Азамат Тасқараұлы: Мемлекеттік намыс болмаса, Бораттар білгенін істейді!
2020 ж. 23 қазан
4426
0
Мемлекеттік намыс болмаса, Бораттар білгенін істейді! Сыртқы істер министрінің титтей намысы бар болса, көк туымыз қорланған Австралия мен Ұлыбританияға қарсылық нотасын жіберер еді ғой. Біздің идеологтардың "байлаудағы әнші-бишілерін" жинап "Мен туыммен мақтанамын" деп флешмоб ұйымдастырғаны не керек? Оны кім көреді? Біздің орыстілді сайт, газеттеріміз Бораттың флешмобтарын жарыса жарнамалап жазып жатыр, оғанда ешкім назар аударар емес.
Бізде "елдің Ыбырайы - Ыбырайы, біздікі - сұмырайдың" кері. Бораттар көк туымызды борбайына қыстырып жүргенде, біздің билік өздерінің шоумэндерімен флешмоб ұйымдастырып, соған разы болып жүр.
Мемлекеттік намыс болмаса, Мемлекет азаматтарынан не күтуге болады? 2016 жылы Геннадий Головкинге Jordan Brand спорт атрибутикасының өндірушісі табанында қазақтың көк туы бейнеленген аяқ киім сыйлағанын көрдік. "Мынауыңды кимеймін де, қабыл алмаймын" дей алмады біздің жігіт. Сол жерде табанға бейнеленген ту үшін деп компания өкілін талдырып түсірсе, қайта "халық батыры" атанып кетер еді.
Азамат Тасқараұлы,
Қазақ үні