Аналардың алғысын арқалаған азамат
2023 ж. 12 ақпан
1610
0
немесе Ғани Қалдыбаев туралы бір үзік сыр
Дүниеге баланың келуі әрбір отбасының жеке қуанышы ғана емес, қоғам үшін де маңызды құбылыс. Халық санының артуы – мемлекет іргесінің одан әрі беки түсуіне бастар жол. Осынау ел дамуы жолындағы маңызды іске бар білім-білігін арнаған ақ халатты абзал жанның бірі де бірегейі – медицина ғылымының магистрі, «Алтын дәрігер», «Медицина саласының үздігі» төсбелгілерінің иегері, жоғары санатты акушер-гинеколог, Алматы облысы, Қарасай аудандық перзентханасының Жүкті әйелдер патологиясы бөлімінің меңгерушісі Ғани Қалдыбаев десек артық айтқандық емес.
1974 жылы Түркістан облысына қарасты шағалалы Шардара өңірінде дүние есігін ашқан Ғани Қалдыбайұлы Шардара қазақ орта мектебінде білім алып, қияға қанат қағады. Ол еліміз егемендік алып, еңсесін түзеген 1991 жылы арман қуып, Ару қала Алматыға бет алған жастың бірі еді. 1991-1997 жылдар аралығында С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінде жоғары білім алып, акушер-гинеколог мамандығын игеріп шығады. 23 жылдан бері осы салада үздіксіз қызмет етіп келе жатқан маманнан акушер-гинеколог мамандығын таңдауының сырын сұрағанымызда:
– Анам – Спакүл Чимирова Шардара қазақ орта мектебінде отыз жылдан астам уақыт бойы мұғалімдік қызмет атқарып, білім саласында аянбай тер төккен ұлағатты ұстаз. Қазір бейнетінің зейнетін көріп, Алланың берген немерелерін сүйіп, солардың әрбірінің қызығына тоймай отырған ақжаулықты әже. Мен оқушы кезімде-ақ анам маған: – Ұлым сен өскенде дәрігер боласың. Ол үшін сабағыңды өте жақсы оқуың керек, – деп үнемі айтып отырды. Анам артқан зор сенімді ақтауға тырысып, мектепті үздік бітірдім. Анам менің акушер-гинеколог атанып, аналардың алғысына бөленуімді армандаған жан. Ананың перзентіне деген ақ тілегі қашан да қабыл болады емес пе? Бүгінде міне, қаншама баланың дін аман дүние есігін ашуына мұрындық болып, мүмкіндігінше аналарды қуанышқа бөлеп жүрміз. Осындай жауапкершілігі зор істі атқарып жүргеніміз де әуелі Алла, одан соң анамның ақ тілеуінің арқасы дер едім, – дейді дәрігер.
Жалпы Қалдыбаевтар отбасы мүшелерінің дені медицина саласының майталмандары десек қателеспейміз. Себебі, Ғани Қалдыбайұлының әпкесі –Гүлмира Қалдыбайқызы медицна саласы бойынша жоғары білім алған провизор-фармацевт болса, қарындасы – Әлия Қалдыбайқызы жоғары санатты акушер-гинеколог. Осы тұста білікті дәрігерден өзі қызмет атқаратын перзентхананың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы толғырақ айтып беруін өтінген едік.
Ғани Қалдыбаевтың айтуынша, 120 орындық Алматы облысы Қарасай аудандық перзентханасында ана мен бала саулығын сақтау үшін барлық жағдай жасалған. Перзентхана жаңадан босанған аналардың және енді ғана дүние есігін ашқан сәбилердің денсаулығын жақсартуға қажетті барлық құрал-жабдықтармен толыққанды қамтамасыз етілген.
Алматы облысы, Қарасай аудандық перзентханасының қызметкерлері
Мемлекет басшысы Қ-Ж.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауының «Медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету» атты үшінші бағытында ана мен сәби саулығын сақтауға айрықша көңіл бөлу қажеттігін атап өтеді. Медицинадағы осынау басым бағыттың аясында Қарасай аудандық перзентханасында көптеген ілкімді істер атқарылып келеді.– Біздің перзентханамыз аудан көлемінде босанушы аналарға акушерлік қызмет көрсету тұрғысынан көш бастап тұрғанын атап өткеніміз жөн. Бүгінде ана мен бала өлімінің саны азайып, туу көрсеткішінің жыл сайын артып келе жатқаны осы сөзіміздің айқын дәлелі. Атап айтсақ, 2019 жылдың алғашқы 9 айында босанған әйелдер саны – 4991 болса, 2020 жылдың дәл осы мерзімінде 6066-ға жеткен. Ал, жоғарыда атап өткен уақыт аралығында туылған балалар саны – 2019 жылы 5057 болса, 2020 жылы 6051-ге артқан. Оның ішінде егіздер саны – 42 десек, осы жылы 67-ге жетіп отыр, – дейді дәрігер.
Аталмыш бөлімшеде ана мен бала өмірін сақтап қалу үшін аянбай тер төккен дәрігерлердің көшін бастап, Ғани Қалдыбаевтың жүргендігін атап өту ләзім. Дәрігерлердің ел басына күн туған сәтте еселі еңбек еткенінің арқасында Қарасай аудандық перзентханасының қызметіне жүгінген науқастар арасында айрықша асқынулар орын алмапты. Барлығы дерлік дер кезінде тиісті емді қабылдап, ауруынан құлан таза айыққан.
Аналарға қалтқысыз қызмет көрсетуді өзінің азаматтық борышы санайтын кәсіби маман аналардың денінің саулығы – еліміздің басты байлығы екенін айтады. Өйткені, дені сау анадан ғана денсаулығы мықты бала өмірге келетіні бесенеден белгілі. Мемлекеттің басты құндылығы – адам екенін ескерсек, өмірге келетін әрбір баланың қоғамымызда алатын орны айрықша.
– Акушерлік қызмет көрсету барысында түрлі қауіп-қатермен бетпе-бет келетін кездер де жиі орын алады. Атап айтсақ, кейбір науқастарда артериялық қан қысымының шамадан тыс жоғарылауының салдарынан ананың да, баланың да өміріне қауіп төнетін сәттер кездеседі. Әсіресе, мұндай ауытқулар он сегіз жасқа дейінгі алғашқы босанушылар мен отыз жастан асқан алғашқы босанушылар арасында кездессе, шұғыл түрде жан сақтау бөліміне ауыстырып, операциялық жолмен баланың да ананың да өмірін аман сақтап қалуға тырысамыз. Өз ісіне адал, аудандағы айтулы маман Ғани Қалдыбайұлының әрбір күні аналарға қуаныш сыйлаумен өтеді. Қызықшылығы мен қиыншылығы қатар жүретін осынау өмір жан-жағына шуақ шашып жүретін осындай азаматтармен мәнді екені сөзсіз. Бүгінде қаншама мың ананың алғысын арқалап жүрген Ғани ағамыз отбасында аяулы жар, ардақты әке.
– Мен үшін дүниеде перзентін аман-есен бауырына басқан ананың қуанышты жүзін көруден асқан бақыт жоқ, – деп түйіндеді сөзін дәрігер.
Сөз соңында біз де, бүгінгідей еліміз дамудың даңғыл жолына түскен, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда ешбір ана мен баланың жүзін мұң шалмасын деп тіледік!
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
qazaquni.kz