ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ АС ТА САТЫП АЛА АЛМАЙСЫҢ!?. (видео)
2020 ж. 10 қазан
4200
0
Бірнеше тілдерді беске білетін дипломат Садық Жанықұл (суретте) әлемнің қай елінде болса да, сол елдердің тілдерімен күнін көріп жүрсе де... өз елі ҚАЗАҚСТАНДА өзінің ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ АС ТА САТЫП АЛА АЛМАДЫ!..
Тәуелсіздіктің 30 жылындағы бұндай "жарқын жетістіктің" көрінісіне Алматыдағы Макдональдс мейрамхана-дүкенінде куә болдық...
Осыдан төрт жыл бұрын "Қазақ үні" газетінде Қарағандыда бір бөлке нан сатып ала алмаған студент Дастан Жақыповтың жанайқайын жазып едік...
Енді міне мәдени ордамыз, қылышынан қан тамған кеңестік империяның кезінің өзінде, Желтоқсанда теңдік сұрап Азаттық алаңына шыққан, Тәуелсіздік бесігі Алматымызда да осындай масқара болып тұр...
Макдональдс мейрамхана-дүкенінІң сатушысы Айсара есімді қазақ қызы Ана тілінде сөйледен бас тартып, отарлаушы ел тілінде сөйледі.
Бұдан кейін Макдональсд мейрамхана-дүкеніне өзінің ұлттық намысы барлардан кім барады енді? Мысалы, мен ешуақытта бармаймын. Барсам, Мемлекеттік тіл естеріне түсті ме екен деп, тексеру үшін ғана барамын!Қазір мемлекеттік мекемеде болсын, халыққа қызмет көрсету орындары мен сауда дүкендері, банктер мен мейрамхана, жолаушылар көлігінде болсын, мемлекеттік тілде қызмет етуді талап етсең "У нас два языка" деп шығады. Конституция мен Тіл заңындағы мемлекеттік тілдің мәртебесінің нақты емес, әлсіздігін алдыңа тартып, қасқайып тұрады. Бұндай заңдағы нақтылықтың жоқтығы басқа тіл емес, қазақ тілінің - мемлекеттік тілдің дискриминациясына ұшыратып жату күннен күнге жиілеп келеді...
"У нас два языка" дегендер ендеше неге екі тілдің бастысы - Мемлекеттік тілде сөйлемейді? Бір ғана Ресей мемлекетінің тілінде сөйлейді? Екі тілде сөйлеуі тиіс тек неге қазақтілділер болуы тиіс?!.
ҚР Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы заңның 26-шы бабының 1-ші тармағы бойынша: "Сатушы (дайындаушы, орындаушы) өзінің атауын (фирмалық атауын), орналасқан жерін (заңды мекенжайын) және жұмыс режимін қазақ және орыс тілдерінде аталған ақпаратты тауарды өткізу (жұмысты орындау, қызметті көрсету) орнында орналастырып, тұтынушының назарына жеткізуге міндетті."-деп тайға таңба басқандай жазулы тұр!
Сауда орыны қызметкерінің "фото-видео түсіруге тыйым салынған" дегені де заңсыз, Тұтынушылар туралы заңның 24-ші бабына қарсы. Бұл бапта "сатушының тұтынушының фото/видео түсіруіне қарсы болуына қақысы жоқ" деп жазылған.
Бізде кейінгі кезде интернетте қазақ тілінде - мемлекеттік тілде жауап ала алмаған азаматтардың өз құқықтарын талап еткен жанайқайларын түсірген видеолар қаптап кетті. Оның ақыры жанжалға ұласып, полиция келіп жатыр. Тұтынушылар туралы заң түгілі Конституция мен Тіл заңын да білмейтін полиция (біз куә болған видеоның бәрінде солай) заңды құқын талап етіп тұрған тұтынушыны тұқырта жөнеледі сүйрелеп... Оның арты кейде үлкен дау-жанжалға ұласып, Тұтынушы құқы тапталғаны үшін тұтанған өрт сотқа жетіп басылады. Ал біздің қазіргі екі тілді жағаластырып, осындай ұлтаралық дау-дамайға ұласардай екіұштылықпен жасалған әлсіз, көзбояушы заңның Мемлекеттік тілді талап еткен азамат құқын қорғауға қауқары жоқ екені белгілі...
Біз осындай заңсыздықтармен талай жылдан бері күресіп келе жатқан Руза Бейсенбайтегі, Жұлдызай Форт, Оғыз Доған, Жасұлан Иса, Мұқағали Балқыбай, Айдын Құмарбекұлы, өткендегі Алматыдағы қазақ тілінде сөйлеспей Ресей тілінде ғана қызмет ететін стоматологиялық Dental поликлиникасынан мемлекеттік тілде қызмет етуді талап еткен аягөздік Жанар Жахат, бүгінгі Макдональдст қызметкерлеріне Тәуелсіз Қазақ елінде тұратындарын еске түсірген Садық Жанықұлды айтып отырмыз. Қазақ тілі үшін күрескен бұндай жеке тұлғалар түгілі мемлекеттік орган - Алматы қаласы әкімдігі құрған мониторингтік жұмыс тобын кіргізбеуге тырысып, видео түсіруге рұқсат бермей шу шығарған Гранд парк сауда орталығының кеудемсоқтығына кім жауап береді? Алматы қаласы әкімдігі Тіл дамыту орталығы бас инспекторы Бақыт Қалымбет бастаған мониторингтік жұмыс тобы мүшелеріне мониторинг жасау үшін Алматы ТВ арнасымен барғанда болған айқай-шуды интернеттен елдің бәрі көрді. ГрандПарк сауда үйінде бірде бір мемлекеттік тілде жазылған жазу таппады мониторинг жасаушылар. Бұл құрамында қаладағы 8 аудан әкімі орынбасарлары, қалалық прокуратура қызметкері, Ішкі істер департаменті басқарма басшысы орынбасары, қалалық қоғамдық даму басқармасы, кәсіпкерлік басқармасы, тб басқармалар басшылары мен Дос Көшім секілді белгілі қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары, қалалық газет пен телеарна басшылары бар жұмыс тобына осындай қарсылық көрсеткен сауда орыны неге сүйеніп отыр? Әрине, әлсіз тіл заңына! Ал осындай үлкен де, құзыретті құрамдағы қала әкімдігінің жұмыс тобын бір сағаттан аса аттатпай тұрып алған сауда орындары жеке тіл жанашырларымен сөйлеспейді де. Тек күзетшілерін салып қойып, кабинетінде камерадан қарап, біздің заңымыз бен арымызға миығынан күліп қойып, кофесін ішіп отырады...
