ТІЛ КОМИТЕТІ ЗАҢ БҰЗУШЫЛАРМЕН БЕЛСЕНДІ КҮРЕСТІ БАСТАДЫ - Әділбек Қаба
2020 ж. 26 қазан
1133
0
Талап күшейді.Тіл қорғандары барлық аймақтарда Тіл басқармаларымен бірлесіп қазақ тіліне қатысты заңнама талаптарының бұзылуына жол бермеу үшін белсенді күресті бастады. Мемлекеттік тілдің тазалығын, ұлтаралық қатынас тіліне айналуын талап етушілердің қатарында қазақша жақсы сөйлейтін орыс және өзге ұлт өкілдері жүргені - қазақ тілінің ұлтты ұйыстырушы рөлін атқара бастағанын байқатады.
Енді атқарылып жатқан жұмыстарға бір тоқталып өтейік.
Бірінші, "Тіл қорғандары" онлайн еріктілер жұмыс тобының Жаднамасы жасалды. Заңгерлермен жан- жақты талқыланды. Сөйтіп, Тіл комитеті аймақтардағы облыс, қала, тіпті аудан деңгейіне дейінгі Тіл басқармаларының басын қосып, Жадынаманы таныстырды. Бұл Президент айтқандай, қоғаммен кері байланыс орната, қоғам үнін ести отырып, Тіл қорғандары мүшелері тәрізді қоғамдағы белсенді тіл жанашырларын тарта отырып жұмыс істегенде заң аясынан шықпау, ешкімнің құқын бұзбау үшін қажетті құрал.
Жадынама Тіл қорғандарына да әлеуметтік желілердегі акаунттар арқылы таныстырылатын болады.
Екінші, осы Жадынама таныстырылған жиында барлық аймақтардағы Тіл басқармалары қоғам белсенділерін тарта отырып, тіл заңнамалары талаптарының бұзылуын тексеруді белсенді жүргізу мақсаты қойылған болатын.
Осы апта ішінде Алматы қаласында, Атырау, Жамбыл, Қарағанды обылыстарында, басқа да өңірлерде белсенді тексерулер жүргізілді. Тексеру нәтижесінде көптеген заң бұзушылықтар анықталып, ескертулер жасалды, хаттама толтырылды, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Үшінші, "ТІЛ ҚОРҒАНЫ" телебағдарламасы ашылып, бүкіл республика бойынша рейдтерден репортаждар жасауы үшін арнайы кесте жасалды. Сондай- ақ әр облыста осы тәрізді тіл мәселелерін өткір көтеретін телебағдарлама ұйымдастыру мәселесі қойылды.
Алматы телеарнасы қасынан әр аптаның жұмасы күні кешке қарай шығып тұратын хабардың екі түсірілімін халық өте жақсы қабылдады. Алдағы уақытта бұл бағдарламаның ұлтқа қызмет етуде кедергілерге ұшырамауына " Тіл қорғандары" қолдаушы болуы керек.
Төртінші, еліміздегі барлық мульфильм жасайтын компания басшыларын жинап, "Неліктен елімізде қазақ тіліндегі анимациялық фильмдер аз?" деген тақырыпта кездесу өткіздім. Мұнда да мәселе өте көп. Ол туралы жаздым. Бұл салаға мемлекет ерекше көңіл бөліп, аямай ақша жұмсамаса балаларымыздың тілі бесіктен- ақ орысша шығатын болады. Осы және басқа да мәселелерін жинақтап олардың пікір, ұсыныстары негізінде Хаттама қабылдап, құзырлы министрліктерге жібердік. Мақсат - қазақ тіліндегі мультфильмдер санын арттыру, шетелдік анимациялық фильмдерді сапалы дубляждау, балалар көретін арнайы арналар саны қатарын өсіру.
Бесінші, еліміздегі танымал жас ақын, жазушылармен кездестім. Қазақ тіліндегі балалар әдебиетін көтеру, жалпы жас жазушылардың шығармашылығы мен түйіні шешілмей жатқан мәселелерін сөз еттік. Мемлекеттік тілдің мерейін өсіру үшін сол тілде жазатын мықты шығармалар санын арттыруымыз керек. Қазақтың жас ақын, жазушыларын оқу жастар арасында қалыпты мәдениетке, мақтанышқа, сәнге айналуы керек. Әйпесе, қазір жастар интернеттен көбіне шетелдік әдебиетті орыс тіліндегі нұсқасында оқуға бейім болып барады.
Жас жазушылар да пікірлерін айтып, ұсыныстарын берді. Тіл комитетінің баспа басқармасы арқылы бірқатар бірлескен жұмыстар жасауға келістік. Бұл қазақ тіліндегі ең үздік шығармалардың, драматургияның дамуына үлес қосары анық.
Алтыншы, ТІЛ ҚОРҒАНДАРЫ онлайн еріктілер тобының жұмысы белсенді жүре бастады. Топ мүшелері әр аймақтан өздері көрген сауатсыз жарнамаларды, қате маңдайшалар мен жапсырмаларды суретке, видеоға түсіріп Топтың телеграм, инстагграм, фейсбук желілеріндегі акаунттарына жіберіп жатыр. Тіл комитеті бұл деректерді қарап, өңірлердегі тіл басқармаларына, әкімдер мен бизнес саласы басшыларына талап хат жолдады.
Бір сөзбен айтқанда Тіл комитетінің " ТІЛ ҚОРҒАНДАРЫ" онлайн еріктілер тобымен, яғни тіл жанашырлары өздеріңізбен бірлесе отырып жасап жатқан жұмысымыз.қоғам тарапынан қолдау тауып, тіл заңнамалары талаптарын сақтау жұмысы белсенді жүріп жатыр. Азаматтар арасында өз тіліне деген құрмет артты. Күн санап Президенттің қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру идеясын қолдаушылар менТіл заңнамаларының сақталуы үшін күресуге дайын Тіл қорғандары саны да арта түсуде. Олардың бірқатары өзге ұлт өкілдері. Мұның бәрі Қазақстан халқын топтастырушы ұлы күш - қазақ тілінің мәртебесін арттыра түсері анық.
Іске сәт ТІЛ ҚОРҒАНДАРЫ, Тіл жанашырлары!
Әділбек Қаба,
Тіл саясаты комитетінің төрағасы
Қазақ үні