ТҮРКІСТАН ӨЛКЕСІНДЕГІ ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ «МЫҢ БІР САПАР»

Түркістан – «Екі дүниенің есігі, Ер түріктің бесігі» атанған қасиетті қара шаңырақ, еліміздің рухани астанасы, Қазақ хандығының ордасы болған киелі шаһар. Сан тарау тарихи оқиғаларды құшып жатқан Оңтүстік өлкеге сапарлап келетін әрбір пайымды қазақ топырағы мен суына қасиет сіңген осынау қарт қалаға табан тигізіп, Әзірет Сұлтанға тәу етуден бастаудың қандай тылсым сыры бар десеңші. Бұл қазақ үшін Тәңір тағалам қазақы танымымызға тереңдей тамызып, ата-бабаларымыздың алпыс алты тамыры арқылы ұрпақтан ұрпаққа қанмен беріп келе жатқан құсни рәсімге айналғаны қашан! Мұндай құндылыққа ақ ниетін ептеп, хақ мұратын септеп, Жаратқаннан жәрдем сұрап, ұлы істерді бастау – ұлылық. Сол ұлылықты сонау Елордадан ат терлетіп келіп үш күндік сапарын түркі жұрттарының меккесіне айналған Түркістаннан, оның қасиетті қағбасы саналатын Әзіреті Сұлтан кесенесіне қажылық жасаудан бастаған ақжолдықтардан көріп, тән риза болдық. Бұл Алаш арыстарының ұстанған ақ жолы екені анық!

Парламент жұмыс насихаттау мақсатында «Ақжол» партиясының өкілдері Оңтүстік өлкедегі алғашқы сапарын, жоғарыда айтқандай, Әзіреті Сұлтан кесенесіне зиярат етті. Олар Тәңір тағаланың ризашылығы үшін құран оқып, бабалар аруағына дұға бағыштап, Алладан ел тыныштығын, жұрт амандығын, ұрпағының жарқын болашағын тілеп, баба мүрдесі қойылған ерекше бөлмені көріп, әулие рухына тәу етті. Әзіреті Сұлтан – бүкіл түркі әлемінің қасиетті де киелі орны болып табылатын, Түркістандағы орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші, жүздеген жылдар бойында түркі тілінің дамуына елеулі үлес қосқан ғұлама, бүкіл Шығыс пен Батысқа аты мәшһүр түркі халықтарының ұлы ақыны Ахмет Иассауиге Әмір Темірдің бұйырығымен салынған таңғажайып кесене. Мұнда ұлттық идеологиямыздың қайнар көзі жатыр.

Зияратшылар залдың қақ ортасында сыйымдылығы 3 тонна, салмағы 2 тонна, үлкен қоладан құйылған тайқазанды көріп, Әбілхайыр хан, Рәбия Сұлтан Бегім, Абылай хан, Есім хан құлпытастары қойылған және қазақ халқының 21 хан-сұлтаны, көптеген батырлары мен билері, игі жақсылары жерленген қасиетті бөлмелерді аралап, әруақтарына бағыштап құран оқыды. Тайқазан демекші, ол – Әбдул-Әзиз шебердің басқаруымен Иассы қаласынан солтүстікке қарай 25 шақырым жердегі Қарнақ деген елді мекенде жеті түрлі металдың қоспасынан құйылған әлемдегі теңдессіз алып қазан. Алты ғасырлық тарихты арқалаған бұл құндылық береке мен бірлікті негіздегендей. Ақыл-парасаты кемел, жауынгерлік рухы асқақ ата-бабаларымыз мұндай алып қазанды бейбітшілік заманда ас пісіруге пайдаланып, ал жаугершілік кезде отқа ерітіп, жебе қылып жасаған. Сөйтіп бірде елдің басын біріктіріп, береке-құт шақыратын, бірде қаруға айналып, жауды жайратуға жарай қалатын көненің көзінен қалған мұндай ғажайып жәдігерді орыстар 50 жыл ұстап, 1989 жылы ұлтшыл азаматтардың арқасында елімізге қайта әкелінгенін жұрт біледі.

