Көп адам жиналатын жерлерге бармау керек - Эпидемиолог
2020 ж. 16 қазан
1390
0
Коронавирустың екінші толқыны туралы әлеуметтік желіде жиі жазылып, халық "індет қайта жаппай таралып кете ме?" деген сауалды көп қояды. Елімізде вирус жұқтыры жағдайлары азайғанмен, мамандардың айтуынша, әлі де қауіп өте үлкен.
Осы орайда "Қазақ үні" ақпарат агенттігінің тілшісі Астана медицина университетінің эпидемиологы, Қоғамдық денсаулық және гигиена кафедрасының меңгерушісі Роза Сүлейменоваға хабарласып, індетке қатысты маңызды сауалдар қойған болатын.
Роза Қалдыбекқызының айтуынша, қазіргі уақытта босаңсуға болмайды.
- Сыртқа шыққанда бетперде кию керек. Кемінде екі метр ара қашықтық сақтау керек. Көп адам жиналатын жерлерге, тойларға бармау керек. Қолды сабындап жууға мүмкіндік болмаған кезде, антисептиктерді пайдалану қажет. Себебі, сыртта есіктің тұтқаларын, тағы басқа заттарды ұстаймыз. Үйде немесе жұмыс орындарында бөлмені күнделікті кемінде 4-5 рет желдетіп отыру керек.
Сонымен қатар, эпидемиолог маман иммунитетті көтері жолдары туралы да айтып өтті.
- Індетті алдын алу үшін күніне екі мезгіл міндетті түрде ыстық тамақ ішіп, дәруменге бай жеміс-жидектерді пайдалану керек. Ағуызы көп тағамдар адамның иммунитетін көтереді. С дәруменінің табиғи көзі болып саналатын жемістер жеп, сұйықтықты көп мөлшерде ішу қажет - деді ол.
Еске сала кетейік, жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің екінші кезеңіне дайындық жөнінде кеңес өткізіп, көптеген елде эпидемиологиялық ахуалдың нашарлағанын, осыған байланысты ахуал ушыққан жағдайда оған мемлекеттік органдардың дайын болуы қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы пандемияның екінші толқыны болған жағдайда негізгі салмақ тағы да медицина қызметкерлеріне түсетінін атап өтті. Президенттің тапсырмасы бойынша екінші жартыжылдықта төлемақы үшін 150 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.
«Жергілікті жерлерде үстемақыға қатысты «цифрмен ойнау» мәселесі жалғасуда. Бұл қаржы бөлу ісінде осы уақытқа дейін ашықтық жоқ. Мұндай жағдайды болдырмау қажет. Бас дәрігерлер жұмыс уақытының есебін түзетуді медицина қызметкерлерінің пайдасына емес, керісінше жасауға тырысып жүр. Дәрігерлер өздеріне тиесілі ақшаны сұрап алмауы тиіс. 30 қыркүйектегі мәлімет бойынша пандемия кезінде бұл індеттен 182 медицина қызметкері көз жұмды. Қазіргі кезде бұл жағдайларды түрлі комиссиялар қарастыруда. 37 отбасына ғана жәрдемақы төленді. Мұндай жағдайға мүлде жол бермеу керек. Өлім себептерін адам қайтыс болғаннан кейін анықтау көптеген қиындықтар, соның ішінде, этикалық сипаттағы түйткілдерді туындатады. Осы орайда Үкіметке қайтыс болған медицина қызметкерлерінің отбасыларына егжей-тегжейлі тергеу жүргізбей, тиісті барлық жәрдемақыны төлеуді тапсырамын. Медицина қызметкерлерінің қызмет барысында науқасқа шалдығуы расталған жағдайда олардың төлемақылары қысқа мерзім ішінде сөзсіз төленуі тиіс», — деді Президент.
Сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР қаржы министрі Е. Жамаубаев коронавирус инфекциясымен күресуге және экономикалық белсенділіктің баяулауы жағдайында экономика мен бизнесті қолдауға бағытталғанын іс-шаралар жоспарын атап өткен еді.
«Бюджет шығыстарын өзгерту негізінен ҚР Президентінің Жолдауындағы мәселелер мен басқа да тапсырмаларын орындаумен байланысты және келесі бағыттарды қамтиды. Біріншіден, коронавирус инфекциясымен күрес бойынша жұмыстарға қосымша 238,7 млрд теңге бөлінді. Осы қаражат шеңберінде келесі шаралар жоспарланып отыр: карантин іс-шараларын жүргізуге тартылған медицина қызметкерлеріне жалпы сомасы 143,4 млрд теңгеге қосымша ақы төлеу; тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде COVID 19-дың таралуына жол бермеу мақсатында медициналық қызметтерге ақы төлеу - 83,2 млрд теңге; ішкі істер органдарының қызметкерлеріне эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқаны үшін сыйақы төлеу – 11,7 млрд теңге», — деп нақтылады Е. Жамаубаев.