлама келіп түскен кезде», «Терроризм актісінің қаупі төнген жағдайда халықтың іс- әрекеті», «Қылмыскер сізді кепілге алса», «Жарылғыш құрылғының белгілері», «Профилактика экстремизма и терроризма» атты үлестірмелі брошюралар, нұсқаулықтар 24 ауылдық округтерінде және білім, денсаулық сақтау мекемелерінің ғимараттарында ілініп, әлеуметтік желілерге нұсқаулар салынды, сол арқылы аудан тұрғындары сақтыққа шақырылды.
Қазір әсіресе індет қауіпі сейілмей тұрғанда ғаламтор жүйесін пайдалану өте ұтымды. Аудан тұрғындарын діни ахуалмен ақпараттандыру мақсатында әлеуметтік желілерде Инстаграм-«zhambylaudanydin», Вконтакте-«Жамбыл ауданы дін істері», Фейсбук-«Жамбыл ауданы дін істері» парақшалары ашылып, ақпараттық белсенді жұмыс жүргізіліп отыр. Атап айтқанда, интернет парақшаларда аудан аумағындағы тұрғындардың діни сауаттылығын көтеріп, жат діни ағымдарға қарсы имунитет қалыптастыру және зайырлылық пен ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында өткізіліп жатқан іс-шаралар жайлы ақпараттар, сонымен қатар Алматы облысы «Дін істері басқармасы» ММ-нің тарапынан шығарылған бейне материалдар мен деструктивті ағымдардың зардабтары және қатері жайлы мәліметтер тұрақты түрде жарияланып тұады. Сонымен қатар, дін саласы бойынша жаңалықтар және терроризм актісі жайлы жалған ақпарат тарату, әлеуметтік желілердегі деструктивті діни идеологияны насихаттайтын мақалалар мен видеоларды қолдау сынды әрекеттердің соңы қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыратындығы жайлы ескертпелер және де дәстүрлі емес діни ағымдардың догмасындағы қателіктері жайлы баяндалатын ақпараттар, видео материалдар және террористік іс-әрекеттердің соңы неге әкеліп соғатыны жайлы мысалдар мен деректер жарияланады. Нақтырақ айтқанда, 2020 жыл басынан бері әлеуметтік желілерде 350 материал салынған және 22400-ден астам қаралым болды. Әрбір салынған видео, фото және мәтіндердің қаралымдарын және аудиторияларға қаншалықты қызықтылығы жайлы мәліметтер ай сайын жинақталып, зерттеліп, тіркелушілердің қызығушылығына сәйкес ақпараттық жарияланымдар салынады.Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде тіркелушілер саны өсіп келеді. Мысалы, 2020 жылдың шілде айындағы тіркелушілер саны 691, тамыз айында 4878, қыркүйек айында 9100, қазан айында 10193-ге жетті. Бұл сан алдағы уақытта өсе түседі деген сенімдеміз.
Елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты шаралар онлайн форматта өткізілуде, айта кетсек елімізге танымал дінтануші ғалымдар Б. Ботақараев, Қ. Затов, Т. Ташенов, А. Дүйсенбаева, Қ. Наржанов, Ж.Рахимғазиев, О. Сейдумановтар дәріс өтсе, аудан имамдары, АТТ мүшелерімен тікелей эфирде сұхбаттар өткізді. Сонымен қатар аудандық дінтану пәнінен беретін ұстаздармен онлайн жағдайында дөңгелек үстел
өткізілді. Өткен шаралар барысында қатысқан көрермендер тарапынан дін тұрғысынан қойылған сауалдарға жан-жақты жауап беріліп, пайдалы ақпараттармен қамтамасыз етілді. Аталған форматтағы сұхбаттар біліктілігі жоғары дін қызметкерлерімен және беделді тұлғалармен әлі де жүргізілуде.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, діни экстремизм идеологиясы интернет – кеңістікті қоса алғанда, жаһандық ақпараттық коммуникациялық желілер, қазіргі заманғы электрондық бағдарламалық қосымшалар арқылы жаппай ақпараттық психологиялық әсер ету жолымен қоғамдық санаға енеді. Аудан аумағында діни экстремизм мен терроризмның алдын алу бойынша аудандық дін істері жөніндегі инспекторлары, облыстық діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығының теологтары, ауылдық округтердегі имамдармен бірлесе отырып, ауыл тұрғындары мен жастарға түсіндіру және деструктивті діни ағым өкілдерін профилактикалық оңалту жұмыстары тоқтаған емес.
Жамбыл ауданында «Жусан» операциясы аясында 3 отбасы орналасқан. Аталған отбасыларға ай сайын әлеуметтік, гуманитарлық, медициналық көмектер уақытылы көрсетіліп тұрады. Ауданымыздан шыққан 2 студент шет елдерде діни білім алуда. Студенттердің ата-аналарымен, туған-туыстарымен ақпараттық түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Ауданда екпе салдырудан бас тартқан 21 ата-ана анықталып, олармен профилактикалық жұмыстар нәтижесінде діни себеп емес, медициналық себептермен бас тартқандығы белгілі болды.
Аудан аумағында тіркелген деструктивті діни ағым өкілдерімен жұмыс басты назарға қойылған. Осыған орай аталған азаматтармен Алматы облысы дін істері басқармасы ММ-нің жанындағы орталықтарының теолог мамандары, жергілікті әкімдіктер мен дін қызметкерлері тарапынан тұрақты түрде түсіндіру және профилактикалық оңалту жұмыстары жүргізіліп тұрады. Қазіргі уақыттағы аудан аумағындағы конфессияаралық тұрақтылықты жоғарыда көрсетілген жұмыстардың өз деңгейінде жүзеге асырылып жатқанының нәтижесі ретінде санауға болады.
Дін мен салт-сананың бірлігі, тіпті, саясаттың да бірлігі кез-келген мемлекет үшін, қоғам дамуы үшін таптырмас қажеттіліктің бірі болып есептеледі. Демек, дін – әлеуметтік-мәдени байланыстардың ажырамас бір бөлігі.Бүгінде адамға, әсіресе жастарға ең қажетті нәрсе білім мен тәрбие. Бұл жастарымызға өмірдегі шынайы құндылықтарды терең түсінуі үшін, өмірде өз орнын табуы мен жалпы тіршілік жөніндегі дүниетанымын кеңейту үшін аса қажет. Тәрбиеге жеткілікті көңіл бөлмегендіктен, қоғам тарапынан жастар тәрбиесіне салғырт және немқұрайлы қарау, кейбір шектен шыққан әдепсіздік пен арсыздықтың көрініс беруіне алып келеді. Жастардың ұлттық тәрбиеге қырын қарауы бізге сәйкес келе бермейтін батысқа еліктеушіліктен туындап отырғаны жасырын емес. Сондықтан, жастарға имандылықты, ұлттық озық салт-дәстүрлерді, тәрбиелік мәні бар құндылықтарды жастар арасында кеңінен насихаттау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таба бермекші.
Нұрсейт ЖАДИКОВ,
Жоғары білікті дінтанушы маман
Қазақ үні