Түркістанда қазақ хандарының ордасы орналасқан кезде Әзіреті Сұлтан кесенесі хан сарайы ретінде қолданылып, мұнда ел басқару және дипломатиялық істер, әскери келіссөздер өткізіліп отырған. Хандар таққа отырған кезде кесене ішіндегі мешітте мінәжат етіп, Қожа Ахмет бабамыздың басында тұрып ант берген. Ата-бабалардың ерлік жолын, тасқа басылған тауарихын іздегендер осы көне Түркістаннан табады. Тарихи сабақтастық деген осы шығар, «Ақжол» партиясының мемлекетшіл һәм ұлтшыл жігіттері алда болатын депутаттық сайлаудың алғашқы жұмыс сапарын Түркістан шаһарынан бастауы тегін емес.

Зияраттан кейін депутаттар жергілікті алма, шабдалы бақтарын баптайтын, күркетауық өсіретін, логистикамен айналысатын кәсіпкерлермен кездесті. Негізі жергілікті кәсіпкерлердің дені диханшылықпен айналысады.

Депутаттар диханшылардың жағдайымен танысып, тілектерін мұқият тыңдады. Жақында партия басшысының Үкіметке Өзбекстанмен сауда саясаты туралы депутаттық сауал жолдағаны бар. Оның айтуынша, Өзбек үкіметі қазақ кәсіпкерлеріне әділетсіздік танытып, түрлі қысымдар жасап отырған сияқты. Ал өзбекстандық кәсіпкерлер елімізде емін-еркін саудасын жасап, тірліктерін дөңгелетіп жүргенге ұқсайды. Ең қызығы, олар Қазақстаннан шикізат сатып алып, сол шикізаттан өндірген тауарларын өзімізге, қала берді үшінші елдерге пұлдап жатқан көрінеді. Бұл өзекеңдердің пысықтығынан емес, біздің Үкіметтің біліксіздігінен болып жатқан жағдай екенін Азат Тұрлыбекұлынан естіп білдік. Кездесуде кәсіпкерлер бұл мәселенің өзектілігіне тоқталып, пікірлері мен ұсыныстарын да жеткізді.

Депутаттардың сапары Түркістан қаласындағы жекеменшік «Талғат» клиникасында жалғасын тапты. Азат Перуашев ақ халатты абзал жандарға індетпен күрес кезінде қажырлы еңбектері үшін алғыс айтып, ерліктерін жоғары бағалады. Пандемия кезінде клиника провизорлық орталық және жансақтау бөлімі ретінде жұмыс істеген екен. Барлығы 300-ден астам науқас келіп түскен, өкінішке қарай олардың 6-уы қайтыс болыпты.

«Дәрігерлер мен медбикелер екі ай үй көрмей, осында тұрып жұмыс жасаған. Олар жағдай шиеленіскен кезде мемлекеттік органдардың жекеменшік клиникаларға қажетті дәрі-дәрмек пен құралдармен қамтамасыз етуде қауқар көрсете алмағанына қынжылды. Осындағы медицина қызметкерлері бұл мәселенің шешілуін сұрап, «Ақ жол» партиясына хабарласқан болатын. Біз жеке медициналық мекемелерді COVID-19-бен күреске тартуға және олармен өзара іс-қимылды қайта қарау жөнінде Үкіметке, Денсаулық сақтау министрлігіне де бірнеше сауал жолдадық.

Дәрігерлер қазірдің өзінде Еуропа мен Ресейде басталған індеттің екінші толқынына дайындық пен оған нақты жоспардың болмауына алаңдайды. Бұл мәселені мемлекеттік органдардың алдына қоятын боламыз», – деді А.Перуашев.

«Талғат» клиникасынан аяқталған бірінші күнгі іс сапар ертеңінде қазақы қалың шоғырланған аудандарда жалғасын тапты.