Айта кетейік, Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен құрылған қаладағы мемлекеттік тілдің қолданылуын бақылау үшін құрылған мониторингтік жұмыс тобы - Алматы қаласы әкімдігі тарихындағы, тіпті республика бойынша әкімдіктердің тілге байланысты қолға алған тұңғыш шарасы десе де болады...
Тіл заңы нашар болғандықтан Тілдің құқын қорғай алмайтын Тіл басқармаларының кесірінен Кәсіпкерлік кодексінен 2013 жылы енгізілген Мемлекеттік тілдің қолданылуына байланысты мемлекеттік органның тексеру құқы 2015 жылы алынып тасталған. Себебі екі жылдың ішінде еліміз бойынша кәсіпкерлік субьектілерін тілге байланысты ешқандай Тіл басқармаларынан тексеру болмаған. Сондықтан, Тіл басқармасы кәсіпкерлік субьектілерді тексеруге де құқы жоқ болғандықтан, ең болмаса, отыз жылда бір мониторинг жасай қояйық дегенінің аяғы жоғарыдағы Гранд Парктегідей жанжалмен аяқталды...
Ал еліміз бойынша екі жыл бойы мемлекеттік тіл мүддесін қорғап бір де бір шағым түспеуінің себебі неде? Бізде бәрі тамаша екен ғой деп ойлап қалмаңыз. Оның ең басты себебі Тіл басқармаларының басшыларының 90 пайызы "осы күнімді тыныш өткізсем болды, басыма бәле тілеп нем бар?" деп, көлеңкесінен қорқатын ләппайқұлдар. Олардың бар жұмысы - мемлекеттік тілді білмейтін, мемлекеттік тілді білуі тиіс екенін де білмейтін және мемлекеттік тілді білмейтінін міндетсінетін мемлекеттік қызметкерлердің Ресей тілінде жазған іс қағаздарын қазақшаға аударумен күн өткізу.
Талай елде болса да, өз еліндегідей мұндай сұмдықты көрмеген Садық Жанықұл бауырымыз: "Албанияда болғанымда сондағы таныстар айтады: "Бізді түріктер үш жүз жыл биледі. Біз екі албан түрікше беске білсек те, бір-бірімізбен өз тілімізде-албанша сөйлесеміз. Өйтені біз тілімізді жоғалтсақ, өзімізді жоғалтамыз" дейді олар. Тілі жоқтың - өзі жоқ!"-деп, тәлімді дәріс оқып кетті ана тілінде сөйлеуге ары мен миы жетпеген "Макдональдс" мейрамхана-дүкені сатушыларына.
Бұл оқиға дипломат Садық бауырымыздың өте мәдениетті болғандығынан тыныш аяқталды. Әйтпесе, қалай аяқталатыны белгісіз еді... Соның өзінде Макдональдс басшылары Яндекс такси мекемесіне (Садық пандемияға байланысты уақытша жұмыссыз болғасын осында істеп жүр) шағымданып: "Бізге келіп, жанжал шығарып, күш қолданып, шу шығарып кетті" деп, жала жауып, үстінен арыз түсіріп үлгеріпті. Иә, Мемлекеттік тілді талап етіп, заңды қорғасаң, үстіңнен арыз борайды. Ал біздің билік, құқық қорғау орындары Конституция мен Тіл заңын талап етіп, Мемлекеттік мүдде- Ұлттық мүддені қорғағаның үшін марапаттаудың орнына арыз берушілердің алдына түсіп алып шауып, үстіңнен қуана іс қозғап шыға келеді. Бұған мысал белгілі ұлттық мүдденің қорғаушылары Марғұлан Боранбайдың ісі мен Руза Бейсенбайтегін полицияның қудалай бастауы...
Мемлекеттік тілге бұрын "жедел жәрдем" керек еді, кейін полиция араласатын болды, енді "өрт сөндіруші" де қосылды...
Садық Жанықұл бауырымыздың өте сауатты, мәдениетті түрде сөйлесіп, Мемлекеттік тілдің мәнін түсіндірген түсірілімін көрсеңіздер: "Біз қай елде тұрамыз, қайда бара жатырмыз, Тәуелсіздікті қашан алдық?" деген ойлар жаныңды мазалап, қаныңды қайнатады. Әрине, егер қаныңыз қазақ болса...
Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдамай, көрген күніміз осы! Бұдан да зорғысын, халық толқуын көруді әдейі қалап отырмаса, билік ел отыз жыл бойы күтіп келе жатқан Мемлекеттік мүддені қорғайтын шешімге келуі керек!
Қазыбек ИСА, "Қазақ үні"