Келестік қариялардың харекеті, әкімдердің әуселесі

Мырзашөл өңіріне Оңтүстіктің бұралаң, ойдым жолдарымен бет алып келе жатқан ақжолдық депутаттарды Келес ауданының Біртілек ауыл әкімшілігіне қарасты Еңбекші және Ораз ата ауылы тұрғындары бөгеп қалды. Олардың дені ақсақалдар мен аналар екен.

Депутаттар тұрғындармен ашық тілдесті. Халықтың айтары көп екен. Кездесу бір сағатқа созылды. Тұрғындардың ішінен Келес ауданының Құрметті азаматы, көп балалы ана, «Қазақстанның 100 есімі» тізіміне енген, Халықтар достығы орденінің иегері, Әжелер кеңесінің төрайымы Мәмләкәт Сламова “Ақжол” партиясының төрағасы Азат Тұрлыбекұлына ауылдағы қордаланған мәселелерді жеткізіп, тұрғындардың арыз хатын тапсырды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, тоғыз жолдың торабында жатқан Еңбекші және Ораз ата елді мекенінде табиғи газ жоқ. Осыдан 3 жыл бұрын барлық үйге газ құбырлары тартылып, есептегіш құралдары орнатылыпты. Бірақ әлі күнге дейін табиғи газ берілмей келеді екен. Еңбекші және Ораз ата ауылдары аудан орталығынан алыс емес, бір шақырымдай жерде ғана орналасқан. Ал көрші ауылдардың бәріне табиғи газ әлдеқашан беріліпті. Ауыл белсенділері тиісті орындарға талай рет хат жазған. Бірақ нәтиже болмаған. Ал жергілікті билік өкілдері тұрғындарға газ әкелеміз деп үш жылдан бері уәде беріп келеді екен.

«Жергілікті билік өкілдері бұдан да жаман күндерден өттіңдер, осы күндерге шүкір етіңдер деген сөздерді кәрі құлағымызға үнемі құйып келеді. «Жұтаған – шүкірге тоймас» деп, елді сабырға, осы күнімізге шүкірлікке шақыру елдің дамығанын қаламайтын кісінің сөзі. Шүкірдің шекарасы, тәубенің таразысы, қанағаттың қабы жоқ. Өзге жұрттан неміз кем? Қолымызды жылы суға малып, Үкіметке рахметімізді айтып, бейнеттің зейнетін көретін жасымызда осылай дүрмекке ілесуге мәжбүр болып отырмыз», – десті бір ақсақал, «Бізге газ беру үшін де данышпан болудың қажеті жоқ, бірақ ұсақ

істерді жасау арқылы да ұлы адам болуға болады, тек ол үшін әрекет керек. Әкіміміздің әрекеті жоқ, әрекеті болмаған соң берекетіміз қайдан болсын!» – деп пайымды пікірін айтты екінші қария.

Расында, аудан орталығымен қабысып жатқан қос ауылда газ болмауы таңғажайып құбылыс. Біздіңше, бар қателік жергілікті атқарушы билікте жатқан сияқты. Ал байыпты да қазыналы қарттары бар ауыл азаматтарының аманатына қиянат жасап жүрген шенеуніктер барар жері «Барсакелмес», арқалайтыны қарғыс екенін білсе игі еді.

Мырзашөл жолының мехнаты

Түркістан облысының орталығынан Мырзашөл өңіріне бару үшін ақжолдық депутаттар 450 шақырымдай жол жүруге тура келді. Келес ауданының орталығы Абай ауылы мен Жетісай қаласын жалғап жатқан қара жолдың сапасы сын көтермейді. Шаңға көмілген көлігіміздің доңғалақтарына обал болды. Олар жауын суы мен адам қолынан ойылған ойдым-ойдым қазан шұңқырларға жиі түсіп, әбден соққы алды. Жол азабынан жаны қиналған жолаушы діттеген жерге жетуге асығады екен. Бірақ қанша асықсаң да мехнаты мол жолда шабан жүруге тура келеді. Әйтпесе, жылдам жүремін деп көлігіңнің «жаназасын» шығаруың бек мүмкін. «Бір жол бар, жақын да болса алыс» дейтін өлең жолдары Жетісайдың жұпыны жолында ойға оралды. Шалқайдағы қос ауданға апаратын Сарыағаш-Мақтаарал бағытындағы маңызды тас жолмен жүріп өткен жолаушы біз секілді мехнат көріп, енді қайтып бұл өңірге ат ізін салмастай болары анық. Әйтеуір Тәуелсіздік жылдардан бері Мырзашөл тас жолының «бағы» бір жанбай-ақ қойды. Тас жолдың тақсыретін тартқан мырзашөлдіктерге сабыр берсін дейміз.

Қазақстанның ең шалқай өңірі Мырзашөлде 450 мыңға жуық адам тұрады. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін қиын-қыстау кезеңге тап болып, қаржының тапшылығынан көптеген аудандар біріктіріліп, бір әкімшілік орталықтан басқарылды. Сол жылдары Мақтаарал, Жетісай, Асықата аудандарының орнына іріленген Мақтаарал ауданы құрылып, орталығы Жетісай қаласы болды. Мемлекетіміздің жағдайы түзеліп, ел есін жиғаннан кейін араға 21 жыл салып Елбасымыздың іріленген Мақтаарал ауданын екіге бөлу туралы Жарлығы шығып, содан өңірде Жетісай және Мақтаарал аудандары қайта құрылды. Жаңа аудан етек-жегін жинап үлгермей жатып Өзбекстанның Сардоба су қоймасының жарылуынан

мақтааралдық тұрғындар қатты зардап шекті. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, әлемді жайлаған әз-әзіл індет те жергілікті халықтың жан алқымынан алды. Соның кесірінен кейбір диқаншылардың еңбегі зая кетті. Десек те ауыртпалықты арқалаған мырзашөлдік ағайындар мықтылығын дәлелдеді. Бүгінде жаңадан құрылған қос ауданда тіршілік қайнап жатыр.

Жанқиярлық еңбектері үшін марапатталды

Депутаттар алдымен Жетісай қаласына соғып, аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевпен кездесті. Аудан тынысымен таныстырған әкім Азат Тұрлыбекұлы бастаған топты жаңадан салынған Жетісай қалалық ауруханасы қызметкерлерімен кездесуге апарды. Мұнда ақ халаттылардың дені нәзік жандылар екен. Депутаттар дәрігерлердің көкейде жүрген мәселелерін тыңдады. Әтіркүл Мәмбетова деген аурухана қызметкері аудан әкімі мен бас дәрігердің қас-қабағына қарамастан коронавирус індетіне шалдыққан адамдарды емдеу кезінде күндіз-түні талмай жұмыс істеп, өзі де сол дертке шалдығып, ауырып шыққанын, соған байланысты Үкімет уәде еткен жәрдемақыны ала алмай жүргенін айтып салды. Қазір ойын ашық айта алатын мұндай жүректі дәрігерлер қоғамда өте сирек. Партия жетекшісі азаматтық позициясын ашық жетізе білген дәрігерге алғысын айтып, бұл мәселе бойынша өз атына арыз жазу керек екенін, сол арыз негізінде құзырлы орындарға тілегін міндетті түрде жеткізетінін түсіндірді. Басқа да дәрігерлердің пікірлерін тыңдаған партия төрағасы ақ халаттыларға індетпен күрес кезінде қажырлы жұмыстары үшін алғыс айтып, бірнеше дәрігерді «Жанқиярлық еңбегі үшін» медалімен марапаттады.

Мұнан соң, депутаттар жаңадан пайдалануға берілген Мырзакент аудандық ауруханасында болып, мақтааралдық дәрігерлермен кездесті. Кездесуде олар 40 жастағы еден жуушының коронавирустан қайтыс болғанын баяндады. Қайтыс болған әйелдің артында студент қызы мен оқушы ұлы қалған. Өгей әке жайсыз. Кеше баласы анасының әріптестеріне телефон шалып, оқулықтар жағынан көмектесуді сұраған. Басқа облысқа кеткісі кететінін айтқан. Біздің облыстық филиалдың төрағасы Абзал Салықбаев баланың байланыс нөмірін алып, өзімен хабарласуын сұрады. Баланы Шымкент колледжіне орналастырып, барлық жағынан жәрдем беруді мойнына алмақшы.

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев індетпен күрес кезінде күні-түні еңбек етіп, науқастарға көмегін аямаған ақ халаттыларға алғыс айтып, мұнда да бірнеше дәрігерді «Жанқиярлық еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Кездесу соңында ақ халаттылар тек теледидардан ғана көріп жүрген танымал азаматтармен естелік үшін суретке түсуге асықты.

Жаңа салынған үйлерге көңіл толды

Жетісайлық дәрігерлердің алғысын арқалап шыққан ақжолдықтар Мақтаарал ауданынының Өргебас, Фердоуси ауылдарындағы тұрғын үй құрылысының салыну барысымен танысты. Өзбекстанның Сардоба су қоймасының жарылуынан мақтааралдықтар қатты зардап шеккен болатын. Сол бір қиын кезде партияның жергілікті филиалы дағдарған мақтааралдықтарға бірнеше жүк машинасы және темір жол вагонына тиелген гуманитарлық көмек жіберген еді.

Мұнан кейін Мырзакент ауылындағы біркелкі үлгіде үй салынып жатқан жаңа мөлтек ауданда болды. Аудан әкімі депутаттарға Бақыт Асанов су тасқынынан зардап шеккен елді мекендерде жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының жай-жапсарымен таныстырып, дайын болған баспаналарды көрсетіп шықты.

Жалпы алғанда салынып жатқан үйлерге депутаттардың көңілі толды, иелері де риза. Тұрғындардың айтуынша, баспана жағдайы жақсарған. Әкімшілік үйлерге құбыр тартып, су енгізген. Барлық үйде санторап, ванна бөлмелері, кейбіреулерінде тіпті жылы еден де бар. Бір сөзбен айтқанда, қаладан кем емес.

Дегенмен, Азат Тұрлыбекұлы ауылдық жер болған соң жер телімі тым аз бөлінгенін айтып кетті. «Ауылда табыс табудың жалғыз көзі – осы жер телімі. Оған бау-бақша егіп, мал ұстауға болады. Ал, 8 сотық жерге қанша мал ұстап, бау-бақша егуге болады?» деген партия төрағасына аудан әкімі жер телімдерінің бұлай бөлінуін басқа құрылыс алаңдарының жоқтығымен, уақыттың тым тығыз болғандығымен түсіндірді.

Эксклавқа айналған өңір

Жалпы Мақтаарал мен Жетісай жұртының Түркістан облысының жаңа әкімшілік орталығына барып-келуі оңай емес сияқты. 450 шақырымдай жүру үшін кемі 5-6 сағат уақытыңды жұмсауыңа тура келеді.

Негізі Қазақстанның мемлекеттік шекара сызығын анықтау және белгілеу жұмыстары жүргізілген кезде Мақтаарал және Жетісай аудандары Өзбекстан территориясының үш жағынан қоршауда, ал төртінші тұсы Шардара су қоймасымен түйісетін тұйық жағдайда қалып қойды. Былайша айтқанда, бүгінде Мақтаарал және Жетісай аудандары Қазақстанның эксклав аумағына айналып отыр. Бар болғаны 180 мың гектардай ғана болатын кіп-кішкентай жерде 300 мыңнан астам адам тұрып жатқан екі ауданға ерекше мәртебе берілу керек сияқты.

Біздіңше, Үкіметіміз бен Түркістан облысының әкімдігі мәселенің осы жағын ойластырып, Мақтаарал, Жетісай аудандары халқының әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуын жақсарту жөнінде арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдағаны дұрыс болар еді. Алдымен, Түркістан қаласы мен Мырзакент кенті аралығындағы автожолды жедел түрде жөндеп, теміржол құрылысын қолға алғаны жөн.

Әзілхан Ахметов,

Нәзипа Мамықова

Қазақ үні